• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Мамыр, 2020

Батыр атағына лайық тұлға

442 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыста қаһар­ман­дық көрсеткен батыр­ларымыз жетер­лік. Соның бірі – Қожамсейіт Шая­х­­метұлы. Ол соғыс­­та ерлігімен көз­ге түсіп, Кеңес Од­ағы­­ның Батыры атағы­на ұсынылса да, өзі­не бе­­рілуі тиіс бұл на­гра­­даға қол жеткізе алма­ған.

Гвардия майоры А.Сафонов 1945 жылдың 6 мамыры күні арнайы рапорт жазып, гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметұлын батыр атағына ұсынған екен...

Қожамсейіт Шаяхметұлы 1923 жылы 23 ақпанда Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. Қожамсейіт атамыз әке-шешесінен ерте айырылып, аталас ағайыны Ізтөле баласы Тойшыбай ақса­қалдың бауырында өскен. Алға­бас ауылында 7 жылдық мектепті тәмамдайды. 19 жасында, яғни 1942 жылдың сәуір айында майданға аттанады. Қожамсейіт Шаяхметұлы – Сталинград, Дон, Оңтүстік-Батыс және 1-ші Беларусь майдандары құрамында Украина, Молдова, Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысқан. Алғашқы ұрысында-ақ өзінің батылдығымен, ерлігімен ерекше көзге түседі. Оған дәлел – «Память народа» сайтындағы Қожамсейіт атамыз туралы деректер.

1942 жылдың 26 желтоқса­нында 91-інші танк бригадасы бойынша шыққан бұйрықтың негізінде кіші сержант Қожам­сейіт Шаяхметұлы «Ерлігі үшін» медалімен марапаттала­ды. Волгоград облысы, Горо­дищенск ауданындағы аты аңыз­ға айналған «Казачий курган» биіктігі үшін болған ұрыс – Сталинград шайқасы кезіндегі ең табанды ұрыстардың бірі. Батальон командирі, Кеңес Одағының Батыры Хыдыр Гасаноглы Мұстафаевтың жо­ға­ры жаққа баяндау құжа­тын­да: «Қатардағы жауынгер Қ.Шаяхметов 1942 жылдың 19 желтоқсанында Казачий қорғаны үшін болған ұрыстарға қатысып, үнемі бірінші ротамен бірге болды. Жаудың қатты тегеурініне қарамастан, рота командирінің бұйрығын тиянақты орындады. Жолдас Шаяхметов жау­дың оқ жаудырып тұрған нүктелерін дәл анықтап, соның арқасында КВ №525 танкісімен дұшпанның оқ-дәрі қоймасын жойды»,  деп жазылған.

Келесі бір ұрыста көрсеткен ерлігі үшін кіші сержант Қо­жам­сейіт Шаяхметұлы 1943 жылдың 3 тамызында 91-інші танк бригадасының құрамында «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болады. Сол жолғы марапатқа ұсынылған қағазда «Жолдас Шаяхметов 29.07.1943 жылы Филосово деревнясында (Орел облысы, Свердловский ауданы) болған ұрыстарда, рота командирінің бұйрығын орындау кезінде біздің құрамның алға жылжуына кедергі жасаған жау пулеметін байқап, оған жақындап келіп, гранаталармен көміп тастады. Осы деревня үшін шайқаста ол 14 неміс басқыншысын жойды»,  деп атап көрсетілген.

1944 жылдың сәуір айынан бастап гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметұлы Суво­ров және Б.Хмельницкий орденді Ново-Бугский 57-ші гвардиялық атқыштар дивизия құрамында болды. 1945 жылдың 4 ақпанында майдандағы кезекті бір ерлігі үшін екінші рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Польшадағы «Глувачув» елді мекеніндегі фашистердің қорғанысында аға сержант Қожамсейіт Шаяхметов қайсарлығы мен ерлігін тағы да көрсете білді. Сөйтіп әскери басшылық жүктеген тапсырма бойынша жаудың қосалқы қарулары мен оқ жаудырған екі пулемет нүктесі істен шыға­рылды. Содан кейін үш снаряд­пен жаудың дзоты тұрған нүк­тесінің күлі көкке ұшты. Дұш­панның қарша боратқан оғына қарамастан, шегінген жау әске­рінің 20 шақты адамы жер жас­танды.

Жаудың соңғы табан тіреген цитаделі – Берлин қаласына қарсы жойқын шабуылда батыр атамыз тағы да асқан ер­ліктің үлгісін көрсетті. Бұл ер­лігі оны командованиенің Кеңес Одағының Батыры ең жоғарғы атағына ұсынуына түрткі болады. Сол ұсыныс құжатта: «Шпрее өзенінен өту барысында 1945 жылдың 23 сәуір күні гвардия аға сержанты Шаяхметов Қожамсейіт ерекше ерлік, тапқырлық пен ептілік танытты. Өз өмірін аямай, жаудың күшті отына қарсы тұрып, қолда бар қару-жарақтың көмегімен «Отан үшін!», «Сталин үшін!» деп ұрандатып, Шпрее өзенінің сол жағалауына қару жарағын және жаяу әскерді өткізіп, жаудың күші мен техникасын жойып, плацдармды кеңейтіп, кварталды жаудан тазартты. Берлин қаласының маңындағы ұрыс кезінде, Шпрее өзені, Ландвер каналы және қала­ның көше ұрыстарында, гвар­дияның аға сержанты Шаях­метов Қожамсейіт өз қаруымен 3 неміс танкісін, 2 өздігінен жүретін техникасын, 4 бро­не­транспортерін, әскери жүк­тері бар 10 автокөлікті, 40-қа жуық фаусшыларды, 5 ПТО құралдарын және 170-ке жуық фашисті жойды. Жеке өзі 21 гитлершілді, оның ішінде 2 капитанды тұт­қын­ға алды. Қожамсейіт Шаях­метов Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. 64-інші гвардиялық ОИТПД ГВ гвардия командирі, гвардия майоры А.Сафонов. 1945 жылдың 6 мамыры» деп жазылған.

Бірақ ең өкініштісі, осын­дай теңдессіз ерлігімен Жеңіс­ке өлшеусіз үлес қосқан қаhарман­ға, былайша айтқанда, ер­жүрек қазаққа осы жоғары атақ, неге екені белгісіз, берілмей қалған. Осынша ерлік жасаса да, тиісті орындардың ұлтымыздың қай­сар ұлына Алтын жұлдызды қи­мауы нағыз әділетсіздік де­мес­ке лажың жоқ.

Рас, Қожамсейіт Шаяхмет­ұлы сұрапыл соғыста көрсеткен ерліктері үшін 1942 жылы «Ерлігі үшін» ме­далімен, 1943 және 1945 жыл­­дары екі мәрте «Қызыл Жұл­дыз» орденімен, 1945 жылы Жауынгерлік Қызыл Ту орде­­німен, одан әрі І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған. Бірақ қанша айтқанмен, әділ түрде ұсыныл­ған Батыр атағының жөні бөлек еді ғой.

1947 жылдың желтоқсан айын­да Қожамсейіт атамыз туған еліне оралып, бейбіт за­ман­ның да озат еңбеккері атанады. «Ең­бек ардагері» медалі соның ай­ғағы. Атамыз өзінің өнегелі өмір жолында 3 қыз, 9 ұл өсіріп, немерелер сүйіп, 1987 жы­лы дүниеден озды. Батыр атағын алмадым деп мойыған жоқ. Тағдырдың ісі екенін, жазмыш солай болғанын білді.

Батыр атамыз туралы туған немересі Лаура Шаяхметова, ауылымыздың құрметті азаматы Талғат Құрманұлы және тағы басқа да журналистер баспасөз беттерінде өз мақалаларын жариялады. Атамыздың ерлігін жалпақ жұртқа әйгіледі.

Екінші дүниежүзілік соғыс­қа қатысушы елдердің танк әс­керлері туралы мәлімет бере­тін «Tankfront.ru» сайтында Қожамсейіт Шаяхметұлы болған 91-інші танк бригадасы­нан 17 адамның Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғаны атап көрсетіліп, олардың аты-жөндері жазылған. Ішінде Қожамсейіт атамыздың коман­дирі, әзербайжан ұлтынан шық­қан Хыдыр Гасаноглы Мұс­тафаев та бар. Бірақ бір қызы­ғы, 17 Кеңес Одағының Баты­ры деп көрсетіліп тұрға­нымен, 16-сы ғана аталып тұр, яғни, бір батырдың аты-жө­ні жазылмаған. Мүмкін, ол Қожамсейіт Шаяхме­тов шығар. Осы бір ғана дерек бұл жағдайдың өзін, батыр атағы неге берілмей қалғанын, әлде беріліп, ұмыт қалғанын әлі де нақтылай түсу қажет екендігін көрсетеді.

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да, өзінің тиісті наградасына қол жеткізе алмаған қаhарман атамыз туралы белгілі ғалым, ұлтжанды азамат Берік Әбдиғалиұлының «Ұмытылған қаhармандар» атты кітабында мәліметтері енгізілген.

Екінші дүниежүзілік соғыс­тың тарихында әлі де ашылмай жатқан ақиқаттар, еленбей қалған ерліктер, елеусіз жатқан ерлер қаншама. Оны ақиқатын айтып, анықтау, белгісіз тағ­дыр­лар­ды тауып, елге таныту – кейінгі ұрпақтың, біздердің пары­зымыз. Сөз жоқ, осындай елеусіз жатқан ерлердің бірі – Қожамсейіт Шаяхметұлы.

 

Тимур КОЖАХМЕТОВ,

мұғалім,

Ермек РАХИМОВ,

Көкше-іздеу әскери патриоттық іздестіру клубының мүшесі

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы,

Алғабас ауылы