Нәрік тағы шошып оянды... Бастығырылып қалған алпамса денесі өзінікі емес сияқты. Ұйып қалған қолдарын икемге келтіріп көрді. Баяғыдан қалып қойған әдеті ме екен, Нәрік ондайда салалы саусақтарымен саз балшық илегендей жай икем жасамайды.
Қырық буын «Қосбасардың немесе «Бес төренің» бір-екі қиын қалтарысын перне бойы жүгіртіп көреді. Қапысыз бірнеше қағыс. Дәл ырғақ. Жаңылыссыз қайталанған күрделі ноталар көңілін делбегендей болды. Бірақ бұл жолы өзін шошытып оятқан ауыр түстің жорамалына іштей тіксініп қалған. Тіпті қамырықты сол күйдің баянсыз сазынан жаны түршігеді. Ондағы ауыр қасіретті кімге айтып бергендей? Түс дейін десе түгел жұлын-жүйкесімен сезініп, сол қан қасаптың қақ ортасынан өзі жаңа келіп отырған жоқ па? Нәріктің бәрінен де жанына бататыны – осы бір қорқынышты үрейлі елесті күнде көретіні...
Кекілік Сеңгірдің бойында қалқандарына сүйеніп қауқарсыз тізерлеп тұрған қазақ батырларын құтқара алмай ылғи жарым түнде жылап оянады. Қолдарын көтеруге де шамалары келмей тағдыр талқысына үнсіз мойынсұнған жаралы сарбаз оның көз алдында жан тәсілім етеді. Жансыз үрей, дәрменсіз мойынсыну...
Тізерлеп отырған ардагер батырларды қырғыз манаптары мен айыр қалпақ киіп түр жасырған орыстың жансыз солдаттары шетінен тамақтап келеді. Тамақтап келеді... Қазақтың қапыда қайырылған қос топшысы хан Кене мен Науан сұлтанның жалқы ғұмырының жау тақсырына тапсырған өкінішті мезеті осылай аяқталады... Нәрік, көз жасына булығып қолын қызыл арша домбырасына созды. Ішіне түсіп кеткен бұл беймаза күйден ол өзінің мәңгілік құтыла алмайтынын біледі. Неге оның санасының сартап болған көне сүрлеуінен бір бала жол қарайды ылғи? «Әлі де болса бақ талайым сендерден найза бойына биік тұр!» деген жалғыз сөз ғана жанына медеу...
«Наурызбай төре кеткен соң, Бастан ауды бағымыз. Кенесары кеткен соң, Иесіз қалды тағымыз... Бұлбұлдай сайрап жүр едік, Байланды тіл мен жағымыз. Азғанымыз емес пе, Қойшыдан сынды сағымыз... Осындай болды хәліміз...» деп іштей күбірлейді... «Бес төре» – бес күн жалғандай бастан көшкен екен... Қайталап шертті... * * * Қазақтың теңдессіз күйшісі Тәтекеңнің көп күйлері қанның тепкісімен тартылады. Мұны Тәттімбет мектебінің соңғы өкілі өнертанушы, күйші Таласбек Әсемқұлов айтады. Адамның бойындағы кәдімгі ыстық қанның лекіген толқын-толқын лүпілі серпілген саусақтың ұшына келіп, жүректің шерлі басынан төгілген ыстық қан шекті қауып тартады. Шертпе күйдің құдіреті де осы жерден басталса керек. Онда қара шертістен гөрі қантебіс ырғаққа көп мән беріледі. «Бес төре» күйі де осындай мәнермен орындалатын аяулы күй. Ондағы ішкі ағыстар мен сыртқы қағыстар қатар қабыспаса ұлы күйдің табиғаты бұзылып, тартушы қалақ домбыраның қақпағын тырнап қалғаны. Тіпті Арқа жағында, тура айтқанда Мойынты құмында Тәттімбеттің осы «Бес төресіне» берілген мына баға да бұл сөзімізді орнықты мақұлдатады. Егер күйге қол жалғаған домбыраңыз «Бес төрені» шертуге жараса, онда ол домбырамен барлық күйді мүлтіксіз мәнермен орындай беруіңізге болады. Бұл ретте Құрманғазының «Төремұратын» да осындай күрделі күй есептейді. Әрине, ол басқа тараптағы әңгіме.
Тәттімбеттің өмір сүрген дәуірі шынымен де қазақ сахарасындағы күй өнерінің ренессанс дәуірі болатын. Қазақтың әрбір күйінде алаш тағдыры жатты. Күй арқылы қоғамның үлкен оқиғалары жырланды. Ондағы өмір өрімдері, саяси көзқарастардың барлығы күй табиғатында өмір сүрді. «Бес төре» сондай тағдырлы күй еді.
Оның ел ішінде сол кезеңде қазаққа билік етіп, патшаның айтағымен ұлтқа тізесі батқан би-болыстарға арнап шығарылған күй екен деген өте бір өрескел әрі пайымсыз, білімсіз айтылатын тарихы бар. Олай дейтіндей қазаққа билік айтқан қай әміршінің ондай тексіз әрекетін Тәттімбет сынағандай. Тәттімбетті түлетіп, Құнанбай, Құсбектерді құлатқаннан табар пайда болса қане? Және тарихтың кеше ғана өткен ауыр естелігін рухани жады ұмытқан жоқ қой. «Бес төре» емес, жегіш, парақорларды айтқан «мес төре» екен деп басқа арнаға бұрудағы саясаттың аяғы – төрелерді жаман етіп көрсеткісі келген Кеңес өкіметінің кезіндегі идеологиясынан туған желеуге жақын.
Оны күйші Жанғали Жүзбайдың өзі «Бес төрені» заманында Мағауия Хамзиндер өнер жарыстырған Бегімсал Орынбеков деген күйші «Кенесары-Наурызбай» деп тартқандығын айтқан болатын. Таласбек Әсемқұловтың пайымында бұл жай күй емес, жансебіл реквием... Қасым, Есенгелді, Саржан, Кенесары хан мен Наурызбай төрелерге арналған, Кенесары өлімінен кейін туған үлкен аза жыры. Сары желіс саусақтар сауып тартқан сала-сала сарында самсаған қазақ қолын көз алдыңа келтіреді. Қасым сұлтан төрт бөлтірігін ертіп салтанатпен келе жатқан рухты дабыс Алаш аруағын айбынды жырлап бастайды. Бірақ... Үсті-үстіне мінгескен бірнеше бөлек әуен қырғыздың қомызынан шыққандай бола береді... Өйткені күйдің баянында қырғыздың баяғы күйлерінің үзінділері бар. Таласбек өзі күйші болғандықтан бұл музыканың тілін бізден гөрі әрі терең, әрі биік білетіні даусыз. Талассыз шындық. Күйді баяндаушы әрі қарай жаңағы салтанаты жарасқан сұлтандардың жеке-жеке аянышты тағдырларын естірте бастайды... Қасым төренің ұлы Саржан сұлтанмен бірге қоқандықтардан қапыда қан жұтуы... Бәрі-бәрі көз алдыңа келеді... Қайнар батпақты Қарасудың қазақ бетіне өткен алаш әскерінің хан иелеріне деген риясыз ұлы махаббаты әңгімеленеді. Асау су жорық аттарының өзін ағызып әкетіп жатқанда бір аттан бір атқа мінгізіп, аттылы сарбаздар қатты келген ағынға сонда да көлденеңдеп тұрып ардақты хандары Кенесары мен Наурызбайды өткізіп аламыз деп шаһид кешуде... Бірақ айрылмасқа серт етер, бір сынса бірақ морт кетер алаштың бұл соңғы ұрысы екенін ол кезде ешкім сезген жоқ...
Шынымен де морт кетті! Тасқа тиіп сынбаған сексеуіл-серт сексеуілге сарт етіп тигенде шағылды. Күйші де шанақты шаңқ еткізіп соқты... Енді қайтып жиналмастай шашылып түсті. Орны толмас қайғы. Шын апат. Болжамсыз бүлік. Бұл қулық кімнің ойына келген? Қазақтың осал тұстарын әбден зерттеген орыс тыңшылары ақыры әлсіз жерімізді осылай тауыпты. Іштен жау шығарып, қырғыздардың айыр қалпағын киіп атқа қонғандардың да көбісі солар дейді. Алғаусыз айтқан сөз шын болып шықты. Сатқын сырттан емес, іштен іргелепті. Тап өзімізден. Екі туып бір қалған өз тұқымы сатты. Өз ғаскері келмей отыр...
Тәттімбет – ұлы күйші, осының бәрін күй тілімен жеткізе білген. Себебі қазақтың билеуші хан-сұлтандарында күй арқылы сөйлесу мәдениеті ежелден бар еді. Орда ісіндегі кейбір маңызды ақпарларды осындай ұлы музыкалармен білдіріп отырған. Ол дәстүр ежелгі Шыңғыс хан заманынан бері үлкен мектептермен іргеленген. Бұл ретте тарихшы Арман Ахметов «Қазақ сұлтандары» атты еңбегінде төреден шыққан күйшілердің көп болғандығын жазады. Дәулеткерей, Жантөре хан, Оразалыұлы Сейтек, Үсен төре, күй өнері атасы Арынғазы хан, Абылай хан, Қанқожа төре, тіпті Кенесары ханның інісі сегіз қырлы Наурызбай төре де күйші болған. Кенесары ханның немересі Жүсіпбекұлы Үрміз ақсақал, оның баласы Файзулла төренің де күйшілігін ел мойындаған. Билік ісіндегі мәселелердің жауабы да, сұрағы да сол тылсым музыкалардың тілінде түсіндіріледі. Тәттімбет те қаракөк тұқым ретінде ол мектептен сабағы болғаны күмәнсіз. Патшалы Ресейдің қылышы қан қақырып тұрғанда «Бес төре» Кенесарыны жоқтаған аза күйі деу үлкен қатер еді. Бәрібір сол қатер Тәттімбет серіні қырықтан асқан шағында қырына алады... Таласбек талант та тағдыр асып, Алашқа бүгінде аспаннан ғана аялы үн қатады...
Қайран, Тәттекем-ай... Қайран, Таласбек...
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»