Президент • 05 Қаңтар, 2026

Тоқаев: Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Turkistan» газетінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басылымның бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарық көрді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тоқаев: Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр
Мемлекет басшысы сұхбат барысында «Turkistan» басылымының 30 жылдық тарихына тоқталып, оны еліміздегі ең ықпалды басылымдардың бірі ретінде атап өтті. 

«Turkistan» газеті 30 жылдан бері тұрақты шығып келеді. Бұл – Қазақстандағы ең ықпалды басылымның бірі. Газеттің атауында да өте үлкен мән-мағына бар. Басылым тілшілері ел ішіндегі өзекті мәселелермен қатар, тұтас түркі жұртына ортақ тақырыптарды да көтеріп жүреді. Бұл өте жақсы дәстүр деп санаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда газет-журналдардың қайта өрлеу дәуірі басталып жатқанын алға тартты. Президент әлеуметтік желілердің адамның танымдық қабілетіне тигізер кері әсерін ашық айтты:
«Шетелде жұмыс істеп, түрлі салада табысқа жеткен қазақтар туралы мақалаларды қызығушылықпен оқимын. Қазақстан мен өздері тұрып жатқан елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосып жүрген осындай үш азаматты арнайы марапаттадым.

Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады», деді Мемлекет басшысы.

Президент өзінің де мерзімді баспасөзді үзбей оқитынын, сапалы сараптама мен терең ақпаратты дәстүрлі басылымдардан алатынын жеткізді. Оның пікірінше, TikTok немесе Instagram сияқты желілер еңбек адамдарының шынайы тыныс-тіршілігін толық көрсете алмайды.
«Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын. Ел ішіне кең таралған TikTok, Instagram немесе Telegram арналары еңбек адамдарының шынайы тыныс-тіршілігінен алыс екенін өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жастардың нағыз білім-ғылым жолына түсуге талпынып жатқанына сенім білдірді.

«Қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қадірін білгені дұрыс деп санаймын. Көптеген жастарымыздың да дәл солай ойлайтынына қуанамын. Себебі, олар адамды тығырыққа тірейтін елес-қиял әлемінде өмір сүруді емес, нағыз білім-ғылым жолына түсуді мақсат тұтады. Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ», деді Президент.

Соңғы жаңалықтар

Астанаға апаратын автобус

Қоғам • Бүгін, 10:55

Жігіттер жарап тұр

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 10:45

Үздік балуандар анықталды

Күрес • Бүгін, 10:40