Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Әкімнің айтуынша, Ертістің жылдық су ағыны 32 миллиард текше метрді құрайды.
«Бұл – тәулігіне шамамен 80 миллион текше метр деген сөз. Сондықтан өзеннің ағысы өте күшті. Судың негізгі бөлігі Қазақстан, Ресей және Моңғолия түйіскен тұстағы Алтай тауларынан келеді. Сондықтан мұндағы су өте сапалы», деді әкім.
Әкім эфир барысында жағажайдағы халықтың көптігін айтып, өзіне бос орынды әрең тапқанын жасырмады.
Оның айтуынша, қаланың орталық жағажайы жазғы маусымға толық дайын. Демалушылар үшін екі пирс жабдықталған, оның бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған. Сонымен қатар балаларға арналған тегін бассейн жұмыс істейді, киім ауыстыратын кабиналар мен душ бөлмелері орнатылған. Жағажай аумағында келушілерге көмектесетін еріктілер де кезекшілік атқарады.
А. Байхановтың сөзінше, жағажайдағы барлық инфрақұрылым Павлодар тұрғындары арасында ғана емес, Ertis Promenade концерттеріне арнайы келетін қала қонақтары арасында да үлкен сұранысқа ие.