Атыраудан ауылға қарай бет алсам, ұзын жолдың 827-шақырымындағы «Сүлеймен ата» деген бағыттама қалың ойға батырып, есіме еріксіз өткен бір жайды оралтады. Оның бәрі ел басына төнген отызыншы жылдардағы нәубет салқыны еді. Сол ызғар талайды атажұрттан ажыратты, адастырды, тамырынан қиды.
Мұхит қария Сүлейменов бұл жолғы сапарына дән риза. Тіпті бұлай болады деп ойламапты. Бірақ адам жасы есейген сайын кіндік кесіп, кір жуған топырағын жиірек еске алып, ой орманын кешеді екен. Балалығы, құлын-тайдай тебісіп, бірге ойнаған достары, мектепке барып, қолына «Әліппе» алған алғашқы күндері, бәрі-бәрі еске оралады. Ол алғашында әкесі ашқан медреседе білім алды. Одан соң Ганюшкиндегі орыс-қазақ училищесінде оқыды. Кейін Мәскеудің түсті металдар институтын бітірді. Қалған өмірі еліміздің шығыс өңірінде өтті. Сол жақта отау құрды, балалы-шағалы болды. Еңбекте де абыройсыз емес-ті. Қазақ КСР-нің құрметті кеншісі атанды. «Құрмет белгісі» орденін, ондаған медаль тақты.
Оның туған жерден жырақтап, тым алыста жүруінің бір себебі мамандығына сай қызмет бабы болса, екінші түйткіл – елдегі жағдай, қоғамдағы өзгерістер. Бұл отызыншы жылдардың басындағы оқыған ұлт зиялыларын қудалап, байларды тәркілеген, молдалардың артына шам алып түскен аса бір қиын шақ болатын. Мұхит үшінші курсты бітірген соң жазғы демалысында Мақаш әкім ставкасының терістік батысында әудем жердегі әке үйіне бағыт ұстап еді. Астраханға жеткенде мұндағы ағайындар елде молдаларды қудалау басталып, енді аз күнде әлділерді тәркілеу ісінің үшінші толқыны жүретінін қаперге берді. Соған сай оның бұл жолы туған ауылына баруының тіпті де қажет еместігін айтты.
Сонда да ата-жұрт, әке үйіне деген балалық сағыныш оның есін алып, қалайда шекаралық аумақ – Котяевке жетейін, жаға қырдағы ата-анаммен қауышайын деген сезімде еді. Десе де бұл ойы жүзеге аспады. Әупірімдеп Котяевке келген-ді. Одан әрі жылжуға мүмкіндік болмады. Өйткені байларды тәркілеу желеуімен олардың мал-мүліктерін ортаға алу былай тұрсын, алыс-жақында оқып жатқан балаларын ұстап, қамауды да бастап кеткен екен.
Анау ала қыр – Дыңғызылдағы бес бай Ихсан Жансүгіров, Естай Құлбарақов, Мұса Құлмәжитов, Құбаш Мақанов, Әмір Төкеев бұлардың ағайындары еді. Бәрін де мұрнынан тізіп, Сібірге айдапты. Ішіндегі ең кішісі Әмірді әкесінің орнына алып кеткен. Осындай хабардан соң Астраханда оқып жатқан Ихсанның қос ұлы сынды Мұхит та сол күні Котяевтен кетіп үлгерді. Алдыңғы екеуі кейін Дағыстанның Қызыл қаласына тұрақтап, уақыт өте отбасын құрды. Бар өмірін сонда өткізді. Ал Мұхит болса, Мәскеуіне оралып, одан арғы тірлігі Өскеменде жалғасты.
Шыны керек, аталған зобалаң қазақтарды қынадай қырды. Тігерге тұяғы, алдында азығы жоқ қандастарымыз беті ауған жаққа бытырап, тек елу алтының жылымығынан соң ғана бір-бірлеп туған жерімен хабарласа бастады. Ал Мұхит «аузы күйген үріп ішедінің» керімен анда-санда ғана ауылдас ағайындарына хабарласатын. Сонда сол бір қиын-қыстау шақта жан-жаққа тарыдай шашылған ағайындарды құмаршық топаны арасынан ине іздегендей әзер тауып, араласып тұрды.
Алайда екі мыңыншы жылдар басындағы соңғы келісі жүрек қылын шертетіндей сазды және аязды болды. Бұл жолы ол ат басын бірден аудан орталығы – Ганюшкинде (қазірде Құрманғазы ауылы) бар ғұмыры өтіп жатқан немере ағайыны Әнуар Кәрімовтің үйіне бұрып, әңгімені төтесінен қойды.
– Шырағым, туғандардың айтуынша, сен біздің ағайындардың ой-қырдағы қонысы мен өлгендер қауымын жақсы біледі екенсің. Ендеше, кезінде менің Екінші Теңіз жағалауы округінің бас молдасы болған әкем – Сүлеймен қыстауының орнын білесің бе?
– Білгенде қандай, көзімді жұмып-ақ табамын.
– Қойшы, рас па? Ендеше, қолыңа күрегіңді ал, отыр көлікке.
Дәл солай болды. Атырау-Астрахан күре жолының 827-шақырымынан терістікке бұрылғанда екі-ақ шақырым қашықтықта алдарынан көне жұрттың орны көрінді. Машинадан түсе қалып еді, сәл биіктеу тепсеңде шикі кірпіштен қаланған ескі қыстаудың ізі көзге ұрды. Жергілікті тілмен айтқанда, сүрлеу сыпа ғана. Мұны көргенде Мұхит қарияның жүзінде нұр ойнады, шуақ шашты.
– Міне, міне, тап осы, біздің қыстаудың орны. Мынау үлкен жағымыз, анау кіші бөлме. Үлкенінде бұрындары атам мен әжем жататын, кейін әкем мен анам және мен ұйықтайтынбыз. Шәміш ағайым мен Шұғайып, Айыптар ана бөлмеде жататын. Ана жақта сарай, ет шоланымыз болушы еді. Оған жалғас әкемнің ұста дүкені, – деп санамалай жөнелді.
Аула-қора, ат байлайтын қазық орнын да көрсетті. Одан әрі қария өзінің балалығын еске алып, ойына әлдене оралғандай тұра қалды да, қасына Әнуар інісін шақырды. Сосын оның үй орнынан бесіндікке он сегіз қадам жүруін өтінді. Ересектердің алшаңдаған адымы емес, жасөспірім жігіттің жай жүрісіндей адымдауын сұрады. Содан көліктің артындағы күректі алып, өзі ілесе жүрді. Тоқтаған жерден үлкендігі құмдағы ауыз су құдығындай шұңқыр қаздырды. Әуелі қара санның тұсы деген, ойлағаны болмаған соң әлі де бір-екі күрек алғанын жөн көрді. Дәл сол сәтте күрек ұшы әлдебір қатты затқа тиіп, қышыр ете қалды.
Қонақ елең етті: «Ақырын, енді абайлап қазғайсың».
Сөйтсе, қандай дәлдікпен алып келген десеңізші, күрек ұшында терме алашаның пұшпағынан тігілген шағын дорба жатыр екен. Соны аса бір сақтықпен қолына алған қария қалта аузын еппен ашып еді. Дорба ішінен ұзын саны он сегіз асық шықты. Түрлі түсті асықтар. Арасында ірілеу қызыл сақа бар. Ұзақ уақыт топырақта жатқандықтан ба, дорбаның тозығы жеткен, асықтардың бояуы да тек бүк, шік аталатын қыртыстарында қалыпты.
Дорбаны қолына алған Мұхит қария үлкен толқыныс үстінде тұрып, көзіне жас алды. Аздан соң «Бұл – менің балалығымнан қалған ең соңғы ескерткіш» деді. Жанындағылар үнсіз қалды. Әңгімені қонақ бастады.
– Мен Ганюшкиндегі Мақаш мектебін бітірген соң, білімімді одан әрі жалғастыру үшін Мәскеуге кетуім керек болды. Сол үшін әуелі Астраханға, одан әрі аталған қалаға бағыт аласың. Жолға жиналып, енді қозғаламыз дегенде әкем менің бала күнгі асық дорбама оның он сегізін салғызды да, бесіндікке бағыттап тағы да он сегіз қадам жүргізді. Сол жерден шұңқыр қаздырып, оған әлгі дорбаны көмдірді. Шырағым, сен қазір он сегізге келдің. Азамат атанып, үлкен өмірдің жаңа сүрлеуіне түстің. Жолың болсын. Асық сенің балалығың ғой. Анау қызыл сақа сенің атажұртың. Балалығың сол атажұртта, көне қыстау жанында қалды. Сапарың сәтті, өмір қадамың өрелі болсын, – деп әкем мені атқа қондырды. – Міне, содан бері жетпіс жылға жуық уақыт өтті. Енді қайтып атажұрт, әке қыстауына келем бе, жоқ па? Оны айта алмаймын. Бірақ балалығымның куәсі болған мына асықтарды және туған жердің топырағының бір шөкімін орамалыма түйіп ала кетемін.
Жанарындағы мөлдір тамшыларды тағы да сырт-сырт ағызып, үй орнынан топырақ алды. Жай басып көлігіне отырды. Осылайша, көне жұрттың ақ құмында жетпіс жылға жуық дамылдап, бойына нәр жинаған он сегіз асық пен бір уыс топырақ сексеннің сеңгіріндегі Мұхит қариямен бірге Атыраудан Алтайға аттанып бара жатты. Қайран балалық, аяулы атажұрт, қымбатсың-ау, қашан да...
P.S: Біз әңгімелеген Мұхит қарияның әкесі Сүлеймен (Қынтақа баласы) – ХХ ғасыр басында елге белгілі молда, абыройлы мол азамат-ты. Сонымен қатар ол жаңа қоғамның іргесін бекітіп, шаңырағын тіктеген талай ұл-қыз тәрбиеледі. Олардың бәрі де нәубет таяғын жеді. Біразы оның құрбаны атанды. Тірі қалғандары елдің елеулі азаматтары атанды.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ
Атырау облысы