Жол жолға жалғасады. Әлімсақтан келе жатқан адамзаттың жолы бар. Бір сүрлеу өшеді, бір соқпақ өседі. Даңғыл, даңғайыр жолға айналады. Ел елге жалғасады. Әзелден келе жатқан адамзаттың елі мен жұрты бар. Бір жұрттар жоғалады, тарих бетінен сызылады, келесі бір ел күшейеді, қуатты, тегеурінді мемлекет құрады. Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды. Міне, елшілдік, мемлекетшілдік сана осы бір ұлы мұраттың жүгін құмырсқа белдей қайыспай көтере білуден туатын болса керек.
Жетпіс жыл бойы жұрт жүйкесін үреймен, қасаң идеологиямен құрсаулаған кеңес өкіметінің көлеңкесі аумай тұрып, тәуелсіздіктің таңы ата салысымен төл санамызды, ұлттық рухымызды жанитын, жаңа сананы қалыптастыру қандай күрделі екенін қазір сезінудің өзі қиынға түседі. Өйткені осыдан отыз жыл бұрынғы ортада мемлекет құраушы ұлтымыздың үні қазіргідей емес, бәсең, дауысы құмығыңқы шығар еді. Әлі де саяси, экономикалық, қаржылық ресурстардың кілті Мәскеудің қолында болды. Сондықтан тәуелсіздіктің тұғырын бекіте түсетін төл сананы – мемлекетшілдіктің маңызын көтеретін тұлғалар іс басына ілуде болса да, келе бастауы заңдылық болатын. Осындай өтпелі кезеңде әуелгі іс қалыптасқан қасаң қағиданы бұзуға бағытталуы тиіс еді. Солай болды да. Мұны алдымыздағы аға буынның бүгінгі ұрпаққа қалдырған бірегей құндылығы ретінде санауға болады. Міне, сол санатта, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз елдің іргесін қалап, тұғырын бекіту, жас мемлекеттің негізгі құрылымдарын қалыптастыру жолында тер төгіп, көш түзеген керуенбасы тұлғалардың бірі – Қуаныш Сұлтанов.
ХХ ғасырдың соңғы онжылдық бастауында басымызға қонған бақ құсы – тәуелсіздік туралы кең дүниеге ақжарылқап ақпарат қалай тарап еді? Егемен еліміздің ең алғашқы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Қуаныш Сұлтановтың естелігіне кезек берсек, мемлекет және қоғам қайраткері төрткүл әлемге қазақтың қастерлі тәуелсіздігі туралы толайым сөз тез тарағанын төмендегідей толғайды.
«Аласапыран тосын қайшылықтарға толы 1991 жыл да жетті. Сол жылдың соңғы айы әр қазақ баласының басына бақыт құсын қондырды. Ол бақыт құсының есімі – қазақтың мемлекеттік тәуелсіздігі. Бұл жолғы желтоқсанның 16-сы жадыраған ашық күн, Алматының «май тоңғысыз» жылы қысының көрінісіндей бейілді болды. 17-сі де, 18-і де бес жыл бұрынғы желтоқсанның қайтарымындай ашық аспанмен жарық күндер сыйлады. Өткен дәуірдің игілігі мен қасаңдығын да басынан өткізген ұрпақтың бір пендесі ретінде ішімнен тәубе деп жақсылыққа жорыдым. Азаттықтың ақ таңы атқан күндері менің қатар жүрген замандастарым, достарым, әріптестерім өзара сырласқанда осындай сезімдерімізбен бөлістік», деп жазады еліміздің ақпарат саласының алғашқы басшысы сол бір жылдар жөнінде.
Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрген (2018 жыл, 14 желтоқсан) «Тарихи сәт салтанаты» атты мақаласында тұңғыш баспасөз министрі сол күндердегі ел ағаларының ерекше толғаныспен қатар белсенділікпен әрі біліктілікпен тарихи құжатты қабылдау барысын жеткізе отырып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң жобасын талқылап, қабылдауға қатысқанын әсерлі әңгімелейді. Олардың қатарында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған арнайы комиссияның төрағасы болған академик, заңгер Сұлтан Сартаевтан бастап, Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Манаш Қозыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков, Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Әнуар Әлімжанов, Сауық Тәкежанов, Өмірбек Жолдасбеков, Зинаида Федотова, Нұрлан Оразалин, Мұрат Әуезов, Александр Княгинин, Балғабек Қыдырбекұлы, Алтыншаш Жағанова және тағы басқа зиялы тұлғалар талқылау кезіндегі пікірталасқа белсене қатысып, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің іргетасын қалайтын тұңғыш заңның сауатты, пәрменді әрі сапалы болуына барынша атсалысқанын атап өтеді.
Иә, ел алдында ебелек көшкен түрлі заман өтті. Әлбетте, өзін-өзі билеген ел бақытты. Мұны желтоқсан ызғарынан кейінгі тәуелсіздік таңы айқын аңдатты. «Кеңесті ел кемімес» дегендей, жоғарыда есімдері аталған аузы дуалы алыптар шоғыры ақылдаса, Елбасы заң жобасының әр бабына өз ойын, көзқарасын, ұстанымын ортаға салып, кейбір баптарға тікелей өзгерістер, толық сөйлемдер енгізіп, айрықша үлес қоса отырып жер-жаһанға жарияланған құжаттың 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданғаны белгілі.
«...Сол күні кеште, түні бойы Президент, оның Әкімшілігі, бүкіл Үкімет мүшелері, министрлік аппараттары түгел жұмыс орындарында болды. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», республикалық телерадиоарналар хабар таратып, жариялап жатты. Президент Әкімшілігінің басшылығымен БҰҰ-ға, басқа да халықаралық құрылымдарға, әлемнің барлық еліне, шартарапқа жар салып, қысқа мерзімде хабар жеткізуді қамтамасыз еттік.
...Түнгі сағат 23:00-ге жуық Президенттің телефоны шырылдады.
− Ал құтты болсын! Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдан Тәуелсіз мемлекеттілігімізді мойындап, құттықтаған хабары келді. Ертеңгі газеттерге, теледидарға жарқыратып бергізіңдер, − деді Нұрсұлтан Әбішұлы шабыттанып, қуаттанып. Әдеттегі сабырлы, ашық әрі анық дауысы сол сәтте маған ерекше саңқылдап тұрғандай естілді.
...Түнгі сағат 00:00-ден асқанда Президент көмекшісі телефонмен, ертең таңғы 9-да кеңейтілген Үкімет отырысы болатынын айтты. Кеңейтілген Үкімет отырысын Нұрсұлтан Әбішұлы өзі жүргізді. Бұл жолғы отырыс мүлдем жаңа, көпшілігіміз біле бермейтін жаңа сөздер, терминдер, жаңа жобалар аталып, ортаға салынды. Жаңа міндеттер қойылды. Сол жиынға қатынасқан әрбір адам, әр лауазымды қызметкер Президенттің сол күнге ерекше дайындықпен келгенін көрдік, көзіміз жетті, түсіндік. Жаңа, жас мемлекеттің іргетасы мен қабырғасын қаласып, шаңырағын көтеріп, шатырын көркемдеуге қатысатын бақытқа ие болдық. Ұлы даланың төрінде көк Туын желбіреткен Жаңа дәуірдегі Жаңа Қазақстанның Мәңгілік ел болуға бет алған Ұлы жорығы осылай басталып еді», деп тебіреніспен еске алады Қуаныш Сұлтанұлы.
Біз бұл жолдарды сол уақыттың көтерген жүгін сезіну үшін кесек күйінде келтірдік. Міне, Қуаныш Сұлтанұлының жас кезінен бері қалыптасып, кемеліне келген қайраткерлік болмысы тәуелсіздік жылдарында Елбасы мен ел үдесінен шығуға қызмет етіп, мемлекет пен қоғамның игілігіне айналып жүре берді.
Еңбек жолының Сарыөзектегі баспаханадан басталып, аудандық газеттерде түзетуші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жалғасуы және қызмет сатыларының басым бөлігінде идеологиялық ұйымдастыру жұмыстарының басшылығында мол тәжірибесінің болуы Қуаныш Сұлтанұлының тәуелсіз елдің төл баспасөзін қалыптастыруда кәдеге асты. Бұған дейін бір әрпіне дейін бақыланатын БАҚ-тың қызметі нарыққа бейімделуге, бәсекелестік ортаға батыл бет алды.
«Ел қадірін көрген біледі, жер қадірін жүрген біледі». Қуаныш Сұлтанұлы жалындаған жас кезінен жастар ұйымдарына жетекшілік етті. Жастық от пен жігерді тура арнасына салып, ел ертеңі болатын кадрларды даярлауға үлес қосты. Өңірлерде жұмыс істеді, Жетісуда, Арқада ізі қалды. Егемендіктің елең-алаң жылдарында Үкімет басшылығы құрамында да болды. Бастапқыда «Қазақстан халық бірлігі одағы» атты қозғалысы, кейіннен партиясының орталық кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық қызметке де белсенді араласты. Әрине пассионар тұлғаның пайым мен парасатының бірнеше салада көрініс табуы кездейсоқ емес. Дәл осы мемлекеттіліктің бүгіні мен ертеңі күдік пен күмәнға ілініп, әрі-сәрі күй кешіп тұрған кезде елді ұйыта білетін, сергек сөзі санаға сәуле құятын Қуаныш Сұлтанұлы сынды ағалардың күш-қуаты қажет-тін.
Елдестірмек – елшіден. Қуаныш Сұлтанұлы қазақ елінің енді ғана қалыптасып келе жатқан халықаралық дипломатиясының өркендеуіне де өзіндік үлесін қосқан дипломат. Қазақстанның Азиядағы ең ірі әріптесі әрі көршісі, алып ел Қытайда Төтенше және Өкілетті елші болды және Вьетнамда, КХДР-да, Моңғолияда осы қызметті қоса атқарды. 1995 жылдардан бастап парламентарийлік қызметке ауысқанға дейін ел мен елдің арасын жақындатуға, алыс-берісті көбейтуге, атамекеніне көш түзеген қандастарға нақты қолдау көрсетуге сүбелі үлес қосты.
Ел ауызы – дуалы. Қайраткер өмірінің басым бөлігі еліміздің заң шығарушы органымен тікелей байланысты. Соңғы жиырма жылдың бедеріндегі парламентарийлік еңбегінен бұрын ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Жоғарғы Кеңес депутаты, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған үлкен тәжірибеге ие болатын. Сондықтан ел Парламентіндегі Қуаныш Сұлтанұлының бозбала ғұмырына өлшем боларлық еңбегі еліміздің ең жоғары заң шығарушы органының орнын айқындай түсуіне, ел қызметіне еселі үлес қосқан тұтас кезең болды деуге толық негіз бар.
Әлбетте, «Ел артындағы шаң жұтар, ел алдындағы май жұтар» деген тәмсілді қай тұғырға қондыратыны қайраткерлердің ерік-жігеріне байланысты. Осы орайда ел-елдің бәрі жақсы болса да, өз елің бәрінен жақсы екенін ерте түйсініп, елге қызмет етуге ден қойған елшілдік болмыс екінің біріне қона бермейтін қасиет екенін мойындауымыз керек.
Былтыр Алматы қаласында өткен «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық конференцияға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан болатын. Сол жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Елбасы баяндамасының орындалған парыз кодексі екенін айтты. Бұл баға – ең әуелі мемлекетшіл санаға деген құрмет. Өзі айтқандай, жас мемлекеттің шаңырағын көтеріп, шатырын көркемдеуге атсалыса жүріп, ел ісінің қылпыған жүзінен ұстай жүріп түйсінуден туған терең тұжырым. Озар елдің – арманы озық. Қуаныш Сұлтановтың ғұмырлық арманының мәні – қуатты һәм тұрақты ел болу. Осы арманға жақын көкжиектен көз салып тұрған қайраткердің қажыр-қайраты әлі де мемлекет мүддесіне қызмет ете бермек.
Аида БАЛАЕВА,
Ақпарат және қоғамдық даму министрі