• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Президент 28 Маусым, 2018

Өмірзақ ШӨКЕЕВ. Елорда – елдік пен еркіндіктің символы

661 рет
көрсетілді

Ел ордасы Астананың Арқа жеріне келіп қоныс тепкеніне ширек ғасыр уақыт өтіпті... Ақиқатын айтсақ, Елбасының осыдан тура 25 жыл бұрын қабыл­даған бұл шешіміне сол кезде наразылық танытқандар да аз емес еді. Бірақ ол адамдарды да түсінуге болады. Себебі ондаған жылдар бойы көркіне көзіміз қанығып, көңіліміздің төрінен орын алған ару қала Алматының бұдан былай астана болмайтыны тіпті ақылға сыймайтын шаруа еді. Бірақ Елбасы тәуекелге бел буып, ештеңеге қарамастан, осындай шешім қабылдады.

Бұл шынын айтқанда, Тәуелсіз ел атанғанымызға 5-6 ғана жыл өткен, экономикалық қиындықтың құрсауынан әлі де шыға қоймаған, ауырлау кезең болатын. «Әуелі жағдайымыз­ды түзеп алып, басқасын сосын жасамаймыз ба» деген күң­кіл сөздер де айтылып жатты. Қарапайым халық та бұл шешімді өзінше қабылдаған еді. Жетісу өңіріндегі жамағат пен оңтүстік беттегі бауырлар бұл қадамға іштей наразылық білдіріп жатса, Арқа жақ­тағы ағайын тымақтарын аспанға атып, алақайлап қарсы алды.

Деген­мен жарлық шыққан соң, Алатау баурайынан Арқа даласына қарай ұлы көш бас­талып кеткен еді. Енді арада ширек ғасыр уақыт өткен соң, Прези­дент Н.Назарбаевтың бұл тарихи шешімі Тәуелсіз Қазақ­станның жылнамасында алтын әріптермен жазылатын Ұлы оқиға болғанын бәріміз де еріксіз мойындап отырмыз. Тек біз ғана емес-ау, бүгінде бұған әлем жұрт­шылығының көзі жетіп отыр.

Әрине ел астанасын Арқа жеріне көшіру мәселесі «қайтсем де бір өзгеріс жасайын» деп, атүсті шешіле салған шаруа емес болатын. Бұған толып жат­қан геосаяси, әлеуметтік-қоғам­дық факторлар себеп болға­нын қарапайым халық түсіне де бермеген сол кезде. Айталық Алматы ондаған жылдар бойы үлкен қаржылық орталық, зия­лы қауым топтасқан мәдени-рухани ошақ болғанымен, басқа аймақтардан тым алыс, елдің шетінде тұр еді. Осы себептен, ел ордасын халықтың ортасына қарай жылжыту қажет болды.

Екіншіден, кеңес билігінің құзырында болған ондаған жылдар ішінде туған тілі мен ұлттық рухынан айырыла бас­таған аймаққа уақыт созбай, жаңаша тірлік, жаңа бастамалар әкеліп, рухани қолдау жа­сау қажеттігі тұр еді. Оның үстіне, ауыл шаруашылығымен айналысуға аса қолайлы Арқа өңірінде игерусіз бос жатқан аймақтар үлкен қаржылық орта­лыққа зәру болатын. Сөй­тіп, ел ордасы Есілдің бойынан қоныс тепкен соң, бұл мәсе­лелер біртіндеп шешілгені бәрі­міздің көз алдымыздан өтті.

Бүгінде солтүстіктегі об­лыс­тар аумағында үлкен-үл­кен ауыл шаруашылығы ке­шен­дері жұмыс істеп, іргелі халық­аралық компаниялар жер асты қазынасын иегеріп, ел экономикасының өрге сүйреп тұр. Жаңадан бой көтерген ел ордасына Қазақстанның түпкір-түпкірінен ағылған жұрт қоныс аударып келе бастады. Осының арқасында, бүгінгі күні Астана шаһары солтүстік аймақтағы ең бір қазақтілді қалаға айналып отыр.

Бүгінде Астана Қазақстан мемлекетінің орталығы ғана емес, ол әлемдік деңгейдегі ке­лелі басқосулар өтіп, бірегей ш­е­шім­дер қабылданатын әлем кар­тасында өзіндік орны бар, татулық пен келісім қаласы десек, ешкім дауласа қоймас.

Кез келген қоғамдық-саяси, әлеуметтік өзгерістерді әр адам өзінше қабылдайды. Өзінше баға береді, пікір айтады. Бүгін­де сөз бостандығын пайдаланып, әркім өз білгенін жазып жатады. Биік деңгейлерде өте­тін жиындардың маңызын қара­пайым халық түсіне бермейті­нін білеміз. Әйтпесе, жылма жыл өтіп жататын басқосулар – халықаралық экономикалық форум, еуразиялық медиафорум, діни конфессиялар­дың басқосуы, халықаралық терроризмге қарсы конференция т.б. келелі кездесулер Астана қаласы арқылы бүкіл Қазақстанды әлемге танытып жатқынын көзіміз көріп отыр.

Бір ғана Астана экономика­лық форумы не үшін керек деуі мүмкін кейбіреулердің. Бұл – Еуразия құрлығында қолайлы аймақта орналасқан Қазақстан мемлекетінің ыңғай­лы көлік қатынасы мен логистика орталығы және Еуропа мен Азия арасындағы өзін­дік транзиттік көпір екенін халық­аралық деңгейде дәлелдеу.

Қазір діни наным-сенім­нің негізінде әлемнің біраз елдерінде қантөгістер жүріп жатқанынан әркім хабардар. Бұл – мемлекет үшін кез келген соғыстан қауіпті. Астанада әр үш жыл сайын өтетін әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съезі бүгінде елордамызды халықаралық деңгейдегі келісім мен ымыра­шылдық алаңына айналдырып отыр. Өткен жылдан бастап Астанада Сириядағы қақтығыстар бойынша келіссөздер өтіп жатыр. Бұл да Қазақстан мемлекетін әлемге татулық пен келісімді ғана жақтайтын ел екенін дәледейтін шара екені шындық.

Былтырғы жылы ұйымдас­ты­рылған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі Тәуелсіз Қазақ­станның әлемдік өрке­ниетпен өрелес дамып келе жатқан ел екенін тағы да бір дәлелдеді. Жасыл экономиканы тақырып етіп алған бұл шараның еліміз үшін берері мол болғаны шындық. Бала­малы энергия көздерін пайдалану арқылы қауіпсіз орта қалыптастыруды бүгінде әлем халқы қолдап отыр. Дегенмен бұл бастаманы алғашқы болып Астана ЭКСПО-2017 көр­месінде қазақстандықтар көтеріп еді. Осының бар­лы­ғы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастауымен жасалып отырғанын неге мойындамасқа?

Шындығын айтсам, Тәуел­сіз Қазақстан елінің осы бір тарихи кезеңдерінде мен де Елбасының жанында болып, Астана қаласының дамуына аз да болса өз үлесімді қосқанымды тағдырдың берген сыйы деп түсінем. 2004-2006 жылдары Астана қаласы­ның әкімі қызметінде жүріп бірта­лай келелі жұмыс­тар­­дың басы-қасында болдым. Дәл сол кез­дері елордаға ерекше көрік беріп тұрған біраз ғимараттар бой көтерді. Қала күні мерекесі алғаш рет сол жақ жағалауда аталып өтілгені де есімде. Сол уақыттарда, 2005 жылдың 5 шіл­десінде Астанада өткен мем­ле­кеттер басшыларының сам­митін­де Астана декларация­сына қол қойылып, антитеррорлық си­пат­тағы негізгі құжаттар Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­на мүше мемлекеттердің тер­роризмге, сепаратизм мен экс­тремизмге қарсы күрес­тегі ынтымақтастық тұжырым­дамасы бекітілген еді.

Тағы бір айта кетер жайт, өзім басшылық еткен жылдары ел ағаларымен ақылдаса жүріп Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысын да таңдап жүріп тағайындап едім. Осы жылдары бірнеше қазақ мектептерінің іргесі қала­нып, есігі айқара ашылды. Кейін уақыт өте келе салыстыра қарап отырсам, бұрынғы Ақмола мен бүгінгі Астана тұр­­ғын­дарының арасы жер мен көктей екен. Қазір ел орда­сы әбден қазақиланған. Бұл да Нұрсұлтан Әбішұлының сараб­дал саясатының бір дәлелі деп білем.

Елбасы жаңа астананың орнын таңдауды 32 өлшем бойынша таразылаған екен. Соның ішінде еңбек ресустары да қарастырылған. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрі ретінде, мен бұл аймақтың дәл осы салаға қолайлы екеніне де көзім әбден жетті.

Әрине, ел мен жер аман болса, Қазақстанның халықаралық деңгейде әрі қарай дамып, керегесі кеңіп, шаңырағы биік­тей берері сөзсіз. Біздер ір­ге­сін көтерген Тәуелсіз Қазақ­стан атты мемлекеттің тізгі­нен ұстайтын болашақтағы жас буын бүгінгі бағыттан ажырамаса екен дейміз.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ,

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі