Дүйсенбі, 10 қыркүйек 2012 12:48
“Мәдени мұра” бағдарламасында ерекше ескеретін жай, Қазақстаннан тыс жерлердегі халқымыздың біртуар ұлдары мен қыздарының мәңгілік жай тапқан жерлері – мазарлары мен қабір тастарын қамқорлыққа алып, жөндеп күту қажет. Оларды атап айтар болсақ: Ташкенттегі Төле би мавзолейі мен Орал Таңсықбаевтың мұражайы, Самарқандтағы Жалаңтөс батыр саркофагы, Бұхарадағы Базар жырау мен Астрахандағы Құрманғазы кесенесі, Челябідегі Шейбан әулеттерінің қабірстаны Мәскеудегі Ғани Мұратбаев пен генерал Шәкір Жексенбаевтың бейіттері, Қытайдағы Жәке би мен Таңжарықтың зираттары, Ресейдің Невель мен Псков қалаларындағы Әлия мен Мәншүктің ескерткіштері. Қазіргі ТМД елдерін қарастырса бұл тізімді әрі қарай толықтыра түсуге болады.
Дүйсенбі, 10 қыркүйек 2012 12:48
“Мәдени мұра” бағдарламасында ерекше ескеретін жай, Қазақстаннан тыс жерлердегі халқымыздың біртуар ұлдары мен қыздарының мәңгілік жай тапқан жерлері – мазарлары мен қабір тастарын қамқорлыққа алып, жөндеп күту қажет. Оларды атап айтар болсақ: Ташкенттегі Төле би мавзолейі мен Орал Таңсықбаевтың мұражайы, Самарқандтағы Жалаңтөс батыр саркофагы, Бұхарадағы Базар жырау мен Астрахандағы Құрманғазы кесенесі, Челябідегі Шейбан әулеттерінің қабірстаны Мәскеудегі Ғани Мұратбаев пен генерал Шәкір Жексенбаевтың бейіттері, Қытайдағы Жәке би мен Таңжарықтың зираттары, Ресейдің Невель мен Псков қалаларындағы Әлия мен Мәншүктің ескерткіштері. Қазіргі ТМД елдерін қарастырса бұл тізімді әрі қарай толықтыра түсуге болады.
Шетте қалған мұраларымыздың ішіндегі әрбір қазақтың жүрегіне жақын естілетіні – Ташкенттегі Төле би мавзолейі. Бірақ “соңғы уақытқа дейін ескі Ташкенттегі Қарлығаш (өзбектер Қарлығаш би дейді – А.Т.) мавзолейін Төле бидікі деп қазақбайшылап айта салып жүрміз, ол мүлдем зерттелмеген”, деп бұқаралық ақпаратта (“Үйсін Төле бидің бейіті қайда?”) (“Қазақ елі”, 1996, 4 қараша) және ауызекі әңгімелерде айтылып жүр. Бұған жауабымыз кезінде бұл тарихи мұра біршама зерттелген. 1982 жылы мамыр айында Мәдениет министрлігіне қарасты “Казпроектреставрация” институтының тапсырмасымен Ташкентке арнайы барып, мавзолейді өлшеп, суретке түсіріп, ғылыми паспортын жасаған едік. (А.Тоқтабаев “Төле би мавзолейінің паспорты” А., 1982.) (“Казпроектреставрация институтының архиві, “Ташкенттегі шатырлы мавзолей”) (Білім және еңбек, 1988. № 12, Төле би ғимараты) (“Азамат”, 1990. № 3). Сол 1982 жылы маусым айында біз ғимаратты ең алғаш зерттеген Орта Азия сәулет өнерінің ірі маманы Галина Анатольевна Пугаченковамен сөйлесіп, оның мән-жайын сұраған едік. Ол кісі біріншіден деді бұл ескерткіш көшпенділердікі екені даусыз, ортаазиялық отырықшылық архитектура стиліне мүлдем ұқсамайды. Дала төсінде алыстан айғайлап көрінетін, бір камералы, күмбезі аспанмен астасып тұратын биікте, зәулім шатырлы мавзолейлерді көшпенділер ойлап тапқан. Мұндай мавзолейлер Орта Азияда ХІ ғасырларда пайда болады да (Айша бибі, Бабаджа-хатун, Манас күмбезі, т.б.) ХV ғасырда жоғалады, ал қазақ, қырғыздарда мұндай құрылыстар салу ХІХ-ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан. Мен алдыма күмбезде кім жерленгенін анықтау жөнінде мақсат қоймаған едім. Әлі есімде, 1950 жылдары ескерткішті реставрация жасауға жоба дайындап жүргенде, Бесағаш жақтан қазақтың 2-3 ақсақалы келіп (аттарын жазып алғанмын күнделігімде болуға тиіс), бұл жерде біздің бабамыз жерленген, атақты қолбасшы болған дегендері бар. Оны мен өз мақаламда жазғанмын. Әңгіме иесінің ол мақаласында мынадай жолдар бар. “…По другой народной версии Калдыргаш бий был казахским военноначальником, казахи неоднакратно владели Ташкентом в ХVІ–ХVІІ в, не исключена возможность, что для погребения их видного представителя был вторично использован полузабытый к этому времени мавзолей, архитектура которого своими формами была особенно близка к привычным надмогильными сооружениями пришедших из северо-туркестанских областей (из казахских степей — А.Т.) завоевателей (Пугаченкова Г.А. “Мавзолей Калдыргач-бия”) (Известия АН Каз ССР, серия архитектурная. Вып. 2, 1950).
Қазіргі сәулет өнері теоретиктері ғимарат ХV ғасырда салынған, сондықтан ХVІІІ ғасырда өмір кешкен Төле биге қатысты емес дейді. Жоғарыда айтқанымыздай, бірақ өткен замандардың архитектуралық пошымын қайталау қазақтарда ежелден бар. Мысалы: Сарыарқадағы Алаша хан мазарының формасын ХІХ ғасырдың ортасында салынған Дүзен Сандыбайұлының мавзолейі толық қайталайды. Ел аузындағы әңгімелерде құрылысшы Алаша хан мен Дүзеннің арасында бір адамды атпен шаптыртып қойып, қандай кірпіштің қалай қаланғанын айтқызып тұрған. Төле бидің 1756 жылы Ташкентте қайтыс болғанына ешқандай шүбә келтіруге болмайды, оған Ташкент, Бостандық ауданы қарияларының сөздері дәлел. Тұтас ХVІІІ ғасырда Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігінде қала құрылысы мен сәулет өнерінің құлдыраған кезі, мұндай құрылыс салына қоюы да қиын. Сол себепті қазақтың Хақназар заманынан келе жатқан мазарына Төле биді жерлеуі әбден ықтимал. “1920 жылдары бала кезімде, – деп еске алады Ташкент тұрғыны марқұм Тойбазар Аухауов, (Ташкент уезінде атақты Бұзау болыстың тұқымын, қазақтар атын атамай құрметпен “аухау” – деп айтатын болған – А.Т.) мазарда екі қабір болғанын көзім көрді”, – дейді.
Төленің неліктен “Қарлығаш” деп аталуы жөнінде аңыз көп, солардың ішіндегі айтуға тұрарлығы Байболов Қазанқаптың Ғылым академиясы кітапханасының сирек қолжазбалар қорында сақталған “Төле би тарихы” дастаны. Аумалы-төкпелі заманда Ташкент маңайындағы қазақтар тұтқиылдан келген жаудан үрке көшкенде Төле би Ақбұрқан жайлауында көшпей отырып қалады. Бір күні жоңғар қонтайшысының жаушылары келіп, Төлеге сені хан көшсін деп жатыр дейді. Сонда Төле би айтыпты: “Ата-бабамыздың әдеті бойыша шаңыраққа ұя салған қарлығаш балапандарын ұшырғанша көшпей отыра береді. Мен ол салтты бұза алмаймын. Ханыңа солай айта бар” депті. Хабарды естіген хан ойланып: “Ойпырай-ай, ә, мынасы бір жақсы дәстүр екен, жарайды, тимей-ақ қойыңдар”, — десе керек.
Біздің ойымызша осы оқиға шын болғанға ұқсайды. 1723 жылы жоңғар шапқыншылары қазақ жерін түгел басып, қазақ хандығының астанасы – Түркістанды алып, қасиетті Қожа Ахмет Ясауидың көк күмбезінде Галдан-Цереннің ставкасы тұрғаны тарихтан мәлім. Енді қалың жау Ташкентке беттегенде күші бірнеше есе жаумен қарсыласудың мәнсіз екенін түсінген Төле би жоңғарлармен бітімге келіп, өзінің вассал екенін мойындайды. Сөйтіп Ташкентті қираудан, маңайындағы елді қуғын-сүргіннен аман алып қалады, тек алым-салық төлеп тұрады. Бұл орыс-қытай деректерінде бар тарихи шындық. Ал, жаңағы “қарлығаштың ұясын” мысалға келтіруі жоңғарлармен мәмілеге келудің бастамасы болған. Ежелден аң-құспен, белгілі бір заттармен тұспалдап, оспақтап мәмілеге келу көшпенділерде бар дәстүр. Мысалы, Геродот жазатын скифтердің Дарий патшаға жебе, құс, тышқан жіберуін алайық. Ал “шаңырақтағы ұя” оқиғаcынан кейін Төле бидің халық алдындағы абыройы өсіп, “Қарлығаш” аты қалың қазаққа аңыз болып тараған, қазақтан өзбекке, тәжікке ауысқан. Халық енді сүйікті биін “Қарлығаш би” деп атай бастаған.
Төле би бабамыз туралы аңыз-әңгімелерді былай қойғанда тарихи жазба деректердің өзін толық білмейміз. Мәскеудегі В.И. Ленин атындағы кітапханадан алынған “Русский архив” журналының 1888 жылғы 3-ші кітабында 1741-1742 жылдары орыс көпестері Арасланов пен Юсуповтың Ташкентке сауда жасай барғандағы сапарнамалық естеліктері жарияланған. Көпестердің Төле бидің үйінде қонақ болғаны, бидің екі баласының бұларды Ташкентке апарғаны, ақыры Ташкенттің бегі Көсекбектің (халық арасындағы Көсеубек деп айтылады – А.Т.), ажал тырнағынан Төленің құтқарғаны шым-шытырық романдағыдай жазылған. Қолжазбада Төле бидің асқан адамгершілігі, халық арасындағы абыройы, бүкіл Ташкент атырабын билеп тұрған жан-жақты, көреген басшы екені көрінеді.
Авторлар былай деп көрсетеді: “…Прежде Ташкентом владел хан Юлбарс, из киргиз-кайсацкой орды (Жолбарыс хан – А.Т.), “обще” с Тюле бием у которого есть дом в Ташкенте откуда и жена его родом. Тогда Ташкент был подчинен большой киргиз-кайсацкой Орде, Тюле бий с своими старшинами брал с Ташкента ежегодную дан. 40 тысяч “тенек” (теңге сол кездегі Орта Азиядағы ақша. 20 теңге – 1 орыс рубіліне тең болған – А.Т.). Несколько лет тому назад Юлбарса “не стало не знаем убит, не знаем выгнан вон от тутошних сартов. В этом темном деле главную роль играл Кусек бек, который и завладел Ташкентом… Хотя Кусек выжил Тюле бия из города, но не мог лишить его прежних прав на Ташкентское ханство, так что Тюле бий и старшины Большой орды по прежнему получают с Ташкент дань…” (Путешествие русских купцов в Ташкент в 1741-1742 годах) (Русский архив издаваемый Петром Бартеневым. М., 1888. книга 2. С. 413.) Бұл фактілерден Төле би мен Ұлы жүздің ханы Жолбарыстың 1739-1740 жылдарға дейін Ташкентті бірге билеп тұрғаны айдан анық көрінеді.
Жолбарыс хан 1739 жылдан бастап Абылай ханмен тізе қоса отырып, қазақ жерінің оңтүстігін жоңғарлардан азат ету үшін қарулы күрес жүргізді, бірақ мақсатын аяқтай алмады. 1740 жылғы 5 сәуірде Ташкентте мешітте намаз оқып отырған жерінде опасыздықпен бауыздалып өлтірілді. (Ерофеева И.В. Казахские ханы и ханские династии в ХVІІІ – середине ХІХ вв. // Культура и история Центральной Азии и Казахстана: проблемы и перспективы исследования. А., 1979. С.111-112). Жолбарыс ханның сүйегі, Қожа Ахмет Ясауи ғимаратының ішіне жерленген, қабірінің басына архардың мүйізі қойылған. Жолбарыс ханның өлімі біраз тарихи зерттеулерде баяндалады, бірақ оны нақты өлтіргендердің аты белгісіз болатын. Мұнда сол сұраққа жауап табылып тұр, яғни ол Көсеубектің нұсқауымен орындалғаны көрінеді. Төленің әйелі ташкенттік болғаны, онда оның үйі бары айтылады. Ал, ауызекі әңгімелерде Төленің Ташкентте екі үйі болған, біреуі Бесағашта, біреуі Қарақамыста (сол кездегі қаланың бөліктері – А.Т.). Сонымен қатар, Төле Ташкенттен бектіктен кеткенімен, бүкіл Ташкент атырабын билеп, қаладан алым-салық алып тұрғаны көрсетіледі. Мұның екі себебі бар еді дейді орыс көпестері, қаланы қалың қазақ қоршап алған, шаһардың егістіктері мен ағаш дайындайтын жерлері бәрі қазақтың қолында деп жазады. Ең бастысы Төле би Шыршық өзенінің Ташкентке бұрылатын тоғандарына екінші қала салып, Ташкенттен Көсеубектен қашқандарды сол жерге қоныстандырып, өзіне егін еккізген. “Төле бидің құдіреті сонда – деп жазады саяхатшылар, ол кез келген уақытта каналдарды жауып қаланы шөл мен аштықта қалдыра алады” (көрсетілген еңбек, 414-бет).
“… Тюле бий, которого Кусек выжил из Ташкента, питает к своему врагу большую ненависть. Он много раз “войною” наступал на Ташкент, убил нескольких родичей Кусека и замышлял убить самого пользуясь услугами Ташкентских сартов…
… Тюле бий не прочь и сейчас начать войну с Кусеком, но боится идти против Зюнгарского владельца Галдан-Церена, которому подчинены теперь как Ташкент, так и Большая Киргизская Орда…”.
Бұл фактіден біз Галдан-Цереннің өзіндік еркін саясат ұстаған Төле биді биліктен тайдырып, өзінің қара басын ғана ойлайтын Көсеубекпен ауыстырғанын көреміз. Сонымен, бұл құжатта Төле бидің жеті ағайынды екені, бір інісінің аты Абдулла, екі ер жеткен, билікке араласа бастаған балалары бар екені айтылады. Қорыта айтқанда бұл жолжазба Төле бидің тірі кезінде көз көргендердің қолымен жазылғандықтан даңқты бабамыздың өмірі мен қызметін зерттеуге баға жетпес мұра болып табылады.
Төле бидің Ташкент билеушісінен кеткені 1740 жылдан бұрынырақ бір немесе әрі кеткенде екі жыл сияқты. Себебі, орыс көпестері Ташкентке келгенде Көсеубектің қаланы билегені үш жылдан асып бара жатқаны айтылады, яғни Ұлы жүздің ханы Жолбарыс Галдан-Церенге 1739 жылы қарсы шықса, Төле би де бейжай отыра алмаған. Сондықтан Галдан-Церен оңтүстік өлкесін ұстап тұра алмаса да, Ташкентті уысынан шығармас үшін Төлені Көсеубекпен ауыстырған. Қытай деректері Әлібекұлы Төле би жасақтарының Ташкентті қоршап тұрғанын айтады. (Хафизова К.Ш. Китайская дипломатия в Центральной Азии (ХІV-ХІХ вв.) А., 1995. С.179). Бұл 1744-1745 жылдары Галдан-Церен өлген кезде болғанға ұқсайды. Соңынан орыс деректері, атап айтқанда Орынбор көпесінің приказчигі Төле бидің Ташкенттің толық билеушісі екенін, баласын Қытайға аманатқа бергенін баяндайды (бұл да сонда. 179-б.). Ал бұл оқиға 1750 жылдарға саяды.
Сөйтіп өмірінің соңғы жылдарында Төле би өзінің Ташкенттің билеушісі екенін қытайға да, орысқа да таныта білді. Бұған халықаралық жағдайлар да әсер етті. Ең басты себебі 1845 жылы Галдан-Церен өлді.1750 жылдары Абылай бастаған қазақ жасақтары жоңғарлардан елді толық тазартып, 1755 жылдары қазіргі Қытайдағы Шәуешек қамалын қоршағанын көреміз. Сондықтан да1744-1745 жылдардан 1756 жылғы өмірінің ақырына дейін Төле би Ташкенттің билеушісі болды деп айта аламыз.
Ал, 1756 жылы Төле би қайтыс болғаннан кейін қазақтардың билігі Ташкентке жүре қоймаған, оны орыс деректері де растайды.
“… Во второй половине ХVІІІ века киргиз-кайсаки (казахи А.Т.) потеряли власть над Ташкентом; султаны двинулись на восток … попали в Семиреченскую область с ними пришла часть рода Канлы, остальные и поныне живут на своих старых местах, где-то в Ташкентском уезде…”. (Материалы по обследованию туземного и русского сторожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области СПб., 1913. т.2. Копальский уезд. С.62). Қазіргі Алматы, Талдықорған маңында тұратын қаңлы рулары сол заманда Ташкент жақтан көшіп келген. Бұл фактіні академик Әбдуәли Қайдари да растады. Ал қаңлылардың негізгі бөлігі әлі күнге дейін Бостандық ауданында тұрып жатыр.
Тағы бір ескеретін жай Ташкент билеушілерінің барлығы да қазақ батырларына сүйенген. Төле бидің қарсыласы Көсеубек қазақтан шыққан Шүкір батырды арқа тұтқан. Тіпті Шүкір батырдың Көсеубекке қарсы астыртын сөз байласқандарды талқандап, оны өлімнен алып қалғаны сөз болады (Русский архив, 1888. Книга вторая. С.414).Төле биден кейінірек Ташкентті билеген Жүніс қожа да қазақ батырларына сүйенген “… Өз әскерлерін, сондай-ақ жігіттерін Жүніс қожа тек қазақтардан ғана сайлай алды. Бұған қаңлы, шанышқылы, сол сияқты бағыс және рамадан бөлімдерінің қазақтары енді. Жүніс қожа әскерлеріне мына адамдар басшылық етті… (әр рудан шыққан барлығы 24 батырдың есімдері айтылады – А.Т.) (Ә,Диваев. Азиялық Ташкент қаласының пайда болуы жөнінде аңыз // Тарту. А., 1992. 216-217-беттер). Орыс пен қытай арасында тамаша мәмлегерлік жүргізген Абылай хан өмірінің соңғы жылдары оңтүстік саясатын қайтадан бастады. 1773-1775 жылдары оңтүстікке бірнеше сәтті жорықтар жасады. Әулиеата бекінісін қалпына келтірді. Шымкент, Сайрам, Мерке, Ташкент қалаларына өз адамдарын қойды. Бұдан кейін Ташкент М.Тынышпаевтың жазуынша 1798 жылға дейін қазақтардың билігінде болған. [М.Тынышпаев. Материалы к истории киргиз-казахского народа // Великие бедствия... А., 1992. С.66].
1741-1742 жылдары Төле би Көсеубекке ерегісіп, Шыршық өзенін Ташкентке бұратын жеріне екінші қала салып, жазда Шыршықтың бойын өрлеп көшіп-қонып жүрген. Шежірелерде Төле бидің жазғытұрым жайлауға шыққанда Шыршық өзенінің жағасындағы үлкен алып бәйтеректің жанында киіз үйін тігіп отыратыны, бәйтеректің астына жүздеген адам еркін сыйып қымыз ішетіні әңгіме болады. Бірде бидің жылқысын жау қуып ала жөнеліпті. Ел: “Енді не істейміз”, деп аңтарылып тұрғанда: “Ана шынардың түбінде байлаулы тұрған қасқа айғырды қыл бұрау салып шыңғыртыңдар, сонда жылқы өзі-ақ қайтады”, депті би. Жігіттер аяғы тасырқап табынға ілесе алмай қалған қасқа айғырды қыл арқан салып шыңғыртады. Қасқа айғырдың арқыраған ащы дауысын естісімен, Қаржантаудан асып бара жатқан қалың жылқы нөпір болып қайта кері шауыпты. Ал, ұрылар жылқы тұяғының астында тапталып өлген көрінеді (Т.Өмірбеков. Бостандық ауданы қазақтарының шежіресі, 1960 ж. тапсырылған) (Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының шежіре қоры).
Осы әңгіме бізді өте қызықтырды. Төле бидің бәйтерегі әлі күнге дейін бар ма екен деп Шыршық өзенін жоғары өрлей елден сұрастыра келе, өзеннің жоғары ағысындағы, Шарбақ ГЭС-нің тұсындағы алып шынар ағашына тоқтадық. Себебі шежіреде “бәйтерек” деп атағанымен, Төленің сөзінде “шынар” деп айтылады. Сонымен бірге, қазақта кез келген дара тұрған, көп жасаған ағашты түріне қарамай “бәйтерек” деп поэтикалық атаумен бейнелеу қалыптасқан, бұл сонау түркі-моңғол заманынан қалыптасқан ағашқа табыну, ағаштың культін көрсетеді. Мысалы, қазіргі Астананы Елбасымыздың жобасымен жасаған “Бәйтерексіз” елестету қиын ғой. “Қозы-Көрпеш-Баян-Сұлу” жырындағы Шоқтеректі алайық, шын мәнінде дара тұрған көп жасаған кәрі ағаштардың саясында көшпенділер жаздың аптап ыстығында дем алған, жауын-шашыннан қорғанған, сол себепті қадірлеп-қасиеттеген.
1872 жылы Ташкент генерал-губернаторы фон Кауфман Петербург пен Мәскеуден келген ұлы князьдар мен генералдар бастаған жүзден астам адамды Шыршық өзенінің жағасындағы әйдік шынар ағашының саясында банкет жасап қарсы алды деп жазылған “Түркістан ведомствосы” газетінде. Қаланың сән-салтанатты сарайларын көріп жүрген қонақтарға Кауфман өзінше ерекше экзотика көрсеткен ғой. Осы ақпардан кейін бұл шынар ағашының Төле бидің бәйтерегі екеніне күмәніміз болмады. Төле бидің заманында жүздеген адам қымыз ішетін, Кауфманның заманында жүздеген адам банкетке отыратын бұл маңда мұндай ағаш жоқ. (А.Тоқтабай, “600 жыл жасаған шынар”) (“Аңызға айналған жерлер” А: “Аруна” 2002. 8-9 беттер).
Төле биге байланысты жер аттарының және аңыз-әңгімелердің көмескі тартып, ұмытыла бастауы аумалы-төкпелі заман болды, бұрын қазақ-өзбек деп бөлінбей тек мұсылманбыз деп жүретін халықтар жеке мемлекет болды, ол мемлекетте Төле би насихатталмады.
Төле би мавзолейін “Қарлығаш би” деп неге аталды десек, фольклоршы В.Я. Пропптың мына сөздері еске түседі. Халықтың жадында оқиғаның барлық мән-жайы сақталмайды, халықтың санасына ерекше әсер еткен эпизодтар, белгілер, штрихтар қалады. Қазақ даласында халықтың атауымен аталған ескерткіштерді көптеп кездестіруге болады. Мысалы: Қызылорда облысындағы Іңкәрдариядағы Баршын қыз мазарын халық – Сырлытам, Сарыарқадағы Төлек мазарын – Сұлутам, Тараздағы Дәуітбек мазарын Тектұрмас (сыңғырлаған күйдірілген кірпіштен қаланған, биік төбенің басында акустикасы жоғары болған, желмен гуілдеп тек тұрмай дыбыс шығарып тұрған), орта ғасырдағы түркі билеушілерінің сарай-замогын – Ақыртас (колонналардың басына кигізілетін тас біліктер, жем салатын ақырға ұқсас), Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданындағы Ноғайбайдың бейітін – Дөңгелек бейіт, Сегізбай бидің бейітін – Шошақ бейіт, Сарыарқадағы сұлтан Ахмет ханның мазарын – Алашахан (қазақта Алаша хан деген хан болмаған, Сұлтан Ахметхан қалмақтарды жеңіп, малын, жанын алғандықтан Алаш, Алаша хан деп атаған, екінші версия бойынша мазардың сыртындағы алашаға ұқсас ою-өрнекке байланысты делініп жүр). Демек, көп ескерткіштерде халықтың фантазиясына байланысты жанама, екінші аты болған.
1982 жылы Төле би мавзолейі жайында мәселе көтерілгенде академик Әлкей Марғұлан өзінің досы М.Е. Массонға жазған хатында былай дейді: “…К ним в частности относятся старинные мавзолеи, где хранятся останки выдающихся деятелей Казахстана. Ими особенно отличаются древние пантеоны Ташкента. Академик В.Бартольд отмечает, что Ташкент и многие города Средней и Нижней Сырдарьи на протяжении значительного времени находились во владении Казахского Ханства (Бартольд. Т.V. С.220). По описаниям Дженкинсона Ташкентом владел казахский хан Хакназар, сын Касым хана и его потомки, мудрейшим бием Хакназара и его сыновей был Калдыргаш би. В ХVІ веке важнейшую роль в Ташкенте сыграл казахский Турсун хан с катаганами, в ХVІІІ веке знаменитый би Тауке хана Толе би один из создателей казахского кодекса “Жеты жаргы”.
Остатки мавзолея Толе бия находятся в пантеоне Шайхантаур. Старые ташкентские жители (узбеки, казахи) это хорошо знает, было бы замечательно, если вы написали небольшую заметку о Толе бий для публикации в казахстанской печати. С глубоким уважением А.Х. Маргулан. 20 апреля 1982 (Өзбекстан Республикасының мемлекеттік архиві. Ф. 2773. Оп. 1, дело №741. 17-18 беттер). Енді осы хатқа М.Е. Массонның жауабы болуға тиіс, оны А.Марғұланның архивінен қараса табылып қалуы мүмкін.
1985 жылы майдың аяғында Ташкентке барғанымызда, мавзолейдің шырақшысы жақында Д.А.Қонаев сол кездегі Өзбекстан Республикасының бірінші хатшысы Усманходжаевпен бірге келіп Төле биге тәу етіп кетті деп отырды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1995 жылы 20 мамырдағы Өзбекстан күндерінің Қазақстандағы ашылуына орай барған сапарында кілем сыйға тартып, ескерткішті түбегейлі зерттеу қажеттігін ескерткен екен. Президент Ислам Каримов өзінің бір сөзінде Төле биге жоғары баға бере отырып, былай деген еді: “…Истинным провидцем был Тула-бий, которого вы, наши казахские братья, называете еще и Карлыгаш бием, который призывал переселившихся на узбекские земли казахов жить в мире и дружбе с узбеками, соблюдать законы узбеков.
Последняя воля Тула-бия была такова: он завещал себя похоронить в ташкентской святыне Шейхантохур, сделав тем самым нашу столицу местом паломничества и для узбеков, и для наших казахских братьев…” (И.Каримов. Родина священна для каждого. Ташкент: “Узбекистон”, 1995. С.258.).
Президент Ислам Әбдіғаниұлының осы сөзін Өзбекстанның Мәдениет министрлігі және Ташкент әкімшілігінің шенеуніктері орындамай отыр. Төле би бабамыздың басы халықтың тәу ететін, ғибадат орнына айналмай келеді. Қашан барсаң да қара құлып қарсы алады. Шырақшы жоқ, мемориалдық тақта алынып тасталған. Төле би ұрпағы Қалымовтар салған үй жабық тұр. Осы орайда “Мәдени мұра” бағдарламасына сәйкес бұл мәселені ең жоғарғы деңгейде шешу қажет. Сондай-ақ Төле би өмірі мен қызметіне қатысты деректерді Мәскеу, Санкт-Петербург, Ташкент қалаларына арнайы барып зерттеу қажет.
Ахмет ТОҚТАБАЙ,Ш.Уәлиханов атындағыТарих және этнология институтыныңаға ғылыми қызметкері.
31 желтоқсан 2003 жыл.