Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің күшіне енуі орайында 2017 жылға дейін мораторий жариялағанын естіп-білгенде қатты қуанып, бұл қалай болар екен деп өзімнің де толқып жүрген көңілім орнына түсті. Енді осының себебін айтайын.
Ен даланы жайлап, мал өсіріп, жер шұқылап өскен біздің халықтың ен байлығы да осы жер. Қазіргі жер мәселесіне қатысты толқуларды түсінуге де болады. Ел жер мәселесіне келгенде алаңдамай тұрмайды. Жер – қазақтың ең жанды жері екенін айтудың өзі артық.
Бірақ, көпшілікке заманның да, адамның да түбегейлі өзгергенін түсіндірген жөн. Өйткені, қазір әлемде неше түрлі жағдайлар болуда. Қандай бай, гүлденген елдердің өзі быт-шыты шығып, бейшара күйге түсіп жатыр. Айналамыздың бәрінде не болып жатқанын көріп отырмыз. Құран түскен ислам мемлекеттерінің өзі қандай күй кешіп жатыр?! Украинадағы болып жатқан қантөгістер...
Осындай жағдайда бізге қандай мәселені болса да ақылға салып, жеңу керек. Ең қиын, түйткілді жағдайлардың өзін байсалды түрде шешу қажет. Ең бірінші халықпен ақылдасқан жөн. Халықтан үлкен қамал жоқ.
Әйтпесе жер міне, түгел сатылып кеткелі жатыр деп, халықты көтеріп, арандатып жіберуге мүдделі күштер қай кезде де табылады. Осыдан абай болсақ екен. Мұндай жағдайда жұрттың түсінбей жатқаны мен теріс ақпараттарды барынша таратып айтып отыру керек. Әйтпесе, неше түрлі әңгіме бар.
Жерді жалға беру барлық мемлекеттерде бар үрдіс. Еуропа елдері де, Араб Әмірліктері де жерді жалға беріп отыр. Ресей де жерін жалға береді.
Қалай десек те, жер бостан-босқа жатпауы керек қой. Тозса – қаралмаған жер тозады, иесіз жер тозады. Жер егіс беруі керек, жеміс беруі қажет. Жер –халықтың ырысы болуы керек қой. Бірақ жұрттың қорқатыны да сол. Егер жердің бәрін қалталылар сатып алатын болса, қара халық қолындағы аз малын қайда жаямын, қайдан шөп шауып аламын деп алаңдауға қақысы бар. Ертең осы мәселенің бәрі алдымыздан шықпауы үшін, жерді сату мен жалға беру мәселесінің барлық түйткілдері тереңнен ойластырылса деген аманатымыз бар.
Ал біз өнердің адамымыз, сахна тілімен замана сөзін жеткіземіз. Алайда, халық осындайда үлкенге лайық сөз күтетінін де білеміз. Бұл жерде ақсақал ретінде сезімнің сөзі емес, ақылдың сөзі керек болып тұр. Онсыз да қобалжып отырған елге басалқы әңгіме айту ләзім болса да, жерді игеру мәселесін жоққа шығара алмайсың.
Айналаңа қарасаң, еңбек етіп, жер шұқылап жатқандардың барлығының тұрмысы жақсы. Қазақстанда тұрып жатқан басқа ұлттарымыздың да жағдайы жақсы. Байлық еңбек еткенге ғана келеді. Береке ұлт таңдамайды.
Сондықтан, тілді салақтатып, аттандап, ұрандата бермей, сабырға салып, жерімізді игеріп, өңдеп, өркендетейік. Заманның түбірімен өзгергенін түсінетін уақыт жетті. Жаһандану өз дегенін біртіндеп жасап жатыр.
Біздің халықты өзі қауіп еткеннің бәрінен құтқаратын да – еңбегі мен сабыры.
Ал саясат тізгіні аманат етілген азаматтар мына халықты ауызбіршілікке бастасын деп тілейміз. Елімізде тыныштық болса, Жерімізді де гүлдендіреміз, мәдениетімізді өркендетеміз, ұл-қызымызды өсіреміз, олар да ұрпақ сүйеді. Ең бастысы, амандық болсын!
Сәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
АЛМАТЫ