Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде сауда-экономика, инвестиция, көлік-транзит, отын-энергетика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту перспективаларының кең ауқымды мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек, екі мемлекеттің басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинге жұмыс сапарымен келуге, сондай-ақ G-20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.
«Қытай ұйымға күрделі кезеңде төраға болды. Сіздер әзірлеген күн тәртібі дамудың қазіргі кезеңінде өте өзекті. Бүгінде G-20-ның экономикалық проблемаларға мән беруі бүкіл әлем үшін маңызды міндеттерді шешуге септігін тигізетін болады», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев ынтымақтастық орныққан жылдарда Қазақстан мен Қытай арасындағы сенімнің айтарлықтай нығая түскенін атап өтті.
«Біздің байланысымыз мемлекетаралық қарым-қатынастың үлгісі бола алады. Стратегиялық серіктестіктің үлгілі моделін құрып, экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтердік. Қазақстан мен Қытайдың үкіметтері қол жеткен келісімдер қорытындысы бойынша алға қойылған міндеттерді орындау жұмысымен белсене айналысуда. Биыл біз Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын, ал келесі жылы елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтетін боламыз», – деді Елбасы.
Си Цзиньпин еліміздің жаһандық диалогқа елеулі үлесін қосып келе жатқанына ризашылық білдіріп, Қазақстанның өңірдің және бүкіл әлемнің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Былтыр осы уақытта Бейжіңде біздің кездесуіміз өтіп, оның қорытындысы бойынша қарым-қатынастың жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қойылған болатын. Қазір барлық саладағы екіжақты серіктестік қарқын алып келеді, оның одан әрі дамуы жолындағы міндеттер айқындалды. Біздің қарым-қатынасымыздың орнағанына келесі жылы 25 жыл толатынын ескере отырып, өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайта түсу қажет. Сондай-ақ, бірлескен күш-жігер арқылы адалдық, өзара сенім, ауызбіршілік және өзара көмек рухындағы қарым-қатынасты қалыптастыра отырып, стратегиялық үйлесімді, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейте түсу керек», – деді ҚХР төрағасы.
Тараптар алдағы саммит әлемдік экономиканың бұдан арғы даму жолдарын айқындауда маңызды рөл атқарып, жаһандық экономикалық өсімнің жаңа қозғаушы күшіне айналады деп үміттенетіндерін білдірді.
Айдар ӨРІСБАЕВ