• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Сәуір, 2020

Көкала қойдың жамбасы (этнографиялық әңгіме)

1607 рет
көрсетілді

Алтайдың теріскейі Қобда бетіндегі аз қазақтың ата қонысы қайсы еді дегенде Текелі жайлауының текшесі мен Көксерке тұйығына мөлдіреп біте қалған көгілдір көл еске келеді. Ал бұл жаққа киіз туырлықты көшпелі қазақтың қоныс аудару тарихына үңілсек, сонау 1930 жылдардағы алапат кезеңге тірелеміз. Оған дейін Өр Алтайдың Көктоғай, Бурылтоғай жерлерін мекендеп тұрған (бұл енді жеке әңгіме). Сол Көксерке, Текелі жондарының ақбас шыңдары мен ақсамайлы доңғылдарында ізі, жұрттарында атының түгі қалған аталарымыздың бірі - Тәкібай Сайырбайұлы. Ол - ауылына ғана емес, аймағына сыйлы кісі екен. Айналасына бет-беделі бар, ақылгөй адам болған. Сол кісінің алабөтен малсақтығы, адам сенгісіз қырағылығы туралы мына бір оқиғаны кейініректе көзін көрген ақсақалдардан естіп едік.

Тәкібай ақсақал – қорасына мыңғырған қой біткен, өрісінде үйір-үйір жылқысы, табын-табын тарғыл сиыры бар өз заманының іргелі байы болған кісі екен. Соған сәйкес ауласында малы жоқ, көгеніне көріп берейін десең тышқақ лақ бітпеген кедей-кепшіктерден қолын тартпайтын алақаны ашық адам деседі. Ол кездегі байлардың жайы белгілі ғой. Өздері төрт түлік үшін тұяқ қыбырлатпайды. Бірақ ауыл арасындағы малдың жай-күйін жақсы білетін мықты жігіттерді жинап алады да, жыл он екі ай соларға бақтырады. Атамыздың таңдаулы малшыларының бірі – Іргебай деген кісі болыпты.

Іргебай бастаған жігіттер қыста малды Ақұнты жонындағы қыстаққа айдап кетеді екен. Бұл – жылдағы бұзылмас дәстүр. Бірде әлгі малшы жігіттер қыстаққа орналасқан соң қоралы қойдың ішіндегі ең семізі әрі ірісі болған бір көкала еркек қойды «жығып» алады. Қысқы азыққа. Бір күні малдың жайын білуге қыстаудағы қосқа көмекшілерімен бірге қожайын келеді. Сол күнгі аспаз көкала еркек қойдың бір жілігін жамбасымен қоса қазанға салады. Кешке ел орынға отырған уақытта ет те пісті. Қонақтар төрге жайғасып, дастарқан жайылды. Көп кешікпей жамбас майы дірілдеп, буы бұрқырап ас қойылады ортаға. Сонда абыз қария ас табаққа шұқшия қарап отырып: «Ау жігіттер, отардағы мың бас малдың ішінен осы көкала еркек қойдан басқа тіске басар таппадыңдар ма?» дейді. Айтарға сөз таппаған малшы жігіттер бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап отырып қалыпты. Сөйтсе, көкала еркек қой атамыздың көктемде құрбандыққа шаламын деп ниеттеніп қойған малы екен. Алдына пісіп келген жілігі мен жамбасынан-ақ танып қойған ғой.

Сонда: «Дәл мұндай қырағы адамға мал-дәулет бітпегенде кімге бітеді?» деп таңданысқан екен отырғандар.

Тілеуберді Сахаба