Махмұт Қашқари.
Бүгінгі ұлы дүрмек – жалпыхалықтық сайлау тұсында Мемлекет басшысы болуға ұсынылған үміткерлер туралы саналы қазақ өз ойын айтып та, жазып та жатыр. Алдағы бесжылдық тағдырымыз шешілер сын сағатта мен де өз көзқарасымды білдіріп, пікір айтуды жөн көріп отырмын. Әуелі анықталуға тиісті жайт – Мемлекет басшысы қандай болуы керек? Қазақ бір-ақ ауыз сөзбен қорытып, былай дейді: «Атаның баласы болма, адамның баласы бол!». Ағылшынның өзім жақсы көріп, құрметтейтін қайраткері Маргарет Тэтчер ел басқару туралы былай депті: «Мен шаршамайынша, кетпеймін. Ал Британияға мен керек болып тұрған кезде, мен ешқашан да шаршамаймын». Қазақстан Президенттігінен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың бойында ел басқаруға қажетті қасиеттер бар ма? Әрине, бар. Еліміз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған 20 жылда Н.Ә.Назарбаев өзінің ел басқаруға лайықты тұлға екенін сөзсіз дәлелдеді. Осы еңбегі еленіп, былтыр оған «Ұлт көшбасшысы – Елбасы» лауазымы беріліп, заң түрінде бекітілді. Ұлттың көшбасшысы мемлекетіміздің кешегісі мен бүгінгісін, ертеңгі бағыт-бағдарын көп азаматтарға қарағанда жақсы түсінеді, жетік біледі. Ендеше, әңгіме: «Біз 2016 жылға дейін Нұрсұлтан Назарбаевты Президент етіп сайлаймыз ба?» дегеннен гөрі: «Біз Елбасыға қаншалықты сенеміз?» деген сұрақ төңірегінде болуы керек. 5 миллионнан астам адам қол қойып, бүкіл халық референдум арқылы президенттік өкілеттігін он жылға созуға дайын болып тұрғанда да, заңды бұрмалауға жол бермес үшін кезектен тыс сайлау өткізу туралы ұсыныс тастауы – Елбасының көрегендігін ғана емес, саясаткер ретіндегі өзіне сенімінің бекем екендігін білдірсе керек. Өйткені сайлау науқанын өткізу арқылы Нұрсұлтан Назарбаев саяси қарсыластарына өзімен ашық майданда тайталасып, күш сынасуға мүмкіндік берді. Бір нәрсе анық – Елбасының біздің халқымыздың арасындағы абырой-беделі ерекше. Қазіргі билік атына әлдеқандай сын айтылып жатқанда да, Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігіне, қажыр-қайратына, білімі мен елге қызмет етуге даярлығына ешкім шүбә келтіре қоймас. Әуелі Елбасының халқына көрсеткен қызметі, сіңірген еңбегі туралы айтудың реті келіп тұр. Мен Елбасыны жөнді-жөнсіз мадақтай беруге қарсымын. Қазақтың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөзін де жоққа шығармаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсылыстарынан оқ бойы озық тұрғаны, Қазақстанның мемлекеттігін қалыптастыруға ерен еңбек еткені – шындық. Мұны мойындау керек. Меніңше, Нұрсұлтан Назарбаев – бір қоғамнан екінші қоғам тудырған адам. Бұл ойды мен бұрын да айтып жүрмін. Бір қоғам екінші қоғамға ауысар тұста еліне дұрыс жол нұсқап, бәсекеге қабілетті мемлекет жасауға бастады. Барша Қазақстан халқы – бір ұлт. Елбасының соңғы жылдары сөйлеген сөздерінен, жасаған баяндамаларынан осындай ойды жеткізгісі келетіндігі байқалады. Жүзден астам этностар біте қайнасып, тату тірлік кешіп жатқан Қазақстанның азаматтары шетелге барғанда, бөгде жұрт оларды «қазақтар» деп қарсы алады. Мейлі, ол орыс болсын, неміс болсын, мейлі корей болсын... Біздің елдің спортшылары жат жерде бақ сынасып, намыс қайрап жатқанда, шетелдік журналистер «қазақ спортшылары» туралы ақпарат таратады. Халықаралық сарапшылар «қазақ мұнайы», «қазақ алтыны» жайлы қаржылық-экономикалық талдау жасап, өз пікірін білдіріп жатады. Ендеше, баршамыз «қазақ» болғанда тұрған не бар? Францияда бәрі – араб та, түрік те, алжирлік те – француз. Ал Германияда – этносына қарамастан барлық тұрғынның неміс екені ешкімді таң қалдырмайды ғой. Ендігі жерде, Қазақстан халқы бірігуі керек, ынтымақты болуы керек. Ұлт болып ұюы керек. Бұған қоса әркім өзінің ата-тегін, этностық ерекшелігін, тегін біліп, туған мәдениетін құрметтеуі тиіс. Осы 20 жылда Елбасы этносаралық салада сауатты саясат жүргізе білгенін мойындайық, ағайын. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар бұл жөнінде өз ойларын айтып та жүр. Олардың ой-пікірін қайталаудың қажеті шамалы. Мен бір ғана нәрсенің басын ашып айтайын: өзгенікін жоққа шығармай, ортақ құндылықтар қалыптастыру – ұлттық саясатымыздың өзегі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көздегені – осы. Осындай көреген саясаттың арқасында Қазақстан тұрақтылық аймағы болып қалып отыр. Ал Нұрсұлтан Назарбаев – осы тұрақтылықтың бүгінгі таңдағы кепілі. ...Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшылығына тағайындалып келген кезі көз алдымда. Аласапыран, ішкі түйткілі көп кезеңде қазақтан шыққан ұлдың ел тұтқасын ұстағанына мейірлене қуанып едік. Шын ниеттес қуанышымды білдіру үшін Бірінші хатшының қабылдауына өзім сұранып бардым. Сол жолы мен Ел тұтқасын сеніп тапсыруға болатын азаматты көрдім. Ішкі түйсігім таңдаудың дұрыс болғанын сездіргендей еді. Осы жылдарда Елбасының барлық қарекет-тіршілігіне, қолға алған шаруалары мен тындырған істеріне қарап отырып, елдің тағдыры сенімді қолда екеніне көзім жетті. ...Сол қабылдаудан кейін біраз жылдар өтті. Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың Тұңғыш Президенті болып сайланды. Еліміз тәуелсіздік алды, мемлекеттік шекарасын бекітіп, етек-жеңін қымтады, мемлекеттік рәміздерді қабылдады. Бұл жылдар қиындықсыз болған жоқ. Бірақ нендей қиындық болмасын, қандай экономикалық, қаржылық, әлеуметтік әлде басқа да ауыртпашылықтар алқымымыздан алмасын, Нұрсұлтан Назарбаевтың ақылды басшы, қажырлы саясаткер ретіндегі бейнесі көмескіленген жоқ. Керісінше, қырланған алмастай уақыт өте жарқырай танылып, шыңдалып келеді. Елбасының халқына деген жанашырлығы ерекше. Тоқсаныншы жылдардың ішінде Президенттің: «Өз күніңді өзің көр!» деген сөзі қоғамдық ортада біраз сын-талқыға түскені есімде. Осы ұранның астарынан билік пен халықтың арасын алшақтататын мағына көргендер де табылған сол кезде. Бірақ уақыт өте келе бұл сөздің халықты адал еңбек етуге, ерінбеуге шақыру екенін түсіндік. Абай атамыздың: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген даналық өсиеті тағы да алдымыздан шықты. Осы жылдары қандай да экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар, жетім балалар, көп балалы аналар, қарттар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері Елбасының тапсырмасы бойынша Үкіметтен әлеуметтік көмек алып келеді. Шағын және орта бизнес саласындағы азаматтарға арнайы несиелер берілді. Елімізде жылма-жыл ауқатты да қайырымды бай жігіттердің саны артып келе жатқаны – осының дәлелі. Елбасы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылында өнердің, мәдениеттің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Өнердегі талай тума таланттарға қолдау көрсетіп, дер кезінде демеп жібергені туралы әңгімелерді жиі естимін. Рухани саланың өкілдері арасында Елбасының жанашырлығын сезінбегендер кемде-кем шығар. «Мәдени мұра» – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен жүзеге асқан іргелі жоба. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Өзбекстан, Армения, Мысыр, Сирия және бірқатар Батыс Еуропа елдерінен бұған дейін ғылыми ортаға беймәлім болып келген тарихи-этнографиялық қолжазбалар мен басылымдарды жинақтап, олардың көшірмелерін отандық мұрағаттарға жеткізіп, ғылыми айналымға түсірудің пайдасын айтып жеткізу мүмкін емес. Осы бағдарламаның аясында Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштері санатына қаншама жаңа жәдігер келіп қосылды, қаншама ескерткіштерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті жинақталған «Бабалар сөзі» сериясы, халқымыздың құқықтық санасының даму кезеңдеріне арналған «Қазақтың ата заңдары» сияқты қаншама құнды еңбектер жарық көрді. Осы бағыттағы жұмыстар нәтижесінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық петроглифтер кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мұралар тізіміне енгізілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Мәдени мұра» бағдарламасын: «Мемлекеттің мәдениетке ерекше көңіл бөлуін айқындайтын стратегиялық ұлттық жоба» деп атаған еді. Бұл жобаның қызығын біз ғана емес, келешекте әлі талай ұрпақ көретін болады. Жақында Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен барып, Түркістан қаласында зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысының қасиетті жұма күні Түркістан топырағына барып, бабаларымыздың басына зиярат етуі – қазақы ұғымда көңіл толқытатын, жүрек тебірентетін оқиға. Нұрсұлтан Назарбаевтың мынандай сөзі бар: «Қазақ мемлекеттігін қалыптастыруға аса күшті ықпал еткен бірлі-жарым құтты мекен бар. Оның бірі – көне шаһар Түркістан. Ол – халқымыздың рухани астанасы». Бұл сөздер Мағжан ақынның: «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой, ....» деген өлең шумағын еске түсіреді, рухты серпілтеді. Бүгінгі Астана туралы айтсақ, оның жөні тіпті бөлек әңгіме. Бұл қаланы «Назарбаев туындысы» деп те атайды. Мен де осы қаланың тұрғынымын. Астананың күн сайын күш алып, қуаттанып келе жатқаны көз қуантады, көңіл жұбатады. Қазақтың сайын даласында әлемнің дамыған мемлекеттерінің астанасымен тайталаса алатын бас қаламыз өсіп келеді! Әлі де өсе түспек. Бабаларымыз жалаң кеудесімен осыншама байтақ мекенді қорғап, ұрпағына мұра етіп қалдырып еді. Енді, міне, ХХІ ғасырдың қазағы қала салып, кешегі мәдениеті мен бүгінгі адамзаттық өркениетті ұштастырып, заманға сай дамып жатыр. Тәубе! Елдігімізге, тыныштығымызға, Тәуелсіздігімізге тәубе! Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді. Еліміздің ынтымағы, халқымыздың бірлігі үшін баршаңызды Қазақстан Президенттігінен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруге шақырамын! Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
•
25 Наурыз, 2011
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА: «Мен Елбасыға сенемін!»
825 рет
көрсетілді