• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Маусым, 2018

Жұмыс берушілер кәсіптік-техникалық білімі бар түлектерді бағалайды

691 рет
көрсетілді

Өндіріс үдерістерін автоматтандыру мен ақпараттық технологиялар жағдайында кәсіпорындардың жоғары білікті мамандарға мұқтаж екені белгілі. Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің техникалық және кәсіби білім департаментінің директоры Нәсімжан ОСПАНОВАМЕН әңгімелескен едік. 

– Нәсімжан Жамбекқызы, қазіргі таңда көптеген жас­тар жұмыс таба алмай жүр, ал жұмыс берушілер білікті кадр­­лардың тапшылығын айтады. Бұл қайшылықты «Тегін кәсіптік-техникалық білім – барлығына» жобасы жоя­ ала ма? 

– Президент «Төртінші өнер­­кәсіптік революция жағ­да­йындағы жаңа мүмкіндіктер» Жол­дауында адам капи­талын дамытуға ерекше­ мән берді. Оның сапасын жақсартудағы маңызды бағыт­тардың бірі – Елбасының бас­тамасымен құрылған «Те­гін кәсіптік-тех­никалық білім – бар­лығына» жобасы. Бұл жоба 2017-2021 жылдарға арнал­ған­ Тиімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарла­ма­сымен біріктірілді. Ол жас­тарға мамандық алып, ата-анасына масыл болмай өз бетінше өмір сүруге көмектеседі. Бұл жұмыс берушілерге де тиімді. Заманауи бағдарламамен оқудан өткен маман өндіріске пайда алып келеді, оны қайта даярлаудың қажеті жоқ. Себебі теорияны оқу міндетті түрде тә­жі­ри­белік машықтарды үйре­ну­ді қарастырады. 

Жобаны қаржыландыру жер­гілікті және республикалық бюджеттен де жүзеге асырыла береді. ТжКБ ұйымдарында оқи отыра жұмыс кәсіптерін мең­геруге, қысқа мер­зімді курс­тардан өтуге де болады. Жалпы 2021 жылға дейін ТжКБ те­гін біліктілігін 720 мыңға жуық­ азамат­ алады. Өткен оқу­ жы­лы­мен салыс­тырғанда ТжКБ ұйымда­рында кадрларды даяр­лау­ға мемлекеттік білім беру тапсы­рысының көлемі 24,8 мың орын­ға дейін ұлғайтылды. Бі­рін­ші шығарылым 2019 жылы жос­парланып отыр. 

– Жобаға қатысушыларды іріктеу қалай өтеді, жұмыспен қам­ту орталығында міндетті түр­де тіркелу қажет пе? 

– Оқудан өтуге мұқтаж жас­­тардың санын анағұрлым кө­бірек қамту үшін 1850 мобиль­ді топ құрылды. Олар бір жылдан үш жыл­ға дейін оқу үшін 9-11 сынып түлек­тері, аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар, сондай-ақ жұмыс­сыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жастардың тізімін жасады. Оқуға түскен жастардың 60%-ы әлеуметтік әлсіз тұрғындар қатарына жатады. ТжКБ ұйым­дарына жастарды белсенді түрде жұмылдыру бо­йынша жұмыстар Қарағанды (7600), Оңтүстік Қазақстан (11458), Атырау (3604) облыстарында және Алматы қаласында (8600) өтті. Жас мөлшері, жынысы, тұрғын орны және тағы басқа ерекшеліктеріне қатысты шектеулер жоқ. Бағдарламада қатысушылардың санаттары анықталған. Олар – 9 және 11 сынып түлектері, оқу орындарына түспей қалғандар, жұмыс іздеушілер, өмір­лік қиын жағдайға тап болған жан­дар мен аз қамтылған отбасынан шық­қан азаматтар, 29 жасқа дейін­гі жастар. Жұ­мыспен қамту орталығында тіркелгеніне немесе тіркелме­геніне қарамастан, жұмыссыз жүргендер, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар да бұл мүмкіндікті пайдалана алады. 

– Тегін білім беру бағдарла­масына қатысушылар үшін жеңілдіктер қарастырыл­ған ба? 

– Мемлекет ТжКБ және қысқа мерзімді курстардағы оқу­­дың төлемін өтейді. ТжКБ­ ұйым­дарында оқудан өтіп жатқан бағ­дарламаға қаты­сушыларды бір реттік ыстық та­мақпен және стипендиямен қамтамасыз етеді. Қажет бол­ған жағдайда олардың оқу орнына дейінгі жол жүру өтем­ақылары да төленеді. Қысқа мерзімді курстарда жо­баға қа­тысушылар да стипендия алады және жолақы төлеу мә­селесі де қарастырылады. Басқа қалалардан келетіндер үшін тұрғын үй жалдауға кеткен қаражат та өтеледі. 

– Қазіргі уақытта кәсіп­тер­дің жойылуы және жаңа кәсіп­тердің пайда болуы үр­діске айналып келеді. Бұл ретте ТжКБ ұйымдары осы ағымға қатыс­ты өзгере ме? 

– Күннен күнге жұмыскердің құралы қайла мен күрек емес, бағдарламалық жасақтамасы бар компьютерлер, роботтар, тех­никалық агрегаттар және меха­низмдер болып өзгеруде. IT-технологиялар өмірімізге, өн­ді­ріске және экономикамызға түбегейлі енді. Бағдарлама құру кезінде әрине қазіргі заманғы үрдістер ескеріледі. Жұмысшы кадрларын 1-ден 6 айға дейін қысқа мерзімді кәсіби оқытулар колледждер, оқу орталықтары, әскери-техникалық мектептер базасында жүзеге асырылады. Сервис және қызмет көрсету, технологиялық, тех­никалық, ІТ-білім беру, медицина және құрылыс секілді бағыттар бойынша курстар өткізіледі. ТжКБ ұйымдарында мемлекеттік тапсырыс бо­йынша кадрларды даярлау тех­никалық, ауыл шаруашылығы технологиялық мамандықтары бойынша жүзеге асырылады. Қазіргі күні сервис және қызмет көрсету саласындағы мамандар ерекше сұранысқа ие. Оқу ордалары еңбек нарығының жаңа сұраныстарына жауап береді. Мысалы, құрылыстағы дизайн, қайта жандандырылатын энергетика, ақпараттық қауіпсіздік, мехатроника сияқты жаңа мамандықтар пайда болды. 

2017 жылдың 1 қыркүйе­гінен бастап Білім және ғылым минис­тр­лігі 141 мамандық бойынша жаңа модульдік бағдарламаларды іске қосты. Мысалы, құрылыс саласы бойын­ша білім алып жатқан студент «тас қалаушы», «плита-қасбет салушы» біліктіліктерін ала­ алады. Қалаған жағдайда оқуын жалғастырып, орта деңгей­лі маман – «техник-құрылысшы» бола алады. 

– Курс тыңдаушылары мен­ ТжКБ түлектеріне жаңа шарт­­тарға бейімделуге және жаңа­дан құрылуға тағы не кө­мек­­теседі? Жаңғырудың осы аспек­­тілері туралы айтып бері­ңіз­ші. 

– Министрлік оқуды пайдалы және мерзімі бойынша оң­тайлы ету үшін үлкен жұмыс атқарды. Сарапшылар курстар­дың бағдарламаларын зерттеп, пәндердің қайталанбауын қам­тамасыз етті. Соның арқасында оқудың мерзімі қысқарды. Бағ­дар­ламалар «Атамекен» ҰКП-мен келісілді. Болжам бойынша, 2021 жылға қарай Қазақстанда оқып жатқандардың 40%-ға дейінгісі жұмысшы маман­дықтарын таңдайтын болады. Бұл ретте білікті емес жұмыс күшінің саны 20%-ға дейін төмендейді. Құзырлы мемлекеттік ведом­ство­лар қолданған шаралар кешені тұр­ғындардың жұмыспен қамты­луына оң әсерін тигізетін болады. Қазіргі таңда колледж­дерде қолданбалы бакалавриа­т енгізіліп жатыр. Бұл кәсіби білім жүйесінде жұмыспен қамтуға бағытталған кеңей­тіл­ген қолданбалы бөлі­гі бар ма­ман­дарды даярлау­ ре­тін­­де қарас­тырылады. Бұған министр­лік сәйкесінше заң­намалық нормаларды құрып, бекітті. 

2018 жылдың басынан бас­тап жоғары оқу орындарымен барлық мамандық бойынша біріктірілген білім бағдар­ламаларын құру жұ­мыстары жүргізілуде. Қа­зір­­гі таң­да ТжКБ, орта білім­нен соң­ғы ұйымдарға қабыл­дау үлгі­­лік ережелерінің жоба­ла­ры келісілуде. Онда коллеж­дер­ге қабылдау кезінде Ұлт­тық бірыңғай тестілеу серти­фикаттарындағы ұпайлар ескері­луі керек деген ереже алынып тасталды. Осылайша жаңа ережелер еліміздің «Білім туралы» заңына сәйкестендірілді. Сондай-ақ бұл ережелерде өтінімдерді қабылдау мерзімі жұмыс мамандықтары бойынша 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл байқау бойынша ЖОО-ға өте алмай қалған талапкерлерге құжаттарын тапсырып, колледждерге түсуге мүмкіндік береді. Осылайша БҒМ жас­тарды ТжКБ ұйымдарына жұмылдыру үшін пайда болуы мүмкін кедергілерді жою бойын­ша барлық қажетті шараларды қолдануда. Сондай-ақ колледж түлектерінің ке­шен­ді тестілеуді тапсырмастан ЖОО-ға түсу мәселелері де ше­ші­ліп жатыр. Бұл үшін ТжКБ жүйесінде сәйкесінше алғышарт­тар құрылған. 

ТжКБ жүйесіне және тәжіри­­белік бағытталған білім­ге модульді білік­тілікті тәсіл енгі­зу­ кадрлар­ды даярлау сапасын жоға­рыла­тады. Осының арқа­сында колледж түлектерінде мектеп түлек­теріне қарағанда ЖОО-ға түсу мүмкіндіктері көбірек болады. Орта жалпы білімнің 12 жыл­дық оқуға ауы­суы мектеп түлек­терінің басым бөлігін ТжКБ жүйесіне бағыттап, жалпы білім беру оқу орындарын сәл де болса босатуға жол береді. 

Бір қызығы, колледжде оқыған ЖОО-ның түлектері кәсіби даярлық және тәжірибелік машық деңгейі бойынша жоға­ры оқу орындарына мектептен кейін түскен жас маман­дар­дан басым болады. Бұл – жұмыс берушілердің пікірі. Тағы бір артық­шылығы, колледж негізінде ЖОО-ның оқу мерзімі қысқарақ, яғни отба­сылық бюджетке түсетін ауырт­палық та аздау болады. 

Министрлік ТжКБ ұйымда­рында білім алу шарттарын жақсартып, оған қызығушылық арту үшін жүйелі жұмыс атқа­рып жатыр. ТжКБ жүйесін да­мытуда бизнес, мемлекет және колледждердің күшін шоғыр­ландыру үшін дуалды білім беру енгізілді. Бұл білім ордасы мен өндіріс және жұ­мыс берушілердің арасын жақын­дастыруға мүмкіндік береді. 

Қазіргі таңда білім меке­мелері жұмыс берушілер­мен бірлесе отырып, білім беру бағдарламаларын қайта қарас­тырды, білім беру үдерісінің 80 пайызы өндірісте жүр­гізі­леді. Өндіріске қайта оқытуды қажет етпейтін дайын кадрлар келгені өте маңызды. 

– Еліміз Worldskills International қозғалысына қосы­лды. Әлемдік чемпио­нат­қа қатысу бізге не береді, нәти­желер бар ма?

– Бұл қозғалысты «Жұмыс қолдарына арналған олимпиа­да» деп атайды. Оның мақ­саты – дүние жүзі бойынша халықаралық сайыстар өткізе отырып, жұмысшы маман­дықтарын танымал ету. Жаңа экономика талаптарын еске­ре келе кадрларды даярлау және қайта даярлауды жаңғырту шеңберін­де министрлік WorldSkills International стандарттарына кө­шу туралы ше­шім қабылдады. 

2017 жылдың қазан айын­да Абу-Даби қаласында (БАӘ) өткен WorldSkills Competition әлемдік чемпиона­тының нәти­жесі бойынша қазақстандық команда 77 елдің өкілдері арасынан 24-орынды иеленді. 2015 жылы біз 55-орында болғанбыз. Сондықтан алға жылжу көрініп тұр. Бұл чемпионатта Қазақстан Ор­талық Азия елдерінің ішінен жалғыз ел болды. Әрине жақсы нәтижені бірден көрсете алмаймыз. Алай­да алған тәжірибеміз ТжКБ ұйым­дарына және студенттерге са­йыс­тарға ана­ғұр­лым жақсырақ дайын­далуға мүмкіндік береді.

Әңгімелескен  Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»