• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2016

Бабалар бәйгесінде белін буған

321 рет
көрсетілді

Ертең Қырғызстанда Көшпелілердің бүкіләлемдік II ойындары басталады Көрші қырғыз елінің Ыстықкөл өңірінде қыркүйектің 3-і күні сөреден шығатын Ойындар 8-інде мәреге жетеді. Сол екі аралықта жер жүзінің 53 елінен жиналатын 1000-ға жуық спортшы көшпелілер сайыстарының 23 түрі бойынша күш сынасып, 400 мың АҚШ долларын құрайтын жүлде қорын сарапқа салады. Бұл сайыстардың арасында әртүрлі қашықтықтарға белгіленген бәйгелер, көкпар, аударыспақ, ұлттық аңшылық өнері, садақ ату және дәстүрлі зеректік ойындары бар. «Көшпелілердің бүкіләлемдік ойындары» деп аталатын бұл ала­манның өмірге кел­геніне көп бола қойған жоқ. Ол бұдан бар-жоғы екі жыл бұрын, тура осы уақыт шамасында қырғыз ағайындардың бастамашылдығымен алғаш рет қолға алынды. Сол жолы, 2014 жылдың 9-15 қыркүйек күндері аталмыш Ойындар Ыстықкөл облысының орталығы – Чолпон-Ата қаласында бірінші мәрте жалау желбіретті. Тұңғыш рет өтіп отырғанына қарамастан, оған әлемнің Австрия, АҚШ, Ауғанстан, Әзербайжан, Бе­ларусь, Бразилия, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Литва, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Франция және Швеция сияқты 19 елінен 583 спортшы қатысты. Аса тартысты да қызықты өткен бәсеке қорытындысында 12 алтын, 8 күміс және 8 қола, барлығы 28 медальді қоржынға түсірген Қазақстан құрамасы командалық есепте екінші орынға табан тіреді. Бас бәйгені олардан сәл алда болған алаң иелері – Қырғызстан спортшыла­ры жеңіп алды. Бұған қарсыластардың сайысқа екі құраммен қатысқандары тікелей әсер етті. Ал біздің саңлақтар тартыс үстінде қол жеткізген 12 алтын медальдың 6-уын – қазақ күресінен, 3-уін – тоғыз коргоолдан, 2-уін – қырғыз күресінен және 1-уін 2400 метрлік ат жарысынан түсірді. Қазақстан спортшылары бұл жолғы Ойындардан да айтар­лықтай көп жеңістер күтеді. Жа­рыста еліміздің намысын ұлт­тық спорт түрінің 75 тарланы қор­ғайды. Олар бұрнағы күні Ыстық­көл жағалауына жүріп кетті. – Біздің делегация құрамында барлығы 129 адам бар. Олардың қатарын спортшылардан бөлек, жаттықтырушылар мен федерация өкілдері түзеді, – дейді делегация жетекшісі Марат Қой­­шыбаев. – Ал республика атынан сайысқа түсетін спорт­шыларды еңбек сіңірген спорт шеберлері, халықаралық спорт шеберлері және әртүрлі халық­аралық турнирлердің жеңім­паздары құрайды. Біз Ойындар бағдарламасындағы 23 спорт тү­рінің 21-і бойынша жарыс жолына шығамыз. Құрамымыз мықты. Сондықтан алғашқы үштіктің қатарынан табылуды алға мақсат етіп қойып отырмыз. Ойындардың ашылу салтанаты 3 қыркүйек күні кешке Чолпон-Ата қаласындағы ипподромда өтеді. Ұйымдастырушылар онда каскадерлердің, этнофольклорлық музыка және би топтарының қаты­суларымен орасан зор шоу өткелі тұрғанын айтады. Жарыстың келесі күні «Кырчын» шатқалында этнофестиваль ашылады. Осы жерде «Қырғыз айылы» киіз үйлер қалашығы бой көтереді. Ол 5 күн бойына келушілерге те­гін қызмет көрсетіп, көшпелі өмір салтының сан қырларымен таныстырады. Ал 53 мемлекеттің мыңға жуық өкілдері қатысқалы тұрған бұл жолғы Ойындардың бұрынғыдан да тартысты болатын түрі бар. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»