Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар кәсіпорындардағы оқыс оқиғалардың алдын алуға, қауіпсіздікті барынша күшейтуге бағытталған заң жобасын кеңінен талқылады.
Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Бірінші оқылымда қаралған заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге, бизнеске әкімшілік қысымды азайтуға, қауіпті объектілерде мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс жүргізу құқығы аттестатталған және авариялық-құтқару қызметтерін ұсынатын ұйымдардың жұмысын реттеуге, сондай-ақ қолданыстағы заңнамадағы олқылықтар мен коллизияларды жоюға бағытталған.
Аталған құжатты депутаттардың назарына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ұсынды. Оның айтуынша, заң жобасы бойынша алдымен кәсіпорындарда өндірістік бақылау қызметін регламенттеу және бұған жауапты лауазымды тұлғалардың мәртебесін күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, ұйымның лауазымды тұлғаларына қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, талаптарды бұза отырып жүзеге асырылатын жұмыстарды тоқтата тұру өкілеттігімен өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйін тексеруді ұйымдастыру мен жүргізу және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін адамдарды жұмыстан шеттету құқығы беріледі.
Екіншіден, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығы аттестатталған ұйымдардың және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметтерді ұсынатын ұйымдардың қызметін реттеу көзделеді. Бұл норма 2018 жылы кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттау ресімі алынып тасталуына және «Азаматтық қорғау туралы» заңында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы аттестатталған ұйымдардың қызметін реттейтін мәселелердің болмауына байланысты ұсынылады.
Бұған қоса заң жобасында қауіпті өндірістік объектілерде тау-кен құтқару, газдан құтқару, бұрқаққа қарсы жұмыстарды жүргізу сияқты өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметінің негізгі белгілерін регламенттеу және оларға қойылатын талаптар белгіленеді.
– Қауіпті өндірістік объектіде апаттық жағдайларды тергеп-тексеруді жүргізудің бірыңғай тәртібін белгілеу үшін оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның өкілеттіктерін, оларды құру тәртібін, нәтижелерін ресімдеуді және ұйымдардың іс-қимылдарын нақтылау ұсынылады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту көзделеді, – деді Бейбіт Атамқұлов.
Құжатты талқылау барысында депутаттар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы авариялық-құтқару жұмыстарына дайындық және бақылау мәселелеріне ерекше назар аударып, аттестаттау мен мемлекеттік бақылауды енгізуді ұсынды. Соның ішінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін авариялық-құтқару қызметтерінің аттестацияланбайтыны назарға алынды.
– Шынын айтқанда, өмірге қауіпті өндірістік орындары – тау-кен металлургия, мұнай-газ кешенінің кәсіпорындарында және экономиканың басқа салаларындағы кәсіпорындарда аттестаттан өтпеген құтқарушылар жұмыс істеп жатуы мүмкін. Оған жол беруге болмайды. Осы заң жобасын қабылдағаннан кейін апат салдарынан жарақат алу мен зиян келтіру ықтималдығы төмендетілуі қажет. Ол үшін авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлері тиісті дайындықтан өтіп және аттестациялануы керек, – деді Нұрлан Нығматулин.
900-ден аса ұйым өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізетін болып аттестатталған. Дегенмен, өндірістегі оқыс оқиғалар саны азаймай тұр. Әсіресе құтқарушылар тау-кен, көмір өндіру саласындағы кәсіпорындарындағы оқыс оқиғаларға жиі шыққан.
Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым объектілері – қазандықтарға, лифтілерге, эскалаторларға да ерекше мән берілді. Мәжіліс Төрағасы әкімдіктермен бірге тұрғын үй инспекциясын құрып, мемлекеттік инспекторлардың ресми мәртебесін заң талаптарына сәйкес келтіріп, біліктілік, жұмыс жүктемесі және тағы басқа мәселелерді шешуге тоқталды.
Депутаттар екінші оқылымда екі заң жобасын мақұлдады. Оның алғашқысы халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелеріне қатысты болды. Бұл құжат жобасында Үкіметке халықаралық тасымалдарды қадағалап отыру жүйесінің ұлттық операторын айқындау бойынша құзыреттілік беру; халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде навигациялық пломбаларды пайдалану бөлігінде тасымалдаушыларға қойылатын талаптарды белгілеу; электрондық сәйкестендіргіштерді қасақана бүлдіргені немесе жойғаны үшін әкімшілік жауаптылықты енгізу көзделеді. Сонымен қатар заң жобасында электронды сәйкестендіргіштерді пайдалану тәртібін салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның бекітуі ұсынылады.
Бұған қоса депутаттар тарапынан ойын бизнесіне қатысты заң жобасы екінші оқылымда қолдау тапты.
– Заң жобасын қарау барысында депутаттар жаңа ойын аймақтарын ашу туралы нормаларды алып тастау бойынша ұсыныс енгізді. Құжатқа депутаттар букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассаларын Алматы облысы Қапшағай су қоймасының жағалауындағы және Ақмола облысы Бурабай ауданындағы екі ойын аймағы аумақтарында орналастыру бойынша түзетулер енгізді. Осыған байланысты енді букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассалары елді мекендерден аталған ойын аймақтарына көшіріледі, – деді депутат Сәкен Өтебаев.
Заң жобасы бойынша енді құмар ойынға салынған азаматтарды отбасы мүшелері де тыя алады. Олардың теріс әрекеттерін шектеу үшін жақын туыстары сотқа шағымдануға болатын норма енгізіледі.
Алқалы жиында депутаттар бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Олардың қатарында адвокаттық қызмет және заң көмегі, жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ мемлекеттік шекара және инклюзивті білім беру мәселелеріне қатысты заң жобалары бар.
Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауал жолдады. Айталық, депутат Аманжан Жамалов Үкімет басшысы Асқар Маминге қарата жолдаған сауалында дағдарыс жағдайы шағын және орта бизнесті қаржыландыру жүйесінің тиімсіз жұмыс істеп отырғанын көрсетіп бергенін айта келе, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қызметін жандандыруды сұрады.
Сонымен қатар «Ақ жол» демократиялық партиясы фракцияларының мүшелері Меруерт Қазбекова, Берік Дүйсенбинов және Ерлан Барлыбаев төтенше жағдай кезінде тиімділігі төмен болған салаларға қатысты мәселелерді көтерді.