Қазақстандағы ең маңызды саяси дода – Президент сайлауына 6 кандидат қатысып жатыр. Қазір олардың бәрі ел өңірлерін аралап, жұртшылықпен кездесулер өткізіп жүр. Сәті келгенде біз Қазақстан Республикасының президенттігіне «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаевпен әңгіме өрбіттік.
– Әуелі Сіздің сайлауалды бағдарламаңыз жайлы әңгіме өрбітсек. Оның қай бағытына баса назар аударып отырсыз?
– Қазақстандағы қазіргі сайлау науқаны елімізде өріс алған қоғамдық саясат дәуіріне тұспа-тұс келді. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы қоғамымыз бен мемлекетімізді одан әрі дамыту үшін уақтылы және қажетті шешім болғаны сөзсіз. Соңғы онжылдықтарда республиканың саяси, әлеуметтік және экономикалық өмірінде жинақталған өзекті мәселелерді шешетін кез келді. Менің де кандидатурамды ұсынған «Ауыл» партиясының да мақсаты – осы тарихи мүмкіндікті барынша пайдалану.
Сайлауалды бағдарламама келсем, ол дала демократиясының принциптері; жоғары рухани-адами мәдениет; қуатты аграрлық сала және бақуатты өңірлер тәрізді біздің басты ұлттық артықшылықтарымызды барынша іске асыруға негізделген жаңа Қазақстанды құруға бағытталған. Менің бастамаларымды ұлт құндылықтарын қастерлейтін және оның болашағы үшін алаңдайтын әрбір қазақстандықтың қолдайтынына және олардың Қазақстан Республикасын одан әрі дамыту жолындағы ортақ істе қозғаушы күшке айналатынына сенімдімін.
– Дала демократиясының принциптері жайлы нақтырақ айтсаңыз?
– Дала демократиясы дегеніміз – әділетті Қазақстанның алтын діңгегі. Қазақстан – адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің бірегей және өзіне ғана тән жүйесі бар көшпелі өркениеттің тарихи орталығы. Демократия қағидаттары, бергісін айтсақ, көшбасшылар сайлауы ашық, бейбіт және жоғары бәсекелестік жағдайында өткен қазақ хандығы кезеңінде басталды. Қазіргі жағдайда бұл саясаттың негізгі үш компоненті – мемлекет басшысының прагматизмі; оны қоршаған ортаның даналығы; азаматтық қоғамдағы әділеттілік үстемдігі сақталуы керек. Ең бастысы – осыларды сауатты үйлестіру қажет.
Биылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалар жалпыға ортақ игіліктерді бөлудегі әділетсіздікке, билікке жақын байлар және кедейлер мен қарапайым халық, қала мен ауыл арасында орасан алшақтықтың орнауына байланысты болғанын білеміз. Авторитарлық жүйе қоғамда мемлекетті басқарудың мүлдем жаңа формациясын құруға деген ұмтылысты оятты. Менің мақсатым – Ата Заңда жазылған «билік халыққа тиесілі» деген сөзді өмірде жүзеге асыру, еңбек адамының рөлі мен дәрежесін арттыру, мұғалім, дәрігер және Отан қорғаушы мамандығын қастерлеу, қызметкерлердің осы санаттарының еңбекақы деңгейінің қазіргі қажеттілікке сай болуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар мемлекетті басқару ісінде бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық пікір көшбасшыларының, қоғам, мәдениет, ғылым және білім қайраткерлерінің ықпал ету саласын кеңейту және мәртебесін арттыру.
– Кандидат куәлігін қолыңызға алған сәтте қандай әсерде болдыңыз?
– Мен өзімнің қоғам, мемлекет және сайлаушылар алдындағы жауапкершілігімді кандидат ретінде ұсынылған сәттен бастап өте терең сезіндім. Мемлекет басшысы лауазымына үміткер болу, халық үмітін ақтау, сенім үдесінен шығу – түсінген, түйсінген жанға зіл батпан жауапкершілік артады.
– Партияның қолдауын сезінесіз бе?
– Әрине. Мұндай жолда жалғыз адам нәтижеге жете алмайды. Партияластарыма алғысым шексіз. Олар үгіт-насихат жұмыстарында зор көмек көрсетіп жатыр. Бұл маған қосымша күш-қуат береді.
– Партияластардың қолдауы өте маңызды дейсіз ғой?
– Иә. 52 мыңнан астам мүшесі бар Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы да қолдау көрсетіп жатыр.
– Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне 6 кандидатты тіркеді. Саяси дода қаншалықты тартысты болады?
– Бұл ең жоғарғы мемлекеттік лауазымға сайлау науқаны болғандықтан, бәсекелестік болады. Алдын ала болжам жасай алмаймын. Оның барлығын сайлаушылар шешеді. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде штабым құрған жоспарға қарай біз өз міндетімізді орындап жатырмыз. Сайлаушылармен кездесулер өткізудеміз. Біздің негізгі бағытымыз – жаңа, әділетті Қазақстан құру. Оның ішінде ауыл шаруашылығына, ауылдың тыныс-тіршілігіне басымдық беріп отырмыз. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешпей, мемлекеттің жағдайы ешқашан жақсармайды. Ауыл мен ауыл шаруашылығының жағдайын бөліп қарауға еш болмайды.
– Өңірлердегі кездесулерде Сіз өзіңіздің сайлауалды бағдарламаңызбен шектелесіз. Неге өзіңіздің кәсіби жолыңыз туралы айтпайсыз?
– Кездескен жерде сайлаушылар бұл туралы сауал қойса, жауап беруге әрдайым әзірмін.
– Оқырмандар Сізді президенттікке кандидат ретінде ғана емес, ауыл шаруашылығымен, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен етене жақын таныс азамат ретінде біледі. Өзіңіздің кәсіби жолыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Ауылдан шықтым. Қарапайым отбасында өстім. Еңбекпен тәрбиелендік. Колхоз жұмысын істедік – шөп шаптық, мал бақтық. Комбайн, трактор жүргіздік. Еңбек адамының қадір-қасиетін өте жоғары бағалайтыным – сол қарапайым еңбектің бергені.
Ауыл мен ауыл шаруашылығының басты проблемасы – ауыл шаруашылығындағы кірістің төмендігі. Бұл мәселе ауыл шаруашылығының өндірістік инфрақұрылымының болмауынан туындайды. Ауыл еңбеккерлерінің сервистік-тұтыну кооперациясы негізінде құрылған инфрақұрылым шаруалардан өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін әділ бағамен сатып алуға, оларға агроөнеркәсіп өндірісіне қажетті тауарларды (ЖЖМ, қосалқы бөлшектер, тұқымдар, тыңайтқыштар және т.б.) жеткізуге, ветеринария, механикаландыру, өсімдіктерді қорғау бойынша қызметтер көрсетуге, фермерлерді оқытумен айналысуға және жаңа технологиялар, тұқымдар, ауылдарға мемлекеттік қолдау көрсету туралы ақпаратпен қамтамасыз етуге тиіс.
Екінші мәселе – фермерлердің басым көпшілігі үшін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімді болмауы. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тек 5-7%-ы ғана субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерді пайдаланады. Мұның бір себебі – субсидия түрлерінің көптігі, сондай-ақ субсидиялар мен несиелер алу үшін фермерлерге тапсырылуы керек құжаттардың да көптігі.
Үшінші мәселе – ауыл шаруашылығына салық салу жүйесінің оңтайлы жүргізілмеуі. Ең алдымен, қосылған құн салығының болуы ауыл шаруашылығы өнімі айналымының басым бөлігін көлеңкелі экономикаға итермелейді. Осылайша ауыл шаруашылығы өнімін сатудан түскен табыстың 90%-ына дейін алыпсатарлар алса, тек 10%-ы ғана ауыл еңбеккерлеріне жетеді.
Қоғамда осы қарапайым еңбек адамдарының әрқайсысының құрметті орны болса деп ойлаймын. Оларды жоғары бағалау керек. Адам бақытын үлкен лауазымнан емес, еңбектен табады.
Соңғы уақыттарда еңбек адамын құрметтеу кемшін. Бізде бұрын көп ақша табу керек, экономиканы дамыту керек деген идеология болды. Ал тәрбие мәселесі кенже қалды. Енді жіберілген кемшіліктерден сабақ алып, олқылықтардың орнын толтырумыз керек. Болашақта біз осының төңірегінде жұмыс істейміз. Барлық қошемет-құрмет еңбек адамына жасалуы керек.
– Сайлауалды бағдарламаңыздың аясында ауыл шаруашылығын дамыту үшін қандай бастамалар қолға алынбақ?
– Біздің ел мұнай, металл және басқа да табиғи ресурстарды экспорттай отырып, валюта бағамына өте тәуелді «шикізат шылауына» айналды. Жыл сайын бағасы көтерілген импортпен бірге инфляция да өсіп отыр.
Үкімет аграрлық саланың экономиканың драйвері бола алатын әлеуетін елемейді. Бізде агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін ашу үшін қажетті барлық алғышарттар – тәжірибелі және білікті кадрлар, көлемді ауылшаруашылық алқаптары, кен орындары мен су ресурстарының қомақты қоры, экспорттық нарықтардағы сұраныс бар екенін билік жақсы біледі.
Менің мақсатым – Қазақстанды аграрлық державаға айналдыру. Мен агробизнесті құру және дамыту үшін мемлекеттік қолдауда, жеңілдетілген кредиттеуде, фискалдық саясатта, еңбек нарығында, стартаптарды ынталандыруда, сондай-ақ жер, техникалық (отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды қалпына келтіру) және ақпараттық ресурстарды кедергісіз алуда ең жақсы жағдайлар жасай отырып, АӨК және ауылдық елді мекендерді жаңғырту жөніндегі ұзақ мерзімді ұлттық стратегияны заң деңгейінде қабылдауды ұсынамын. Біз қала тұрғындарын коммерциялық үстеме бағасыз азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін мегаполистерде, моноқалаларда, облыс және аудан орталықтарында тұтыну қоғамдары мен кооперативтер желісін құру және дамытуды жоспарлап отырмыз.
Бізде соңғы жылдары масылдық басым болып барады. Барлығын Үкіметтен күтеміз. Біз балаларды еңбекке баулуды ойлауымыз керек. Еңбек қадірін біліп өскен жас отаншыл болады. Өз отбасын қастерлейтін адам қоғамды да, мемлекетті де қастерлейді. Сондықтан біз тәрбие жұмысында ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті алға шығарып, жастарға дұрыс жол сілтеуіміз керек. Бұл – менің пайымым!
– Осы ретте адал, әділ адамды қалыптастыру факторы ретінде отбасы институтының рөлін арттыру қажет деп санайсыз ғой?
– Әрине, бұл – ең басты мәселе. Мен аталған бағытқа өзімнің сайлауалды бағдарламамда ерекше тоқталдым. Соңғы жылдары адамдардың белгілі бір бөлігінің «жеңіл ақшаға» құштарлығы шамадан тыс артқаны байқалып отыр. Соның салдары көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлықтың артуына, бағаның негізсіз өсуі мен шенеуніктердің әрекетсіздігіне, тәуелділік пен тұтынушылық көзқарастың пайда болуына, жастардың әлеуметтік желілердегі әдепсіз мінез-құлқы және тағы басқа жағымсыздықтарға әкелді. Бұл ретте шешімді күрес жүйесінен немесе тәсілдерінен емес, адамдардың өзінен, олардың рухани-адами тәрбиесінен іздеу керек. Ол, әрине, отбасыдан басталады.
Сол себепті мен еңбекқорлықты, жауапкершілікті, аға буынға құрмет көрсетуді, ойлау еркіндігін, ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарды сақтауды жас ұрпақтың бойына сіңіруге баса назар аудара отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен мектепте білім берудегі тұжырымдамалық тәсілдерді түбегейлі өзгертуге бел будым.
Менің мақсатым – мемлекеттік тілдің бүгінгі күн шындығындағы іс қағаздарын жүргізудегі аударма тіл мәртебесін жойып, оны қазақстандықтардың басты қарым-қатынас құралына айналдыру. Бұл жағдайда өзім үлгі болуға дайынмын.
Әңгімелескен
Әсел ҚАСЫМҚАНОВА
Тапсырыс беруші: Ə.Ж.Қасымқанова. Мақала ақысы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Ж.Дайрабаевтың сайлау қоры қаражатынан төленді. Осы материалды шығарған ұйым, оны басып шығарған жері жəне таралымы туралы мəлімет шығыс деректерінде көрсетілген.