«Жүре берсең, көре бересің» деген осы! Кеншілер астанасында такси қызметінің мекемесі жақындап қалған Жеңіс күні мерекесін елден ерекше қарсы алудың жолын тапты. Олар кәдімгі шетелдік жеңіл автокөліктің үстіне Ұлы Отан соғысы кезінде аты аңызға айналған Т-34 әскери машинасына тиесілі танк мұнарасының кішірейтілген көшірмесін орнатты. Мұнараның сыртында «На Берлин!» деген жазуы тағы бар. Көлік танкке ұқсауы үшін оның сырты әскери алабажақ түске боялған.
Идеяны такси қызметінің басшысы ұсынған екен. «Бұл идеяны біз бәріміз жабылып іске асырдық. Мұнымен біз ардагерлерді ұмытпау керек деген ойды айтқымыз келді. Өкінішке қарай, кейінгі буын бұл даңқты датаға мән бермейтін болып барады. Клиенттер такси шақырғанда, «Қазір сізге танк келеді» деп хабарлаймыз», – дейді такси қызметінің әкімшісі Сабина Тұрымбетова.
Такси қызметіндегілердің айтуынша, «танк» 7 мамыр күні қалада болатын Жеңіс шеруіне қатысады екен. «Әкімдіктің қолдауымен біз де шеруге қатысамыз. Онда біз ардагерлерді танк-таксимен тегін таситын боламыз», – деп қосты такси қызметінің әкімшісі.
Иә, бұл күнде екінші жаһан соғысының қанды қырғынынан аман қайтқан майдангерлер де азайған. Кейбір деректерге қарағанда, бүкіл Қазақстан бойынша төрт мыңның шамасында ғана соғыс ардагері қалыпты.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ