Өткен сейсенбінің кешінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан делегациясы мінген лайнер Брюссельден көтеріліп, қырық минөттің ішінде Париждің “Орли” әуежайына келіп қонды. Біз ендігі сапардың сұлбасы Франция ордасында сызылатынын мұның алдындағы мақаламызда айтқанбыз. Бірақ сол жолдарды жазып отырғанда, Сена жағалауын жайлаған қаладағы қауышулар қызуының өзіміз куә болып келе жатқан жылы шырайлы жүздесулерден де асып түсетінін тура болжай қоймаған екенбіз. Шамасы, Еуропа астанасынан жалпақ жаһан мәдениетінің байтағына аттанып бара жатқанымызды сәл естен шығарып алсақ керек...
Париждің аты – Париж
Айтатыны жоқ, қаланың әуе қақпасы арқылы жерге табан тигізген сәттен мұндағы мәдениеттің деңгейі жоғары екенін анық байқадық. Ол осы жерде тік тұрып күтіп алу рәсімінің мінсіз көрінуінен бастап, аттап әр адым басқан сайын сезіліп тұрды. Франция жұртшылығы шын мәнінде де Қазақстан елінің Нұрсұлтан Назарбаев сынды әлем мойындаған лидері өз жеріне келгеніне қатты қуаныш білдірді. Ал біз жоғарыда қойылған бас тақырыпты Парижде бұрнағы күні өткен екі ел бизнесмендерінің форумында сөйленген сөздердің бірінен дәйектеме есебінде көшіріп алдық. Осыған қатысты ой жиында тіпті бұдан да шалқар шарықтаған шамада айтылды. “Бүгін – Франция тарихындағы ұлы күн! Өйткені, Парижге Нұрсұлтан Назарбаев келді”, делініп еді онда. Осыған ұқсас теңеуді француз халқының бағына берген тағы бір парасатты Президент Николя Саркози де сәл кейінірек жеткізген. Қайта біз олардан да гөрі қарапайымдылыққа қазық шалып, арнасынан асып-тасқан толағай тұжырымды ықшамдап қана пайдаландық. Ондағымыз материалымыздың арқауы екі жақ үшін де ортақ көрінсін дегендік болатын.
Иә, Париждің аты – Париж. Оны жер бетіндегі бірде-бір қаламен алмастыра да, шатастыра да алмайсың. Бір кездері шыққан: “Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі”, деген қанатты сөз оның озық ойлы, өркенді өнерлі кісілер бас қосатын ордаға айналуына байланысты айтылған сияқты. “Ақындар” дегеннен шығады, Францияда тек әдебиетті қолпаштауға бағышталған сыйлықтардың өзі мыңнан асады екен. Солардың арасында автордың бірінші жазған романы, повесі, әңгімесі, новелласы, пьесасы, поэмасы үшін тағайындалатын жүлделер де кезігеді. Бұлар жаңа жаза бастаған жас қаламгердің қаптаған классиктер кітаптарының тасқынында өзін жоғалтып алмауын көздеп беріледі. Әдебиетке дәл мұншама қамқорлық әлемнің басқа қай елінде бар! Әлбетте, сыйлықтың да сыйлығы болады. Француз жазушылары үшін солардың бастысы Гонкур сыйлығы болып табылады. Ол шығармашылықтарын басында суретші болып бастап, кейіннен жазушылыққа көшкен ағайынды Жюль және Эдмон Гонкурлардың арттарында қалып бара жатқан мол байлықтарын сыйлық ету ниеттерінен туып, 1896 жылдан бері белгілене бастаған. Аталмыш бәйге француз тілінде жазылған ең үздік роман мен новеллалар жинағына жыл сайын беріліп тұрады. Онда үздік атанған жазушының сол сәтте Францияда тұратын-тұрмайтыны, француз азаматы болған-болмағаны әсте есепке алынбайды. Шығарма француз тілінде жазылса болды! Бұл да, бәлкім, мәдени пайымның бір шыңы шығар. Әлем мәдениетінің астанасы атанған, шежіресі бай шадыман шаһарда әсемдік пен әулиеліктің нышаны іспеттес көрсең көз тоймайтын мәртебелі мекендер де аз емес. Жайшылықта келсең, мұндағы Эйфель мұнарасы мен Даңқ аркасын, Елисей алаңдары мен Версальды, Лувр мен Құдай Ана соборын, Монмартр мен Латын орамын, Гревен, Орсе және Пикассо мұражайларын, Келісім, Вандом және Бастилия алаңдарын, Гранд Опера Гарнье театры мен Пале Рояль сарайын, тіпті Париж катакомбалары мен Мулен Руж кабаресін асықпай жүріп, тамашалап шығуға болар еді. Ондағы орта ғасырларда салынған ғимараттардың өзі неге тұрады. Түнде отты қала болып көрінетін Париж күндіз ашық аспан астындағы мұражайға айнала қалады. Бізге Париж сонымен бірге жасыл желекке малынып тұрған да абат болып көрінді. Оның айналасындағы ойдым-ойдым ормандар мен шоқ болып шоғырланған саябақтардан бөлек, көшелері көбінің бойын жайлаған ағаштар аллеясы шаһардың көркіне көрік қоса түседі екен.
Жоғары деңгейдегі байланыстар байламы
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапармен келуін Париждің өзі де, жұрты да осылай жадыраған жайсаң қалпында қарсы алды. Біз Елбасының француз елі тарихында айрықша орны болған атақты генерал Шарль де Голльді қатты құрмет тұтатынын бұрыннан білуші едік. Оны Мемлекет басшысы кейінірек сөйлеген сөзінде ашық білдірді де. Ал осы аты аңызға айналған тұлға – француздардың Бесінші республикасының бірінші президенті болған адам. Мәселенің мәні мынада, мемлекеттік құрылымы республика болып табылатын Франция бесінші мәрте мұндай басқару жүйесіне 1958 жылы қабылданған Конституциясы арқасында қол жеткізген. Сол жылы президенттік республиканың тізгінін қолға алған генерал оның гүлдеп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан. Кейінірек Елбасы француз президентері Франсуа Миттеранмен де, Жак Ширакпен де достық рәуіштегі жақсы сыйластықта болды. Сол әу басында дұрыс реңкте жолы салынған байланыстың байламы қазіргі президентке дейін сәтті жалғасты.
Франция мемлекеті біздің тәуелсіздігімізді 1992 жылғы 7 қаңтарда мойындап, сол жылғы 25 қаңтарда екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 1992 жылғы наурызда Қазақстанның Франциядағы, 1993 жылғы шілдеде Францияның Қазақстандағы елшіліктері ашылды. Ынтымақтастықтың алғашқы жылдарынан Қазақстан-Франция саяси үнқатулары өрісті және өркенді дамып келеді. Астана мен Париж алғашқы жылдардан өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне қол жеткізіп, қазіргі әлемдегі көптеген өзекті мәселелер жөнінде ұқсас ұстанымдар ұстануда. Франция басқа ядролық мемлекеттердің қатарында біздің елімізді аймақтағы тұрақтылықтың аманаты және Еуропа мен Азия аралығындағы байланыстырушы көпір ретінде бағалап, Қазақстанға қауіпсіздік кепілін берген болатын.
Еуропа төріндегі стратегиялық әріптестік
Қазір қарап тұрсақ, екі елдің арасында дипломатиялық қатынас орнатылғалы бері біздің Мемлекет басшысы бұған дейін Францияға бес мәрте ресми сапармен келіп кеткен екен. Екі жақты қатынастар қағидаттары Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылғы қыркүйектегі Парижге ресми сапары кезінде Достық, ынтымақтастық және өзара түсіністік шартына қол қоюынан бастау алды. Ал екі ел ынтымақтастығының негізгі бағыттары мен басымдылықтары келер жылғы қыркүйекте Франсуа Миттеранның Қазақстанға сапары барысында бағамдалды. Жоғарыдағы сапардан кейін Қазақстан Президенті француз мемлекетінің астанасына 1994 жылдың ақпан, 2000, 2003 және 2008 жылдардың маусым айларында жол тартты.
Францияның қазіргі Президенті Николя Саркози мен Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы өзара сеністікті, достық қатынастың қанатқақтысы 2007 жылғы қыркүйектің 25-інде Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 62-сессиясының шеңберінде өтті. Біздің басылымның басшысы Сауытбек Абдрахманов бұл туралы кезінде газет бетінде келістіріп тұрып жазды да. Ал Қазақстан Президентінің Францияға 2008 жылғы 10-11 маусым күндері жасаған кезекті сапары қазақ-француз қарым-қатынастарының сапалы жаңа кезеңін бастап берді. Мұндағы кездесулердің қорытындысында екі елдің арасындағы Стратегиялық әріптестік жөнінде келісім кереге керді. Осылайша Франция Қазақстанның мұндай құжат жасасқан еуропалық бірінші елі болды. Сапар барысы Елбасы Елисей сарайында Францияның жоғары мемлекеттік наградасы – “Құрметті легионның Үлкен әжісі” орденімен марапатталды. Қазіргі таңда Қазақстанның әлемдегі бесінші сауда әріптесі және төртінші реттегі инвесторы болып саналатын француз елі біздің республикамыздың Еуропадағы негізгі әріптестерінің қатарында аталады. Осы тұрғыда француз басшысының екі ел арасындағы серіктестік қарым-қатынастарын құру барысындағы Франция мен Қазақстан байланыстарын айрықша артық етіп көрсеткен мәлімдемесі бәріміздің жүрегімізге жылы ұялайды.
Сол жақындықты Франция Президенті Николя Саркозидің 2009 жылдың 6 қазанында Астанаға келген ресми сапары одан әрі жандандыра түсті. Осы жолы Қазақстан үшін маңызы зор ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу, Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы әріптестікті созу жөніндегі жаңа келісімді ұсыну секілді мәселелерге Париждің қолдау көрсетуіне қол жеткізілді. Екі Президент “Назарбаев-Саркози” мемлекетаралық комиссиясын құруға шешім қабылдады. Сапар аясында екі мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесі, экономиканың нақтылы секторы, азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайларды есткерту мен салдарын жою, әскери, әскери-техникалық және ғарыш салаларындағы ынтымақтастық, қылмыспен және сыбайластықпен күрес, Қазақстан аумағы арқылы Франция әскери жабдықтары мен персоналына дәліз беру, дипломатиялық паспорттары бар азаматтардың кедендік рәсімделуін жеңілдету жөнінде үкіметаралық келісімге қол қойылды. Мұнымен бір мезгілде сапар аясында қазақ-француз бизнес-форумы өтіп, онда жалпы құны 4 млрд. доллардан астам 13 құжат тіркелді.
Міне, біздің Мемлекет басшысы Парижге бұл жолы осындай үлкен шаруалардың шашасын қайырған қалпында келді. Айтқандай, француз астанасына келген күннің ертеңінде, сәрсенбі күні атақты “Le Fіgaro” газеті өзінің экономикалық блок-бөлігінде Нұрсұлтан Назарбаев туралы жылы сезімді материал жариялады. Ал содан екі күн бұрын Брюссельде жүргенімізде Бельгияның танымал “New Europe” басылымында Елбасымен сұхбат шыққанын да көргенбіз. Бұрнағы күні тағы мынадай бір қызықты көрініс көз алдымызда қалып қойды.
Өзіміз орналасқан “Наполеон” отелінен шығып, бизнес-форум өтетін “Ритц” мейманханалар жүйесіне бара жатқан жолымызда көшенің жиегіндегі жанбалы тақтадан үстіне жейде мен жәкет киіп алған Нұрсұлтан Назарбаевтың жадыраңқы портретін көріп, аузымыз ашылып қалыпты. Автобустағы журналистер бір дуылдап барып басылды. Тегінде, бұл сурет дәл осы сапарға байланысты ілінбесе керек. Айналып келгенде, осының өзі біздің Президентіміздің беделі бұл елде шынында да өте жоғары екенін дәлелдей түседі. Сол беделдің биік екенін әлгінде айтылған француз-қазақ бизнесмендерінің форумы кезінде де байқадық. Ондағы айтылған сөздерден бас тақырып шығарып алғанымызды да жоғарыда айтып өттік.
Дамудың маңызды факторы
Бұл алқалы жиын қазақ-француз индустриялық-инновациялық жобалары тұсаукесерінен басталды. Елбасы осы көрмені аралап көріп шыққаннан кейін форум өтетін залға келді. Сонда бұған дейін жиынның бірінші жартысын өткізіп болып, екінші бөлігіне көшкен кәсіпкерлер Президентті орындарынан тік тұрып қарсы алды. Сонда соғылған алақандардың дуылы біздің Мемлекет басшысына деген құрметтің мұнда расында айрықша зор екенін танытып тұрды. Әуелгі сөзді Францияның Сыртқы сауда вице-министрі Анна-Мари Идрак айтты. Оның “ұлы күн” турасындағы толғамына залдағылар үлкен қошемет көрсетті. Содан кейін сөйлеу тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев ұстады. Ол өзінің осындағы сөзін қазір ғана ірі француз компаниялары жетекшілерімен кездесіп келгенінен бастады. Олардың арасында “Areva”, “EADS-Eurocopter”, “Total Exploratіon & Productіon” және “Alston” атты компаниялар бар.
– Біз француз бизнесмендерімен ынтымақтастықты дамытуға, Франциядан инвестиция тартуға мүдделіміз, – деді келесі сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы. – Тұтастай алғанда, біз Қазақстанға шетел капиталы мен технологиясы келуі үшін қолайлы жағдай туғызуға ұмтыламыз. Бұл сыңайда бізге жақсы нәтижелерге жетудің орайы келді. Бүкіләлемдік банктің мәліметі бойынша, Қазақстан соңғы жылдары қолайлы бизнес ахуалын туғызу жөніндегі елдер арасындағы рейтингісінде биыл жиырма бес саты ілгері жылжыған. Бүгінде Орталық Азиядағы барлық шетелдік инвестицияның 80 пайызы Қазақстанның еншісіне тиеді.
Елбасының сөзінен тағы бір ұққанымыз, біз тәуелсіздік жылдарында 119 млрд. доллардан астам шетел инвестициясын әкеле алған екенбіз. Бұл Қазақстан экономикасының сенімді серпінмен дамуы маңызды факторларының бірі болды. Қазір елімізде соңғы жылдары қатарларын күрт ұлғайтқан жүзге жуық француз компаниялары жұмыс істейді. Олардың негізгі бөлігі Қазақстандағы мұнай-газ, тау-кен, энергетика, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салаларында шоғырланған.
Француз Президентінің өткен жылы Астанаға келуі мен қазақ лидерінің осы жолы Парижге ат басын бұруы екі елдің ұзақ уақытқа негізделген ынтымақтастыққа бірлесе ұмтылып отырғанын көрсетеді. Соның айғағындай болып, аталмыш бизнес-форум шеңберінде жалпы сомасы 1,9 млрд. еуро көлемін құрайтын келісімдерге қол қойылып отыр. Бұл форумға шағын және орта бизнес өкілдерінің көптеп тартылуында да айрықша мән бар.
– Бүгінгі көрме Қазақстанда ірі француз компанияларының қатысуымен жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалардың тұсауын кесіп берді, – деді келесі сөздің кезегінде Елбасы. – Бізге енді өзара бірлесе қимылдаудың “екінші деңгейі” керек. Сөз Францияда ірі компаниялардың қабатында жұмыс жасап жүрген француздың шағын және орта бизнес компанияларын Қазақстанда да сондай өндірісті өркендетуге тарту турасында болып отыр. Біз өз тарапымыздан бұл бағытқа ықпал жасауға дайынбыз. Елімізде бүгінде Қытайға, Ресейге экспортқа шығару ниетін көздеп, азық-түлік өнімдерін өндіру ісін өркендетуді қолға алатын кәсіптік құрылымдарға барынша қолайлы жағдай туғызылып жатыр. Осы ретте Қазақстан аталған аймаққа бизнес жүргізуге бел байлаған француз кәсіпкерлері үшін нағыз тиімді плацдарм бола алады.
Әлемдік дағдарыстың ауыр зардаптарына қарамастан, Қазақ елінің экономикасы өзінің бұрынғы үрдісімен тұрақты дамып келеді. Біздің мемлекетіміз дағдарыстан кейінгі кезеңде дамудың жаңа мүмкіндіктерін ерте бастан қарастырды. Соның арқасында 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы талданып, оны биылғы жылдан бастап үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша өркендетуді қолға алдық. Үкімет өзінің алдына экономиканы әртараптандыру, жаңа технологияларды ендіру, өңдеуші кәсіпорындарды дамыту, шағын және орта бизнестің үлесін ұлғайту міндетін қойып отыр. Түптеп келгенде, индустриялық-инновациялық бағдарлама Қазақстан халқының басын біріктіретін ұлттық идея деңгейіне жеткізілді. Серпінді жобалардың бәрі Индустрияландыру картасы есебіне енгізілді. Олардан жалпы құны 50 млрд. долларды құрайтын 237 жоба іріктелініп алынды. Бұлардың бәрі қазір мұқият бақылауда тұр.
Осылардың бәрін тарқатып айтып шыққан Президент содан соң экономиканы өркендету үшін таңдап алынған тактика өзінің оң нәтижелерін бере бастағанына тоқталды. Үстіміздегі жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша еліміз ішкі жалпы өнім көлемін 8 пайызға өсірді. Өнеркәсіп өнімінің өсімі 11 пайызды құраса, өңдеуші өнеркәсіп 18 пайыздық деңгейден табылды. Жаңа индустриялық нысандарды ендірумен бірге жаңадан 12 мың жұмыс орны ашылды.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев француз бизнесмендері назарын Қазақстанның Ресеймен және Белоруссиямен бірге 2010 жылдан Кеден одағын құрғанына аударды. Бұл осы елдердің ішкі кедендік шекараларының алынып тасталып, өз араларында тауарды еркін өткізуге жол ашылғанын көрсетеді. Қазір 170 млн. тұтынушыны қамтитын біртұтас тауарлар рыногы қалыптасып жатыр. Үш елдің ішкі өнімінің жиынтық көлемі 1,8 трлн. долларға жуықтайды. Осы ретте Кеден одағы шетелдік инвесторлар алдына жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Шын мәнінде Қазақстан өзімен одақтас болған екі елдің алдынан қақпа болып ашылады.
Осылардың жайын біршама баяндап берген Елбасы сөзінің соңында француз бизнесмендерін Қазақстан рыногында жұмыс істеуге шақырды. Сол бойда форумға қатысушылармен қоштасты.
Назарбаев-Саркози комиссиясы
Елисей сарайында Қазақстан басшысын Франция Президенті Николя Саркози күтіп алды. Шара зор салтанатты жағдайда өтті. Жалпы, біздің жұрттың француз басшысына іштей бүйрегі бұрып тұратыны бар. Бұл, біріншіден, оның біздің Мемлекет басшысымен жақсы қарым-қатынаста екеніне байланысты болса, екіншіден, тегі күні кешеге дейін өзімізбен бір социалистік лагерьде біте-қайнасқан венгр жұртынан шыққанынан шығар. Француз лидерінің әкесі Пал Надь-Боча Шаркези Будапешт қаласында туған мадьяр еді. Біздің бір білгір ағайындар оны тіпті сонау ІX-XІІ ғасырларда Дешті Қыпшақ даласынан ауа көшкен ежелгі қыпшақ жұрағатынан дегенді де айтып қояды. Қалай дегенде де, Николя Саркозидің Қазақстан десе, Нұрсұлтан Назарбаев десе, құрақ ұшатыны ақиқат екен. Айтқандай, оның әкесі Пал Шаркези кеңес әскерлері Венгрияға кірген кезде Францияға кетіп қалыпты. Сол елдің азаматтығын алып, аты-жөнін француз ыңғайына қарай Поль Саркози деп алған көрінеді. Одан 1955 жылы туған ортаншы ұлдың аты Николас (Николя) болатын...
Осы күні Елисей сарайында Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты жаңа белеске көтеруге бағытталған бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Солардың арасындағы ең әлеуеттісі “Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Француз Республикасының Президенті Н.Саркозидің бірлескен Декларациясы” болатын. Аталмыш құжат 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты қуаттады. Ол сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша пікірлер алмасуға және оның жаңа бағыттарын белгілеуге қызмет ететін, Қазақстан-Франция Президенттік комиссиясын құру туралы Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы 2010 жылғы хаттамаға қол қойылуын құптады. Ол сондай-ақ Қазақстан-Франция Президенттік комиссиясы жұмысының негізгі бағыттарын және оның бірінші отырысының міндеттерін белгілеп берді. Бұдан әрі екі елдің арасындағы саяси үнқатысу және халықаралық мәселелер, экономика және сауда саласындағы ынтымақтастық, мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастық баптары бойынша міндеттемелері келтірілген. Қабылдауда, сонымен қатар, екі елдің Үкіметі атом энергиясын бейбіт жағдайда пайдалану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстан Қорғаныс министрлігі мен француздың “EADS” және “EADS-Eurocopter” компаниялары арасында ЕС145 типті тікұшақтарды дайындау, жеткізу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі өзара түсіністік және бірлесе қимылдау меморандумы жарыққа шықты. Сондай келісімдер “Қазатомпром” ұлттық компаниясы мен француздың “Areva” компаниясы, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы мен француздың “Альстом Транспорт” компаниясы арасында да жасалды. Осы шаралардың алдында Франция президенті Қазақстан басшысы құрметіне ертеңгілік ас берді. Қонақасы рәсіміне сондай-ақ Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қайрат Келімбетов, Президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов, Президенттің Іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев, Президенттің экономика мәселелері жөніндегі кеңесшісі Бақыт Сұлтанов, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев қатысты.
Елбасының бұдан кейінгі кездесуі Францияның Премьер-министрі Франсуа Фийонмен өтті. Осы кездесуге барар алдында ол француз Президентімен жылы қоштасып, кортежге беттеп бара жатқан бетінде, ойламаған жерден өзіне тән шалттықпен кілт бұрылып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тұрған жиекке жақындап келді. Хаттамаға енбеген осы қысқа тілдесу барысында Президент француз лидерімен болған сұхбаттасу нәтижесінің өзі күткен деңгейден табылғанын айтып үлгерді. Ал Матьон сарайында Үкімет басшысымен өткізілген жүздесуге жазба журналистері қатысқан жоқ. Осы жерде елдің белгілі қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Елбасыға кешкі қонақасы берілді. Француз тележурналисі, саяси шолушы Пьер-Люк Сегийонның “Қазақстан – Еуразияның діңгегі” атты кітабының тұсакесері де өткізілді. Осымен Елбасының француз жеріндегі сапарының бірінші күні аяқталды.
Париж хартиясы – пайдасы мол құжат
Кеше сапардың екінші ақырғы күні Нұрсұлтан Назарбаев Франция Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің ғимаратында өткен Париж хартиясының 20 жылдығы мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы тақырыбына арналған конференцияға қатысты. Алқалы жиынды Францияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Бернар Кушнер кіріспе сөз сөйлеп ашты. Ол өзінің осы сөзінде ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасының бүгінгі жиынға қатысып отыруының өзі оған көрсетілген үлкен құрмет екенін айта отырып, бұдан 20 жыл бұрынғы әлемдегі оқиғаларға шолу жасап өтті. Ол бір қиындау кезең еді. Хельсинкидегі алғашқы жиынның өткеніне біраз болған. Дүние батыс және шығыс болып екіге жарылып тұрған. Сол кезде шақырылған Париж хартиясы мемлекеттердің арасындағы жікті жапсырып, араларын біріктіріп берді. Сол тұста Берлин қабырғасының құлап, екі Германияның қайта бірігуіне осы алқалы басқосудың ықпалы болды. “Біз 1975 жылы Хельсинкиде қол қойылған Қорытынды актіде берген уәдемізді 1990 жылғы Париж хартиясынан кейін орындай бастадық, – деді ол. – Осыдан соң әлемдегі ахуал да өзгере бастады”. Дегенмен, соңғы жиырма жылдың ішінде түйіні шешілмей келген қаншама өзекті мәселелер жинақталып қалды. Олардың біразы “қатырылған нысандар” болып, күні бүгінге дейін жетті. Олардың арасындағы Молдовадағы жағдайлар, Армения мен Әзірбайжанның ара қатынасы енді еруге тиіс. Міне, Астанада өтетін Саммит осы тұйықтардан шығаруға батыл қадам жасайтын болғаны дұрыс. Француз елінің өкілі осылардың жайын айта келіп, Қазақ елі астанасында өткелі тұрған халықаралық жиыннан өзінің көп үміт күтетінін жасырмады. “Астана Саммиті көп түйінді мәселені шешетіндігімен есте қалуы тиіс”, деді ол сөзінің соңында.
Бұдан кейін алғашқы сөзді Францияның бұрынғы президенті Валери Жискар д Эстен алды. Ол өзінің сөзін Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы нағыз келісім көпірі болуға тиіс екенінен бастады. Хельсинки мен Париж басқосулары арасында болған алуан түрлі саяси оқиғаларға баға беріп шыққан мемлекет және қоғам қайраткері ЕҚЫҰ төрағасы бүгін қатарымызда болып отырғанының өзі оның белсенді басшы екенін білдіреді деген сыңайда ой тұжырымын тарқатты. Нұрсұлтан Назарбаев сынды қайратты төрағаның тізгінді ұстауы Ұйым жұмысына жаңа серпін берді. Еуропа ұйымы сенімді қолда. Оның “Ванкуверден Владивостокқа дейін” деген идеясы ұнайды. Тап осы ойды сөздің кезегі өзіне тигенде, Германияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ханс-Дитрих Геншер де түйдектетіп өтті. Ол, сонымен бірге, Париж хартиясының арқасында Қазақстан тәрізді тәуелсіз мемлекет те пайда болды дегенді жеткізді. Енді Қазақ елі астанасында отау тігетін келесі саммитке күллі әлем құлақ түріп, елеңдеп отыр. Осының алдында сөйлеген Францияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ролан Дюманың сөзінде де Астана Саммиті туралы жақсы тілектердің тиегі ағытылды.
Конференцияны Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі тиянақтады. Париж хартиясының қабылдануы жарты ғасырға жуық уақыт бойы батыс пен шығыс блоктарының текетірескен дәуірі – “қырғи-қабақ соғыс” кезеңінің аяқталғанын паш етті. Хартия Еуропаның қауіпсіздік саясатындағы жаңа кезеңді ашып берді. Ол халықаралық қатынастарда нағыз әріптестік, ынтымақтастық және өзара көмек рухын қалыптастыруды сапалық өзгерістерге жеткізді. Бұл құжатта Еуропаның XXІ ғасырдағы болашағының тұжырымдамасы айқындалды. Сенім, демократия, құқық және адам бостандығы, тұрақтылық пен қауіпсіздік – міне, хартияға қол қойған барлық мемлекеттер мойындаған басты құндылықтар осылар. Сол кезеңде қабылданған басқа да құжаттармен қатар Париж хартиясы тап бүгінгі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрылуына ықпал жасады. Ол Ұйымның шешуші құрылымдары мен институттарының құрылуының және іс-әрекеттері құқықтық базасының бір бөлігі болды. Осы ойларды жатық тілмен жеткізіп берген Нұрсұлтан Назарбаев бұдан әрі Еуропаға арналған хартияның құрлық пен әлемдегі өзгерістердің бастаушысы болғанына тоқталды. Оған қол қойылғанына бар-жоғы бір жыл өткенде Кеңес Одағы тарады да, бұрынғы одақтас республикалар, олардың арасында Қазақстан да бар, дербес мемлекетке айналды.
– Біз қазір өзіміздің төрағалығымыздың басым бағыттарын толық анықтап, ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша жұмыс жасап жатырмыз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Қазақстан төрағалығының тұжырымдамасы біздің ЕҚЫҰ-ның тиімділігін арттырумен Ұйымды жаңа жағдайға бейімдеуге айтарлықтай үлес қосуға деген берік ниетімізді танытады. Әскери-саяси бағытта біз “Корфу үдерісін” алға шығардық. Қазақстан ЕҚЫҰ мен АӨСШК әлеуеттерін біріктіру негізінде біртұтас Еуразиялық қауіпсіздік тұғырнамасын құруды ұсынып отыр.
Өзінің сөзінде Мемлекет басшысы Қырғызстандағы жағдайдың аймақтағы тұрақтылыққа кері әсер етіп отырғанын айтып өтті. ЕҚЫҰ халықаралық ұйымдардың ішінде бірінші болып, бұл дағдарысты дұрыс шешуге араласты. Оның күш салуымен Ресей және АҚШ президенттері бұл елде азамат соғысына алып баратын шиеленістің өрбуіне жол бермеді. Ал алдағы саммит Ұйымның қауіпсіздіктің халықаралық жетекші рөліне талдау жасаудың жақсы себебіне айналады. Елбасы сөзінің түйінін осындай оймен түйді.
Конференция біткеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Онда ол екі елге – Бельгия мен Францияға жасалған сапарлардың Қазақстан үшін өте маңызды да қажетті болғанын айтты. Брюссельде Еуропа Одағымен әріптестікті жалғастыруға және Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруіне бұл ұйымның қолдау көрсетуіне уағдаластыққа қол жеткізілді. Парижде Франциямен арадағы қатынас жоғары жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға болады.
Серік ПІРНАЗАР, “Егемен Қазақстан” – Парижден.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.