22 Қазан, 2010

Алғандар ала берсін, алмағандар қала берсін немесе кәсіпкерлер табыс салығын төлеуден неге қашады?

760 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Салық кодексіне өз­гертулер мен толықтырулар ен­гізу туралы заң жобасының бүгінде Парламент қарауына ұсынылғаны белгілі. Осы құжатта, дәлірек айт­қанда, жобада өзгеріске ұшырауы мүмкін деген кейбір баптар жұрт­шылық арасында әртүрлі пікірлер мен көзқарастардың туындауына түрткі болуда. Ол нендей өзгеріс­тер? Әңгіме дербес табыс салығы­ның (ДТС) көлбеу шкаласынан прогресшіл шкалаға көшу жөнінде болып отыр. Бұл қарапайым тілмен айт­қанда, табысың, яғни ең­бек­ақың молайған сайын одан төлей­тін дербес табыс салығың да көбейе түседі деген сөз. Бірақ бірқатар адамдардың, бәлкім топтар ма, ондай жағдаймен келіскілері жоқ. Қарсы шығушы­лардың қатарында анау-мынау емес, бизнес саласындағы бірқатар ассоциациялардың, одақтардың және кәсіптік одақтардың өкілдері бар. Олар Парламент депутаттары атына үндеу де жолдап үлгеріпті. Олардың айтуларына қарағанда, жобаны әзірлеуші Қаржы министр­лігі мұндай шешімнің дұрыс екен­дігін дәлелдейтін ешқандай дәйек­тер келтірмеген. Шындығын­да, дәйектер келтірілген. Ол үшін Қар­жы министрінің жеке блогын ашып, сонда жазылғандармен танысу керек. Ал сол арқылы бюд­жет­тің кіріс бөлігін 12 миллиард теңгеге ұлғайтуға болады деген болжам, наразы топтың пайым­дауын­ша, бюджеттің шығыс бөлігі созылмалы түрде жүздеген мил­лиард теңгеге игерілмей келе жат­қан қазіргідей жағдайда ешқандай сын көтермейді. Осындай көзқарас ұстанушылар аталған қадамның “әлеуметтік әділеттілікке” жататы­нына да үлкен күмәнмен қарап отыр. Олардың айтуларынша, на­рық экономикасы жағдайында ат­қарылған еңбекке төленген лайық­ты еңбекақы ғана әлеуметтік әді­лет­тілік өлшемі болып табылады. Бұл істегі “теңгермешілік” еңбек ұжы­мының әрбір мүшесінің кәсіп­орынның ортақ табысына деген саламатты ынта-ықыласына нұқсан келтіре отырып, нарық экономика­сының базалық принциптерінен тайқып кету болып саналады. Бұл да қарсы топтың көзқарасы. Бір қарағанда бәрі әп-әдемі-ақ сияқты. Депутаттар атына үндеу жолдаушылар халықтың мүддесін ойлап, олардың табыстарына қол сұқпаңдар дейді. Бірақ, осындай ұстанымның астарынан басқа да бір сыр аңғарылатындай. Ол—байығандар байи берсін деген пиғыл. Егер біз үндеу жолдарын дұрыс түсінсек, оның авторлары жоғары жалақы алатындар төмен жалақы алатындармен бірдей бұрын­ғысынша азғантай ғана табыс салығын төлей беретін болсын де­ген­ді құлаққағыс етеді. Егер қара­дүрсін есепке салсақ, ол 300 мың теңге алатындар 30 мың теңге та­быс салығын төлеп (10 пайыз), 270 мың теңгені тазалай алып отыра­тын болсын да (шындығында, ең төменгі еңбекақы мөлшерін, зей­нет­ақы қорына аударылатын ақшаны шығарып тастағанда ДТС көлемі бұдан да гөрі азырақ), 30 мың теңге айлық алатындар 3 мың теңге төлеп 27 мың теңгемен күн­дерін көре берсін дегенге келіп сая­ды. Қызығы сол, осындай ұстаным­ды олар “әлеуметтік әділеттілік” деп санайды. Қабылдауға қиындау түсінік. Мұның екінші жағы да бар. Ол бойынша жалақыны күреп алатындар мемлекетке азғантай ғана салық төлеулері керек. Бюджет бүйірінің орта түсіп жататыны (про­грессивті шкала енгізілген жағ­дайда бюджеттің кіріс бөлігі 12 миллиард теңгеге артады екен) оларды алаңдатуға тиіс емес. Бір сөзбен айтқанда, сен маған бер, мен саған — жоқ. Сонда анау 25-30 мың теңге еңбекақыны қанағат тұтып жүрген мұғалімдер мен дәрі­герлердің, мәдениет саласы қыз­мет­керлерінің, табыстары аз өзге ағайындардың жағдайларын кім ойлайды? Олар алып отырған болмашы еңбекақы “әлеуметтік әділеттілік өлшемі” болып табыла ма? Үндеу жолдаушылар ол жөнін­де жақ ашпайды. Олардың бүкіл халықтың емес, белгілі бір топтың ғана мүддесін көздейтіні осыдан-ақ көрініп тұр. Осы орайда Мемлекет басшысының ел кәсіпкерлеріне арнап мемлекет сендердің аяқ­тарың­нан тұрып, қалыптасып кетулерің үшін үлкен жағдайлар туғызды, енді сендерден де қай­тарым болатын кез келді, оның үс­ті­не адал қызмет ету арқылы халық арасындағы беделдеріңді де көтеру­лерің керек деген сөзді талай рет қайталап айтқанын да еске түсіре кетуге тура келіп отыр. Өкінішке қарай, біздің бизнесмендеріміз өздеріне осыншама жақсылық жаса­ғ­ан Президент сөзін де жеткі­лікті дәрежеде ескере бермейтін тәрізді. Өзіміз әңгімелеп отырған салық төлуден қашқалақтаушылық көрінісі айтқанымызға нақты айғақ. Басқасы өз алдына, қарсылық білдірушілер “теңгермешілік” деген ұғымды да әлде немен шатас­ты­рып, орынды қолдана алмаған сияқты. Әйтпесе “прогрессивті” деген сөздің теңгермешілік ұғымы­мен мүлде қабыспайтынын, оның “ілгерілеу”, “алға басу” деген мағы­наға ие екенін түсінер еді. Оның сыртында, қалыптасқан қағида бойынша жоғары жалақы алатын­дар мен төмен жалақы алатындар бірдей салық төлесе, нағыз теңгер­мешілік сол болмақ. Ал егер әркім салықты тапқан табыстарының көлеміне қарай төлейтін болса, ол неліктен теңгермешілік болуы керек? Егер үндеу авторларының қисынына салсақ, Қазақстанда табы­сы аз отбасыларына, көп бала­лы аналарға, мүгедектерге көр­сетіліп жатқан жеңілдіктер де барып тұрған теңгермешілік. Ал енді “ауыл арасындағы алып­­қашпа сөздерді” қоя тұрып, әлем­дік тәжірибеге де бір сәт көз салайық. Бізге белгілі болған мәлі­мет­тер бойынша, қазіргі таңда әлем­де санаулы ғана мемлекеттер көлбеу шкаланы қолданады екен. Олардың да кейбіреулері, мәселен, Ресей, прогрессивті шкалаға көшуді қазірдің өзінде ойластыруда. Ал қалған мемлекеттердің бәрі бүгінгі таңда прогрессивті шкаланы дұрыс деп тапқан және соны қолданып келеді. Енді өз елімізге қайта оралар бол­сақ, мамандар атап көрсет­кен­дей, көлбеу шкала әу бастан-ақ уақытша шара ретінде енгізілген екен. Ал прогрессивті шкалаға көшу тек өзінің пісіп-жетілуін ғана күтіп тұрған көрінеді. Сонымен, мәселенің тоқетеріне табан тіресек, прогрессивті шкалаға көшуге қарсылықтың, жоғарыда айтып өткеніміздей, ақшаны күреп таба отырып, мемлекетке соған сәйкес көбірек салық төлеуден қашқалақтап отырғандардың ойлап шығарған әрекеттері екендігі айдан анық. Бүгінгі күнгі статистикаға жүгінер болсақ, Қазақстан халқы­ның 2 пайызы ғана жоғары жалақы алады екен. Демек, жоқ жерден шу көтеріп, біздің байлығымызға қол сұғушы болмаңдар деп байбалам салып отырғандар да осы азғантай ғана топ. Егер әңгіменің ақиқатына келер болсақ, Қазақстанда кәсіпкерлер үшін жасалып жатқан жеңілдіктер аз емес. Олардың небір қитұрқы­лық­тарға барып жатқанын біле тұра кәсіпкерлік субъектілерді тексеруге талай мәрте мораторий жария­лан­ды. Салықтық жеңілдіктер өз алды­на бір төбе. Науқандық жұмыстар кезінде жанар-жағармай, тыңайт­қыш­тар арзандатылған бағамен беріледі. Мемлекет тарапынан көр­сетілген осындай елеулі қамқор­лық­тар үшін кәсіпкерлік саласы өкілдерінің өз алғыстарын білдірген кездері де есімізде. Олардың біразы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды да. Ал енді осындай қам­қорлыққа бөленіп отырған биз­нес-қауым, яғни біздің іскерлеріміз ел үшін, халық үшін не тындырып, нендей жақсылықтар жасап отыр дегенде тұшымды жауап таппай қиналатынымыз және бар. Содан да көптеген отандық кәсіпкерлер “саудагерлер”, “алыпсатарлар”, әрі кетсе “коммерсанттар” деген жа­ғым­сыздау атақты иеленуден аса алмай келеді. Ал “өзіміздің кәсіп­керлердің өнімдерін көретін күн бола ма осы” деп күңкілдеген қа­зақ­стандықтар болса, әзірге Қытай­да шығарылған халық тұтынатын тауарларды місе тұтуға мәжбүр. Жо­ғы­мызды тауып беріп, жырты­ғы­мызды бүтіндеп отырған қытай­лық кәсіпкерлерге мың да бір алғыс, өзіміздің бизнеске сенсек халіміз мүшкіл болар еді, дейді кей­бір жерлестеріміз ренжіген кез­дерінде. Ал өзіміздің бизнесмендер бол­са, әлі күнге дейін “бер-бер” деп алақан жаюмен келеді. Алып жат­қандары да аз емес, бірақ тоятын түрлері көрінбейді. Олар тіпті “Алаған қолым – береген” деген мәтелден де хабарсыз сияқты. Осы орайда біздің “туған” кәсіпкер­лерімізді табаға шыжғырғандай шырылдатып жатқан себеп не өзі деген сауалдың бас көтеруі орынды. Мәселенің мәнісі мынада. Қаржы министрлігі әзірлеп, Парламент қарауы­на ұсынылған заң жоба­сында жоғары жалақы алатындар үшін дербес табыс салығы мөл­шерін көтеру жақтары қарастырыл­ған. Бұл орайда шекті еңбекақы мөлшері 300 мың теңге деп белгі­леніп отыр. Ол бойынша 300 мың теңгеге дейінгі сомада айлық ала­тындар 10 пайыз, ал 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жалақы алатындар 15 пайыз мөлшерінде дербес табыс салығын төлеуі тиіс. Ең жоғары шкала, яғни 20 пайыз еңбекақының 500 мың теңгеден асатын айырмасы үшін ғана төленеді. Олай болса, ақша үшін шы­бын жандарын шүберекке түйгендердің көксегендерінің не екенін түсіну үшін саусақтарымыз­ды санап, яғни қарапайым ариф­мети­каға жүгініп көрейік. Айталық, жаңағы көз жастарын көл қылып жүрген кәсіпкерлеріміздің айлық еңбекақы мөлшері 1 миллион теңге дейік (кейбіреулердің бұл бер жағы ғана деуі мүмкін, бірақ мәселе басқада). Осының 500 мың теңге­сіне төленетін дербес табыс салығы – 75 мың теңге. Енді осы 500 мың теңгенің үстіндегі келесі 500 мың теңгенің табыс салығын есептеп шығарайық. Ол 20 пайызбен алған­да 100 мың теңге болып шығады. Сөйтіп айлық жалақысы 1 миллион теңге болатын кәсіпкер 136732 теңге табыс салығын төлеп (төменгі еңбекақы мөлшері мен зейнетақы қорына аударылатын ақшаны шы­ға­рып тастағанда), 863268 теңгені (шамамен 6 мың доллардай) қалта­сына салып жүре береді. Бұл сандар Қаржы министрлігі ұсынған салыс­тырмалы таблицадан келтіріліп отыр. Оқырмандар өздері де байқаған болар, коммерсант аға­йын­дардың жағдайлары тым қиын. Жылайтындай-ақ бар. 863 мың теңге айлықпен бизнесмен бауы­рымыз қалай күн көрмек? Егер есептей берсең басқа да сыр­лардың беті ашылады. Бизнес­мендеріміздің дербес табыс салы­ғының прогрессивті шкаласынан соншалықты үрейленулеріне қара­ғанда олардың алатын айлықтары бір емес, бірнеше миллионға жетіп отырғанға ұқсайды. Өйткені айлық мөлшері өскен сайын салық кө­лемі­нің де арта түсетіні белгілі. Ай­та­лық, бір айлық еңбекақы 3 мил­лион теңгені құрайтын болса, онда ол сияқты жалақы алатын адамның төлейтін табыс салығы, жоғарыда келтірілген салыстырма таблица­дағы мәліметтер бойынша, 286401 теңгені құрайды екен. Қымбат “джиптеріне” жыл сайын төлейтін 160 мың теңге мүлік салы­ғын тө­леу­ді ауырсынып жүрген кәсіп­керлер 286 мың теңгені қай­дан оңайлықпен бергісі келе қойсын. Ақшаның бүгінде көздің құрты­на айналғаны рас. Жаппай байлық­қа бас ұрушылық етек алып, адам­ның қасиеті адамгершілігімен, пара­сат-пайымымен емес, қалта­сын­дағы әмиянының қалыңдығы­мен өлшенетін болды. Сан ғасыр­лар бойы кедейшілік қамытынан құтыла алмай келген халықтың дүниеге құнығып кетушілігін кейде түсінуге де тырысамыз. Бірақ ар-ұятты санадан мүлде сызып тастап, көрсоқырға айналып бара жатуы­мыздың себебін түсіну қиындау. Әйтпесе, айына миллиондап табыс кіргізіп жатқан кәсіпкерлердің 200-300 мың теңгені өзіне осындай жағдай туғызып отырған елі үшін, бір ауаны жұтып, бір суды ішіп қатар жүрген жерлестері үшін төлей салуды ауырсынып, соншалық дабыл қағуларын қалай бағалауға болады? Олардың баяғы заманның “шық бермес шығайбайларынан” қандай айырмашылығы бар? Сонда 30-40 мың теңге зейнетақы алатын қарт­тарымыз қалай күн көріп жатыр? Ұялмай-қызармай заңды табыс салығын төлеуден жалтару үшін небір сылтаулар іздеп жанта­ласып жатқан кәсіпкерлерімізге күні ертең елімізді өркендететін осылар деп қалайша сенім артуға болады? “Адал да білікті еңбегімен тапқандардың табыстарының бір бөлігін қосымша алып қою қаншалықты әділ” деп соғады жаңағы қарсылық білдірушілер. Сонда ол табыстардың бәрінің бірдей адал еңбекпен, біліктілікпен келгеніне кім тексеру жүргізіпті? Іс жүзіндегі жағдай шынымен де солай болса қаптаған салықтан жалтару­шылар, жалған кәсіпорын­дар құрып лас ақшаны заңдастыру­шылар, жалған банкроттық сияқ­ты­лар қайдан шығып жатыр? Көп­теген дүкендер сатушыларының чек бермеуін, коммерциялық автобус­тар­дың жолаушыларға билет бер­меуін, базарлардағы таразыдан жеушілікті қалай түсіндіреміз? Үндеу арнаушылар айтқандай бәрі жақсы болса, неліктен құрылыс­шы­лар үлескерлерді алдап, ақша­ларын алып қашып кетіп жатады? Қазақстандық құрылысшылар салған үйлердің сапасының сын көтермеуіне нендей дәлел айтуға болады? Биыл салынған жолдардың келесі жылы жүруге жарамай қалуының себебі неде? Астықты мемлекеттік қорға тапсырудың орнына сыртқа қымбат бағаға сатып жіберуге тырысатындар тура­лы не айтамыз? Неліктен Қазақ­станда тауарлар мен қызметтердің бағалары өте қымбат? Біз бұл жерде “адал да білікті еңбек ететін” коммерсанттардың қытайлық коо­перативтер шығарған тауарларды Еуропадан, Түркиядан, Эмираттан әкелдік деп халықты алдайтындығы туралы тіпті айтып та отырған жоқпыз. Біздің айтпағымыз, кәсіп­керлерге жаны ашығыш мырзалар­дың олардың Қазақстанның заң­дарын сақтап, тәртіпті мойындап, дұрыс қызмет көрсетулері үшін бірде-бір шара қолданбайтындығы. Егер тек мемлекеттік органдар ғана емес, кәсіпкерлік қауымдастық­тардың өздері де белгілі бір дәре­жеде кәсіпкерлердің қызметтеріне бақылау орнатып, талапқа сай жұмыс істеудің қалай болатын­дығын түсіндірер болса, бәлкім жағдай қазіргіден гөрі әлдеқайда жақсара түсер ме еді, кім біледі. Өйткені қандай да болмасын тараптың істерінің бәрінің бірдей дұрыс бола бермейтіні, қателіктер мен кемшіліктердің орын алып жататыны өмір заңдылығы. Олай болса, біздің бизнесмендер мінсіз қызмет істеп жүр деп кесіп айту барып тұрған ұшқарылық, нақты іс жағдайын білмегендік болар еді. Бизнес қызметкерлердің жала­қы­­ларын тұрақты түрде көтеріп отырады делінген жоғарыда аталған үндеуде. Ал біз ірі-ірі компаниялар­дың өз жұмысшыларына 30-40 мың теңгедей ғана еңбекақы төлеп, кейде тіпті ақшаны тауарлармен алмастырып жататын кездерінің болатынын да жақсы білеміз. Ендеше жағдай барлық жерлерде бірдей тап-тамаша деп түсіну де сыңаржақтық болып шықпақ. Ойымызды тиянақтай келе айтпағымыз, Қаржы министрлігі ұсынып отырған дербес табыс салы­ғы­ның прогрессивті шкалада­ғы мөлшері ер-тоқымды бауырға алып тулайтындай соншалықты көп емес. Егер көп дегеннің өзінде жоғары салық төлейтіндердің та­быстары одан да зор. Ал көп алған жақ қашанда көп беруге де тиіс. Бұл өмірдің бұлжымас заңды­лығы. Осы қағиданы халық мандатын алып отырған депутаттар да, ел дәу­летінің арқасында кәсіпкер атанып, мол байлыққа кенеліп отырған кәсіпкерлер де түсінеді деп үміттенеміз. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.