• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
05 Тамыз, 2016

Ынтымақ – ырыстың кепілі

494 рет
көрсетілді

Мен Қ.Қожамияров атындағы республика­лық мемлекеттік ұй­ғыр музыкалық комедия театрына директор болып келген күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұйғыр театрының атына жол­даған Алғыс хатымен таныстым. Ол хатта: «Бізде көп салалы Қазақстан мәде­ниеті­нің ажырамас бір бөлігі болған ұй­ғыр өнерін сақтап қалу және дамыту үшін мүмкіндіктер жетеді. Бұл жолда көптеген ғажайып сахна шеберлерінің ұрпақтары жұмыс істеп келе жатқан Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының рөлі ерекше», – деп жазылыпты. Президентіміздің шын көңілі­мен айт­қан бұл сөздері және бүкіл өмірін ұлттық өнеріміздің дамуы­на арнаған, қиын-қыстау кезде қал­са да театрды сақтап қалған өнер майталмандарының рухтары қол­дап, күш бергендей болды. Пре­зи­дентіміз айтып өткен ға­жайып сахна шеберлерінің эстафетасын қолыма алғанда, енді оны мықты ұстап, келешек ұрпаққа тапсырудың маңызды екендігін терең түсініп, бар мүмкіншіліктерді ұтымды пайдалануға ұмтылып, өз алдыма мақсат қойып, басшылық жұмысымды бар жігеріммен бас­тадым. Ең алдымен, әрбір әріптесімнің өз жұмыстарын жақсы көңіл-күй­мен атқаруына көңіл бөліп, олар­ға қолайлы жағдай жасауды, шы­ғармашылық ұжымдағы пси­хологиялық атмосфераны жақ­сартуды қолға алдым. Себебі, өнер адамының көңіл-күйі жақсы болса, жұмысымыздың нәтижесі де жаман болмайды деген сөз. Сол үшін, біріншіден, зейнеткер сахна шеберлерін жұмыста қалдырудың жолын іздеп, олардың бәрін жартылай еңбекақы мөлшерімен болса да өздерінің сүйікті жұмыстарында қалдырдық. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұзақ жылдар бойы театр әкімшілігі ұжымды дарынды жастармен қам­та­масыз ету үшін жоғары және орта білім өнер ордаларында маман­дар дайындауға көңіл бөліп келеді. Әлбетте, бүгін шығармашыл ұжым­ды жастармен толықтыру заман талабы. Өнер-білім ордаларында оқып жүрген, әлі бітірмеген студент жастарымыз жоспар бойынша сахнамызда қойылып жатқан спектакльдерде рөл сомдап, концерттік бағдарламаларға қатысып жүр. Әрине, бұл – жақсы. Бірақ, театрға жаңадан келіп жатқан жастарға іс-тәжірибесін үйретуде зейнеткер сахна шеберлерінің орны бөлек деп ойлаймын. Қазақстан Тәуелсіздік алған 25 жыл­да жоғары кәсібилікке жеткен әлем­дегі бірден-бір ұйғыр театрында өнердің барлық жанрлары дерлік дамып келеді. Өткен жылдың қазан айының 29-ы күні өзінің 82-маусымын «Мұқамдар сыры» театрландырылған бағ­дар­­­ламасымен ашқан театр абоне­мент­тік жүйе бо­йынша аптаның төрт күнінде көрер­менге әртүрлі жанрдағы сахна туындылары ар­қылы үлкен рухани нәр беріп келеді. Репертуардағы қойылым­дарды абонементке енгізу үшін көрер­мендеріміздің пікір­лері назар­ға алынды. Репертуарда­ғы А.Ашировтың «Жалғыз жалбыз», Д.Машурованың «Ана мирасы» спектакльдерінің тақырыбы Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған. Бұл драмаларда ұйғыр отбасы мен қазақ отба­сы­ның арасындағы достық, туыс­тық, бауырмалдық кеңінен сурет­телген. Өздерінің салты мен дәстүрін сабақтастырып, сол ар­қылы бір-біріне бауыр болып жүрген қос ұлт өкілінің арасындағы достық Қазақстандағы ұлттар бірлігінің көркем көрінісі. Бұл туындылар бүгінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді деп толық айта аламыз. «Мәңгілік ел» болу жолында ортақ рухани-адам­гершілік құндылықтар негізін­дегі халық бірлігін нығайта­тын іс-шаралар өткізіп, келешек ұр­паққа патриоттық тәрбие беру мақ­сатында мектептермен байланысты күшейттік. Өткен жылы балалар аудиториясы үшін А.Масимовтың «Өмір шырыны» заманауи ертегісі сахналанды. Театрымызда қазақ драматург­тарының шығармаларына да кең орын берілген. Үстіміздегі жылы Д.Исабековтің «Мұрагерлер» пьесасы сахналанады. Биылғы жылы «Нава» фольк­лор­лық ансамблі репертуарын ұй­ғыр, қазақ ән-билерінен бөлек, әлем халықтары ән-билерімен байытып, жаңа концерттік бағдарлама дайындап, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарына гастрольдік сапарда болып қайтты. Театрымыз, сондай-ақ, А.Ашировтың «Жалғыз жалбыз» драмасымен жоғарыда аталған үш ауданда гастрольдік сапарда болды. Бұл маусымда театр «Бес инс­­ти­туттық реформаны жүзеге асы­ру­дың 100 нақты қадамы» Ұлт Жоспарының, Елбасының «Қазақ­стан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Қазақ­стан халқына Жолдауының не­г­ізгі қағидаларын түсіндіруге не­гіз­делген түрлі мерекелік, қайы­рым­­дылық концерттік бағдар­ла­ма­лар, ашық есік күндерін өткізіп, қойы­лымдар көрсетті. Мәселен, желтоқсан айының 26-29 күн­дері аралығында халықаралық фестиваль және байқаулардың, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты «Яшлык» вокалды-аспаптық ансамблінің 40 жылдығына арнал­ған «Жаңа жылдық гүлхан» атты театрландырылған үлкен кон­церт­тік бағдарламасы №153 мектеп-гимна­зия­да мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Нава» фольклорлық ансамблінің қайырымдылық кон­церті көрсетілді. 2016 жылы тұңғыш рет атап өтілген Алғыс айту күніне орай мүм­кіндігі шектеулі балалар үшін театрымызда 26 ақпан күні У.Гол­дингтің «Шыбындар патшасы» драмасы, 27 ақпан күні театр әртіс­терінің қатысуы­мен концерттік бағдарлама көрсетіл­ді. 8 наурыз – Халықара­лық әйелдер күнін мерекелеуге орай 4-8 наурыз күндері «Нах­шамда ғәзәлсән, аял!» атты театрландырылған концерттік бағдарлама өткіздік. Бұл күндері залды толтырып отырған көрермен қауым назарына қазақстандық заманауи әйелдің Еңбек адамы ретіндегі мәртебесін, оның дағдарысқа қарсы жағдайдағы жаңа рөлі, отбасы мен некенің жағымды бейнесін насихаттайтын мемлекеттік саясатты көрсету негізделді. Бұл кешке көп балалы аналар, соғыс ардагерлері,  театр майталмандары және еңбек ардагерлері арнайы шақырылды. Әр күні залды толтырып отыр­ған көрермен қауым назарына Жеңіс­тің 71 жылдығын мере­ке­леудің мақ­саты – Ұлы Отан со­ғы­сының арда­гер­­­леріне, тыл еңбеккерлеріне, фа­шизм­ді жеңу ісіне үлес қосқан қазақ­стан­дықтар­ға құрмет көрсету ретінде ұйымдастырылды. Театрымыз Қазақстан Жазу­шы­лар одағы жанындағы Ұйғыр әде­биеті кеңесі және Қазақстан Ком­позиторлар одағымен тығыз бай­ланыста жұмыс атқарып, әде­биет, өнер саласында өзіндік ор­ны бар тұлғалардың мерейтойларына, еске алу кештеріне белсенді қатысып келеді. Мәселен, көрнекті композитор әрі танымал киноактер Зайнулла Сетековтың 80 жылдығына арналған еске алу кеші, Қазақстанның халық әртістері Зинат Акбарова мен Нур­буви Маметованың 80 жылдық мерейтойлары өткізілді. Қазіргі заман жағдайында жаңа өнім, жаңа технология және заманауи құрылғы-жабдықсыз бәсеке­ге қабілеттілік туралы сөз қозғау мүм­кін емес. Соны ескере отырып, театры­мызда көрермендер үшін 100 орын­ды кіші зал аштық. Келешекте бұл зал заманмен тең қадам басып келе жатқан жас көрермендеріміз­дің сүйік­ті орнына айналатынына сенеміз. Елбасы атап көр­­сеткендей, жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көп этносты және көп кон­фессия­лы қоғамымыздың табы­с негізі. Болашақта да репертуарымызды жаңа әлеуметтік маңы­зы зор, келешек ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін, адамды ұлттық болмысын сақтауға, туған тілін, тарихы мен мәдениетін иге­ріп, дамытуға үйрететін, ел Тәуел­­сіздігінің 25 жылдық мерей­тойымен ұштасатын, ұлттың бірлі­гін нығайтуға қаратылған шығар­ма­лармен, бағдарламалармен толық­тыру жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылдың басты ша­ра­ларының бірі – Қазақстан Тә­уелсіз­дігінің 25 жылдығына ар­нал­ған «Бәрімізге ортақ ел – Ұлы Дала елі» атты театрландырылған концерттік бағдарлама болып есептеледі. Қазақ, орыс, ұйғыр, корей театрлары бірге өнер көр­сететін бұл бағдарлама бойынша дайындық жүріп жатыр. Бұл Қа­зақстан театрларының рухани бір­лігі мен мәдени ықпалдасуы­ның бір көрінісі. Мұндай шаралар алдағы уақыттарда да жалғасын таба бер­мек. Осы жерде 82-маусымдағы іс-шараларымыздың бәрі Мәдениет және спорт министр­лі­гінің қол­дауы­мен ұйымдастырылғандығын атап өткен орынды. Бүгінгі таңда Қазақстанда бар­лық этнос өкілдері өздерінің ұлттық өнерін дамытып, насихаттай алады. Ендеше, бұдан кейін де Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дау көрсетуімен біз, ұйғыр театры­ның ұжымы, респуб­ли­ка халқын ең­бек­сүйгіштікке, адал­дық­қа, отан­шылдыққа, патриотизм­ге, бауыр­малдыққа баулуға, ұлттық салт-дәстүрлерді үлгі етуге тәрбиелейтін жал­пыұлт­тық идеямыз – «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру жолында еңбек етеміз. Елбасымыз «тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп, алға баса аламыз», деп атап көрсеткеніндей, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі елдің ғана ырысы мен табысы мол болатындығы сөзсіз. Руслан ТОКТАХУНОВ, Қ.Қожамияров атындағы республикалық  мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының директоры