Пікірлер .
Қоғам ауысқан сайын құндылықтар да өзгеретіні мәлім. Әр замандағы жаңалықтар мен игіліктер де адамға әртүрлі әсер етеді. Қазіргі уақытта өмір сүру жеңіл дейміз. Жаһанданған әлем. Бейбітшілік заман. Смартфонды қоғам. Қолжетімді ақпарат. Көптеген мүмкіндік. Айға ұшамын десеңіз де – қалауыңыз. Бұрынғыдай хат танымайтын қараңғы қазақ жоқтың қасы. Сөйте тұра бүгінде, салыстырмалы түрде алсақ, газет-журнал, кітап оқитын адам аз. Театрға баратын көрермен көп емес. Заманның қиын кезінде әр үйге газет келетін, жастар кітап оқып жарысатын деседі. Қыз бен жігіт қол ұстасып, театрға асығатын деп жатады. Ал бүгінгідей тәуелсіз әрі бәрі қолжетімді уақытта рухани құлдырау белең алғаны – үлкен парадокс.
27 Қыркүйек, 2024
Өткенде жаңа бір фильмнің тұсаукесеріне бардық. Авторы – жас режиссер. Киноны көрдік, кей сәттеріне тебірендік, «әттеген-айларын» да түртіп отырдық. Дегенмен салыстырмалы түрде айтар ойы бар, актерлердің шеберлігі де жаман емес. Әйтеуір жеңіл-желпі комедиядан ада, эмоциялық толқынысы бар ауыр тақырыпты көрсетуге талпынған. Тәуір-ақ дестік.
21 Тамыз, 2024
Бір сәт күйбең тірліктен арылып, мидағы мың-сан ойдан алыстап, сәл тоқтап, тыныштық тауып айналаңа қарасаң, өмірдің қалай өтіп жатқанын көресің. Зымырап жатқан уақыт. Сол уақытпен жарысып, жете алмасын білсе де құлшына қуып бара жатқан адамдар. Ешкімнің артық уақыты жоқ – бәрі бір жаққа, яки бір мақсатқа жетуге асығады. Әлеуметтік желіні байқасақ та жай жүрген адам көрмейсің: бәрі бірдеңе іздеп жүр – бақыт, байлық, тыныштық, үйлесім, бәлки, өзін. Қазір өзі сондай заман болды ма, ешкім тыныш, қарапайым өмір сүргісі келмейді екен. Ешкім өз өміріне риза емес: бәрі бірдеңе өзгерткісі келеді, бәрі бәрін басынан бастағысы келеді, бәрі басқа адам болғысы келеді.
24 Желтоқсан, 2023
Кейде кешқұрым жаяулатып «Меломан» кітап дүкеніне барамын. Жастар көп жүреді. Иә, орыстілді жастар. Біз де жаңа шыққан кітаптарды көруге, мұқабасы мен сапасын, безендірілуін байқау үшін кіреміз. Жақсы кітап көрсек, іштей қазақша кітаптар да осындай форматта, сапалы шықса деп қызығасың. Енді бір ойың, кітап шығаруға керекті ең басты деталь – қағаз өндірмейтін елде баспа саласы қарқынды дами қояр ма екен дейді. Сөйтіп тұрғанда қазақша кітаптардың сөресіне жақындайсың: сол Абай, сол Бейімбет, сол Әуезов... Сырт көзге бүгінгі әдебиет өткен дәуірдегі классиктермен тоқтап қалғандай көрінеді (оның өзі оқылмайды). Жаңа заман әдебиеті жоқтың қасы. Сондықтан қоғам кітап оқымайды деген – жаңсақ түсінік. Оқиды. Бірақ қазақ әдебиетін емес.
15 Қараша, 2023
Жаз соңына таяғанда бәрімізге ұнайтын «Алпамыс мектепке барады» фильмін кезекті рет көргің келеді де тұрады. Әр көрген сайын бұрынғы әсеріңді суытып, кинодағы жып-жылы сезімдермен қайта қауышуға асығасың. Бала кезден қалыптасқан дәстүр болған соң, санаң да дәл осы күндерде алты жасар Алпамысты іздейді. Неге олай, беймәлім. Бәлкім, тамыздағы тамылжыған көңіл күй солай болар. Бәлкім, түу жырақта қалған алақандай ауылымызды аңсаймыз. Алпамыс сияқты мектепке бармайтын болған соң, жырақта қалған сол бір аяулы шақты сағынамыз ба әлде? Әйтеуір түгесілмейтін сағыныш.
15 Тамыз, 2023
Тарихи фильм: талғам мен талап
Қазақ киносының бүгінгі деңгейіне қандай да бір анықтама беріп, артық-ауыс сөз айтып, яки зерттеу жүргізудің қажеті жоқ. Үйіңіздегі көгілдір экранды қоса қойсаңыз, бәрі ап-анық көрініп тұр. Отандық сериалдарды қарап отырып, еріксіз күлкің келеді (сеніңіз, бұл әжуа күлкі емес, күйініші көп күлкі): арзан сценарий, жасанды ойын, құлаққа түрпідей тиетін қазақша. Ұлт зиялыларының өзгерген образы тіптен бөлек әңгіме. Ал тарихи киноларда алқақотан отырған, домбыра тартқан, қымыз ішкен, атқа қонған байырғы қазақты ғана танимыз.
21 Маусым, 2023
Біз «Егемен Қазақстан» көшесінде тұрамыз. Үйіміз газет редакциясының іргесінде болған соң, келіп-кетер таксидің бәрі жұмыстың алдынан өтеді. Бұл таксишілер қауымы дегеніңіз әңгімешіл болады емес пе (әсіресе «саяси сауаты мықты»). Сегіз қабатты мекеменің сол баяғы «Егемен» екенін біліп, сонау алыс-алыс қыраттарда қалған бала шақта үстел үстінде жататын газетті еміс-еміс есіне түсіреді. Іле-шала «газет әлі шыға ма? Оны біреу оқи ма?» деп таңғалады. Тосын таңғалысына қоса миығындағы еріксіз күлкі де көрініп қалады. Енді бір кезде «сонда не жазасыңдар?» деп төбеден бір-ақ қояды. Сонда өзіңді ауадан көбелек аулап жүргендей біртүрлі сезінесің. Көз алдыңнан музейдегі қаңқасы қалған сүйкімді бір мамонт елестеп өтеді.
17 Сәуір, 2023
Астанаға көшіп келген алматылықтардың бас қалаға сіңісуі қиын. Тіпті көбі ақырында сол Алматысына кері қайтып жатады. Елордалықтар айтатын «алматылық құстар» деген әжуа тіркес (кейде әсерлі естіледі) осыдан пайда болды ма дейсің. Енді бір жағынан, Алатауды аңсауға әсер етуші фактор да көп. Мәселен, соның бірі – кітап. Иә, Астанада кітап дүкені аз. Базар маңында, яки жерасты жолдары қасында кітап сатып тұратын аталар мұнда жоқ. Ескі кітаптар сатылатын жертөледегі дүкендерді де таппайсыз. Алматыдағыдай емес. Білетініміз, сол «Абай», сол «Фолиант», сол «Меломан».
15 Наурыз, 2023
Осы күні жаның жақсы кітап іздейді. Сөредегі сағыныса көрісетін шығармалар түгесілген соң жаңа бір дүниеге аңсарың ауады. Өзіңді толыққанды бақытты сезінуге сол ғана жетпей тұрғандай аласұрасың. Тулап-тулап басылған соң сәл тереңдей һәм сәл мұңая ойланасың. Бұл ойыңыз қазіргі қазақ прозасындағы тыныштықтан басталып, дүкендегі сықиған шетел әдебиетіне барып тіреледі. Әлқисса.
01 Наурыз, 2023
Әркімнің қолында смартфон һәм әлеуметтік желілер айтарлықтай күшке ие болған қазіргі уақытта қоғамда бір мінез пайда болды: кінәлау да оңай, даттау да оңай, ақтау да оңай. Халық тобыр секілді ештеңенің байыбына бармастан шала пікірдің соңынан ере кетеді. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, бүгін бір адамды, ертең тағы біреуді жапа-тармағай табалап жатқан жұрт. Ол «кінәлі», бәлки шенеунік яки әкім, болмаса, мұғалім, дәрігер, тіпті зиялы қауым болуы мүмкін. Жабыла мақтаудың да жөні солай. Сонда бұл халықта әділет жоқ па дейсің.
28 Қыркүйек, 2022
Айтыла-айтыла мемлекеттік тілдің мұңы да «жылауық» жырға айналды. Бірақ нәтиже жоқ. Халық әлі де шенеуніктер, депутаттар қазақша сөйлесе, қарап отырып қуанады. Ал өзге этнос өкілі қазақ тілінде бірауыз сөз айтса, тіпті риза болады. Кез келген мемлекеттің азаматы сол тілде сөйлесе, ол қалыпты жағдай емес пе? Оған неге таңғаламыз? Өз еліңде өз ұлтың өз тіліңде сөйлегеніне ішің жылу – қорашсынудың қай деңгейі?..
22 Тамыз, 2022