• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2016

Тәуелсіздікпен тел өскен кәсіпкер

319 рет
көрсетілді

Қостанай ауданы орталығына орналасқан «Қарасу-ЕТ» ет комбинатын қазір облыс төңірегі ғана емес, бүкіл ел, одан қалды көрші Ресейдің шекарадағы облыстары біледі десек, артық емес. Неге біледі дейсіз ғой? Өйткені, әңгіме «Қарасу-ЕТ» ет комбинатының жыл сайын жүзден аса аталыммен 5 мың тоннадан артық ет өнімдерін өндіргенінде ғана емес екен. Әңгіме өнімнің таза сапасы мен комбинаттың еуропалық стандарттарға қол жеткізуінде болып отыр. Қазір облыстағы, тіпті Астанадағы құлағдар болған мейрамханалар келушілерге ас мәзірін жасау үшін ет өнімдерін «Қарасу-ЕТ» комбинатынан алуға тырысады. Мұнда малдың етін мүшелейді. Мүшелегенде төс, жамбас деп балталамайды, «стейк-тибон», «стейк рибай» деп сыртына жазып, поли­этилен қалтаға салып, қатырып қояды. Сапасына сыртқы безендірілуі сай, көз тойып, жұтып жіберердей болып тұрады. «Стейк тибон» дегені белдеменің жартысы, «рибайы» – кәдімгі қабырға. Оның мінсіз кесілуі, майының жобасы да стандартқа сай болуы тиіс. – Қонағының алдына етті мүшесімен тартқан қазақтан өтетін философ, демократияшыл халық табуым қиын. Қа­зақ қонағына қой сояды да, дастарқан басындағы жасы үлкен ақсақалға бас қояды, құдаға жамбас, күйеуге төс, деп жалғаса береді. Ал хал­қы­мыз «жауырынды жауға береді» дейді. Жау­ырынның еті ең жұмсақ, дәмді ет. «Тас­пен ұрғанды аспен ұр» деген сөзі тағы бар. Сонда өзіне жаулық еткенді қазекем қалай сыйлайды десеңші. Алла тағала не­сібені халқыма осындай ақ ниеті үшін де берген шығар, – деп Алмат сөз арасында басын шайқап қояды. Еуропалық стандартпен жылына 5400 тонна ет өнімдерін өндіретін «Қара­су-ЕТ» комбинаты «Қарасу» сауда-өнер­кә­сіп компаниясының жетекшісі Алмат Тұр­сы­нов құрған ет кластерінің биік шыңы, кә­сіп­кер мақсатының орындалуы дер едік. Алматқа алға қойған мақсатқа жету оңай болды ма? Әрине, жоқ. Тағы да өткенді шолмай әңгіме қызбайды. Еліміз тәу­елсіздігін алған жылдары Алмат от боп жанған жиырма бестегі жігіт еді. Көп балалы отбасында өсті. Алдыңғы ағаларының ізімен жоғары білім алып, механик мамандығын меңгерді. Ұлы Отан соғысының ардагері, ғұмыр бойы ауыл шаруашылығында қызмет еткен, қаржыгер, көзі ашық әкесі Жанәбіл қария ұлдары үшін ұстын болатын жарықтық. 90-шы жылдары әр шаруашылықтағы мыңдаған бас мал көз алдында тиынға арзымай тегін сойылып, талан-тараж болғанда әкесі: «Балаларым, ауылдан кетпеңдер, малды құртпаңдар, қашаннан малы кеткен қазақтың күні қараң болған, малды ұстап қалыңдар», деді. Әкенің осы сөзі ұлына Құран сөзіндей естілді. Зерек ұл кәсібін де, нәсібін де ауыл шаруашылығынан көруге бел буды. Әрине, ол кезде Алмат Жанәбілұлы да кәсіпкерлік үшін пайданың көзі астық өсіруде деген ұғымда болды. Жерді айқыш-ұйқыш жыртып, көктемде бір, күзде бір келіп жер-ананың бергенін ғана уыстап алып, тайып отыратын кәсіпкерлер ілуде болса да бүгін де кездеседі. Ал 90-шы жылдары астықтың түсімі озық технологиядан екенін ойлайтындар көп болмайтын. Гектар айналымын жердің табиғи құнарынан деп түсінетіндер немесе жерді күтуге мойыны жар бермейтіндер қатары қалың еді. Ал Тұрсынов 1999 жылдың өзінде кәсіпкерлік көзді жұмып, жер тырналай беру еместігін, оған ғылым, жаңа технология тұрғысынан келу керектігін түсінді. Қостанай облысындағы астық алқаптары біраз жылдар бойы күтілмегендіктен ол түрлі зиянкестерден зардап шегетін. «Қарасу» сауда-өнеркәсіп компаниясына кіретін шаруашылықтар облыста бірінші болып химиялық пар өндірісін енгізгеннен кейін алқаптардың 60 пайызын зиянкестерден тазалауға мүмкіндік туды. Осыған дейін жарамсыз болып қалған алқаптарды айналысқа қосып, оларды нөлдік технология элементтерімен өңдеуге қол жеткізілді. 2002 жылы республиканың интеллектуалдық меншік құқы жөніндегі комитеті «Парға қалдырылған және тыңайған жерлерде дәнді дақылдарды күтіп-баптаудың тәсілдерін тапқаны үшін» Алмат Тұрсыновқа өнертабыстың иесі ретінде №14248 сертификатты тапсырады. Келесі жылы Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары «Қараман-К», «Рамазан-Қарасу» шаруашылықтарына келіп, астық құмыты зиянкесіне қарсы шараны зерттеуге кіріседі. Ол бойынша док­тор­лық, кандидаттық диссертациялар қор­ға­лады. Жер өңдеудің инновациялық бағ­дарламасын игеру арқасында қандай құр­ғақшылық жылдары да компания ша­руашылықтарының кеусені бос қалған емес. Қазір «Қарасу» сауда-өнеркәсіп ком­паниясының астық алқабы 220 000 гек­тарды құрайды. Астықты тек жинап қой­май оның сақталуына, өңделуіне инвес­тициялар тарта отырып, екі элеватор, екі астық қоймасына қол жеткізді. Қазір компанияның 260 мың тонна астықты сақтауға мүмкіндігі бар. Екі диірменде күніне 100 тонна астықтан ұн тартылады. Кәсіпкер ауыл шаруашылығындағы қос өрім сала – егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын қатар дамыту керек­ті­гін түсінеді. Ол үшін екі саланы да озық тех­нологиялар арқылы жаңғырта дамыту қа­жет еді. Ол асыл тұқымды мал өсіруді қол­ға алады. 2000-шы жылдардың басында 141 бас қазақтың ақ сиыры сатып алынады, қазір шаруашылықтардағы асыл тұқымды малдың жалпы саны 5700 басқа жетті. Компанияның басқа шаруашылықтарында Зеңгі бабаның етті әулиекөл тұқымы да өсіріледі. Қазір өңдеу кәсіпорнын қамтамасыз ету үшін «Қараман-К» шаруашылығында екі жарым мың қазақтың ақ бас сиыры бордақыланады. Осы шаруашылықта мал тезегін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіретін биогаз қондырғысы орнатылды. Ол шаруашылықтың цехтарын және селоны түгел электр энергиясымен қамтамасыз етіп тұр. Органикалық қалдық қалдырмайтын экологиялық маңызы зор және арзан электр энергиясын өндіретін бұл қондырғының елімізде әлі баламасы жоқ. Ауыл шаруашылығы дамып келеді. Оның Елбасы айтқандай, әлі-ақ еліміз экономикасының драйверіне айналарына Алмат Жанәбілұлының сенімі таудай. Оның бала кезіндегі бір сурет есінен осы уақытқа дейін кетпейді... Нағашысы Есен дейтін кісі баяғыда кеңшар басқарды. Асқабақтай домаланған 7-8 жастағы жиені Алмат оның машинасына мініп алады. Ауыл мен ауылдың арасы машинаның өзіне біраз жер, селеулі дала айналып қалып бара жатады. Баданадай көзін алысқа қадап отыратын бала сұрақ қояды. «Нағашы, мына жерлер осылай жата ма, мұнда кейін не болады?» дейді. «Бұл дала­ға да шаруашылықтар түседі ғой» деп жауап береді нағашысы. «Ал совхоздар кейін не болады?» деп сұрайды бала. «Совхоздар аудан орталығына айналады». «Аудандар не болады?». «Аудандар қала болады». «Ал қалалар не болады?» дейді бала. «Қала астана болады» дейді нағашысы. Бала сұрақты тоқтатып, далаға қараған күйі ойланып қалады. Заманның өзгеретінін, елдің тәуелсіздігі жақындап келе жатқанын баланың да, атаның да ішкі түйсігі сезгендей. Екі ұрпақ өкілінің әңгімесін періште әумин десе керек. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген, сол ата мен бала арасындағы әңгіме, бала қиялы бүгінде шындыққа айналды әрі болашағының көкжиегі кең боларына жүрек түбінде жатқан сенімі тағы бар. Қазір облыстағы белді кәсіпкер, ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы болып қалыптасқан Алмат Тұрсынов боз даланың бәріне мал жаюды, қазақтың етін дүниенің төрт бұрышына бренд етуді ойлайды. Екеуміз оның өзі басқаратын «Қарасу» сауда-өнеркәсіп компаниясына кіретін «Тобыл» мейманханасының фойесінде отырмыз. Бұл қонақтар қай шетелден келсе де Қостанай қаласындағы ұялмай көрсететін ең үздік қызметі бар мейманхана болып табылады. «Біз еуропалық стандарттан қалмауымыз қажет және жұртқа көрсететін өз брендіміз болуы тиіс», деген кәсіпкер ұстанымын айғақтап тұрғандай. – Бізге ата-бабамыз жұрттың қолы жетпейтін байлық қалдырды. Ол – жер! Қандай бизнес жасаймын десең де жер жетеді. Дамыған елдерден бизнесті үйренуіміз керек, үйрендік те. Бірақ өз­генікін сол күйінше көшірмей, қолдан келгенді жасауға, дамытуға тиіспіз. Біз төрт түлігімен бай болған, осынша жер­ді бізг­е қалдырған аталар ұрпағымыз. Сон­дық­тан еттің брендін жасауымыз керек. Бұл менің өз пікірім, өзімнің қолымнан келетін іс, – дейді Алмат Жанәбілұлы. Иә, кәсіпкердің айтатынындай бар. Қазір «Қарасу» сауда-өнеркәсіп компаниясында бірнеше шаруашылық тек сиыр етін өндіретінін айттық. Әсіресе, «Қараман-К», «Жаңабек» шаруашылықтарында еті мәрмәр қазақтың ақ бас сиыры өсіріледі. Халқымыздың ет бағытындағы асыл тұқымды төл малы, Еуропаға ұсынсаң да, Азияға ұсынсаң да тұтынушы өзі айтып өзі алатын, дәмі тіл үйіретін ет. Солтүстіктің суығына төзімді, суына, шөбіне үйренген, тез семіретін малдың бұл тұқымы қыс ауыр болған жылдары теңселіп шықса да, көкке аузы тиісімен түлеп сала береді жануар. Осы малды бизнесінің өзегі еткен кәсіпкер өзін Қазақстанның патриоты санайды. Қазақстандағы бизнестің түпқазығын қаққан Елбасы шетелдерге шыққанда кәсіпкерлерді қасына ертіп жүрді, дамыған елдердегі ерекшеліктерді көрсетті, жақсысын үйренуге жағдай жасады. Биз­нес­ті, оның ішінде ауыл шаруашылығы сала­сын дамыту үшін кәсіпкерлерді қол­дайтын қаншама бағдарлама өмірге келді. Субсидия, лизинг, несие, грант түрінде жеңілдіктер, көмек беріліп жатыр. Алмат Тұрсынов осы мүмкіндіктердің ешқайсысын құр жіберген жоқ, барлығын да пайдаланды. Міне, соның арқасында ол облыстағы ең ірі ет кластерін құрды. «Қарасу-ЕТ» ет комбинаты елімізді дамы­ту­дың индустриялық картасы аясында өмірге келді. – Барлығы да еңбек пен ізденістің, білімнің, мемлекет тарапынан қолдаудың арқасында мүмкін болды. Алдымен малды өсірдік, бордақылау алаңдарын көбейттік, заманауи өңдеу кәсіпорнын құрдық, шаруашылықтағы бұзаудан «Қарасу-ЕТте» дайындалатын «стейк-рибайға» дейінгі жол – бүгінгі мінсіз ет кластері. Біздің 25 жылда жеткен жетістігіміз! – дейді Алмат Жанәбілұлы. Қазақ даласында өндірілген ет қазақ­тың бренді және байлығы. Өйткені, өндір­ген өнімің сұранысқа ие болғанда ғана бизнестің қадамы жүреді. Қостанай облысы Ресейдің Челябі, Қорған, Орынбор облыстарымен шектеседі. Басқасын айтпағанда, Челябі мен Магнитогор – өндірісті қалалар. Олар Қостанайдан бар-жоғы 300-400 шақырымда жатыр. Бұл жерде 4 миллиондай халық бар, одан сәл әріректе өндірісті Екатеринбург қаласы, Свердлов облысының 5 миллиондай тұрғыны ет керек деп отыр. – Міне, айналаның бәрі – нарық. Осыны пайдалануымыз қажет. Біздің компания биыл бір жылда Ресей нарығына 600 тонна сиыр етін шығаруы қажет еді. Соның 400 тоннасын жібердік. Еліміздегі кей облыстарда орын алған күйдіргі ауруына байланысты Ресей жағы сауданы уақытша тоқтатпағанда қазір бұл жоспарды артығымен орындар едік. Келер жылы экспортқа ет пен ет өнімдерін шығаруды ұлғайта береміз, – дейді кәсіпкер. Алмат Жанәбілов бизнеске білім керектігін Елбасы сөзінің өмір шындығы екеніне тәнті. Өзі механик болумен қатар экономист мамандығын меңгерді. Есеп-қисапты шемішкеше шағады. Халқымыз тарихынан мол хабары бар кәсіпкердің келтірген мәліметтері еліміздегі ет клас­терінің болашағы зор екенін де білдіреді. – Кеңес Одағы жылдары Қазақстан Ресейге жылына 400 мың тонна ет жіберді. Бағасын айта көрмеңіз – тиын-тебен, текке кетіп жатты. Біз ет экспорттауда осы деңгейді бағындыра алмаймыз ба? Және оны еттің бүгінгі бағасымен есептей беріңіз, қазынаға миллиардтар ағылар еді. Ол үшін әрине, елімізде жайылым, құ­нар­лы жем-азық, ауыз су, мамандар дайын­дау, озық технологияларды игеру се­кілді көптеген мәселелер шешімін табуы тиіс. Олардың барлығы да болашақта шеші­мін табарына сенімдімін, – дейді Алмат Жанәбілұлы. Кәсіпкер мұны бекер айтып отырған жоқ. Ол шаруашылықтарында малдың құлағына қысқаш қадап, қайда жайылып жүргенін мобильді байланыс арқылы бақылау секілді озық технологияларды енгізе бастады. Австралиядағы секілді мыңдаған бас малды санаулы ғана бақташы бағатын күнге жетеріне де сенімді. Қазір «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компаниясында 3 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Елбасы айтқан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін кәсіпкер ұмыт қалдырған емес. Шаруашылықтары орналасқан ауылдарда спорт сарайлары, стадиондар, тұрғын үйлер бой түзеді. Кәсіпкер әлеуметтік сала қызметкерлерін, өнер, шығармашылық адамдарын әлеуметтік жағынан қолдап отыратын облыстық «Меценаттар клубының » тұрақты мүшесі. Сөзімізді бастаған «Қарасу-ЕТ» ет өнімдері комбинатымен әңгімемізді қайырғанды да дұрыс көріп отырмыз. «Қарасу-ЕТ» комбинатында өндірілген шұжық түрлері дүкендерде жатып қалмайды, пышақ үстінен кетіп отырады. Өйткені, Қостанай жұрты баяғыдай табылғанын қанағат тұтпайды, ешқандай қоспасы жоқ таза еттен жасалған сапалы шұжықты іздеп жүріп алады. Тұтынушы талғамын да тәрбиелейтін өндірушінің өзі екен. Ал зерек, ізденімпаз, білімді, халқының тарихынан да, дәстүрінен де хабардар рухани бай, елінің, жерінің пат­риоты Алмат Тұрсынов азаттық алған жылдардан бергі 25 жылда қалыптасқан қазақ кәсіпкерлерінің сом тұлғасы секілді елестейді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ