1927 жылы 21 мамырда Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (БМСБ) төрағасының орынбасары Генрих Ягода БК(б)П Орталық комитетіне және И.В.Сталинге бұрынғы Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов туралы хат жазып, оның Қазақстанға баруына мүлдем тыйым салу керек деген ұсыныс жасады.
Бірақ Г.Ягода бірнеше күнге кеш қалған еді. И.Сталин 17 мамырда-ақ Ф.Голощекин мен Н.Нұрмақовтың атына жеделхат жолдап, «Бөкейхановтың Қазақстанға уақытша сапарына немесе сіздерде оның тұрақты жұмысына қарсылық білдіресіздер ме, дереу хабарлаңыздар», деп, Қазақстан басшыларының пікірін сұрағансыған болатын.
Шын мәнінде, сол кезеңде И.Сталинге қарсы күшейіп тұрған оппозициялық блокқа пиғылдас болған, әрі Қазақстандағы Ф.Голощекинге қарсы қазақ қайраткерлеріне дем беріп отырған Ә.Бөкейхановты Қазақстанға жіберу қауіпті деп танылған еді. Сонымен қатар, Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақов пен Ағарту халық комиссары әрі Ә.Бөкейхановтың туған күйеу баласы С.Сәдуақасовтың бұрынғы Алашорда басшысына деген ілтипаты 1925 жылдың өзінде-ақ БК(б)П ОК-не белгілі болатын. Сондықтан да, И.Сталин Ф.Голощекинге қосақтап, Н.Нұрмақовтан «пікір» сұрады. Өкінішке қарай, И.Сталиннің аталған жеделхатына Қазақстан басшыларының қандай жауап қайтарғаны бізге белгісіз, бірақ осы 1927 жылдан бастап Ә.Бөкейхановтың Қазақстанға баруына мүлдем тыйым салынды. Бұл Г.Ягоданың нақты ұсынысы еді.
Біз 2021 жылдың жазында Мәскеу қаласына барған ғылыми сапарымызда осы хаттың түпнұсқасымен танысқан болатынбыз. Бүгін хаттың толық мәтінін қазақ тіліне аударып, Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
БМСБ төрағасының орынбасары Г.Ягоданың БК(б)П Орталық комитетіне және И.В.Сталинге Ә.Н.Бөкейханов туралы жазған хаты
1922 жылы Бөкейхановтың Қазақстанда болуы кеңестік және партиялық құрылыстың қалыпты жүруін қиындатады деп танылды, осыған орай ол Мәскеуге жер аударылды.
Жер аударуда болған кезінде Бөкейханов өзінің бұрынғы принциптік ұстанымдарынан бір де бір иотаға (өлшем бірлігі – С.Ш.) кері шегінбеді. Ұлттық араздықты қоздыруға, олар «отарлық» деп атайтын Мәскеу басшылығынан «азат етуге», партияның Қазақстандағы практикалық іс-шараларына қарсы іс-қимылға бағытталған Бөкейхановтың желісі айқын көрініп тұратын бірқатар құжат (мәтінде: «Ряд документов, через которые красной нитью проходит линия Букейханова...» деп берілген – С.Ш.) осыны дәлелдейді.
1926 жылы Бөкейханов Ғылым академиясы жабдықтаған Қазақстанды зерттеу жөніндегі экспедицияға жіберілді.
Бөкейхановтың осы кезеңдегі қызметіне жүргізген біздің бақылауларымыз Бөкейхановтың Қазақстанда жүргізген антикеңестік үгіт-насихатының бірқатар фактісін анықтады. Бөкейханов қазақтардың орыс қоныстанушыларына деген өшпенділігін қоздырды; халықты орыстардың Қазақстанға қоныс аударуына неғұрлым батыл қарсы тұруға үгіттеді; Кеңес билігінің жерді пайдалану мәселелеріндегі саясатының «дұрыс еместігін», Қазақстан жағдайында кооперация арқылы социализмге көшудің мүмкін еместігін дәлелдеді; жаңа оппозициямен ынтымақтастықта болды.
Ол осы ой-пікірлерінің барлығын экспедиция мүшелері – қазақ студенттері мен экспедиция тұрағына арнайы қажылық жасаған (бұл жерде Ә.Бөкейхановқа арнайы барып, сәлем берген адамдарды «арнайы қажылық жасаған» деп жазып отыр. 1928 жылы Л.Троцкий Алматыға жер аударылған кезде де оны көруге, тілдесуге барған адамдарды ОГПУ өкілдері «совершили паломничество» деп суреттеген болатын – С.Ш.) Қазақстан жұмысшылары арасында дамытты. Осыған байланысты 1926 жылы қыркүйекте Бөкейханов БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің келісімімен Қазақстаннан Мәскеуге аластатылды.
Соңғы уақытта Бөкейханов Қазақстанға баруға қатты талпынуда. Біздің материалдар Бөкейхановтың бұл әрекеттерін Қазақстандағы антикеңестік және антипартиялық барлық күштің бізге қарсы үлкен бірігу жолымен жүріп жатқан Қазақстандағы белгілі бір көңіл күймен байланыстырады.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз Бөкейхановтың Қазақстанға баруына рұқсат бермеу қажет деп есептегенімізбен, жергілікті парторгандар оның Қызылордаға уақытша баруына қарсы болмай тұрғандықтан, біз Бөкейхановтың Қазақстанда болу фактісінен туындауы мүмкін қауіп-қатерлер туралы сізді хабардар етуді жөн санаймыз.
Өз тарапымыздан біз бұл мәселені шешуді жолдас Голощекин келгенге дейін кейінге қалдыра тұруды және ол келген соң жеке сөйлескенді дұрыс деп тапқан болар едік.
БМСБ төрағасының орынбасары: Г.Ягода
Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры