Герберт ЗАЛЬБЕР, ЕҚЫҰ-ның кикілжіңдерді болдырмау орталығынан:
– Қазақстан ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын, ең алдымен, өзінің мемлекет ретіндегі мүмкіндігін паш ету үшін қолданды. ЕҚЫҰ-дағылар оны біледі және түсінеді. Қазақтарда осы әлемде өздерінің рөлін ойнағысы келетін шамшылдық бар.
Экмеледдин ИХСАНОҒЛЫ, ИКҰ Бас хатшысы:
– Біз Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын жіті бақылап отырдық және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтағы, сондай-ақ ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті сақтау жолындағы әрекеттерін жоғары бағалаймыз. Келесі жылы Қазақстан ИКҰ-ны басқаратын болады. Біз сіздің елге үлкен үміт артамыз.
Пан Ги МУН, БҰҰ Бас хатшысы:
– Қазақстан өзара іс-қимылдың жаңа дәуіріне жол салуға көмек беріп отыр. Бұл – тарихи саммит. Ол бізге көптеген мәселелер бойынша прогреске жетуге мүмкіндік береді. Соның ішінде ядролық қаруды таратпау мәселесі де бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың дарынды көшбасшылығының арқасында Семей полигоны жарылыстар эпицентрінен үміт орталығына айналды. Бұл басқа елдер де үйренуге тиісті үлгі.
Президент мырза, мені осынау тарихи оқиғаға шақырғаныңыз үшін алғысымды білдіремін. Мен Қазақстан секілді ұлы елдің топырағын қайтадан басып тұрғаныма қуаныштымын және барша қазақстандықтарды, соның ішінде Сіздің өзіңізді ЕҚЫҰ төрағалығында жеткен табысыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз бұрын айтқаныңыздай, ЕҚЫҰ енді өзінің іскерлік алаңын кеңітеді, осының өзі өте маңызды.
Мен ЕҚЫҰ-дағы Қазақстанның төрағалығын, соның ішінде оның Қырғызстан проблемасын шешудегі істерін жоғары бағалаймын. Он бір жыл бойы болмаған саммиттің өткізілуі Қазақстанның көшбасшылығына ғана емес, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өз басына берілген үлкен баға, оның жаһандық маңызы бар бастамалары мен идеяларының мойындалғандығының белгісі деп ойлаймын.
Қазақстан ТМД елдері мен Орталық Азия мемлекеттері арасынан бірінші болып суырылып шығып, өзара әрекеттестіктің жаңа дәуіріне жол ашты.
Марк Перрен де БРИШАМБО, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы:
– Осыдан 35 жыл бұрын сіздердің бұрынғы ізашарларыңыз Хельсинкиде Еуропадағы «қырғи-қабақ» соғысқа нүкте қою үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесін құрды. 20 жыл бұрын Парижде бейбітшілік пен демократияның жаңа кезеңі басталғаны жарияланды. Бүгін Астанада да Ұйымның жаңа кезеңі басталғандығы мәлім болып отыр.
«Мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы бастамаларын шын жүректен қолдаймын. Ұйымға жаңа дем бергені үшін Қазақстан төрағалығына ризашылығымды білдіремін. Үлкен рахмет» (осы сөздер қазақша айтылған).
ЕҚЫҰ Саммитін өткізудің өзі өте маңызды шаруа. Біз оның жұмысынан маңызды құжаттар қабылданған жақсы нәтижелер күтеміз. Саммиттің Астанада өтуінің де зор маңызы бар. Өйткені, бұл жерден әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік Вена, Париж немесе Вашингтондағыдан бөлекше көрінеді. Тіпті мәдени, экономикалық және саяси жағынан да ол ерекше әсер береді. Сондықтан да Астана Саммитінде жақсы нәтижелерге қол жеткізілер деген үмітім бар.
Янез ЛЕНАРЧИЧ, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры:
– Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары біздің мәселелер бойынша үлкен прогреске жете алды. Сонымен бірге, оған әлі де алатын асулар бар. Осы тұрғыда біз, ЕҚЫҰ-ның адами өлшемдер жөніндегі орталық институты Қазақстан билігіне өз көмегімізді көрсете аламыз. Өйткені, республика басшысы өзінің демократиялық құндылықтарға бейім екендігін ылғи дәлелдеп келеді.
Жоао СОАРЕШ, ЕҚЫҰ ПА-ның Құрметті төрағасы:
– Бір жыл бұрын мен мұнда Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен және Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездескен едім. Біз сол кездерде-ақ Қазақстан астанасында Ұйымның Саммитін өткізу сияқты маңызды идеяны талқылаған болатынбыз. Енді, міне, сол идея Қазақстан басшысының стратегиялық ерік-жігері мен шешімталдығының арқасында іске асып отыр. Әрине, бұл Қазақстанның тамаша табысы, ал Ұйымның өзі үшін үлкен жетістік.
Дмитрий МЕДВЕДЕВ, Ресей Федерациясының Президенті:
– Бүгінгі саммит – ЕҚЫҰ кеңістігінің шығыс аймағында бірінші рет өтіп отырған форум, оның үстіне ол өзімізге достас Қазақстанда болып отырғандықтан, мұнда келу маған қай жағынан алып қарағанда да қуанышты оқиға болып табылады. Қазақстан төрағалығының қуатты іс-әрекеттері, саяси күш-жігері жалпыеуропалық үдерістерге жаңаша серпін берді. Мен өз тарапымнан Қазақстанға саммитті тамаша ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын.
Осыдан 35 жыл бұрын бізден бұрынғылар идеологиялық келіспеушіліктен жоғары көтеріле біліп, революциялық серпінге қол жеткізді. Ал бүгінгі күні біздің арамызда ондай келіспеушіліктер мен қарсыластық жоқ, сондықтан біз үлкен табыстарға жете аламыз.
Абдулла ГҮЛ, Түркия Президенті:
– Мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының міндетін атқару барысындағы Президент Назарбаевтың рөлін айрықша атап өткім келеді. Бүгінгі саммит Орталық Азияның Ұйымның болашағын анықтауда белсенді рөл атқаруға дайын екендігінің бір көрінісі. Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа жарқын көшбасшылығы үшін алғыс айтамын.
Петрос ЭФТИМИУ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы:
– Қазақстан саммит өткізу жөнінде өзіне үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Болатын саммит еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дұрыс ықпал етеді деп ойлаймын. Біз жоғары деңгейдегі кездесуде үлкен табысқа жетерміз деп сенемін (Бұл саммиттің алдындағы пікірі).
Саммиттен соң ол былай деді:
– Саммит көздеген мақсатына жетті деп әркім де айта алады деп ойлаймын. Саясаткерлердің әріптестік пен ынтымақтастық мәселелерін талқылауының өзі үлкен табыс. Әркімнің негізгі проблемаларға байланысты өзіндік пікірі болады, бірақ саммит барысында әріптестер ортақ пікірге келе алды. Осының өзі ортақ табысқа жетуге мүмкіншілік беретін жағдай. Осы тұрғыдан қарағанда саммит жемісті болды деп есептеймін.
Саммитті ұтымды ұйымдастыра білген қазақ төрағалығына ризашылығымды білдіремін. ЕҚЫҰ-дағы төрағалықтардың ішінде қазақстандық төрағалық көбірек нәтижеге қол жеткізе алды. Осы саммитке Ұйымның болашағы тәуелді болып тұрған еді. Бізге бұл ұйым керек, бірақ оның тағдыры қыл үстіне жетіп қалғаны айқын еді. Бірақ ЕҚЫҰ болмаса оны жаңадан құру мәселесі бәрібір туындайтын еді.
Кнут ВОЛЛЕБЕК, ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылықтар мәселелері жөніндегі Жоғарғы комиссары:
– 56 елдің Мемлекет және Үкімет басшыларының кездесуі – дүние жүзіне ЕҚЫҰ-ның өзара ынтымақтасу мен біртұтас қауіпсіздікті сақтауға негізделген қағидаттарының ХХІ ғасырдың проблемаларын шешуде мүмкіндігі аса зор екенін бүкіл әлемге көрсетіп берген оқиға болды. Саммиттің Астана сияқты Орталық Азиядағы мемлекеттің астанасында өтіп отырғандығының өзі де атап өтуге тұрарлық оқиға. Бұл – біздің дәуіріміздің айрықша белгісінің бірі. Бізге осы жерден жаһандық қауіпсіздікті сақтауда маңызды болып табылатын аймақтағы жағдайды жіті қарап шығуға мүмкіндік туып отыр.
Херман ван РОМПЕЙ, Еуропалық Одақтың Президенті:
– Мен Президент Назарбаевты ЕҚЫҰ-дағы көшбасшылығы үшін құттықтағым келеді. ЕҚЫҰ-ның Орталық Азияда өтіп отырған бірінші саммиті – айта қаларлық оқиға. Біз үшін Қазақстан дәстүрді жалғастыру мен өзгерістердің символы болып отыр. ЕҚЫҰ біздің қауіпсіздігіміздің бір берік діңгегі болып қала береді. Бұл саммит ЕҚЫҰ үшін жаңа перспективаларды анықтауға мүмкіндіктер береді. Бүгінгі күнді соның басталған күні деп атауға болады. Еуропалық Одақ біздің болашағымыз – қауіпсіздіктің еуроатлантикалық және еуразиялық жүйесімен тығыз байланысты екенін әбден анықтап алған. Тарих бұл шындықтың дұрыстығын көрсетіп отыр. Мен Қазақстанға және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өз басына ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы және саммитті жақсы ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді.
Валдис ЗАЛТЕРС, Латвия Президенті:
– Біз тұрақтылыққа, сенімділікке және көршілерімізбен өзара түсіністікке қол жеткіздік. Біз өзіміздің өмірімізді бұдан да жақсартуды ойлай алатын табыстарға жеттік. Қазір бізді алаңдататын қауіптер жоқ. Осынау үлгі – қазақ үлгісі сияқты ЕҚЫҰ-ның бұған зәру елдерінің бәріне тарататын тәжірибе. ХХІ ғасырдағы әлемдік қауіпсіздікті сақтау жауапкершілігі бізге өзіміздің маңымыздағы ғана емес, басқа аймақтардағы да қауіпсіздікті сақтау міндетін артады. Өйткені, жаһандық ортақ проблемалар бұл күндері артып отыр. Міне, осының бәрін ескергенде сіздер үлкен жұмыстар атқардыңыздар, енді сол үлгіні Литва жалғастыруы керек.
Әзірлеген Жақсыбай САМРАТ.