«Egemen Qazaqstan» газетінде 29 қыркүйек күні жарияланған Бекен Қайратұлының «Қазақтың ағайынгершілігі» атты мақаласын қызыға оқып шықтым. Маған қатты әсер етті. Автор қазағымыздың қанына сіңген жақсы қасиеттерді дәлел-дәйекпен тамаша баяндап берген.
Адал ағайынгершілік қарым-қатынастарды өмірде күнде көріп жүрміз. Бірақ соған тиісті мән бермейтін және оның тәлімді жақтарын кейінгі ұрпаққа өнеге етпейтін сияқтымыз. Әр әулеттің арғы-бергі буынында тек өзіне тән бауырмалдық, жанашырлық, қамқорлық, тілеуқорлық, татулық сияқты ізгі қасиеттер бар десем, артық айтқандық болмас. Алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деуі де содан болса керек.
Қазір менің жасым жетпіс бірден асты. Байқап отырсам, осы өмірімде біздің әулетте де ағайын-туыс арасында ынтымақ, бірлік, бір-бірін қолдау баршылық екен. Мен туғанда әкем селолық кеңестің хатшысы болған. Әкемнің аты-жөні Қинаят Шаймарданов та, шешем – Маскен Оспанова. Бірақ менің туу туралы куәлігімді әкем өз қолымен Серік Сатыбалдин деп өзге текпен толтырыпты. Оған себеп: сол кезде аудандық партия комитетінде хатшы болған әкемнің немере апасы Мүнира Сатыбалдинаның екі қызы бар екен де, ұл баласы болмапты. Ол өзінің айтқанын екі етпейтін туысқан бауырларына «ендігі сендерден туған ұл бала менікі болады» деген екен. Сондықтан әкем мені сол апасының атына жазып, кейін бермекші болыпты. Шешем көзі тірісінде, бертінде бұл жөнінде маған былай деп еді: «Қинаят сені Мүнира тәтеміздің атына жазыпты. Бірақ ол туралы маған ештеңе айтпады да, мен де сұрамадым. Арада бірнеше ай өткеннен кейін ғана айтты. Енді не дейін, ештеңе деген жоқпын. Келістім. Апамыз бала ширап, тазарғасын алатын болып жүрді, бірақ кейін баланы алуға шын ниет білдірмеді де, сен өзімізде қалдың». Сөйтіп шешем туған баласы – мені туыстарына беруге ешқандай қарсылық білдірмеген екен. Бұл да шынайы ағайынгершіліктің бір белгісі болса керек.
Менің әкемнің Шаймардан деген ағасы болды. Мен бала кезімде әкемнің тегі Шаймарданов, ал ағасының аты неге Шаймардан деп кейде ойлаушы едім де, оған, неге екені белгісіз, мән бермейтінмін. Оның сырын кейін, ержеткенде бір-ақ білдім. Сөйтсем, менің атамның, яғни әкемнің әкесінің әйелі қайтыс болғаннан кейін, Шаймардан екінші әйелімен еріп келген бала екен. Олардың бір әке, бір шешеден туғандай тату болғандығы сондай – біз олардың өгей екенін білмей өстік. Біздің үйдің балаларының бәрі Шаймарданды ата дейтін. Өйткені әжеміз бізге «әкелеріңнен үлкен болса, сендерге ата болады, ал әкелеріңнен кіші болса, ағатай болады» деп тәрбиеледі. Шаймардан атамыз тұрған Қызылқоғам ауылы біздің әкелеріміз бен одан арғы бабаларымыз туып-өскен жер екен. Осы ауылда Павлодар уезінде алғашқылардың бірі болып жаңаша мектептің ашылуына Мүнира апамыздың әкесі, Троицк қаласындағы медресені бітірген, жауапты қызметтер істеген Садуақас Сатыбалдин ұйытқы болған екен. Кейін осы мектепке ағартушы ретінде сол кісінің есімі берілді. Үйдегі балалардың барлығын үлкендер аталарының мектебінде оқиды деп сол мектепке берді. Оның үстіне әкеміз бөлімше меңгерушісі болған Шәмші ауылында бастауыш мектеп қана болды. Сөйтіп біз Шаймардан атамыздың тәрбиесін көріп, үйінде өстік. Әкем жылда күзде Ресейден екі жылқы алғызып, біреуін атамызға соғымға беретін. Міне біз – осы әулеттің балалары осылайша аға буынның бірінің біріне деген ынтымағын және үлкендерге деген құрметін көріп өстік.
Ауылда бізбен аталас, жасы әкемізбен шамалас ағай болды. Біздің үймен бірге туған туыстай араласты. Ағай өмірден өткелі бірнеше жыл болды, ал тәтеміздің жасы қазір тоқсаннан асты. Сонда да бір кезде барлық қайнылары мен қайын сіңлілеріне қойған атын бір шатастырмай атайды. Мен оның жадының беріктігіне және ұлтымыздың ағайын-туысқа деген құрметінен туындаған салтқа берілгендігіне қайран қаламын. Өкінішке қарай, бүгінде осы тәтеміздей қайындарына ат қоятын келіндерді көрмейміз.
Сөзімнің басында аталған мақаласында автордың: «Әлемде ағайынгершілікті, туыстықты қатаң сақтай отырып, ұлт тұтастығы мен қоғам бірлігін реттеп келген жұрттың бірі – қазақ халқы» деуінде үлкен саяси мән жатыр. Өйткені ынтымақ пен бірлік бәрінен де қымбат. Сол қымбат қазынамыз отбасынан, ағайын арасынан бастау алады. Осы орайда хакім Абай: «Кәрісі кімнің жоқ болса, Жасы болар диуана» дегендей, ел ішіндегі ақсақалдар мен әжелердің ағайынгершілік ізгі салтымызды кейінгі ұрпаққа насихаттап, жаңғыртуы – олардың алдындағы басты парыздың бірі деп ойлаймын.
Ұлтымыздың өзіне тән бір ізгілікті ерекшелігі – туыстар арасындағы ағайынгершіліктің тамаша үлгілері әдебиетіміз бен өнерімізден жақсы көрініс тапқан. Көрнекті жазушылар Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» әңгімесі, Дулат Исабековтің «Әпке» пьесасы және басқа көптеген шығармалар оған дәлел. Мұндай халықтық педагогиканың жарқын мысалдары ел ішінде өте мол. Оны тиісті саланың мамандары жинастырып, жүйелеп, халықтың игілігіне ұсынып жатса, тұтас ұлт тәрбиесіне қосылған айтулы үлес болар еді.
Серік САТЫБАЛДИН,
«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары
Павлодар облысы