• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2016

Көңілге үміт ұялатқан конгресс

238 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік энергетикалық жиында мұнай бағасы талқыланды Осы аптада әлемдік экономика дамуының негізгі қайнар көзі – энергетика саласы, әсіресе, алдағы кезеңдегі көмірсутегі бағасы тұрғысынан маңызды халықаралық жиын өткізілді. 9-13 қазан күндері Ыстанбұл қаласында 80 елден келген 250-ге жуық жоғары деңгейдегі тұлғалардың қатысуымен 23-ші Дүниежүзілік энергетикалық конгресс ұйымдастырылды. Конгрестің бұрынғы жиындардан бір ерекшелігі – оған кейбір мемлекет басшылары, атап айтқанда, Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, Венесуэла президенті Николас Мадуро қатысты. Жүз жылдан бері әр үш жыл сайын Дүниежүзілік энергетикалық кеңес тарапынан ұйымдастырылып келе жатқан энергетикалық конгресс – саланың өзекті мәселелерін тал­қылап, ортақ шешімдер ұсынатын жо­ғары деңгейдегі ірі халықаралық шара. «Жаңа мүмкіндіктерге жол» деген тақырыпта өткен конгрес­ке 10 мыңға жуық әлемдік саясаттағы ық­палды тұлғалар, энергетика ми­нистрлері, ірі энергетикалық ком­паниялар мен халықаралық ұйым­дар басшылары, ғылыми-зерт­теу орталықтарынан мұнай-газ өнеркәсібінің мамандары, қаржыгерлер қатысып, халық­ара­лық энергетика саласының дүние­жүзілік, аймақтық және мемлекеттік аспектілері мен перс­пективаларын талқылады. Түркия бұқаралық ақпарат құралдары конгреске Saudi Aramco, BP, Газпром, Shell, Total, Росатом, SOCAR, ЛУКОЙЛ, OMV, TANAP, E.ON, DESFA және CNNC сияқты жаһандық энергетикалық алпауыттардың қатысқаны туралы жаңалық таратты. Конгрестің ашылу салтанатында Дүниежүзілік энергетикалық конгресс төрағасы Дэвид Ким энер­гети­каның жаңа көздерін анықтап, олар­дың жаңғыртылмалы түрлерін пай­даланудың адамзат алдында тұр­ған негізгі мақсат екенін мәлім­деді. Түркия премьер-министрі Би­нали Йылдырым энергетикалық қайнар көздерін әртараптандырудың маңызына тоқталып, мұнай-газ өнімдерін тасымалдаудың қауіп­сіздігі, көмірсутегі бағасының тұрақ­тылығы мәселелерін қозғады. Бұған қоса, әсіресе, Әзербайжан мен Түркия үшін маңызы зор жоба – Оңтүстік газ дәлізінің Еуро­па энергетикалық қауіпсіздігі тұр­ғысынан алатын орны мен аталған жоба аясындағы жұмыстар барысы туралы ақпарат берілді. Ресей президенті В.Путин өз баян­дамасында көмірсутегі дәуірі­нің аяқталғаны туралы айту­дың әлі ерте екенін, мұнай мен газ бағасының алдағы кезеңде көте­рілу мүмкіндігін, ОПЕК елдері­мен келісім шеңберінде мұнай баға­сының тұрақтылығын сақтау мақсат­ында Ресейдің мұнай өндірі­сін бірқалыпты ұстауға, тіпті азайтуға дайын екенін мәлімде­ді. В.Путин энергетиканың дәстүр­лі қайнар көздеріне деген сұра­ныстың жаһандық экономикадағы автомо­бильдендіру және электрлендіру салаларында ғана емес, сонымен қатар, адам өмірінің әр түрлі салаларына мұнай мен газ химиясының енуімен бірге сақталатынын айтты. Мұнай өндіретін елдерде аталған саланың баяу дамуына және инвес­тиция көлемінің азаюына байланысты және ОПЕК ұйымының талаптарын ескеріп, өндірісті шектеу қажеттігіне назар аударылды. «Осы жағдай мұнай өндірісін шектеу немесе азайту дүниежүзілік энергетикадағы тұрақтылықты сақтаудың бірегей дұрыс шешімі болып табылады» – деді Ресей пре­зиденті. Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Алиев конгрестің Түркияда өтуінің маңыздылығына тоқ­­талып, Түркияның энергети­калық саясаттағы орнын және энергетикалық қауіпсіздік саласында жасаған оң қадамдарын атап өтті. И.Алиев Транс – Анатолия газ құбырының (TANAP) аймақтың энергетикалық кеңістігіндегі ай­рықша рөліне назар аударды. Түрік Республикасының пре­зиденті Режеп Тайип Ердоған Түр­кияның тиімді географиялық орналасуы, энергетика саласына инвес­тиция құюдың қажеттілігі, энергетика тасымалы саласындағы ірі жобалар туралы баяндама жасады. Түркия президенті «Біз Каспий мұнайы, әсіресе, Әзербайжан мұ­найын  «Баку – Тбилиси – Жейхан» мұ­най құбыры арқылы Жейхан пор­тына жеткізуді қамтамасыз еттік. Сондай-ақ, Әзербайжанмен бірле­сіп, Оңтүстік газ құбырының негізін құрайтын TANAP жобасын жүзеге асырудамыз. TANAP және оның жалғасы Транс – Адриатика құбыры (TAP) арқылы Әзербайжан газы Түркия мен Еуропа рыноктарына жеткізілетін болады» – деп мәлімдеді. Осы тұрғыда Түркия жай транзит елі болып қана қоймай, бүкіл аймақтағы сауда-экономикалық орталық болуды жос­парлайды (Financial Times). Дүниежүзілік энергетикалық конгресс аясында Ресей және Түркия президенттері кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық байланыстарын қайта жандандыру мәселелерімен қатар, ортақ жобаларды талқылап, халықаралық және екіжақты күн тәртібіндегі әр түрлі мәселелер бойынша пікір алмасып, тиімді келісімдерге қол жеткізді. Екі елдің мемлекет басшылары құны 12,7 млрд долларды құрайтын «Түрік ағымы» газ құбыры туралы келісімге қол қоюы аптаның басты жаңалығы болды. Келісімге сәйкес, Қара теңіздің түбінде әрқайсысының қуат­тылығы 15,75 млрд текше метр болатын екі газ құбыры салынып, оның біріншісі Түркияның қажет­тіліктерін қамтамасыз етуге, ал екіншісі Еуропаға бағытталады. Құ­рылыс жұмыстары 2019 жылдың соң­ында аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, тараптар Түркияда алғашқы «Аккую» атом электр стан­сасын салу, екіжақты әскери байла­ныстарды күшейту жөнінде келісті. Сондай-ақ, Түркияға тасы­мал­данатын табиғи газ бағасын тү­сіру туралы уағдаластыққа қол жет­кізілді. Конгресте сөз алған Сауд Ара­биясы энергетика министрі Халид әл-Фалих мұнай өндірушілердің қараша айына дейін өндіріс көле­мін азайту мүмкіндігі турасында оптимистік көзқараста екенін, баға­ның 20 пайызға өсіп, 60 долларға жету мүмкіндігін және өз елінің әр түрлі жағдайға дайын екенін мә­лім­деді. 28 қыркүйекте Алжирде өткен ОПЕК-тің бейресми жиынында мұнай өндірісін азайту туралы ортақ келісімге қол жеткізілген еді. Нарық бағасын реттеуге бағытталған мұндай мәлімдемелердің жасалуы ОПЕК-тің саясатында соңғы екі жылда болмаған өзгерістердің орын ала бастағанын білдіреді. Өндіріс көлемінің азайтылуы мұнайға деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы арақатынасты реттеп, бірте-бірте бағаның өсуіне алып келуі қажет. Конгресс аясында Ресей және Сауд Арабиясы министрлері екі­жақ­ты кездесу өткізіп, алдағы уақыт­та әлемдік мұнай нарығында тұрақ­тылықты сақтау мәселелерін талқылады және ОПЕК-ке мүше және мүше емес мұнай өндіруші елдермен бірлесіп, мұнай нарқы негіздерін жақсарту міндетіне берік екендіктерін мәлімдеді. Ал ОПЕК-тің 30 қараша күні Венада өтетін жиынында мұнай өндірісі көлемін азайтуға қатысты шешімдер қабылдануы мүмкін. Осылайша, Ыстанбұлдағы конгресс барысында өткізілген маңызды кездесулердің қорытындысы мұнай бағасының алдағы құнының қалай болатыны туралы сенімді ақпарат беріп, көңілге үміт ұялатты. Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, Шығыстанушы