Қашанда қала – халқының салтанаты, мерейі. Демек, осы биік талғамға сай сәнді құрылысы, мәнді өмірі ұштасуы қажет. Осы орайда Талдықорған қаласы күн сайын көркейіп, жаздың жадыраған күндерінде әсемдігімен айшықталып, көздің жауын алатын мәдени орындары, алты қанат ақбоз үйлердегі ұлттық нақыштағы қымызханалары аптап ыстықта халықтың шөл басатын, кең тыныстайтын орнына айналған. Қаланың аз уақытта осындай сән-салтанатқа бөленуіне облыс орталығына айналуының игі әсері тигені анық. Көп қабатты әсем үйлер, жасыл желек пен алқызыл гүлге оранған көшелер шаһарлықтардың мерейін өсірсе, оның басы-қасында жүрген азаматтардың өзіндік қолтаңбасы бар екенін еске салады. Десек те, шаһар тұрақты дамуды басынан өткерумен бірге жағымды жаңалықтарымен де айқындалған. Осының бәрін ортаға салу, қала халқының талап-тілегін зерттеу, өрістету баянды бастамаларға ұйытқы болатыны сөзсіз.
Қазіргі күні Үкіметтің өңірлік даму мәселесіне барынша мән беріп отырғаны белгілі. Қалалық мәслихат депутаттары мен жұртшылық алдында есеп берген қала әкімі Сәкен Жылқайдаров осы жөнінде айта келе алда тұрған міндеттерге жан-жақты тоқталды. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан биылғы атқарылған жұмыстардың дені қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және қоғамдағы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталды, деген әкім келесі кезекте инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау мен орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту барысында атқарылған жұмыстарға екпін берді.
Бүгінгі күні қала барлық жағынан өркендеп, әлеуметтік-экономикалық дамудағы оң өзгерістер одан әрі жалғасып, беки түсуде. Қала бюджетінің түсімі молайып, ілгерілеу тіркелуде. Жыл басынан қала әкімінің аппараты 13 әкімдік отырыс, 17 аппараттық кеңес өткізіп, азаматтардың 2727 өтініші қаралып, тиісті шешімдер қабылданған. Қала басшысы ғана 352 адамды қабылдап, әртүрлі сұрақ бойынша талап-тілектерін қанағаттандырған. Сондай-ақ, биылғы жылдың алғашқы 5 айында барлық сала бойынша даму байқалып, бюджетке 3 млрд. 343 млн. теңге төлем түсіп, меже 32,9 пайызға асыра орындалыпты.
Әсем Астананың әр күніне таңдана қараған жетісулықтар одан өз өмірлеріне үлгі болатын тұстарын қабылдауда. Өйткені, мұнда өндіріс дамып, өркендеген. Өткен мерзімде өнеркәсіпте 8,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, бірқатар ірі кәсіпорын өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтқанын айтуға болады. Қаржы дағдарысына байланысты бірқатар кәсіпорын жұмыс көлемін төмендетуге жол бергенімен тиісті шаралардың дер кезінде қабылданғанынан жұмыссыздық белең алмағаны да ұйымдастыру жұмысының оң шешім тапқанын көрсетеді.
Азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда да ілгерілегендік бар. Нәтижесінде ауыл шаруашылығында 826 млн. теңгенің өнімі өндірілсе, бұл өткен жылғы деңгейден 210,6 млн. теңгеге артық. Төрт түлік өсіріп, оның өнімділігін арттыру мақсат етілген. Шағын кәсіпкерліктен бюджетке 568,3 млн. теңге түсіп, ол өткен жылғыдан 12,1 пайызға артқан. Тұтынушы талғамын зерттеу барысында бөлшек сауда айналымы 6,5 млрд. теңгеге жетіп отыр. Шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар өз қаражаттары есебінен 26 нысан салып, пайдалануға бергені де жақсы істің бір парасы.
Қала болашағына қажетті тың жобалар жүзеге асырылып, барлық қаржыландыру көздерінен 6,9 млрд. теңге инвестиция тартылғаны да халықтың күнкөрісін жақсарта түсті деуге негіз бар. Тұрғын үй саласындағы жұмыс тыңғылықты қолға алынып, биыл жалпы алаңы 11,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жүздеген отбасы қоныс тойларын өткізді. Осы орайда әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылғандар мен мүгедектердің баспаналы болғаны қуанышты.
Жетісудың әсем шаһары Талдықорғанның көрікті келбетін одан әрі қалыптастыруға барлық мүмкіндік жұмылдырылған. Соңғы жылдары Қаратал шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлер қатары көбейсе, көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жандана түскен. Сондай-ақ, коммуналдық салада оң өзгерістер орын алып, сыртқы безендіруге, қала жолдарын жөндеу мен көше жарығы желілерін жасауға ағымдағы жылы 1 млрд. теңге жұмсалып, тиянағы келтірілгенін де атап айтуға болады.
“Жол картасы” бағдарламасы аясында биыл 7 жоба бойынша 781,7 млн. теңге бөлініп, 867 адам жұмысқа тартылып, барлық бағытта жұмыс қызу жалғасуда. Жыл басынан бергі 2212 адам жұмыссыздық бойынша өтініш берсе, қазір олардың 1468-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, мәлімет бойынша 1 маусымда 1014 адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, олардың 471-і қоғамдық жұмысқа, 602-і қайта кәсіптік оқуға жіберілген. Осылайша қаладағы жұмыссыздық деңгейі төмендетілген. “Ауыз су” бағдарламасын іске асыру және жол жөндеу жұмыстары да жұртты ризашылыққа бөледі. Тұрғындардың аз қамтамасыз етілетін топтарына бағытталған іс-шаралар мен қолдауға азаматтар дән риза. Сондай-ақ, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында оң өзгеріс, ілгерілеушілік жүзеге асуда.
Биыл қала бойынша орта мектепті 1200 түлек бітірсе, олардың 41-і “Алтын белгіге”, 12 мектеп бітіруші үздік аттестатқа қол жеткізген. Сондай-ақ, 2487 балғын балабақшада тәрбиеленуде. Қылмыстың алдын алу, балалар құқығын қорғау, тағы басқа салалар бойынша атқарылған жұмыстар өз тиянағын тапқан.
Депутаттар мен қала халқы алдында атқарылған жұмыстарды толық баяндаған қала әкімі Сәкен Жылқайдаров нақты нәтижеге қол жеткізу барысындағы әр саладағы қызметкерлерге алғысын білдірді. Келесі кезекте мінберге көтерілген Талдықорған қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Л.Каралиева да бюджетті толықтырудағы шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбегіне тоқталып, оның атқарылуындағы ашықтыққа мән берді. Өз ой-пікірін білдірген қалалық мәслихат депутаттары, ақсақалдар мен қала тұрғындары өткен кезеңдегі атқарылған жұмыстарға көңілдері толатынын, әкімнің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, алда тұрған міндеттерге де тоқталды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
----------------------------------
Суретте: Талдықорған қаласының көрікті келбеті.