• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2016

Әлеуметтік дерттің беті қайтты

266 рет
көрсетілді

Қаншама жылдан бері құрт ауруының бетін қайтаруға ба­ғытталған іс-шаралар өз нәти­жесін бере бастаған сыңайлы. Міне, қараңыз... Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысы негізін­де, медициналық ұйымдарды қайта ұйымдастыру, яғни орта­лықтандыру жұмыстары жүр­гізіліп, екі ауданда туберкулезге қарсы ауруханалар қажет­сіз бол­ғандықтан жабылды. Мәсе­лен, Байзақ ауданында өт­кен жылы ғана пайдалануға берілген 3 қабатты жаңа типтік ғимарат облыс көлеміндегі туберкулезбен ауырып, емделген науқастарды сауықтыру мақ­сатында 60 төсектік ересектерге арналған санаторийге қайта бейімделді. Нәтижесінде, облыс бойынша 105 тәуліктік төсек қысқартылды. Сондай-ақ, алғаш анықтал­ған науқастар арасында амбу­латориялық жағдайда ем қабыл­дайтындар саны өсуде, яғни 2016 жылдың басынан 10 пайыздан 28,5 пайызға дейін өсті. Ауруды анықтау, емдеу, оңалту және алдын алу шаралары бірыңғай кешенмен жүргізілуде. Нәтижесінде, 2016 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, облыста туберкулезбен аурушаңдық деңгейі 7,1 пайызға төмендеді, ал өлім-жітім көрсеткіші бір деңгейде қалды, 98 пайыз жаңадан туылған сәбиге егу жасалды. Жылдан-жылға жергілік­ті атқарушы билік­тің ықпал етуімен туберкулездің белсенді түрімен ауыратын нау­қастарға көрсетілетін әлеу­мет­тік көмектің көлемі өсуде. Дүниежүзілік Денсау­лық сақтау ұйымының 2016-2035 жылдарға арналған бағ­дарламасының негізгі мақсаты – туберкулез дертін түп-тамыры­мен жою. Бұл үшін үш базалық компонент анықталған. Біріншісі – дерттің алдын алу және кешендік емдеу болса, екіншісі – әлеуметтік саясат пен қолдаушы жүйелер және үшіншісі – заманауи инновация мен қарқынды медицина­лық технологияны енгізу болып табылады. Денсаулық сақтау және әлеу­­­меттік даму министрлігіне қарасты туберкулез мәселелері ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Ис­майловтың айтуына қараған­да, бүгінде елімізде 2025 жыл­ға қарай туберкулезбен сырқат­тану­дың алдын алу және одан болатын өлім-жітім деңгейі­нің көрсеткішін төмен­дету бо­йынша бірқатар жұмыс­тар жасалуда. Әлемдік тәжіри­бе көр­сеткендей, бұрынғыдай науқасты стационарлық жағдай­да ұстау – тиімді болып табылмайды. Қазіргі жаңа әдіс бойынша, туберкулезді жаңадан жұқ­тыр­ғандар мен дәрі-дәр­мек­ке төзімділік танытатын нау­қа­с­тар­дың бір бөлмеде, «бір ауа­­мен» тыныс алуы – дерттің ауыр жағдайын жұқтырып алу қау­пін арттырады, сондықтан амбу­латориялық емге басымдық беріліп отыр. Мұндай жағдайда, ауруды жұқтыру қаупі – 75 пайыз­ға төмендейтіндігі анықтал­ған. Сондай-ақ, науқас өз үйінде бол­ған соң, отбасы мүшелерінің пси­хо­логиялық қолдауы айтар­лық­тай көмектеседі. Ста­цио­нар­лық жағдайда ауыр нау­қастар­ға, дәрінің жанама әсер­лерін жою мақсатында басқа да ем түр­лері жүргізіледі. Жалпы, оны­мен ауырған науқасты ауруха­нада тәулік бойы ұстауға бір­шама шығын кетеді. Ал амбу­ла­то­рия­­­лық емдеу барысында үнем­делген қаражат мате­риал­­дық-техникалық базаны же­тіл­діруге, заманауи құрал-жабдықтар алуға және кадрлар біліктілігін арттыруға жұмсалады. Біріктіру моделі бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын күшейтуді көздей­ді. Оның аясында алдағы уақы­т­та емханаларда мамандандырыл­ған фтизиатриялық кабинеттер ашылады, олар ауруды ерте саты­сында анықтауға және тиімді емдеуге мүмкіндік береді. Фтизиатрларға ортақ міндетті орындауға ат салы­сатын үйлестірушілер­дің, учаскелік дәрігерлердің жұмыс­тары артылады. Жалпы жүйеге скринингтік тексерулер кіреді, ол қауіп тобындағы ауруларды белсенді түрде анықтайтын болады. Науқастармен байланыста болғандар эпидзерттеуден және тек­серулерден өткізіліп, оларға қауіпсіз жүріп-тұру ережелері түсіндіріледі. Сондай-ақ, бүгінде «шұғыл анықтаушы» деп аталатын аурудың бар-жоғын небары екі сағаттың ішінде анықтап беретін жаңа технология түрінің пайда болғандығын да атап айту қажет. Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Қайрат Жетібаев өңір­де әлеуметтік дерттің алдын алу мен кешенді емдеу бойын­ша жұмыстар тынбай жүр­гізіліп жатқанын айтады. Мақсат – дертпен аурушаңдықты жою және оның алдын алу үшін халық­ты ақпараттандыру. Елі­міз­де бұл дертпен күресу жұмыс­тары «Туберкулез ауруын бірік­ті­рілген (интеграциялық) бақы­лаудың ұлттық стратегиясы» ая­сын­да жүргізілуде. Сондай-ақ, оның негізгі бағыттары «100 нақты қадам» – Ұлт жос­пары  бағ­дарламасында медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы стандарттарын енгізу мақсаттарына да сәйкес келеді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»  Жамбыл облысы