• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
05 Тамыз, 2016

Жайылымды бау-бақшаға айналдырған

409 рет
көрсетілді

азамат бір ұжымшардың тірлігін дөңгелетіп отыр Ол Түркістан қаласына қарас­ты Жаңа Иқан ауылында тұрады. Мұндағылар Рүстем Кәміловті шаруа қожалығының төрағасы ретінде жақсы таниды. Бұл жер ІІІ Интернационал колхозына қарайтын жайылым еді. Кейіпкеріміз осы шаруашылықта 37 жыл бойы «Газ-53» маркалы автокөлігін айдады. Сүт те тасыды. Атқармаған жұмысы жоқ. Өлтір­мейтін «өкіметтің» өзі өлген соң, тоқсаныншы жылдардың басында жағдай қиындап кетті. Көппен бірге «адасып», әр нәрсенің басын шалып та көрді. Жалақы мардымсыз, табыс жоқ. Бүйтіп жүре берсе алдындағы аз ғана малын ада қы­ла­тын түрі бар. Жерге еңкейген, жер емген диқанның жүдемейтінін Рүстем білетін. Шопырлықты тас­тады. Тәуекел етіп, өз күнін өзі көруге көшті. 70 жылқысын түгел сатып, пұлының бір тиынын шы­ғар­май жайылымдық жерді игеруге жұмсады. Бұл 2001 жыл еді... Жер емген жүдемейді Диқаншылық – атакәсіп. Бұл қанда бар қасиет пе деймін. Мәшиненің рулін ұстаған қуатты қолдар кетпенді жатсынған жоқ. Әрине, зейнет бейнетпен келеді. Танапта белін жазбай тәулік бойы жүрген кездері көп.Тамшылатып тер төкті. Қамал бұзатын шағында қара жұмыстан қайтпады. Даныш­пан Абай айтқандай, «әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратына сүйеніп, еңбегіңді саусаң, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» екен. Құла түзден мәшине жүретін жол салды, алдымен жерді айдап, үстіне шағыл тас төсетті. ...Бүгінде үлкен фермер атанған Р. Кәмілов басқаратын шаруа қожа­лығының фазендасында шаруа сан-салалы. Қауырт жұмыс қат-қабат жүргізіліп жатыр. 850 гектардан астам жері бар, оның 380 гектардан астамы суармалы. Қалғаны жайылымдық деп есептеледі. Айналымдағы жер қорын ұлғайту мақсатында тағы 470 гектардай жайылым сатып алды. Ең бастысы, таудан ағатын бұлақ-қайнарлардың суын шөл далаға бұрып, оны суармалы алқап­қа айналдырды. Өйткені, сулы жер алтын қор саналады. Бұл айтуға оңай болғанымен, қаншама қаржы мен қажыр-қайрат жұмсалды десеңізші?! Үлкен жобаны жүзеге асыру үшін 8 «Коба» автокөлігі, 1 қазғыш және тиегіш алып трактор тынымсыз жұмыс істеді. Ең алдымен су жүретін үлкен арық қаздырып, топырағынан тоғандар мен тоспалар тұрғызды. Жотаға су шығару үшін кәнігі диқандар есекке ауыр жүк артып, жоғары жақ­қа айдаған. Байғұс жануар қия­ға тіке тартпай қиғаштай жү­ріп, ақыры басына шыққан ғой. Со­ның соқпағымен арық қаз­дыр­ған егіншілер суды осы­лай­ша биік­ке дейін апарған. Рүс­темнің де әре­кеті соған ұқсайды. Оның ешқандай оқуы жоқ қой, деп күледі бағбан. Бұл жұмыс әлі жалғасып жатыр. Оның табаны­­на су өткізбейтін материалдар төсеп, жағасына тал-теректер отыр­ғы­зып, айналасы көгалдандырылу­да. Тоспа мен бөгеттердің үстіне шағыл тас төселген. Келешекте оны асфальт­тауды көздеп отыр. Техникаң сайлы болса, шаруаң жайлы Шаруа қожалығының 9 түрлі техникасы мен оған тіркелетін соқа, дәнсепкіш, тырма сияқты құрал-саймандары бар. Атап айтқанда, жер жырта­тын, оны өңдейтін, егіске әзірлей­тін, 3 доңғалақты және 1 тиегіш трак­торға жылдың қай мезгілі болсын жұмыс табылады. Тіпті, астық жинайтын комбайны, жүк таситын және жеңіл автокөліктері де бар. Шаруашылық паркіндегі техника тиімді пайдаланылады. Бұл күндері 20 гектар алқапқа жоңышқа, 40 гектарға бидай, 27 гектарға мақсары өсіруде. Былтыр бидай алқабын 4 рет суарудың нәтижесінде оның әр гектарынан орта есеппен 50 центнерден өнім жинап, барлығы 200 тоннадан астам маржан дәнді қамбасына құйып алды. Ал мақсарының гектар берекелілігі 23 центнерден айналыпты. Жеміс бауы жайқалып тұр Бұдан басқа 64 гектарға алма­ның «Алматы апортының», 114 гектарға жүзімнің «Қызыл тайфун» сұрпын еккен. Алманың 34 гектары тамшылатып суарылады. Шаруа қожалығында жұмыс істейтін қыздар мен келіншектер тағы 50 гектар танапқа асханалық жүзім көшетін егуде. Жалпы, шаруа қожалығының иесі суармалы алқапты ұлғайтып, бау-жеміс ағаштарын көбейтуді қолға алмақ. Шаруаның көзін таба білетін диқан былтырдан бастап 0,5 гектар алқапта жылыжай құрылысын жүргізуде. Ол жербетінен 3 метр төменде орналасқан. Шұңқыр­дың ішіндегі топырағы тегіс сырт­қа шығарылды. Мұндай жылыжайды Рүстем Ташкенттегі Сухандария ауданынан көрген екен. Тәжікстанның шекарасына жақын тау қойнауындағы елді мекен тұрғындары осылайша жылыжайды терең қазып, содан мол өнім жинап отырған жағдайы бар. Сөйтіп, күнкөрісін көкөніс өсіруден тауып отырған көрінеді. Өйткені, қырда үнемі ызғырық жел соғып тұрады. Қазір шаруашылықтың қожайыны бастығы әрі агрономы да Рүстем. Ол осы әдісті өзімізде қолданып көрмек. Өйткені, төменде орна­лас­қан жылыжайдың қыс мезгі­лінде жылы болатынын айтады. Пешті тек аязды күндері ғана жағуға мүмкіндік береді әрі отын­ды едәуір үнемдейді екен. Сөй­тіп, мұнда лимон өсірмек. Сары­ғаш­тағы әріптесі, тәжірибелі бағбан Танабайдан көп нәрсе үйренгенін тілге тиек етті. Жасанды көлде балық көп Шаруа қожалығының 11 жасанды көлі бар. Шардара ауданынан шабақтар сатып алып, олардың әрқайсысына жіберді. Фермер болашақта осылайша балық шаруашылығын өркен­детпек. Бұл күндері көлдерде сазан, бекіре тұқымдас балықтар өсірілуде. – Еліміздегі рухани астанамыз – Түркістан қаласына келетін туристер саны жыл өткен сайын артып келеді. Сондықтан осы игілікті іске өз үлесімді қосқым келеді, – дейді Рүстем Кәмілов бізбен әңгімесінде. – Ол үшін Иқансу деп аталатын жердің ең биік жеріне 12 қанатты қазақы киіз үйдің пішіні іспеттес ақ үй салдырдым. Мұнда тынығушылар үшін барлық жағдай бар. Алыстан Қаратаудың сілем­дері қарауытады. Арғы жағы Созақ ауданының территориясы. Кеудеңді кере дем алсаң, айналадан жусанның исі аңқиды. Тепсеңде 200 адам емін-еркін отыратын заманауи талапқа сай типті бастырманың құрылысы салынып біткен. Осында ересектер мен балалар шомылатын қауыз да пайдалануға бері­леді. Демалушылар әлгі 11 көл­дегі балыққа қармақ салады. Бұл нағыз демалыс емес пе, дейді шаруашылық төрағасы. Сиыр сауып, мал бордақылайды Аталмыш шаруа қожалығы 300 сауын сиыр ұстайды. Қазір олардың 50-шақтысы сауылып, тәулігіне 500-600 литр сүт өткізеді. Өнімді қабылдаушылар күн сайын оның әрбір литрін 80 теңгеден алып кетеді. Қыста 2,5-3 тоннаға дейін сүт тапсырады. Малға күтім жасайтын 6 малшысы бар. Төртеуі жем-шөбін салып, астын тазаласа, екеуі сиырларды өріске жаяды. Ұр­ғашы төлін алып қалып, бұқа­ларды семіртіп са­тады. Мал бордақылайтын алаң­шасы да бар. Малдың қиы егіс танаптарына тасымалданады. Тегін органика­лық тыңайт­қыш. Келешекте көң жердің құнар­лығын арттыруға себепші. Осылайша, қалдық­сыз технология бойынша жұмыс істеуді меңгерген. Фермада 200 қаз, 50- шақты үйрек, аздаған күр­кетауық бағылады. Шаруа қожалығы жаңа Иқаннан 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әу баста жайылымдық жер­лерді суармалы алқапқа айналдырды. Сөйтіп, аз уақыттың ішін­де фазендасына бау-бақша және жеміс ағаштарын өсіріп жай­қалтып тастады. Жердің киесін білетін, бір колхоздың тірлігін бір өзі атқарып жүрген азаматқа ауыл адамдары дән риза.  Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ Оңтүстік Қазақстан облысы