Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Сабыр Қасымов 1980-жылдардан бастап еліміз аумағындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерімен айналысып жүрген, осы бағыттағы 3 комиссия жұмысына қатысқан тәжірибесі мол тұлға. Ол елдің азаттығы мен аумақтық тұтастығы жолында құрбан болған күрескерлерді зерттеу мен ақтау жөніндегі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының негізін қалап, оған жетекшілік етті. Аталған комиссиялар жұмысында жинаған мол тәжірибесі мен ғылыми тұжырымдарын 2020 жылы Президенттің Жарлығымен құрылған мемлекеттік комиссия жұмысында оңтайлы қолданды.
Сабыр Ахметжанұлы 2019 жылы Мемлекет басшысына жолдаған хатында ел тәуелсіздігі үшін күрессе де, әлі ақталмаған тұлғаларды кешенді зерттеу мен ақтау, архив құжаттарын құпиясыздандыру жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды, «Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер туралы» заң қабылдауды, «Алаш» партиясы мен Алаш Орда үкіметінің қызметіне, өзге ұлт өкілдерінен шыққан қаһармандардың патриотизмі мен ерліктеріне лайықты мемлекеттік-саяси баға беруді ұсынды.
Оның жанын жегідей жеген мәселе – миллиондаған жазықсыз құрбандар мен зардап шеккендердің әлі күнге дейін ақталмауы еді. Себебі, 1993 жылы
14 наурызда қабылданған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң толық заңдық және саяси ақтау мәселесін қамтымады. Онда 1920–1930 жылдардағы көтерілістердің, қудалау органдарының заңсыз іс-әрекеттеріне қарсылық білдірудің өзге де көріністерінің ұлттық ерекшеліктері ескерілмеген еді. Заңгер ғалым мемлекеттік комиссия құрып, ақталмаған құрбандар мен зардап шеккендерді толық заңдық тұрғыда, ал еліміздің азаттығы жолында күрескендерді, дін жолында мерт болғандарды, шығармашылық зиялыларды саяси тұрғыда ақтап, тарихи әділеттілікті орнатуды мақсат етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланған соң, либералдық, демократиялық реформаларды жүргізу, тарихи әділдікті қалпына келтіру бағдарламаларын жариялағаннан кейін ғана Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру мүмкіндігі туды. Сонымен, 2020 жылғы 24 қарашада Президент Жарлығымен аталған комиссия құрылып, оның жұмысы 2024 жылдың қаңтар айында қорытындыланғаны белгілі.
Мемлекеттік комиссия алдында ауқымды жұмыстар тұрды. Әсіресе ғылыми сүйемелдейтін, әдістемелік, ұйымдастырушылық жұмыстарын үйлестіретін орталық қажет еді. Сондықтан 2020 жылы 23 желтоқсанда мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесі құрылып, оның басшылығына заңгер-ғалым, экс-сенатор Сабыр Қасымов тағайындалды.
Бірінші кезеңде комиссияның басты міндеті – еліміздегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңдық және саяси ақтаудың ғылыми-әдіснамалық негіздерін айқындау, сондай-ақ қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің жаңа санаттарын белгілеу болды. Ал Жобалық кеңсе стратегиялық, ұйымдастырушылық және әдістемелік міндеттер кешенін іске асырды.
Мемлекеттік комиссия Президент Жарлығын басшылыққа ала отырып, өзіне жүктелген міндеттерді шешу мақсатында 2020 жылғы 3 желтоқсанда өткен алғашқы отырысында қуғын-сүргін құрбандарының әртүрлі санаттарын ақтау жөніндегі әдіснаманы әзірлеу үшін кіші комиссия (бұдан әрі – Әдіснама жөніндегі кіші комиссия) құрып, оның құрамына саяси және қоғам қайраткерлері, түрлі ғылым салаларының көрнекті ғалымдары кірді. Бұл кіші комиссия «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның іргелі ғылыми зерттеулерінің негізгі әдіснамалық тәсілдері мен бағыттарын» әзірледі.
Ақтау үдерісінің нәтижелі болуы үшін мемкомиссия жаңа әдіснама ұсынып, еліміздегі қуғын-сүргіннің өзіндік ерекшеліктерін арнайы негіздеді. Негізгі әдіснамалық тәсілдер ел аумағындағы жаппай саяси қуғын-сүргінді зерттеу, құрбандар мен зардап шеккендерді ақтау саласындағы көпжылдық бай тәжірибесі, бұрынғы КСРО, содан кейін тәуелсіз мемлекеттер аумағында ақтауға қатысты жасалған талдау, халықаралық құқық нормалары зерттеліп, осы әлемдік өнеге негізінде әзірленген еді.
Әдіснама жөніндегі кіші комиссия еліміздегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының кем дегенде 11 негізгі (базалық) санатын белгіледі. Сондай-ақ еліміздегі саяси қуғын-сүргіннің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары мен өңірлік комиссияларында зерттеулер жүргізу әдістемесін әзірледі. Бұл құжаттарда архивтік деректерді іздеу, жинау, бағалау, талдау, зерделеу жұмыстарының әдіснамалық базасы, қағидаттары мен өлшемдері, сонымен қатар құрбандар мен зардап шеккендердің әрбір тобын ақтаудың жаңашыл әдіснамасы ұсынылды.
Жобалық кеңсе ауылдарға дейін қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ әлі күнге дейін ақталмаған азаматтардың нақты есімдерін анықтауға ерекше мән берді. Облыс, қала және аудан тұрғындарынан, әсіресе репрессияға ұшыраған туыстары мен жерлестерінің есімдерін жатқа білетін аға буын өкілдерінен (олардың балаларынан) сауалнамалар алу, репрессия құрбандары жаппай жерленген (атылған) тарихи орындарды анықтау, БТК (ВЧК), ОГПУ, НКВД, ІІМ қарулы жасақтары және Қызыл әскер бөлімдері тарапынан халық көтерілістері күшпен басып-жаншылған орындарды анықтау, ақталмаған құрбандар мен зардап шеккендердің мәліметтер базасын құру, Қазақ елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендерге арналған музей ашу, ақталмаған құрбандарды халық жадында қалдыру мақсатында кітаптар шығару жұмыстары жоспарланды.
2021 жылғы 23 желтоқсандағы бесінші отырысының, 2022 жылғы 7 сәуірдегі алтыншы отырысының хаттамаларына сәйкес, мемкомиссияға саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі заңнамалық актілер тұжырымдамаларының жобалары әзірленді.
Комиссия ғалымдары мен сарапшылары, заң жобаларын әзірлеу жөніндегі арнайы жұмыс тобының мүшелері (танымал заңгер И.Борчашвили жетекшілігімен) бұрынғы заңға кірмеген ауылдар мен селолардағы қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі санаттарын қамтитын «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңдық ақтау туралы», қаһармандарымызды, ұлт-азаттығы, тәуелсіздігі және елдің территориялық тұтастығы жолында құрбан болғандарды, дінін қорғаған ерлерді саяси тұрғыдан ақтайтын «Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескендердің мәртебесі және оларды саяси ақтау туралы», «1920–1930 жылдары Қазақстаннан кеткен мәжбүрлі босқындар туралы» заң жобаларын әзірледі.
Бірінші заң жобасы қабылданса, ақталмаған қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің 10-нан астам негізгі (базалық) санаты толық заңдық тұрғыдан ақталады.
Екінші заң жобасы қуғын-сүргін құрбандарының жекелеген санаттарын саяси ақтау қажеттілігінен туындады. Сондықтан да ғылыми идеялары үшін жазықсыз құрбан болған ғалымдар мен шығармашылық адамдарын, дін қызметкерлерін, елдің бостандығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен ерлерді саяси ақтау қажет.
Үшінші заң жобасы мәжбүрлі босқынға ұшырап, тоз-тоз болып сырт жерлерге бытырап, шетелдерді мекен еткен тұлғалар мен олардың ұрпақтарына қатысты.
Мемкомиссия ғалымдары мен сарапшыларының жоғарыда аталған үш заң жобасын қабылдауға ерекше ықылас танытуы қуғын-сүргін құрбандарын толық заңдық әрі саяси ақтау мақсатынан туындады.
2021 жылы алғашқы 2 жинақ жарық көрсе, 2022 жылы 14 107 құжат қамтылған 29 жинақ баспадан шықты. 31 жинақтың ішінде «Ұлт азаттығы, тәуелсіздігі және Қазақстаннның территориялық тұтастығы жолындағы күрескерлер» атты архив құжаттары мен материалдар жинағы тұңғыш рет жарияланып отыр. 2023 жылы тың деректерден жинақталған 19 том жарық көрді. Біздің қоғамда жоқ іздеген адам көп. Осы себептен де Жобалық кеңсе басшылығымен 20 томдық «Халық жады» жинағын құрастыру жұмысы еліміздің түкпір-түкпірінде қарқынды қолға алынып, әзірленді. Тек архив материалдары емес, көзі тірі зардап шеккендерден (олардың ұрпақтарынан) сұхбат, сауалнама алынып, осы жинаққа енгізілді.
Жобалық кеңсе ұжымдық монография жоспарын әзірлеп, оның бөлімдерін саяси қуғын-сүргін құрбандарының зерттелінетін санатына сәйкес жоба орындаушылары жазып шықты. Сонымен қатар архив материалдарынан тұратын 52 томдық жинақ жарық көрді. Қызыл империя кезінде тарихи айналымға енген «терминдерді» замана биігінен зерделейтін «Глоссарий» әзірленді.
КСРО тұсында партиялық-кеңестік органдар қабылдаған негізгі мемлекеттік актілерге, сондай-ақ қазақстандықтардың жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырауына негіз болған негізгі актілерге (жазалаушы органдар қабылдаған) ғылыми-құқықтық талдау жасалынды. Жазықсыз құрбандарды толық ақтау мақсатында билік пен жазалаушы органдардың қызметі кеңестік Конституция мен заңдар тарапынан талданды.
Алғаш рет мемлекеттік деңгейде әрі ғылыми тұрғыдан РКФСР, КСРО, ҚАССР және ҚазКСР партиялық, кеңестік және жазалаушы органдары тарапынан қабылданған және миллиондаған қазақстандықтарды жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыратқан шешімдердің заңсыз әрі құқыққа қайшы сипаты туралы мәселе қойылды.
Жобалық кеңсе басшылығы тарихтың өзекті мәселелеріне қатысты жаңа ғылыми-тарихи, ғылыми-саяси, ғылыми-құқықтық тұжырымдарды дәйектеп негіздеді. Іргелі әрі жүйелі зерттеу тақырыптарының аясы кеңейді. Соның бірі – «Қазақстандағы Кіші қазан» трагедиясы.
Бүгінде, 1928–1930 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргінді кешенді зерделеу, құрбандардың негізгі санаттарын анықтау, іргелі зерттеу жүргізу жалғасып жатыр. Үкімет 2024 жылы қазанда мемлекеттік комиссияның тұжырымдарын іргелі зерттеуге қаржы бөлді. Осы мақсатта 10-нан аса саяси науқанды жүйелі, пәнаралық, антропологиялық тұрғыдан қарастыратын жұмыс тобы құрылды, ғалым-мамандар шақырылып, әдіснама мен жұмыс бағыттары айқындалды. Сонымен қатар «Қазақстандағы Кіші қазан» қасіретін зерделеуге арнайы теория-әдіснама тұрғысынан дайындық қажеттігін дәйектеді.
2024-2025 жылдары жоғарыда аталған жоба аясында 23 том архив құжаттары мен естеліктер жинағы жарық көрді. 3 конференция өткізілді. Биыл 10 том архив құжаттары мен естеліктер жинағын шығару жоспарда тұр.
Елін өрге сүйреген Əлихан Бөкейханның: «Əр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, əйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», деген сөзі бар. Бүгінгі буын өз мойнындағы жүкті кейінгінің иығына артпай, зерттейтін мәселелерді тиянақтап, ақырына дейін тарихи әділдік тұрғысынан тыңғылықты зерделесе, мемлекетшілдік санаға қосылған зор үлес болмақ. Әділдік әлеуетіміз білікті тұлғалармен, жүйелі заңдық шешімдермен артады.
Құралай СӘРСЕМБИНА,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты
Астана филиалының директоры, профессор