• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Наурыз, 2018

Жаңашылдық жаршысы: Дрондар дәуірі

1215 рет
көрсетілді

Төрт жыл бұрын шығыс өңіріне жасаған жұмыс сапары аясында Елбасына өскемендік дарынды оқушылар өздері жасаған мультикоптерге қондырылған смартфон камерасы арқылы өрт, су тасқыны сияқты қауіпті аймақтардағы жағдайды зерделеуге мүмкіндік беретін жобаларын таныстырған болатын. 

Қазір «дрон» аталатын мұндай құрылғылардың мүмкіндігін арттыру бойынша түрлі стартаптар кеңінен жүзеге асырылуда. Соның бірі телетүсірілім саласында тез тарап үлгерді. Бұл – әсіресе, шағын ғана топтан тұратын түсіру тобының сапалы бейнежазбалар жасауына үлкен септігін тигізді. Яғни, бұрынғыдай тікұшаққа оператордың отыруын қажет етпейді, камера арқалап биік таудың немесе зәулім ғимараттардың төбесіне шығып та әуре болмайсыз. Бар болғаны қажетті биіктікке камера ілінген дронды ұшырып жіберсеңіз жеткілікті. Қолыңыздағы пультпен басқару арқылы қалаған көрінісіңізді түсіріп береді. Осы технологияның нәтижесінде, соңғы жылдары құс қанаты талатын зәу көкте зырылдаған дрондар көбейді. Бірақ бұл дрондарды дұрыс басқара білмесе немесе техникалық жағынан сыр берген сәтінде ұшаққа, құстарға соғылу қаупі бар. Бұған ұқсас оқиғалар әлемнің әр түкпірінде болып та жатыр.

Сондықтан Дүниежүзілік экономикалық форумның жетекшісі Клаус Шваб өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция» атты кітабында дронның қоршаған ортаны тану және соған сай әрекет ету (соқтығудан сақтану үшін бағытын өзгерту) мүмкіндіктерін дамыту үлкен өзгерістерге алып келетінін жазды. Осы арқылы оны күрделі тапсырмаларды, атап айтқанда, жоғары кернеулі электр желілерін тексеруге немесе әскери іс-қимыл аумағына медициналық жабдықтарды жеткізуге пайдалануға болатынын айтады. Қазір елімізде дронды өрістегі малды көруге пайдаланып отырған шаруашылық иелері бірен-саран болса да бар. Әлбетте, отандық ғалымдардың айтуынша, дронды ауыл шаруашылығында пайдалану мүмкіндіктері орасан. Тек мал шаруашылығында емес, жерді тыңайту мен суаруға бағытталған тиімді мәліметтерге қанығу үшін де аталған аппараттың пайдасы зор.

Жалпы, төрт роторлы дронды жасау үлгісі алғашқы тікұшақ құрылысын қалыптау кезінде-ақ басталған. Тұңғыш квадрокоптердің бірін 1922 жылы орыс-америкалық конструктор Георгий Ботезат сынақтан өткізгені тарихтан мәлім. Бірақ аппараттың бірқатар кемшіліктерін түзеудің жолы бола қоймаған соң ХХ ғасырдың ортасында бұл сала мүлдем тоқтады. Ал ХХІ ғасырда қайта жанданған квадрокоптерлер, әсіресе әуесқойлар үшін таптырмайтын модельдеу құралдарының біріне айналып отыр.

Осыдан бірнеше күн бұрын қытайлық DJI компаниясы көлденеңінен ұшуға арналған қалақшасы мен қанаты бар, сондай-ақ тігінен ұшып-қонуға арналған төрт роторы бар гибридті дрон жасап шығарды. Негізі, азаматтық дрондардың көбі жерге параллель орналасқан қалақшалары бар мультикоптерлер болғандықтан, тек тігінен ұшып, қонады. Бұл дрондардың автономды жұмыс уақыты мен ұшу аумағы өте аз. Сондықтан жоғары жылдамдықпен алысқа ұша алатын ұшақ түріндегі ұшқышсыз аппараттар жасалды. Бірақ оны іске қосу үшін ұшу-қону жолағы қажет. Гибридті дрондар осы екі құрылғыдағы артықшылықтарды бойына жинауымен ерекшеленеді. Яғни 2,3 метрлік қанаты мен 6,5 кило салмағы бар жаңа дрон сағатына 75 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Және бір реттік қуатымен 20 шақырымдық аумақты қамтитын 4 сағаттық ұшу жоспарын жүзеге асыру қабілетіне ие.

Бұл дрондардың жаңа дәуірі туып келе жатқанын көрсетеді.

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»