Соңғы жылдары елімізде заң шығарушы органнан бастап барлық ұйым, мекеме жаңашылдыққа бет бұра бастады. Ал олардың қатарындағы «ұлтаралық келісімді сақтау және нығайту» секілді ерекше міндетті арқалаған Қазақстан халқы Ассамблеясында қандай өзгеріс бар? Оның Әділетті Қазақстандағы рөлі қандай болмақ?
Алдымен ҚХА-ның қандай мақсатта құрылғанын айтар болсақ, бұл институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Ассамблея құрылған 1995 жылы елдегі қазақтың саны 50 пайыз шамасында ғана болған еді. Осы кезде түрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанған Қазақстанда ұлтаралық татулықты сақтап, жағдайды тұрақтандыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы қажет болды.
Бұл бастама мәдениетаралық диалогті нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт еді. Жиырма жылдам астам тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерісті бастан кешірді. Оның дамуы барысында этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің ерекше үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея – 2007 жылдан бастап ел Президенті төрағалық ететін конституциялық орган. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды. Осыдан кейін ҚХА Парламенттің төменгі палатасы – Мәжілістің тоғыз депутатын сайлау құқығына ие болды. Бұл оның қоғамдық-саяси рөлін біршама күшейтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі саяси реформаларды жүзеге асырудағы рөлін күшейту қажет екенін айтып, оның Мәжілістегі квотасын Сенатқа ауыстыру туралы ұсынысын білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өзінің Сенаттағы квотасын 15 депутаттан 10 депутатқа азайтты. Осыған орай олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы сайламайды, тек ұсыныс береді.
«Бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын», деді бұл туралы Президент.
Кейінгі жылдары Ассамблея қоғамдағы өзекті мәселелерді де қозғап, оның шешімін табуға зор үлес қосып келеді. Мәселен, ҚХА жанында аналар, ақсақалдар кеңесі, медиация институты пайда болды. Ассамблея өкілдерінің айтуынша, бұл мекемелердің барлығы заңға сәйкес ұйымдастырылып отыр.
«Қазіргі күні Ассамблея құзырындағы медиация институты жақсы жұмыс істеп келеді. Яғни істі сотқа жеткізбей шешімін табатын мәселелерді реттеу арқылы заң жүзінде, адвокат шақырып, мәселелерді алдын ала келісімге келу арқылы бейбіт жолмен шешу жолдары қалыптасты. Сонымен қатар тәлім-тәрбие, салт-дәстүрді сақтау мәселесінде Аналар қоғамының атқарып жатқан игі істерін атап айтуға болады. Бұлардың барлығы ассамблея жұмысын жан-жақты дамытуға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ қазір бір ғана Астана қалалық ассамблеясына тіркелген 21 этномәдени бірлестік бар. Ассамблеяға мүше болу үшін олар өздерінің жұмысын көрсетіп, алға қойған мақсаттарын дәлелдесе ғана қалалық ассамблеяға мүше бола алады. Қазір ассамблея хатшылығында этномәдени бірлестіктерді аккредиттеу жүріп жатыр. Комиссия отырысында этномәдени бірлестіктің біржылдық жұмысы тыңдалады. Жұмысты талдау нәтижесінде этномәдени бірлестікке баға беріледі. Сол нәтижеге байланысты ассамблеяға мүшелігі анықталады», дейді Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әміржан Әлпейісов.
Қазір қалалық ассамблеяға қарасты 56 шығармашылық ұжым бар. Бұлар негізінен би, вокал, балалар ансамбльдері және басқа да өнер жанрларында жұмыс істейді. Бағдарламаларында міндетті түрде мемлекеттік тілдегі әндерге, қазақ халқының биі мен өнеріне ерекше мән беріп, патриоттық, отаншылдық байқауларды көптеп ұйымдастырады. Осылайша, татулық, бейбітшілікпен қатар ҚХА мәдениеттің ошағына да айналды.
Ал өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ассамблея ТВ» телеарнасы көрерменге жол тартты. Ол «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникациялық компаниясының платформасында iD TV кабельдік теледидар пакетінде таратылады, сондай-ақ «TV+» мобильді қосымшасында қолжетімді. Телеарна эфирінен ҚХА жаңалықтары, мәдени, ойын-сауық бағдарламалары, Қазақстанда тұратын этномәдени бірлестіктердің арнайы жобалары көрсетіледі.
«Ассамблея ТВ»-ның мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін қалыптастыруда жетекші телеарна болу. Ал басты міндеті –этномәдени бірлестіктердің қызметін және ұлтаралық қатынас саласындағы мемлекеттік саясат мәселелерін жариялау. Телеарна үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ. Әсіресе этносаралық татулықты нығайтатын мемлекеттік тілдің маңызын арттыруға септігін тигізетініне сенімдіміз», деді Этносаралық қатынастар комитетінің мүшесі Мейіржан Нұрадинов.
Ассамблея мүшелерінің басым көпшілігі Қазақ жеріне депортацияланып немесе басқалай тағдыр айдап келген түрлі этностың өкілдері. Осыған қарап бұл институт этностық азшылық топтардың құқығын ғана қорғайды деу – қателік. Оған тереңірек мән беретін болсақ, Ассамблеяның ең алдымен, елдің мүддесі үшін құрылғанын көреміз.