• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2016

«Мен Анна да, Марина да емеспін...»

632 рет
көрсетілді

Ақын Ханбибі Есенқарақызы туралы ой-толғау Кейінгі кезде Фариза апамды сағы­нып жүрмін, түсіме жиі енеді. Оның ұлт­тық жырымызбен әлемдегі әйелдер поэзиясындағы орны күннен-күнге ой­сырап барады. Үңірейіп барады... Ал­дың­ғы толқын Марфуға, Ақұштап, Күләш апаларым жөнінде әңгіме басқа. Бір-біріне ұқсамайтын, өз үні, өз бет- бейнесі бар ақындар олар! Қазақ әдебиеті төрінен өз орындарын баяғыда-ақ алған. Көзі тірісінде Фариза әпкеміздің өзі мойындаған-ды: Ханбибінің әнге жаза салған «Нұрикамал» атты бір ғана өлеңінде әлемнің әйел ақындарының біреуінде кездеспейтін қаншама махаббат машақаты, драмалық оқиға, трагедиялық сарын жатыр! «Оңтүстіктің халқы көктем келісімен қозықұйрық теруге шығады, – деп еске алады осы әннің жалғанның жарығына келуіне «кінәлі» ару Нұрикамал Сейіт­жанова. – Бірде, мамыр айында Ханбибі теле­­фон соғып, қозықұйрық теруге ша­қыр­ды. Қаламен іргелес жатқан бір ауылға бардық. Табиғаты керемет жер екен. Соны­мен кеш батып, барлығымыз дас­­тарқан басына жинал­дық. Ханбибі мен оның күйеуі Тұрды­қы­лыш маған қарама-қарсы отырып қалып­ты. Ойымда еш нәрсе жоқ, күліп-ойнап қайттық. Таңертең жұмысқа келсем, Ханбибі мен Тұрдықылыш телефон соғып: «Нұреке, біз екеуміз түнімен ұйықтамай, кешегі отырыстан алған әсерімізбен «Нұрикамал» деген әнді дүниеге алып келдік», деді. Мен партияның қызметкерімін, обкомның басшылары ертең ол әнді естісе әңгімеге қалатыным белгілі, ашуланып: «Мен сендермен өлең жазуға бола барған жоқпын, керек емес сендердің әндерің», – дедім де телефон тұтқасын қоя салдым. Содан бес айдай уақыт өтіп, қазан айы келді. Екеуі де хабарсыз. Бірде жұмыста отырсам, телефоныма біреу қоңырау соқты. Көтерсем, Фариза апам (Оңғарсынова). Бұрын Торғайға келген кезінде мені үнемі жанына ертіп жүретін. «Нұрикамал, сен Шымкентке келіп қалыпсың ғой, құтты болсын қызметің. Мен де осында келдім, жолығайық», – деді. «Жарайды, апа, қазір жұмыс біткеннен кейін бір жерге барып шай ішейік», – дедім мен. «Жоқ, мен қазір бір үйде отырмын, шайыңды осы жерден ішесің, дереу кел осы үйге», – деп бұйырды апам. «Жарайды», дедім де, мекенжайын жазып алып, кешкі сағат жетіде әлгі үйге бардым. Сөйтсем, ол Ханбибінің үйі екен. Тұрдықылыш екеуі Фариза апамды шақырып алып, шығарған әндерін тыңдатыпты. Сөйтіп, Фариза апам маған ұрысып,Тұрдықылышқа «Нұрика­малды» орындатты. Шынын айту керек, ән барлығымызға да қатты ұнады. Сол сәтте апамыз: «Әй, Тұрдықылыш, әр композитор өмірде бір-ақ әнімен есте қалады, сен сол өлеңді жазыпсың. Бұдан кейін сен ән жазғанды қой!» – деді. Сонымен, барлығымыз көңілденіп, ас соңында Фариза апам: «Ханбибі, мына әнді Кенжеғали Мыржықбаевқа беру керек, соның табиғатына көбірек келеді», – деді. Содан ақын апамыздың айт­қанындай болды. Кенжеғали аға­мыз әнді жақсы орындап жүрді. Ал бүгін Серғали Балажан айтқандай, «Нұрикамалды» Жұбаныш заманауи үлгіде шырқап жүр...». Керемет оқиға! Өзінің құдай қосқан қосағының өзге бір әйелге деген жауапсыз қалған махаббат машақатын Ханбибіше жырлаған ақын әйел әлем әдебиетінде жоқ! Осыны ести сала, мен Ханбибіні іздеп жүріп оқитын бол­дым. Иісі қазақтың әйел затында махаббатты Фаризадай егіле жырлаған ешкім жоқ еді. Ханбибінің өлеңі одан да бөлек: «Аспандағы Ай ма дедім, Жастық шағым қайда менің? Жүрегімді елжіреткен, Жаным қандай жайдары едің? Нұрикамал, Камалым-ай, Күндей ашық жанарың-ай, Қолым жетпей, сөзім де өтпей, Жаутаңдадым, қабағыңа-ай, қарағым-ай! Ойың озық, сөзің тәтті, Қандай ана сені тапты? Көңілімнің шарасына, Сыймай тасып, сезім жатты... Көп ішінде көріп едім, Тағдырыма сеніп едім, Көз алдымнан кетпей қойдың, Қайдан келген елік едің? Нұрикамал, Камалым-ай, Күндей ашық жанарың-ай, Қолым жетпей, сөзім де өтпей, Жаутаңдадым, қабағыңа-ай, қарағым-ай!..» Мұны әуенге салмай-ақ, көзбен оқысаң да – ән! Әуелетіп шырқасаң да – ән! Поэзия деген, міне, осындай болады! Поэзия – ақынның болмыс-бітімі. Мінез деген сөз! Адам баласы Алланың жаратылысынан асып, ешқайда кете алмайды! Өлең – адамның автопортреті, ол қашан да ақынның өзінен аумайтын дүние болады! Ханбибіге қараңыз: оның иттің етінен жек көретіні: «Жігері жоқ жігітке – жүректі боп көріну, Тірегі жоқ жігітке – білекті боп көріну; Арақ­құмар жігітке – ішпейтіндей көріну, Балаққұмар жігітке – түспейтіндей көріну, Қауқары жоқ жігітке – тақымды боп көріну, Айтары жоқ жігітке – ақыл­ды боп көріну... Көріну де көріну – тірідей қақ бөліну!». «Мен Анна да, Марина да емеспін», деген Ханбибінің «Қызы едім мен бір байдың «Өлең» деген», – деп айту­ғаморальдық хақысы бар, әрине! Әйелдер поэзиясы – өзгеше әлем. Заман­дасым Оңайгүл Тұржан мен кейінгі буын Жанат Әскербекқызы, Құралай Омарлардың шығармашылығына деген ілтипат-құрметім бөлек. Ал қазіргі қыздар поэзиясында осылардан ерекшелеу, озық дейтіндей бір жаңалық, соны леп байқалмай тұр. Есенғалидың «Әйелден ақын шық­пайды, күйші не биші болмаса...» деген сөзін әркім әртүрлі қабылдады. Әрине, Есенғали адамзат руханиятынан ойып тұрып орнын алған Анна Ахматова, Марина Цветаеваның аты-жөнін білмей отырған жоқ. Оның айтпағы басқа. «Александр Блок бірде Маяковскийдің музейде өткен кешіне барады. Сонда музейге адам сыймай кеткен екен. Таңғалады. Кейін өзі кеш жасайды. Бес-ақ адам келеді. Оның үшеуі әйел. «Окололитературные дамы» дегендер болады, ақылы аздау, ажары дұрыстау, өлеңді жақсы көретін әйелдер. Жалпы, өлеңді сүйетін әйелдерден қорқу керек. Мұны маған Тоқаш айтқан», – дейді Есенғали. Ал, керек болса! Ойынан шығарып отырған жоқ. Он тоғызыншы ғасырдағы орыс әдебиетінің тарихынан ойып алып, айтып отыр. Талант пен халтура қашаннан қоян-қолтық ғұмыр кешіп келеді. Гүл мен тікен сықылды. Арамшөп қаптаса, гүл-бақшаң өнім бермейді, мәселе – осында. Ұлттың руханияты жұтаған сайын елдің еңсесі төмен түсіп, ертеңі күмәнға айналады. Еліктеу мен солықтау – ұлттық руханияттың түбіне жетеді. Есенғалидың «кейінгі жастар инкубатордан шыққан сияқты. Бәрінің өлеңі жақсы. Бірақ, керемет емес. Сондықтан мен оларды көргенде ақындар деп емес, оқырмандар ретінде бағалауға бейіммін», – дегені де рас. Бүгінде «окололитературные дамы» өз алдына, «окололитературные мужчины» дегендер көбейіп кетті! Ақылы мүлде аз, ажары адам көргісіз, сауатсыз, адамгершілігі өте төмен, бойы – бұлғаң, түсі – жылмаң... Өздерін «қанатты ақын», «талантты жазушы», «санатты сыншы» сезінеді. Осы Фейс­буктың бетінде қара құрттай қаптап жүр... Әдебиет жынысқа – еркек, әйелге бөлінбейді. Дарынды мен дәлдүрішке бөлінеді. Бұларды көргенде «окололитературные дамалармен» жылап көріскің келеді! Мыналардан не үміт, не қайыр?!. Өлеңді де сүймейді! Өмірді де ұнатып жүргендері шамалы... Сөйтіп жүріп, Абайды «айнал­дырғысы» келеді бұлар. Есенғалидың «Әйелден ақын шық­пайды...» дегені жалғанның жары­ғына шыққанда Фариза әпкеміз тірі еді. Соны айтып, талай рет жымиып отырғанын өз көзіммен көрген едім... Өйткені ол өзінің ұлы ақын екенін ішінен жақсы білетін. Ақындықтың ауыр жүгі, жолы жіңішке әйел заты өз алдына, атандай ер-азаматтың да бекем белін қайыстырып жіберетінін ол әдебиет тарихынан терең қаныққан-ды. 1950 жылы орыстың ұлы ақын-ханшайымы Анна Ахматованы КСРО Жазушылар одағынан шығарып жібер­ген... Кейін Сталин өліп, ел ақыл-есін жиған кезде оны одаққа қайта қабыл­дайды. Сол кезде қатар жүрген заман­­дас-қоғамдастардың бәрі үнсіз қалып­ты. Ішінде ақынның дарынын ұна­та қоймайтын күншілі, көлеңкесінен қор­қатын жағымпаз, жансызы да бар... Сонда Данте Алигерьидің «Тәңірінің тәлкегін» тәржімалаған Лозинский суырылып шығып: «Орыс ғылым академия­сын Ломоносовқа қалдырғанымыздай, орыс поэзиясын да Ахматоваға қалдыр­ған­ы­мыз жөн болады!», – деген ғой! «Осы сөз айтылған тұста, – деп жазды Ахматова кейіннен, – мен орыс жерінің «ұлы жазушыларының» тершіген көздеріне қорқынышпен қарап отырдым...». Антипоэзия дейтін бір жексұрын бар мына жарық дүниеде. Адамзаттың алғашқы ақыны Гомермен ілесе туған. Атам­заманнан тайраңдап келеді. Тарих­қа қарап отырсаңыз, осы оңбағанның ең тежеусіз, бетімен кетіп, сайран салған кезеңі совет өкіметінің тұсы екен. Тексіз құл, бетсіз күңмен қоса құтырған пәле! Ленин шала сауатты, дарынсыз Демьян Бедныйды мемлекеттің бас ақыны деп жариялайды. Өзі тұрған Кремльден пәтер береді. Бұл кезде Александр Блок та, Осип Мандельштам мен Анна Ахматова да тірі. Блок аштан өледі. Мандельштам айдалып кетеді. Ахматова өле-өлгенше үйсіз-күйсіз өтеді. Фариза мен Ханбибінің соңынан еріп, өмірін өлеңге арнаған қарындас­тарымды көргенде белгісіз бір уайымға батып, көңілім құлазып кетеді кейде... Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ