• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Мамыр, 2020

Ұлтқа қызмет етудің ұтымды жолы

327 рет
көрсетілді

Биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты дүниетанымдық-идеологиялық сипаттағы мақаласының жарыққа шыққанына үш жыл толып отыр. Өткен үш жыл ішінде осы бағдарламаның институционалдық қоры құрылып, бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықтың өткені мен бүгінін және болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын идеялық платформаға айналды.

Еліміздің өзге өңірлеріндегідей біздің облыста да осы жылдар ішінде бір­шама келелі істер атқарылып, жаңа бас­тамаларға жол ашылды. Нақты айтқанда, екі миллиондай адамды қамтыған 7 мыңнан астам іс-шара өткізілді.

Мысалға, «Туған жер» арнайы жобасы­ аясында облыста үш жыл ішінде 15,3 млрд теңгеге 600-ге жуық әлеуметтік бас­­тама жүзеге асырылды. Негізінен әлеу­меттік маңызы бар нысандар салынды және қайта қалпына келтірілді: мек­тептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, мәдениет нысандары, спорт алаңдары, жас мамандарға салынған үйлер және тағы басқалары. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жолында қайырымдылық ісімен айналысып, өз үлестерін қосып жүрген жерлестеріміздің патриоттық рухы жоға­ры екендігінің айқын дәлелі. Олар елдің ең бай бизнесмендері емес, туған жеріне жаны ашитын кәсіпкерлер, фермерлер, ауыл шаруашылығы қызмет­керлері.

Аталған мақалада біздің қоғамға заманауи және болашақты жақсы түсінетін гуманитарлық білікті адамдар қажет екені атап көрсетілген. Осы орайда, 2018-2019 оқу жылында облыстың барлық 560 мектебінде 1200-ге жуық «Тегін IT-сыныптар» ашылып, биыл облыс орта­лығында мектеп жасына дейінгі балалардан бастап студент жастарға дейін ғы­лымға бет бұруға мүмкіндік беретін ІТ-технологиялар мен инновациялық әдістемелерді үйлестіретін бірегей алаң – «Болашақ сарайының» құрылысы басталды.

Ақмола облысының 11 киелі нысаны ұлттық тізімге, 35-і өңірлік тізімге енді. Халықты киелі нысандармен жа­қын таныстыру мақсатында 8 туристік мар­­шрут картасы әзірленді. Облыстың бар­лық киелі нысандарында QR-кодтар, ақ­­парат­тық қалқандар, билбордтар мен көрсеткіштер орнатылып, жолдар салынды. 2018 жылдан бері ашық ас­пан астындағы музей – «Ботай» ви­зит орта­лығы» археологиялық-этно­гра­фиялық кешені жұмыс істейді, Был­тыр музейге 5 мыңнан астам турист кел­ді.

Бурабай ауданының «Звездный» балаларды сауықтыру орталығы базасында «Менің Отаным – Қазақстан» туристік-өлкетану экспедициялық отрядтарының облыстық слеті жыл сайын өтеді. Көп күн­дік жаяу жорықтар, тәжірибе алма­су, слеттің шатырлы және скауттық лагерь­лері жыл сайын 1,5 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамтиды. Аудан оқу­­шыларының ғылыми жұмыстары не­гізінде 2019 жылы «Менің кіші Ота­ным» хрестоматиясы (620 бет) шы­ғарылып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты тарапынан жоғары бағаға ие болды.

2018-2019 жылдары «Тарихи-әдеби өлкетану» жобасын жүзеге асыру аясында 6 шығарма жарық көрді. Олар: Нұрдәулет Ақыштың «Афанасий Лату­та» тарихи романы, Жұмаш Кене­бай­дың «Ғашық жүрек» поэмасы, Ай­гүл Кемелбаеваның «Арқаның алтын бел­деуі» ғылыми очеркі, Әбілқайыр Қана­ғат­тың «Атажұртым – Көкшетау» романы, Ермахан Шайхыұлының «Арқа­ның ақтаңгерлері» повесі, Ерболат Баят­­ұлының «Тұлпар тұяғының ізімен» эссесі.

Осы өңірде туған ақындар мен жазу­шылардың аудиокітаптары шы­ғарылды. Соның ішінде Сәкен Жүн­ісовтің «Ақан сері», Ілияс Есенберлиннің «Қаһар», Сәбит Мұқа­новтың «Балуан Шолақ», Естай Мырзахметовтің «Медет», Кәкім­бек Салықовтың «Үкілі Ыбырай», Мәлік Ғабдуллиннің «Эпистолярный мир», Төле­ген Қажыбаевтың «Айбозым», Ерік Асқаровтың «Ата қаз», Жабал Ерғалиев­тің «Ескі арба» шығармалары бар.

Заманауи ақпараттық-коммуникация жағдайында және жаһандану үрдісінде мәдени құндылықтарды экспорттау, оларды сақтау мен дамытудың неғұр­лым тиімді жолы болып табылады. «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақ­стандық мәдениет» арнайы жобасы ая­сында облыстың шығармашылық ұжым­дары жыл сайын Аустрия, Италия, Польша, Ресей, Түр­кия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да көптеген ел­де халықаралық байқауға қа­ты­сып жүр. Біздің шы­­ғар­машылық ұжым­дар шетелдік серік­тестермен берік мәдени байланыс орнатты, бұл олардың шығар­машылықтарын ұштап, бәсекеге қабі­леттілік деңгейін айтарлықтай арттырды.

2019 жылы «Ұлы есімдер – Ұлы дала» арнайы жобасы аясында «Көкшетау-Нұр-Сұлтан» тас жолының бойында Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ және Кенесары хан сынды тарихи тұлғалардың және Степно­горск қаласында Қажымұқан Мұңайт­пасұлының ескерткіші орнатылды. «100 жаңа есім» жобасына үш жыл ішінде 294 ақмолалық қатысып, оның 9-ы жобаның жеңімпазы атанды. Былтыр БАҚ-та бағ­дар­ламаға қатысты 16 мыңнан астам материал жарияланды.

2019 жылдың 1 желтоқсанынан облыстық «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалау кеңсесі жұмыс істейді. Біз биыл және келесі жылға көптеген міндет мен идеяны алға қойдық. Соның ішінде арнайы жобалардың мақ­саты мен мін­детіне тұрғындардың назарын аударып, азаматтық белсенділіктің өсуіне ықпал етуге, өзекті мәселелерді ше­шуге қабілетті өзара толықтырушы іс-шара­лардан тұратын кешенді бағытталған нақты жобалар жоспарладық.

«Ауыл – ел бесігі» жобасының тиім­ділігі, «сакралды орындардың» насихатталуы, «Ұлы даланың ұлы есімдерінің» ұлықталуы, білім, мәдениет, туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстар, тың жобалар, халықаралық ғылыми конфе­ренциялар, республикалық ақын­дар мүшәйрасы, айтыстар, дәстүрлі әнші­лердің, театрлардың фестивалі, кітап­тардың жарыққа шығуы, ескі тарихи жәдігерлердің табылуы – мұның барлығы қоғамдық сананың жаңғыруы.

Ұлттық құндылықтың темірқазығы – руханият екені белгілі. Ал руха­ният – тарихпен, мәдениетпен, салт-дәс­түр­мен, әдебиетпен, әдеп-ғұрыппен, тәр­биемен өлшенеді. Биыл жыл басынан бері біз «Замандас» жобасы аяс­ында ұлттық қолөнер шебері, зергер Рүстем Шәріпов, ұмыт болған ұлт­тық тағамдар даярлаудың шебері Үкі­жан Қалиақпарқызы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Назгүл Жакенова, мүмкіндігі шектеулі қайсар қыз Самал Амрина, волонтер Амантай Ербол туралы және Мәлік Ғабдуллин мұражайы мен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының, Көкшетау қалалық электронды кітапханасының, ұлттық киімдер тігетін «Ақай» сән са­лонының, Ақкөл балалар үйінің қызметі мен тыныс-тіршілігін көрсететін ақ­параттық бейнероликтер даярлап әлеуметтік желі арқылы көпшілік назарына ұсындық. Келесі кезекте «Жеті ата», «Қара шаңырақ», «Алтын жүрек» тақы­рыптарындағы бейнебаяндар болмақ.

Қарқынды даму үстіндегі кез келген мемлекеттің тамыры һәм діңгегі болуы шарт. Яғни тамыры дегеніміз ұлттық құндылық болса, діңгегі, өзегі – ұлттық рух. Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында Мұхар Әуезовтің «Абай жолы» романын жастардың жап­пай оқуына ықпал етіп, ұлы Абай арқылы олардың ұлттық құндылықтарға деген оң көзқарастарын қалыптастырып, шы­ғарманы терең түсініп, өз ойларын қағаз бетіне еркін түсіруіне мүмкіндік беру мақсатында «Біз – Абай жолындамыз» конкурсы жарияланып, бүгінде елуге тарта жас шығарманы оқып шығып, өз пайымдарын таразыға салмақ. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басшылыққа алып құрылған «Eljastar» эксперименталды-лабораториялық жас­тар театры ақпан айында «Жастықтың оты қайдасың?!» атты қойылымның премье­расымен қуантты. Ал Абайдың қарасөздерін күн сайын әлеуметтік желі­де жариялау жақсы дәстүрге айнал­ды.

Ұлт үшін қызмет еткен ұлы тұлғалар туралы қысқа да нұсқа «10 дерек» жобасы сәуір айынан бері әлеуметтік желіде тұрақты түрде жарияланып келеді. Бүгінде көпшілікке Шоқан Уә­ли­ханов, Науан Хазірет, Иманжүсіп Құт­панұлы, Смағұл Сәдуақасов, Біләл Мол­дыбаев, Қошке Кемеңгерұлы, Бар­лыбек Сырттанұлы, Міржақып Дулатов, Бақтыгерей Құл­ман­ұлы, Айтмағанбет Бек­теміров, Мұха­медсәлім Кәшімов, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигел­динов, Мәлік Ғабдуллин, Рамазан Еле­баев, Сағадат Нұрмағамбетов, Жұмабек Тәшенев, Еркін Әуелбеков туралы танымдық тұрғыдағы құнды деректер көпшілікке жеткізілді. Жоба тек Ақмола жерінің тумаларымен ғана шектелмей, ұлт мақтанышына айналуы тиіс тарихи тұлғаларды түгел қамтымақ.

Заман талабы жаңарып жатқандықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жыл өткен сайын құрылымы өзгеріп, оны жүзеге асыру үшін жаңа талаптардың пайда болуы заңдылық. Жастардың, өскелең ұрпақтың жаңашылдыққа құмар екені белгілі. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде оқып жатқан жастарды «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасына белсенді кіріктіру мақ­сатында сайыстар ұйымдастырылып, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет кол­леджінің, Шоқан Уәлиханов атын­дағы көпсалалы колледждің, Арна кол­леджінің, жоғары медициналық кол­леджінің, қазақ гуманитарлық техни­калық колледжінің, азаматтық қорғаныс колледжінің оқушылары білімдерін ортаға салып, өз пікірлерін қызу қорғап, ұстанымдарын ұштады.

«Рухани жаңғыру» – қоғамдық сананы жаңғырту бойынша жүргізілетін жүйелі жұмыс. Бұл жұмыстың нәтижесі – білімді, бәсекеге қабілетті, елжанды, ұлтжанды, ана тілін ардақтайтын, әдебиеті мен мәдениетін құрмет тұтатын, тарихын тани білетін саналы азамат болмақ. Бұл кешенді тәсіл барлық мем­лекеттік және қоғамдық өзгерістердің трен­діне, әрбір қазақстандықтың өмірлік мақ­сатына айналуы тиіс.

 

Марал ЖАҚЫПОВА,

Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесінің басшысы