• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2016

Жұмыс нәтижесі қорытындысынан көрінеді

177 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет отырысында бірнеше маңызды мәселе қаралды. Мәселен, «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды іске асыру туралы» Үкімет қаулысы қабылданды. Сондай-ақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту жайы, жекешелендірудің жүргізілуі және мүлікті заңдастыру науқанының барысы талқыланды. Отырысқа Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті.

Бюджетті сапалы  орындау керек

Бұдан бұрын Мемлекет басшысы қол қойған заңды жүзеге асыру туралы қаулыда 2017 жылдағы республикалық бюджет көрсеткіштері, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасына трансформациялау аясындағы шаралардың жүзеге асырылуы қамтылған. Өйткені, алдағы жылдың бюджет шығындарының негізгі басымдығы аграрлық секторды үдемелі дамытуға, индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті дамытуға, көлік инфрақұрылымы мен әлеуметтік саланы дамытуға берілгені белгілі. Соған байланысты құжатта ерекше маңызды бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталған басымдыққа ие республикалық бюджет инвестицияларының тізімі бекітілген, Үкіметтің ағымдағы трансферттері мен резервтері реттелген. Осы ретте Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қаржы министрлігіне бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп қаржыландыру және бюджеттік қаражаттарды пайдалану шараларын уақытылы қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, республикалық бюджетті сапалы түрде іске асыру қажеттігін ескертті.  

Мемлекет-жекеменшік әріптестігі жетіле түсті

Бүгінде елімізде мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы жалпы сомасы 19,6 млрд теңгеге 27 жоба бойынша келісімшарттар жасалған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлімдеді. Министр мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын әзірлеу мен даярлау бойынша ауқымды жұмыстар басталғанын және бұл тұрғыда өңірлер белсенділігінің артып келе жатқанын жеткізді. Осы орайда министр аса белсенді өңір ретінде Шығыс Қазақстан облысын атап өтті. Бұл өңір жалпы құны 6,7 млрд теңгеге 11 балабақша бойынша келісімшарттар жасасқан, оның ішінде Семейде 1 290 орындық 5 балабақша мен Өскеменде 1 640 орындық 6 балабақша бар. Сонымен қатар, жалпы сомасы 51 млрд теңгеге екі аурухана бойынша конкурс жариялау жоспарлануда. Ал Алматы облысында 1,5 млрд теңге сомасына 7 қызмет көрсету-әзірлеу орталығының жобасы бойынша келісімшарттар жасалып, 1,9 млрд теңге сомасына 3 балабақша бойынша байқаулар жарияланған. Ақтөбе облысында мұз сарайы, жедел жәрдем стансасы, офтальмологиялық және стоматологиялық клиникалар мен екі спорт ғимаратын жалдауға қатысты 6 жоба бойынша 9,7 млрд теңге сомасына, Ақмола облысында екі балабақша бойынша 1,3 млрд теңге сомасына келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар, жалпы құны 22,9 млрд теңге сомасына балабақшалар, емхана, аурухана мен тұрғын үй кешендері нысандарын реконструкциялау және салуға қатысты 50 жоба бойынша құжаттар әзірленіп жатыр. Айтқандай, қазіргі күні мемлекет-жекеменшік әріптестігі туралы заң бойынша өңірлер үшін шағын типті жобаларға қатысты көптеген жеңілдетілген рәсімдеулерді қолдану қарастырылған. Мәселен, Қ.Бишімбаевтың айтуынша, жеңілдетілген шара­лар­ды қолдану сараптама жасаудан бастап келісімшарт жасауға дейінгі мерзімді 4-6 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді, бұл стандартты рәсімдеулерден 2,5 есе аз. Сонымен қатар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, екінші деңгейлі банктердің және аймақтардың ұсынысына сәйкес, МЖӘ жобаларын жоспарлау және жүзеге асыру ережесіне сараптама мен келісім жасау бойынша өзгерістер енгізіледі. Сөйтіп, жоба тұжырымдамасының сараптамасы 75 күннен 30 күнге дейін, конкурстық құжаттау 70 күннен 35 күнге дейін, біліктілік бойынша іріктеу 15 күннен 5 күнге дейін қысқармақ.  

Жекеменшік балабақшалар көбейді

Елімізде мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту барысы әсіресе білім беру нысандарын, оның ішінде балабақшалар салуға көп көмегін тигізіп жатыр. Мысалы, республикада 2017-2019 жылдарда 154,5 мың орынға 1 630 мектепке дейінгі мекемені ашу жоспарлануда, оның ішінде 154,5 мың орынға шақталған 970 жекеменшік ұйым ашылмақ. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Е.Сағадиевтің айтуынша, қазіргі кезде елімізде 9 407 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді, олардың ішінде жекеменшіктің үлесіне 2 413 немесе төрттен бір бөлігі тиесілі. 2016 жылы мектепке дейінгі ұйымдар желісі 811 бірлікке арттырылды, оның ішінде МЖӘ тетіктерін қолдану есебінен 1,3 мың орынға шақталған 7 балабақша ашылды. Жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер саны 10 есеге артып, 100 млрд теңгеден астам жеке инвес­ти­ция­лар мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесін дамытуға жұмсалған. Министр, сондай-ақ, заңнамалық негізде жеңіл­діктер ұсыну мәселесі реттелгеніне тоқталды. Атап айтқанда, корпоративтік салық алынбайды, жер салығының мөлшерлемесі 10 есеге төмендетілді, мүлікке салынатын салық салықтық базаға 0,1 пайыз мөлшерлемесінде есептеледі. Оған қоса, жекеменшік балабақшалардың тәрбиешілерін мемлекеттік бюджет есебінен оқыту мәселесі пысықталуда.  

Ашықтықты қамтамасыз  ету қажет

Үкімет отырысында жекешелендіру жұмыс­тары­ның биылғы қорытындысы талқыланды. 2016 жылы құны 9,5 млрд теңге тұратын 111 нысан сатылыпты. Бұл туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, бұл ақша көлемі бойынша рекордтық емес, алайда нысандар саны бойынша былтырғы жылғымен салыстырғанда көп. Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 2014 жылғы маусымнан бастап, барлығы 359 нысан сатылды. Одан 88 млрд теңге қаржы түсті. Оның шамамен 72 пайызын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының нысандары құрайды. Олардан түскен сома 63 млрд теңге. Бұдан басқа, бүгінгі күнге бағалау құны 183 млрд теңге болатын 193 нысанды сату жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Қаржы министрінің айтуынша, жалпы, жекешелендірудің екінші толқыны басталғалы сауда-саттыққа 552 нысан шығарылды. Бірақ бекітілген жоспар бойынша биыл 614 нысан шығарылуы қажет. Яғни, жылдың аяғына дейін 62 нысанды сауда-саттыққа шығару жоспарланған. Осы 62-нің 43-і осы уақытқа дейін мүлдем сауда-саттыққа шығарылмаған. Яғни, кестеден қалып келе жатқан нысан. Олардың көпшілігі квазимемлекеттік сектордағы 35 нысан. Қалған 8-і коммуналдық меншік нысандары. Министр, сондай-ақ, сауда-саттық кестесінен қалып қоюдың негізгі себебін нысандар бойынша сату алдын­дағы дайындықтың уақ­тылы жүргізілмеуімен түсін­дірді. Сөйтіп, әкімдіктерге, холдингтерге және әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорацияларға жоспар­лан­ған нысандарды жылдам сауда-саттыққа шығару үшін сату алдын­дағы дайындықты жедел түрде аяқтауды ұсынды. Ал Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өз кезегінде мемлекеттік органдар мен холдингтерге жекешелендіруді жүргізу аясында ашықтықты қамтамасыз етуді тапсырды. Шетелдік инвесторлар тарапынан жекешелендіру нысандарына зор қызығушылық білдіріліп отырғанын атап өтті. «Бұл жерде бізге инвесторлар үшін ашықтық пен түсінікті ережелерді қамтамасыз ету маңызды», деді Б.Сағынтаев.  

Заңдастырудың тиімді  әсері қандай?

Мүлікті жария ету акциясының аяқталуына тым аз уақыт қалды. Ол осы жылдың соңында аяқталуы керек. Үкімет отырысында осы науқанның барысы туралы да айтылды. Мәселен, бүгінгі күнге дейін 4 трлн теңге жария етілген, оның ішінде 1,1 трлн теңгесі – мүлік, 2,9 трлн теңгесі – ақша. Бұл ретте, жария етілген қаражаттың 14 пайызы, яғни 400 млрд теңгесі шетелдердегі банк шоттарынан түсті. «Күткеніміздей, акцияның соңғы айларында қарқын көтерілгені байқалуда. Мәселен, елдегі мүлік бойынша, егер жария етудің орташа айлық құны осы жылдың 9 айында 45 млрд теңгені құра­ған болса, қазан айында жария ету сомасы 56 млрд теңге, ал қараша айында 114 млрд теңге болды. Яғни, жыл­дың басынан 2,5 есеге өсті. Ал егер 2014-2015 жыл­дардағы көрсеткіштермен салыстыратын болсақ, 4 еседен асқаны байқалады», деді Б.Сұлтанов. Мәселені талқылауды қорытындылаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев заңдастырудың Қазақстан экономикасына әсеріне талдау жасап, алынған экономикалық әсерді есептеу қажет екенін атап өтті. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»