Сурет: iuth.edu.kz
Осыдан 5-6 жыл бұрын Мемлекет басшысы Жолдауларында «Цифрлы Қазақстан» идеологиясын алға тартқанда, ол ұғым қоғамда жиі айтылатын ұран сияқты көрінгені рас. Теледидардан, жарнамадан, жаңалықтардан «цифрланған Қазақстан» деген тіркес үздіксіз қайталанатын. Сол кезде студент ретінде мен де бұл идеяға скептикалық көзқараспен қарадым: «Қайдағы цифрлы Қазақстан, біз оған қалай жетеміз?» деген күмән болған. Алайда уақыт бәрін өз орнына қойды. Осы күнге келіп, сол кезде белгіленген идеологиялық және стратегиялық бағыттың нақты нәтижесін көріп отырмыз.
Қазіргі банк қызметін алып қарасақ, бір-бірімен бәсекеге түскен сан алуан цифрлық шешімдер бар. Мұндай қызметтерді өзге мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстан цифрландыру деңгейі бойынша көптеген дамыған елдерден де озып кеткен тұстарын ашық айтуымыз керек. Біз күнделікті өмірде мұны сезбей де қаламыз: мобильді аударымдар, көлікті 5 минутта қайта рәсімдеу, анықтамаларды ешқайда бармай-ақ онлайн алу, нотариалдық сенімхаттарды камера арқылы рәсімдеу – бұның бәрі бұрын ұзақ уақыт пен жүйкені талап ететін. Ал қазір бұл қалыпты жағдайға айналды. Мұның барлығы кезінде дұрыс қойылған стратегиялардың жемісі. Сонымен қатар роботтехника саласындағы жетістіктер де ерекше атап өтілуге тиіс. Қазақстан құрамасының роботтехникадан төрт дүркін чемпион атануы – спорттық немесе техникалық жетістік емес, идеологиялық серпін. Бұл – біз осы салада көшбасшы бола алатынымыздың нақты дәлелі. Мұндай жетістіктер жастарға үлгі болуы керек, мектептен бастап, студенттік ортада цифрландыру мен жасанды интеллектінің маңызын терең түсіндіру қажет. Ең бастысы, жасанды интеллект пен цифрландыру қазақстандықтардың әлемдік нарыққа шығуына көмектесетін құрал екені санамызға сіңуге тиіс. Бұл идеяны тек оқушылар мен студенттерге ғана емес, мұғалімдерге де жеткізу маңызды. «Жасанды интеллект», «цифрландыру» деген ұғымдар айтылғанда, ассоциация ретінде Қазақстан аталуы керек. Ал болашақта халықаралық кеңістікте де осы саланың көшбасшысы болуға толық мүмкіндігіміз бар.
Нұржан МҰХТАРҰЛЫ,
сарапшы, PhD