• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2016

Студенттері жалақы алатын факультет

304 рет
көрсетілді

Химияның жүрмейтін жері, қолданылмайтын саласы жоқ десек те, тәуелсіздік бедерінде ұлттық университеттің химия факультетіне жолымыз түспеген екен. Әрине, бұл – химия ғылым­дары туралы жазылмады, аталмыш сала ғалымдары жайлы сөз қозғалмады деген сөз емес. Қысқасы, осы аптада әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық универ­си­теті­нің химия факультетіне келдік. Бізді аталмыш факультетке тартқан бірнеше себеп бар еді. Бірін­шіден, Кеңес өкіметі кезінде «КазГУ-дегі» химия факультеті бүкіл Одақ бо­йын­ша үздік үш факультеттің бірі бол­ды. Бізді факультетте химия ғылым­дары­­ның кандидаты, доцент Раушан Әбді­­қалықова қарсы алды. Жарты ға­сыр­­ға жуық осы факультетте еңбек етіп, ег­е­­мендіктің елең-алаңындағы күр­­делі кезеңдерде де ғылыми жұмы­сын тас­­та­май, оқытушылығын да жал­ғас­­­тырып, қазақ тіліндегі оқу құрал­дары­­­ның жазылуына бір кісідей еңбек сіңір­­ген Раушан Асығатқызының айтары көп. Тоғыз жыл бойы химия факультеті­нің оқу-әдістемелік жұмысы бойынша деканы орынбасары қызметін ат­қар­ған Раушан Асығатқызы бұл сала­ның бүкіл мәселесін бүге-шігесіне дейін біледі екен. Ұжымды ұйытып отыр­ған бұл кісіні оқыту­шылардың сыйлай­тыны, сту­дент­тердің жақсы көретіні байқалады. – Біз бір кездегі ең мықты химия факультеті деген атымызды сақтап қала алдық. Қазір замана талабы өзгер­ді. Нарықтық экономика химия саласына да үлкен өзгерістер әкелді.  Бұрын химия ғылымдарының 13 бағыты бойынша дәріс жүретін. Ықшамдау, қайта құрылымдау жүргеннен кейін бүгінде факультетте негізгі төрт бағыт бойынша білім беріледі. Олар – химия, органикалық заттардың химиялық технологиясы, бейорганикалық зат­тар­дың химиялық технологиясы, мұнай химиясы. Соңғы 15 жылда жарылғыш заттар тех­нологиясы да оқытылады. Мұнан бөлек мемлекет тапсырысымен халық­аралық, эконо­микалық және кри­мина­листикалық сарап­тама бойынша бірқатар маман­дар даяр­ланды, – дейді Раушан Асығатқызы. Осы жылдар ішінде Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен мемлекеттік химия мамандары­ның классификаторы құрастырылған бол­са, бұл жерде де факультеттің үлесі жоға­ры. Қазір бүкіл республика бойынша химия­ мамандарының 80 пайызы осы ҚазҰУ түлектері. Ол түлектердің ең үздік­тері факультетте қалдырылып, ғылы­ми зерттеулермен, оқытушылық қызметпен айналыса алады. – Біздің факультет те 1994-1995 жылдары күрделі кезеңді бастан өткер­ді. Бірақ, профессорлық-оқыту­шы­лық құрам айлап жалақы алмаса да жұмыс­тарын тастаған жоқ. Сол қиын уақыт­тың өзінде студенттер қабыл­дап, факультеттің ішкі оң ахуалын, ұжым­дық сапаны сақтап қала алдық. Қазір жыл сайын факультетке 300-ден астам студент қабылданады. Факуль­тет­те ма­гистратура, бакалавр сияқты академия­лық білім сатылары бойынша 2 мыңға жуық студент оқиды,  – дейді доцент. Раушан Асығатқызы факуль­теттің күшімен қазақ тілінде даярланған оқу­лықтардың, құрал-жабдықтар­дың са­па­сымен мақтанатындықтарын айта­ды. Факультетте қазақ тіліндегі хи­мия­лық терминологиялық сөздік жасақталған. 2010 жылдан бері факультеттің ор­га­никалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлердің химиясы мен тех­нологиясы кафедрасының доцен­ті қызметін атқаратын Раушан Асы­ғат­қызы қазақ бөлімінде оқитын сту­дент­­тердің дайындығы мен білім дәре­жесіне ерекше тоқталып өтті. – Мамандарды үш тілде даярлау, бала­ларға үш тілде білім беру соңғы жыл­­дары көтеріліп жүр. Ал біздің фа­культет­тің студенттері баяғы­­­дан-ақ үш тілді. Қазақ бөлімінің бала­лары қазақ, орыс, ағылшын тіліне де жүй­рік. Біздің факультетте шетелден кел­ген ғалым­дармен кездесулер жиі өтіп тұра­ды. Сол кезде қазақ бөлімінің бала­­­­лары мамандықтарына қатысты сауал­­­дарын ағылшын тілінде сұрап, олар­дың айт­қандарын түсініп отыра­ды. Жақсы оқитын, шет тілдерін мең­г­е­рген балалар студенттер алма­су бағ­­дарламалары бойынша Ресей уни­­­вер­­ситеттерінде, АҚШ, Ұлыбри­та­ния, Оңтүстік Кореяда білім алу­да. Шетел­­дерде тәжірибе алмасу оқыту­шы­лар арасында да қарастырылған, – дейді. Раушан Асығатқызы әңгіме бары­­сын­да: «Біздің жоғары курстың сту­денттері факультеттен жалақы алады» деп қалды. Бұл жайтты қызығушылық­пен қаузап сұрағанымызда факультет ғалымдары түрлі ғылыми жобаларды жеңіп алатынын, оның ішінде отан­дық, халықаралық жобалар да бар екен­дігін атады. Сол қаржылық гранттарға химия­лық құрал-жабдықтар сатып алы­нып, лабораториялық зерттеулерге жоғары курстың студенттері тартылады екен. Мемлекет тапсырысымен жүргізі­летін ғылыми жобаларда студенттер жар­ты ставкамен лаборант болып жұ­мыс істей алады. Ғылымға араласады. «Жоғары молекулалық қосы­лыс­тар» пәні бойынша көптеген оқу­лық­тардың авторы Раушан Асы­ғат­қызы: «Біздің кафедрада био­меди­цинада қолданылатын полимерлер негізіндегі дәрі-дәрмектер, гельдер жасау жобасы жүріп жатыр» – дейді. Осылайша білікті ұстаз Раушан Асы­ғат­қызы өзі қызмет атқаратын факуль­теттің жеткен табыстары туралы ой­ла­рымен ақжарыла бөлісті. Және бұ­ның барлығы әншейін қағаз жүзіндегі емес, факультет қызметкерлерінің бір­лесе күш-жігері арқа­сында іске асып жат­қан жетістіктер екендігін баса аңғартты. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ