29 Желтоқсан, 2010

Елбасымен біргеміз!

586 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды

Отандастарымыз белсенділік танытуда

Кеше Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бас ғимаратында аталмыш жоғары оқу орнының ректоры, Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Ә.На­­зарбаевтың президенттік өкі­летті­гін 2020 жылға дейін ұзар­ту тура­лы жалпыхалықтық референдумын өткізу жөніндегі бастамашы топтың төрағасы Ерлан Сыдықов БАҚ өкіл­дері­мен брифинг өткізді. Содан бірер сағат бұрын ғана Астанадан келген ол Орталық сайлау комиссиясына референдум өткізу жөнінде ресми түрде тіркеліп, ар­найы куәлік алғанын айта келіп, екі күнге жетер-жетпес уа­қыт ішінде еліміз бойынша 150 мыңға жуық қол жиналғанын мә­лім­деді. Ал Ата Заңымызға орай жалпы­халықтық референдум өткі­зу үшін ел аумағы бойынша кемі 200 мың қол жиналуы тиіс екен. Ер­лан Бәтташұлы солай дей келіп, жекелеген облыстар бойынша нақ­ты ақпаратпен таныстырды. Қай­сыбір облыстар осы аз мерзім ішін­де 15 мыңдық межеге жетіп үлгерсе, қалған көпшілігі он мың­ның ар жақ, бер жағында екен. Бұл біздің алдын-ала болжа­мы­мыздан әлдеқайда асып түсті дейді бастамашы топ жетекшісі. Мұның өзі Қазақстан халқының Елбасына деген сенімі мен құрметін көрсетсе керек. Оны бүкіл қазақстан­дық­тар­дың Тұңғыш Президентіміздің әу бастан жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатына деген зор қол­дауы деп те түсінгеніміз жөн болар. Сондықтан жалпыхалықтық ре­ферендум өткізу мақсатымен қол жинау шарасы алдағы қаңтар айы­ның алғашқы онкүндігінің со­ңына дейін аяқталып қалар деп отырмыз. Бұдан кейін бастамашы топ жетекшісі әріптестеріміздің қой­­ған түрлі сұрақтарына жауап берді. Айталық, ол бұл идея қа­шан және не­ліктен еліміздің шы­ғыс өңірінде басталды деген сауалға былай деді. Яғни, осыдан жеті-сегіз ай бұрын осы өңірдің бұрыннан бір-бірін жақ­сы білетін идеялас жеті азама­ты өзара ақылдасып, кеңесе келіп, тың ұйғарымға тоқталыпты. Сон­соң халықтың көзқарасын білу мақ­­сатымен еліміздің бірқатар ай­мақтарында болыпты. Сонда қа­лың бұқараның Елбасының ұстан­ған бағытын қызу қолдайтын­дық­тарына көздері әбден жетіпті. Ал одан кейінгі жерде Ата Заңымызға жү­гіндік дейді ол. Ата Заң бой­ын­ша еліміздің кез келген азаматы бас­тамашы топ құруға, маңызды мәселелер бой­ынша референдум өткізу мақса­ты­мен үндеу көтеруге құқылы. Ал бастамашы топ неліктен еліміздің шығысында құрылып отыр дегенге келсек, оған жауап әзір. Біздің облыстың қазіргі таң­дағы күш-қуаты, ондағы халық­тар­дың береке-бірлігі баршаға аян. Ха­лықтар достығы үйі де ең алды­мен Өскеменде ашылған болатын. Ал Елбасының алғашқы жарлық­та­ры­ның бірімен атом аждаһасы атан­ған Семей атом полигонының аузы­на құм құйғанына тек семейліктер ғана емес, бейбітшілік сүйгіш әлем­дік қауымдастық бек риза. Оны аз десеңіз, күн де шығыстан шығады. Мұның сыртында мұндай идея хакім Абайдың елінен шығып жатса, артық па! Бірақ, солай дей отырып, осы идея қазақ жерінің қай тұсынан көтерілсе де жарасып тұр дер едім. Осы тұста әңгімеге бастамашы топтың Семейдегі тағы бір мүшесі, осындағы орыс әлеуметтік-мәдени орталығының жетекшісі, академик Михайл Панин де араласып, қы­зық­ты бір дерек айтты. Яғни, атал­ған орталыққа кезінде көшіп кеткен орыс ағайындар хабарласып, референдум өткізуге қол қоюға әзір екендіктерін мәлімдепті. Олар­дың бұл тілектестігіне қайтіп сүйсінбессің! Бірақ заң бойынша оған рұқсат жоқ көрінеді. Бастамашы топ жетекшісі тағы бір сауалға орай, қажетті қол жиналып болған соң Орталық сайлау комиссиясында мұқият тексеріліп, содан кейін барып түпкілікті сөз айту үшін Елбасына жолданатынын айтты. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.

Жастар — елбасының тірегі

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы жастарының Х форумы болып өтті Форум жұмысына «Нұр Отан» ХДП хат­шысы Қайрат Сатыбалды,  Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалы­қо­ва,   облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, жоғары оқу орындарының студенттері мен колледж, кәсіп­тік мектеп оқушылары қатысты. Облыс әкімі Б.Сапарбаев жастарды фо­румның ашылуымен құттықтады. Бұдан кейін облыс әкімінің «Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға ерекше үлес қосқаны үшін» атты сыйлықтары тап­сы­рыл­ды. Олардың қатарында  Зайсандағы «Бастау» жастар ұйымының жетекшісі Арай Есімбекова, Өскемендегі №43 өнер мектебінің ұс­та­зы Фархад Сәбиев, облыстық «Дидар» газе­ті­нің журналисі Азамат Қасым, тағы басқалар бар. «Нұр Отан»  ХДП хатшысы Қайрат Саты­балдының жастарды бірлік пен ынтымаққа, Елбасы саясатын қолдауға шақырған сөзі де әсерлі болды. Алда тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы. Оған кез келген жас өздерінің үле­сін қосқандары жөн. Қазір бізді бүкіл әлем жұртшылығы біледі, ЕҚЫҰ-ға төраға болдық, Астана Саммиті абыройымызды асқақтатты. Күні кеше Тарбағатай ауданында болған су тасқыны кезінде бүкіл ел болып жұмылып, ағайындарға көмегін жасады. Олардың арасында жас­тардың үлесі де аз емес, деді Қ.Сатыбалды. Соңынан Шығыс Қазақстан облысы жас­тары бүкіл ел жастарына үндеу жариялады. Оңдасын ЕЛУБАЙ.

Қазақстан Республикасының жастарына үндеу

Құрметті жастар! «Төбесіз жер, төресіз ел болмайды». Бағ­зыдан бүгінге жеткен бұл өсиет тектен-текке айтылмаса керек. Кешегі тар жол, тайғақты кезеңде, егемендіктің елең-алаң шақтарында еліміздің еңсесін көтеріп, кеткен есемізді қайтарып, шекарамызды шегендеп, хал­қы­мызды төрткүл дүниеге танытқан, нұрлы болашаққа жетелеген, сан ғасырлар бойғы бабалар арманын баянды еткен, айналдырған 12 жылда Астанасын салып, айдай әлемге әйгі­леген, халқымызға пана, жастарға аға болған Елбасына қай кезде де айтар алғысымыз шексіз! Біз, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай  күшті қанатты» жастар – Қазақстанның жарқын болашағы болғандық­тан, еліміздің одан әрі өркендеп, өсіп, қарыштап дамуы жолындағы аса зор жауапкершілікті, өзімізге артылар жүктің салмақты екенін  анық сезінеміз. Сондықтан, мемлекет тізгінін ұстар  Ұлт көш­басшысын таңдауға біздің толықтай хақымыз бар. Біздің Отан деп соққан жас жүрегіміздің қалауы, жастық жігер мен көңіліміздің тілеуі тек қана – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Адамзат өркениетінің алтын бесігі, түбі бір түркі жұртының кіндігі өр Алтайдың биігінен, ұлы Абайдың, дана Шәкәрімнің, мұхит ойлы Мұхтардың елінен бастау алған бұл бастаманың барша Қазақстан халқының жү­регіне жол табатынына кәміл сенеміз! Бүкіл Қазақстанның жалынды жастарын, Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға қатысты бүкілхалықтық республикалық референдум өткізу жөніндегі біздің аға буын шы­ғысқазақстандықтардың көтерген бастамасын қолдауға шақырамыз. Ұлтымызды жарқын болашаққа, нұрлы келешекке жетелейтін игі бастаманы бүкіл ел жанашырлары қолдайды деген сенімдеміз! Жастар – Елбасының тірегі, Елбасы – елдің тілегі! Өскемен.

Ұлы мақсаттарды ұлы тұлғалар соңына жеткізеді

Әбілқасым ДОСБОЛОВ, ОҚО мәслихат хатшысы. Кейбіреулер ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аттың үстінен түспей ел, жер тұтастығын қор­ғап, армандап өткен тәуелсіздікті бүгіндері бағаламай, есіктен өзі кіріп келгендей сөйлейді. Бұл жақ­сылық емес. Тәуелсіз ел болу бар да, тәуелсіздікті баянды ету бар. Ешкімге бодан болма­ға­ны­мен терісі сүйегіне жабысып, үрерге ит, сығарға биті жоқ, аш-жалаңаш отырған мемлекеттер көп. Біз осындай ауыр кезеңге соқпай өттік. Тәуелсіздік алдық дегеніміз болмаса көптеген елге кіріптар едік. Сол кезеңдерде Елбасымыз “мұның бәрі уақытша қиындық. Өтеді де кетеді. Қазақстан әлемдегі қуатты мемлекеттердің бірі болады Маған сеніңіздер” дегенде қиял-ғажайып ертегісін тыңдағандай халде болғандар бар. Тәубешіл халқымыз алдағы күндерге сенгенімен бүгінгідей бақуатты өмірді көз алдына елестете алмайтын еді. ТМД елдерінің ішінде тез ес жиған, экономикалық қуаты еселенген, тамырын тереңге тартқан алып бәйтеректей мығымдала түс­кен мемлекеттердің бірі Қа­зақ­стан болды. Бодандық қамы­тын сыпырғанда қазынасында көк тиыны болмаған Қазақ­стан­ның қазір Ұлттық қорында 60 млрд-қа жуық доллары бар. Бұл көршілес елдердің түсіне кірмейтін байлық. Өңірлер өсіп, өркен­деп келеді. Оны өз облысы­мыздан да көріп отырмыз. Оң­түстік Қазақстан облысында оқу­шылар саны көп болғандықтан мектеп жетіспейтін. Мектептер­дің көбі саманнан салынған, ит арқаға көберек ұқсайтын еді. Ке­ңес Одағы дәуірлеп тұрған кездің өзінде шеше алмаған күрмеулі мәселенің түйіні қазір ағытылып келеді. Осыдан екі жыл бұрын жаңа оқу жылына 21 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Барлық ке­рек-жара­ғы сай. Компьютерлермен жаб­дық­талған. Жұмыс жасай­мын деп талпынған адамға бай­лыққа кенелетіндей жағдай жасал­ған. Ауыл шаруашылығы өсірген мал, еккен көкөніс, жеміс ағаш­та­ры, тыңайт­қыштары үшін мемлекеттен субвенция алып жатыр. Осыдан он-он бес жыл бұрын Қазақстанның атын естімеген мем­лекет көп болса, қазір мемлекетімізді бүкіл әлем таниды. Ел­басының сындарлы саясаты­ның арқасында Еуропа төрін ұсынды. Астанада өткен Саммит әлемдегі талай күрмеулі мәселелердің түйіні тарқатылатындай жұмыс жасады. Өркениетті елдердің пре­зиденттері үлкен баға берді. Қазақстандай қуатты мемлекет­тің болашағына сүйсінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың тең құқылығын, эко­номикалық тұрақтылықты қам­тамасыз етті. Қазақстандағы этносаралық келісім моделі де елімізді бүкіл әлемге үлгі етті. Сауал салудың рейтингі көрсет­кендей, Назарбаевтың шоқтығы биік. «Бұл республиканы шығын­нан әрі екіжылдық сайлауалды науқаннан арылтатын, ол қаржы­ны ел экономикасын дамытуға жіберетін қолайлы әдіс болып табылады. Оның үстіне, сайлау барысында халықтың 80-90 пайызы Назарбаевты қолдайты­ны айдан анық», деп белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов айтпақшы, қалың ел – Қазақстан жұртшылығының көздегені де осы емес пе?! Негізінде демократиялық би­лік­тің мәртебесі емес, оның тиімділігі маңызды. Қазақстан осы бағытпен келеді. Әлеуметтік жағ­дайларға байланысты елден жы­рақ кеткен қандас-бауырларымыз бүгінде ғаламның түкпір-түк­пірінен Елбасының шарапатты саясаты арқасында атамекеніне көптеп орала бастады. Елбасы басшылығымен қар­жы дағдарысының өзінде мемлекет халықтың денсаулығын, әлеумет­тік жағдайын нығайту үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Жастығына қарамай 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, әлем таныған тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі қоғамдық-саяси дамыған мемлекет екенін мойындатты. Кәрі құрлықтың төрінде оты­рып, төрелік айту Тәңірдің қазақ халқына жасаған сыйы. Осы­лайша, Тәуелсіз ел болып іргемізді бекітіп, шаңырағымызды көтер­ген жылдар ішінде алынған асулар мен жеткен биіктер аз емес. Қазақстан келер жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық жасайтын болады. Тәуелсіздік алған жылдар ішін­де жас мемлекетіміз қалып­тасып, тұрақты даму жолына түсті. Еліміз көпұлтты әрі көп­дін­ді мемлекет болғандықтан, Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев сая­­си тұрақтылықтың басты кепілі – ұлтаралық және дінаралық ын­­тымақты үнемі назарда ұстауда. Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің бүгінгі таңда әлемдегі дағдарысқа мойынсұнбай, эконо­микасын шайқалтпай, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша шаралар қабылдап, кө­ре­генді саясат ұстанып отырға­ны, тәуелсіз Мемлекет басшы­сының кемеңгерлігін көрсетсе керек. Өскеменнен елге келгеннен кейін маған жүздеген адам қо­ңырау шалды. Олардың арасында қарапайым диқандар, облыстық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, ардагер қариялар бар. Барлығы Прези­дентіміздің өкілеттігін ұзартуды бірауыздан қолдайды. Бұл жағ­дай мені сүйсінтті. “Жетістіктерімізге сын көзбен қарап, сабыр сақтайтын есті ел болайық. Біз бәрін тыңдырдық деп мақтану орынсыз. “Қой үс­тіне бозторғай жұмыртқалайтын” заман әлі алда. Оған жеткізетін амал – бірлік пен еңбек” дейді Елбасымыз. Оңтүстік халқы әрқашан Ел­басының бастамаларын қуаттап, қолдап келді. Туған елімізді өр­кендетуде қашанда қасында болады. Оңтүстік Қазақстан облысы.

Сарыағаштықтар «иә» дейді

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауда­ны­ның ардагерлері және қоғамдық ұйым­дар, зиялы қауым өкілдері Өскеменде өткен Респуб­ли­калық бастамашы топ жиынында айтылған Пре­зи­дентіміздің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзар­ту жөнінде референдум өт­кізу туралы ұсы­ныс­ты бірауыздан қолдайды. Сарыағаш елі Нұр­сұлтан Әбішұлы Назар­баев­қа өткен сайлауда да 95 пайыз дауыс беріп, ұйымшылдық көр­сеткен. Біздер Елбасы­мыздың бүкілдүние­жү­зілік беделіне, жасам­паздық көрегендігіне ризамыз. Егемен еліміз аман болсын, Президентпен біргеміз. Сарыағаш ауданы ардагерлерінің атынан: Садыр ОМАРОВ.

Тілек бір

Ел өміріндегі аса маңызды оқи­ға­ларға қашаннан сергек қара­ған­ды­лықтар шығысқазақстандықтар Үн­деуін алғашқылардың бірі болып қолдады. Өз өңірлерінде еңбек жо­лын бастап, үлкен белеске көтеріл­ген Тұңғыш Президент Н.Ә. Назар­баевқа деген бүкілхалықтық сүйіс­пен­шілік пен берік сенімнің тағы бір жарқын көрінісі қуаныш септі. Көр­шілес отандастарының мемлекеттің одан әрі дамуын көрегендігі мен та­бандылығы әлемге аян Ұлт Көшбас­шы­сына жүктеуді жалғастыру жө­ніндегі ұсынысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мүшелері қатысқан облыстық активте жылы қабылданды. Онда сөз кезегі алдымен тиген Білім және ғылым министрлігі қыз­меткерлері кәсіподағының төрайы­мы, Қазақстан Республикасына ең­бек сіңірген қызметкер Майра Амантаева халықтың бақытына жаралған Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық ре­ферен­дум өткізу дер кезінде көтеріл­ген мәселе екенін атады. «Соңғы жылдарда біздің саладағы елеулі өзгерістер ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қам­қорлығы арқасында қанат жайып отыр» деген ол бұған нақты мысал­дар келтірді. Осы орайда ой жал­ғастырған мұғалімдер Ирина Литвиненко, Меруерт Хасенова ұстаздар­дың еңбекақысы жыл сайын өсірі­ліп, өскелең ұрпаққа сапалы білім беру мен саналы тәрбие сіңіруге жақсы жағдай жасалуына ризалық білдірді. «Біз еліміз кемелді келешегіне бірден-бір кепіл кім болса, ол Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев деп білеміз. Сондықтан сүйікті Президентімізге сенімді биіктетуге қосыламыз» деді олар. Бұл облыс мұғалімдері қауы­мының пікірі ғана емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық кеңе­сінің мүшелері де Елбасының халық алдындағы міндетін зор абыроймен атқара беруіне қолдау жасалуын қалайды. Облыстық мәслихаттың хат­шысы Бейсембай Жұмабековтің қатысумен өткен жиында аталған ұйым ғылыми-сараптамалық тобы­ның жетекшісі, профессор Валерий Молотов-Лучанский, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасы­ның орынбасары Есенкелді Есенға­раев Қазақстанның әлем алдындағы беделінің биіктеуі, болашағы үлкен ел ретінде танылуы Президент Н.Ә. Назарбаевтың ерен еңбегінің арқа­сында екенін атады. «Барша ұлтты ортақ мүддеге, бір тілекке ұйыс­ты­рып, бәрімізді алға бастаған Елба­сымыздың түбегейлі мақсатын орын­дауына мүмкіндік ұзартылуы біз­дің де ойымыз еді. Соған шығыс­қазақстандықтар бастамашылық та­нытқанына ризамыз. Біз Ұлт Көш­басшысының алдағы он жылда Қа­зақ­станымызды жаңа асуларға ас­қақ­тататындығына сенеміз. Бұл іс сол кісінің ғана қолынан келеді» деді ниеттестері ойын білдірген грек мәдени-орталығының жетекшісі Константин Текиниди. Мұндай пікір бүгінде қара­ғандылықтардың көбінің жүрегінде. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.

Сенімге селкеу түсірмеген елбасы

Есенгелді БАЖЫРАЕВ, Қобда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Өскеменде еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы желтоқсанға дейін ұзар­ту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың жиналысына қатысушылардың Қазақстан Рес­­публикасының азаматтарына Үндеуі барша қазақстандық­тардың ойларын дөп басқан іс болды десем артық айтқандық болмас. «Өткелде ат ауыстыр­майды» деп бекер айтылмаса керек. Біздің елдің дәл қазір өзін­дік даму қарқынымен биік белеске көтерілгенін көзіміз көріп, көңіліміз сезіп отыр. Жиырма жылға жетер-жетпес азғантай уақыттың ішінде тәуелсіздігі­міз­дің тұғырын берік етіп, ше­карамызды бекітіп алсақ, эконо­микалық дамудың сара жолына түсіп, тұрмысымыз түзеліп жатса, сыртқы саясатта да Қазақ­стан биік беделге ие болып жатса мұның бәрі Елбасымыз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың арқасы екені сөзсіз.Бұл ешқандай талас тудырмайтын шындық. Жетпіс жылдан астам алып империяның қоластында болған елдің күні кешегі өліара шақтағы қиындықтарды тез арада еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсуіне Елбасымыз көп еңбек сіңірді. Нұрсұлтан Әбіш­ұлының көрегендігінің арқа­сын­да әлемдік қаржы дағдарысынан да аса қиналмай шығып келеміз. Елімізде индустриялық-иннова­циялық жобалар жүзеге асыры­лып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.ТМД елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етіп, оның жұмысына жаңа серпін берді. Ең бастысы, он бір жыл бойы өтпеген ЕҚЫҰ Саммитін Сарыарқаның төрінде Астана қаласында абыроймен өткізуінің өзі Елбасын дүние жүзіндегі мемлекет басшылары­ның сыйлайтынын тағы бір дәлелдеп берді. Қазақстан бірлік пен татулықтың үлгісі болып отыр. Қазақстан халқы Ассам­блеясын құру, конфессияаралық келісімді нығайту үшін әлем діндері өкілдерінің съезін Астанада өткізу сияқты бастамалары да Елбасының тереңнен ой­лайты­ны­на нақты мысал болып табылады. Үндеуде «Біздің еліміздің мақсаты – әлемнің барынша дамыған мемлекеттерінің қата­рына ену. Сондықтан біз бүкіл әлемге өз болашағымызға деген ортақ жауапкершілігімізді және береке-бірлік пен өркендеуге деген өз ұмтылысымызды таныта отырып, Көшбасшымыздың ай­на­ласына бірігуіміз қажет», – деп айрықша атап өтілген. Бұл өте дұрыс айтылған сөз. «Мың қосшыдан бір басшы» дегенді қазекем тегін айтпаса керек. «Бас басына би болудың» зарда­бын көршілес Қырғызстандағы жағдайдан көріп отырмыз ғой. Ел болу үшін жұмылған жұды­рықтай бірлік қажет. Ал қазіргі таңда Елбасы осындай бірлік пен берекенің кепілі болатын дара тұлға. Нұрсұлтан Назар­баевтың президенттік өкілет­тігін 2020 жылдың 6 желтоқ­санына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өт­кі­зу жөніндегі ұсынысты қол­даймын және жерлестерімді де осыған шақырамын. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздегі бастаған ауқымды істерін аяғына дейін жеткізуіне мүмкін­дік береді. Ал оған Елбасының қабілет-қарымы да жетеді, беделі де ықпал етеді. Осылай еткенде ғана мемлекетіміздің мерейі үстем болып, дамыған елдердің қатарына тезірек енудің мүм­кіндігі молаяды. Елбасы қолға алған бастамалардың баянды­лығын күнделікті өмірімізде сезініп жүрміз. Жыл сайын зей­нетақы көбейіп, бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің айлы­ғы өсіріліп келеді. Халықтың әл-ауқаты арта түсуде. Әлеу­меттік-мәдени нысандар көптеп іске қосылуда. Міне, соның бәрін халық Елбасының атымен байла­ныстырады. Шындығы да солай. Елім деп еңбек еткен, жұр­тым деп жарғақ құлағы жас­тыққа тимей жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай сенімге әбден лайық тұлға. Олай болса, рефе­рен­думға бір кісідей ұйымшыл­дықпен қатысып, Ұлт Көшбас­шысының айналасына бірігейік. Бұл құр бос даурықпа сөз емес, елдіктің, азаматтықтың белгісі дер едім. Еліміздегі өң өзгерістер ауданда да көрініс табуда. Биыл қаншалықты қуаңшылықты болса да халық жем-шөбін жеткілікті жинап алды. Отын-суын да жинап алды. Ауданда мал өсіру­ге бағыт ұсталуда, оның тұқы­мын асылдандыру жұмыстары жүйеге түсуде. Аудан басшы­лары халықтың мұң-мұқтажына жете көңіл бөліп келеді. Ден­саулық сақтау, білім және мәде­ниет салаларында ілгерілеу бар. Осындай егемен елімізді әлем мемлекеттеріне барлық жағынан мойындатып отырған Президентіміз бар, біз бақытты халықпыз. Ылайым, бірлігіміз бен берекемізге селкеу түсе көрмесін Ақтөбе облысы.

Елордадағы этностар қолдауы

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Нұрсұлтан Назарбаев – ұлттың ұйысуы мен елдің бола­шаққа деген сенімінің кепілі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Қа­зақстан басшысының өкілеттілік мерзімін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға Астана қаласындағы Қазақстан халқы Ассам­блеясы Кеңесінің мүшелері, этномә­дени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Басқосуға жетекшілік еткен Астана қаласындағы Қазақстан халқы Ассам­блеясы төрағасының орынбасары, «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Салман Героев өз сөзінде «ел тәуелсіздігін алған 19 жыл ішінде Қазақстан бағындырған белестер мен қол жеткізген жетісіктер Елбасы Н.Назарбаевтың көшбасшылық қарым-қабілетін таныт­қанын» тілге тиек ете келе, бұған Қазақстан жеріндегі көптеген этнос өкілдерінің өзара тату-тәтті тіршілігін де жатқызуға бо­латынын атап өтті. «Қазіргі таңда Қазақстанда өзге этнос өкілдері орталықтарының жан­дануына, олардың тілдерінің дамуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан, біз де елде қолға алынып жатқан осындай бастамаға қолдау білдіруге тиіспіз. Егер Президенттікке Н.Назар­баевтың кандидатурасын ұсынсақ, халық өз дауысын Елбасына береді. Себебі, Мемлекет басшысын алмас­тыратындай кандидатты бүгінде көріп тұрған жоқпыз. Еліміздің сыртқы саясатының дұрыс бағытта келе жатқанын жақында өткен ЕҚЫҰ Саммиті мен онда қабылданған декларация да айқындап берді. Бұл жерде де Елбасы беделінің қандайлық жоғары екеніне көзіміз жетті. Сол себепті де Мемлекет басшысының өкілеттілік мерзімін ұзарту туралы бастаманы барша халық қолдайды деп сенеміз», – деді С. Героев. Бұдан кейінгі кезекте сөз алған «Қазақстан» телеарнасының жүргізу­шісі, бастамашы топтың мүшесі Мә­ди­на Алмолдина «Президенттің өкі­лет­тігін ұзарту жөнінде Шығыс Қа­зақстан облысы көтерген бастаманы қуаттаған бастамашы топқа Астана қаласынан 35 адам қосылғанына, ол құрамға түрлі сала мен мамандық иелері, сондай-ақ түрлі этнос және түрлі буын өкілдері кіретініне тоқталып өтті. «Алаш рухы Сарыарқа» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Аманбек Тө­леп­бергенов сыртқы саясатқа ішкі ын­тымақтың арқасында ғана араласуға болатынын, бұл жағынан елдің ішкі бірлігін басқаға үлгі ету – БҰҰ мінберінен сан мәрте айтылғанын тілге тиек етті. «Тарих үшін қысқа мерзімде ірі жетістіктерге қалай қол жеткізілді де­генге келсек, Қазақстан осындай биік­тен елін ертеңге сеніммен бас­та­ған Елбасының арқасында көріне білді. Бұл – Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі. Президенттің өкі­леттілік мерзімін ұзарту жөніндегі ре­ферен­думның бастамашы тобын құру осындай мақсаттан туындап отыр», – деді өз сөзінде А. Төлепбергенов. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.