Қазақстанды көптеген ұлт өкілдерінің мекен етуі және олардың өз тарихы мен мәдениетін, ұлттық ерекшеліктерін сақтауы ақтаулық зейнеткер Валентина Логвинованың шығармашылығында, яғни шеберлік өнерінде көрініс тапты. Оның үйіндегі қазақтан бастап, әртүрлі ұлт өкілдерінің ұлттық киімдерін киген қуыршақтарға қарап, «көпұлтты отбасы» деуге болады.
Шебер елімізде тұратын көп ұлттардың ұлттық киімдерін тігіп, оны қуыршақтарға кигізу арқылы үйін ерекше мұражайға немесе достықтың ордасына айналдырғандай. Қазіргі таңда шебердің үйінде қазақ, орыс, әзербайжан, грузин секілді барлығы 40-тан астам ұлттың «өкілі» «тату-тәтті тұрып жатыр». Сондай-ақ, қуыршақтар арасынан XVIII-XIX ғасырлардың сәнқой арулары мен ертегі кейіпкерлерін де кездестіруге болады.
Зейнеткерлікке шыққан соң қарап отырмай, уақытын тиімді де қызықты өткізуге бел байлаған В.Логвинова осы кәсіпті қолға алады, алдымен ұлттық киімдердің тарихын зерттеуден бастаған ол киімінің үлгісін дайындап, бір ай шамасында тігіп бітіреді екен.
– Түрлі ұлттың киімін тіккен өте қызық. Әр этностың ұлттық киіміне ерекше мән беріп қарауың керек. Ешқайсысын бөліп жармаймын. Өйткені, мен үшін әрбір ұлттың болмысы қызықты. Барлығының да өзіне тән мінезі мен бет-әлпеті бар. Қуыршақтарды жасай отырып, өз үйімді көпұлтты Қазақстанға ұқсатамын, – дейді шебер.
Ән айтқанды ұнататын В.Логвинова бірнеше жылдан бері ардагерлер ансамблінің мүшесі. Ол енді кавказдықтардың ұлттық киімін тігуді қолға алмақ.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы