Шығыс Қазақстанның ірі өндіріс орындары жаңа технология негізінде құны 15 млрд теңгенің 13 жобасын жүзеге асырады. Биыл Зырян ауданында Тұрғысын су электр стансасы пайдалануға беріліп, 2019 жылы Ұлан және Жарма аудандарында үш су және жел электр стансаларының құрылысы аяқталады.
Семей мен Аягөзде ет комбинаты салынып, Өскеменде роботтандырылған хирургия және трансплантация орталығы ашылып, қуаты 120 мың тонналық қоқыс өңдеу зауыты бой көтереді. Ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құны 13,7 млрд теңгенің 37 жобасы іске қосылады. «Цифрлы Шығыс» жобасы басталады.
Облыс әкімі Даниал Ахметов Өскеменде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылаған актив жиналысында маңызды құжатты жүзеге асыру үшін өңірде осындай ауқымды жұмыстардың қолға алынатынын айтты. «Биылғы Жолдау «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындау жолындағы жасампаз істердің тағы бір келелі кезеңі. Әлемдік бәсекеге қабілетті болудың кезекті баспалдағы. Мемлекет басшысы уақыт талабынан туындайтын өзекті мәселелерді шешудің жолдарын айқындап берді. Дүние жүзін қамтып отырған төртінші өнеркәсіптік революция жағдайына бейімделу және еліміздің одан әрі өркендеуіне тың серпін беретін 10 негізгі міндетті атап көрсетті. Президенттің экономиканы индустрияландыруға және цифрландыруға қатысты тапсырмасының маңызы ерекше. Инновацияны ендірмей, IT саласын және инжинирингтік қызметтерді жетілдірмей әлемдік стандарттарға сай өнімдер шығару мүмкін емес», деді аймақ басшысы.
Елбасы Жолдауда агроөнеркәсіп кешеніне «Ақылды технологияларды» енгізу мәселесіне айрықша тоқталғаны белгілі. Жиында сөз алған «Майлы дақылдардың тәжірибе шаруашылығы» ЖШС директоры Фарид Әбітаев жаңа технологияларды енгізу нәтижесінде соңғы 5 жылда мал шаруашылығында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын 40 мыңнан 120 мыңға дейін ұлғайтқанын, шетелден 6 маман шақырғанын атап өтті. «2012 жылы жылына 2700 тонна сүт өндірген едік, ол кезде 120 адам жұмыс істеді. Қазір 86 адам жұмыс істейді, бірақ жылына 8 мың тонна сүт дайындалады. Міне, жаңа технологиялардың нәтижесі. Біздің фермада жұмыс істегісі келетін жастар көп. Тракторларымыз компьютермен жарақтандырылған. Фермада еңбек ететін жастар жұмысын аяқтағаннан кейін тракторын қояды да интернетке кіріп, әлеуметтік желіде отырады», деді ол.
Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина Президент Жолдауында көрсетілген аурудың алдын алуға бағытталған жұмыстардың өңірде жүзеге асырылу барысына тоқталып, былтыр аймақтағы емханаларға 8,5 миллиард теңгеге жаңа медициналық құрылғылар сатып алынып, орнатылғанын тілге тиек етті. Бас дәрігер өзі жетекшілік ететін ауруханаға 800 миллион теңгеге диагностикалық және емдеу құрылғылары қойылғанын, бұл онкологиялық науқастарды алдын ала диагностикалауға және уақтылы емдеуге мүмкіндік беретінін айтты. «Енді аймақ тұрғындары облыстан шықпай-ақ осында тексеруден өте алады», деді бас дәрігер.
Актив жиынында сонымен қатар «Қазцинк» ЖШС коммуникация басқармасының басшысы Берікбек Кзыкеев, Қазақстан-Америка еркін университетінің проректоры Марина Кикина, Өскемен қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ринат Ахметжанов Жолдаудағы басым бағыттарға байланысты ойларын ортаға салды.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы