21 Наурыз, 2015

Сөз сойыл №4

437 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
nauryz1«Сөз сойылдың» серкесі «Егемен Қазақстан» газетінде «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауы бойынша белгілі жазушы-сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлде үшін сайыс жалғасқан болатын. Міне, бүгін жүлде жеңімпазы анықталды. Сарапшылар алқасының шешімімен «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауында жыл бойғы жарық көрген мазмұнды да көркем туындылары үздік деп танылған Орынбасар Әлжікке Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлде берілді. Келіп кетті Жаңа жыл қарсаңында Мына жуырда біздің ауданға, Жоғарыдан бір «дәу» келіп кетті… («Дәудің» аты «дәу» емес пе, Төңірегі нөкерге толып кетті.) Жақсы менен жаманды, Өз көзімен көріп кетті. Кешкісін үлкен жиын жасап, Арзан жанармай босатуға, Уәдесін аямай беріп кетті. Қысқасы «дәуіміз», Аузымен орақ орып кетті… Содан, бір жерден, Және бір «дәу» келіп кетті, (Төңірегі оққағарға толып кетті.) «Су берем, газ берем, жарық Берем», – деп Бұ «дәу» де тегін кетпей, Аузымен орақ орып кетті… Қойшы, содан, жер түбінен, Шетелдік бір «дәу» келіп кетті. (Дәулердің соңынан салпақтаймыз деп-ақ, Ыстық күнге көйлегіміз оңып кетті.) «Инвестиция салам» деп, бұл «дәу» де Аузымен орақ орып кетті… Айтпақшы, қой жылы тақағанда, Шекесінде жалғыз көзі бар, Бөтен планеталық бір «дәу»келіп кетті, Қазақшаға судай екен, «Табақшаға қарық қылам» деп, Бұ «дәу» де уәдесін беріп кетті. Қысқасы, аузымен орақ… Кешіріңіздер, дей алмаймыз, «Аузымен орақ орып кетті», Бөтен планеталықтар уәдеде тұрады екен, Ертеңіне ауданымыз, Ұшатын табақшаға толып кетті… Алпысбай БОРАНБАЙҰЛЫ. Оңтүстік Қазақстан облысы. Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлде Сатира сарбаздары! Ауызы дуалы, тумысынан сайқымазақ, әзіл-қалжыңды қанжығасына байлап өскен қалжыңбас қалың көпшілік, «Егемен Қазақстан» газеті өзінің «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауында жарияланатын өткір де өтімді, салмақты да сайқымазақ, шалымды да шат-шадыман әзіл-оспақ туындыларға, нақты да нанымды фельетондарға – Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлдені жалғастырады. Жүлдегерге берілер арнайы диплом, жүз мың теңге сый-сияпатымыздың бар екенін ескертеміз. Атсалысыңыздар, бақ сынаңыздар. Жүлде шарттары: *Жүлдеге сатира-юмор, фельетон, әзіл-оспақтың барлық айдары арқылы берілген материалдар қатыса алады. Көлемі 3 беттен аспауы тиіс. *Бәйге материалдары – жарияланған сатиралық туындылар ішінен сұрыпталып алынады. *Жеңімпаз арнайы құрылған сарапшылар алқасы арқылы анықталады. *Жүлде жеңімпазы жыл басында (келесі наурыз айында) анықталып, жарияланады. Жүлдегер Орынбасар ӘЛЖІК Орынбасар Әлжік 1982 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң Қызылорда облысының Сырдария ауданында жауапты қызметтер атқарды. Одан соң Қызылорда қаласында облыс әкімінің баспасөз қызметінің басшысы, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы, 1997-2004 жылдары облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы, 2006-2008 жылдары облыстық мәде­ниет басқармасының бастығы болған. Қазір облыс әкімдігінде қызмет атқарады. 2000-2004 жылдары облыстық мәслихаттың депутаты болды. «Әйдә күлә», «Өйдөйт», «Есік көрген еркек» атты сатиралық кітаптары жарық көрген. Қа­зақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мә­де­ниет қайраткері», әдебиет саласы бойынша бе­рі­летін М. Шолохов атындағы медальдің иегері. Маңыраған мәтелдер * Жабылып кетсе, қойың да қасқырдың терісін сыпырып алады. * Түйеге мініп қой ішіне жасырынбас болар. * Жанынан безген қошқар қасқырдың көзін шығарады. * Соқыр қошақан қошқардан емшек іздейді. * Қой бастаған арыстан тобынан – арыстан бастаған қой тобы артық. * Құдашамен құда ойнар, қошақанмен бөрі ойнар. * Аш адам – ұрысқақ, арық қой – тырысқақ. * Құтырған ит иесін қабады, *Құтырған қой қасқырға шабады. * Тентек баланы теке сүзеді. * Семіз қозы пышаққа сұранып тұрады. * Қойшы қошқарын мақтайды, * Тентек шоқпарын мақтайды. * Тентек тойды бұзар, *Шартық қойды бұзар. * Сақал текеде де бар. * Қотыр теке қора былғар. * Ешкі бастаған қой – егінге түседі. * Тентектің есіл-дерті – бұзу, текенің есіл-дерті – сүзу. * Қасқырдан қайрат кетсе – ешкіні апа, текені жезде дейді. * Қойға қасқыр шапса – ит семіреді. * Бір күн қасқыр тартқан лақ – төрт жыл тышқақтайды. *Той болса да, қойға өлім, *Ас болса да, қойға өлім. *Таяқ жегісі келген қошқар қойшының таяғына сүйенеді. * Үш жыл қой баққаннан ақыл сұрама. * Қойшының қызы қой келгенде шашын тарайды. * Қолыңнан келсе – қолтығыңа қой өсір. *Түйені жел шайқаса – ешкіні аспаннан ізде. *Ешкі қырыққан сайын бір өледі. *Сүзеген қошқарға тәңірі мүйіз бермейді. Әй, осы ауыл қазақтары-ай! «Қалың мал» аталған шаруашылықтың бастығы Джибін көлігімен ағызып келіп есік алдына тоқтай бере үлкен ұлын дауыстап шақырды. – Қабылжан, мал басын санайтын комиссия облыстан шықты деп телефон шалды. Ертең олар бізге жетеді. Комиссия бастығын мен танымаймын. Әйтеуір асқазанында түймедей жарасы бар, диета ұстайтын кісі дейді. Майлы етті ауызға алмайды екен. Енді қайттік? – Көке-ау, жаз аяғында ондай арық-тұрақ малды қайдан табамыз? Малдың бәрі қоңды ғой. Мұнысы қызық болды-ау! Е, ана бір қара тоқтының құлағы құрттап, көптен бері жөнді жайылмай жүр еді. Құртын тазалап, тотияйын салып қойған едім. Сонда да болса, бұл байқұс бұта түбінде жатып қала береді. Екі бүйірі солып тұр. Соны сойып, турецкий жасайық та, көке. «Ойбай» деп әкесі шошып түсті. – Сонша кісіге ондай кішкене тоқтының еті тамақ бола ма? Басын табаққа салып ұсынудың өзі де ұят қой. Жүрші, бордақыдағы малдардың бір парасын тексеріп көрелік. Қараңғылау үлкен қораға кіріп алды да, алдына дөп келген қойды бұлар шетінен тексеруге кірісті. Бүйірі тырсиған құнан, дөнен қойлардың қайсысы да жалпақ арқасын бес саусақпен қанша басып көрсең де омыртқа сүйегі қолға білінетіндей таразылау еттісі табылмады. Ырсылдаған семіздер. Бірінен бірі өткен майлы. – Қап, – деді, әкесі. – Енді қайттік? Әкелі-балалы екеуі қорадан көңілсіздеу шығып қырқаға көз тігіп еді, отардың алды бері қарай құлдилапты. Джипке отыра сала бұлар солай қарай жүрді. Бұларды ат үстінде отырып көрген Айгүл тосын жаңалықты тезірек естуге асығып, айдаған малын тастай салды да бұларға қарай шапты. – Е, не боп қалды? Екеуіңіз неғып көңілсіз отырсыз, көке? Көшедегі туыстар аман ба? – деп, қыз бала шошына сұрады. Мектептегі оқуы басталғанша деп қой бағып көмектесіп жүрген бұл қызы Алматыда оқып жүрген. Мән-жайды ат үстінен ұққан Айгүл тым-тырыс ойға шомды. Бұлардың қасынан шұбыра өтіп қотанға қарай беттеген малдың арасынан бір лақ маңырап Айгүлді жалт қаратқаны. Қыз бала сергек қимылмен әкесіне қарай атын бұрып, таяла түсті. – Көке, – деді. – Біздің ақ серке ше? Сол байқұс тыныш жүрмей итмұрынға барғыш еді ғой. Оң жақтағы жамбасын бұтаға тілгізіп ісіп кеткен еді. Кейінгі бір жетіде ақсап, бұта-бұтаның түбіне тығылып қала береді. Мен оқуға кетсем, оның өлген жерін сендер таппай қаласыңдар. Әнеки, екі бүйірі ішіне кіріп аяғын әрең басып барады. Әлгі комиссияға осыдан артық қандай қонақасы керек? – Ойбүй, – деп шоршып түсті көкесі. – Қос құлағын салпитып, оның басын кісіге қалай тартамыз? «Мың қой бола тұра бізге серке сойғаны несі» деп, комиссия жамандап кетсін дейсің бе? Бір жағынан ағасы шықты: – Айгүл-ау, қойдың жілігі мен ешкі тұқымының жілігі бірдей емесін білесің ғой. Жамбас сүйегі де тұштиған бірдеңе. Көзге қораш көрінеді. Ердің үстінде қақиып отырған қыз сөзге салмақтана араласты. – Аға, қалалықтар ешкінің етін құлағы мен сүйе­гіне қарап тану тұрмақ сиыр мен қой етін ажы­ратпайды. Сиырдың етінен манты жасай бере­ді. Сенбесеңіз бүйтіңізші, үлкен өгіздің күң жілі­гін алып, «Мынау алты жасар құнан қойдың асық­ты жілігі еді» деп алдыларына тартыңызшы. Сене­ді де, былай дейді: «Түу, мына қойың нет­кен керемет ей! Тірі кезінде неге көрсетпедің? Гин­нестің рекордтар кітабына енгіздіретін едік қой. Қап! Әй, осы ауылдың қазақтары-ай! Әліге дейін ештеңені жөнді түсінбей артта қалғансыңдар. Қарашы мынаған, қандай дәу қой, ә!» – деп өкінері анық. Қалалықтар сондай аңқау, көке. Мағрипа ЖЫЛҚЫБАЕВА. АЛМАТЫ. *Шолақ мылтық Тақырбастың құпиясы Шетел ғалымдарының сенімді әдістемесінің арқа­сында Жаңа жылда шаш­тың тағы бір құпиясы ашылып отыр. Бұл жолғысы – қолында мемлекеттік би­лігі бар «билердің» төбе­ шашының химиялық құрамы­на қарап, олардың әді­лдігін, анығырақ айтсақ – пара ала ма, жоқ па сонысын сұрыптап бере алатын көрінеді. Бір қызығы, әлгі әдіске тек төбеде он тал шаш болса жетеді екен де, пара алғыш мықтының шаш құрамында өзгеде жоқ хи­миялық заттар пайда болады екен. Жаңалық жер­де жатсын ба, біліп, жұрт шулап, қазір бірқатар елдің мемлекеттік билері жаңа жылда шаштарын үнемі тақырлап қырғызып тастауға көшеді. Алдағы күндері осы қауіп­тен сақтанғысы келген­ біздің де мықтылар жаппай шаштарын қырғызып тақырлауға көшетін көрі­неді. Көрген БІЛГЕНОВ. АСТАНА. Аттестациядан өткізу – Момын жылым келгенде Ешнәрседен үрікпейік, Кадрларды іріктейік. Алыпсатаровты аластап, Таныстаровты түртпейік. Бекзаттегі орнында қалсын, Жекжаттегі оның да қалсын. Нағашинды көтерейік, Жиеншинді жетелейік. Дымбермесов төмендесін, Шықбермесов еленбесін. Өсем деген осындайда, Беретінін… берем десін. Барлығы да пайымдасын, Долларын дайындасын. Құрдасов пен Жолдасовтар, Беретінін қайымдасын. Көпбалаева тұр көкіректе, Кетеді ертең декретке. Олар масыл басымызға, Бұның өзі секрет пе?! Тумасоваларды таңдау керек! Екіқабатоваларды алмау керек! Кадрлерді іріктеуде, Заңсыздыққа бармау керек! Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ. ҚЫЗЫЛОРДА.

Әзілің жарасса

 Без имени-1

Қорадан қоймаған соң...

 Без имени-2 Мүйісті жүргізетін  Берік САДЫР