дейді бүлдіршіндерге балабақша салып берген кәсіпкер Мағауия МЕРҒАЛИЕВ
Мағауия Мерғалиев – Жылыой ауданының тумасы. Ол кезде аудан орталығы – Құлсары қала мәртебесін иеленбеген болатын. Бірақ мұнайшылар кенті ретінде танымал еді. Өйткені, қазақ елінің басты табиғи байлығының бірі – «қара алтынның» алғашқы тамшысы дәл осы аудан аумағынан алынып, ел игілігіне жаратылғаны Мағауияны да қызықтыратын еді. Мұнайшы отбасында тәрбиеленгені де, оған қоса, мұнай ұңғымаларын көріп өскені де оның осы саланың маманы болуына түрткі болды. Ал мектепке дейінгі тәрбие ошағында жұмыс жасайтын анасы – Нағиманың тынымсыз еңбегін көргенде, «Өскенде балабақша салып берсем» деп ұдайы армандайды екен. Тіпті, сол ойын әке-шешесіне де айтып, уәде де беріпті.
Иә, бала күнінен ізгі істі жүзеге асыруды мақсат еткен Мағауия алдымен тау-кен инженері, басқаша айтқанда, мұнайшы мамандығын меңгерді. Еңбек жолын 1987 жылы өзі туып-өскен ауданға оралып, ұңғымаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін кәсіпорыннан бастады. Өз ісін жауапкершілікпен атқаруға деген ізденісінің жемісін көрді. Сол кәсіпорында шыңдалды, бөлім басшысы лауазымына дейін көтерілді. Сөйте жүріп, өзі де «МұнайСервис ЛТД» серіктестігін құрып, кен орындарынан алынатын мұнай өндіретін ұңғымаларды күрделі жөндейтін мамандар шоғырын қалыптастырды. Нарықтың талабымен бұдан өзге «НИА Дриллинг», «Триас Дриллинг», «БАМСтрой» серіктестіктерін құрды. Бұл кәсіпорындардың бәрі де бір ауданның ғана емес, Атырау өңірінің экономикасын өркендетуге септесіп, сөйтіп, мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы бәсекелестікке қабілеттілігі арта түсті.
Бір өзі осынша кәсіпорын құрып, еңсесін тіктетсе де, 450-ге жуық адамға жұмыс тауып берсе де ата-анасынан алған кішіпейілділік, мейірбандық, қарапайымдық қасиеттерінен айнып көрмепті. Оған дәлел ретінде оның бір ғана қайырымдылық ісін алға тартуға болады. Өзі туып-өскен, азамат ретінде жетілген, кәсіпкер ретінде дәулеті құралған Жылыой ауданының орталығынан балабақша құрылысын жүргізіп, оны мемлекетке сыйға тартты. «Мұны алдымен бала күнімде анама берген уәдемді орындау үшін, ең бастысы, тәуелсіз елімнің ертеңі болар балбөбектер сәулетті ғимаратта жан-жақты тәрбие алуы үшін қолға алдым. Анама берген уәдемді орындадым. Алайда, мұны анам көре алған алған жоқ. Сонда да анама деген құрметімді білдіру үшін балабақшаға «Анашым» атауын беруді ұйғардым», деп түсіндіреді кәсіпкер жігіт Мағауия Мерғалиев.
Оны жылыойлық тұрғындар уәдеге берік, қиналғанға қолұшын созар меценат деп таниды. Ол туралы ауданның кез келген тұрғыны осылай деп ағынан жарылады. Десе дегендей, Мағауия Мерғалиев Құлсары қаласының сәулетіне көрік берген әсемдігімен ерекшеленетін балабақша құрылысына өз есебінен 800 миллион теңге жұмсапты. Су, газ, электр желілерінің бәрі де кәсіпкер есебінен тартылды. Балабақшаға қажетті жабдықтар мен қондырғыларға кәсіпкер өз қаржысын жұмсады. Ал балабақшаның ерекшелігіне тоқталар болсақ, мұнда 1-6 жас аралығындағы 165 баланың тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Жеті топта тәрбиеленетін балаларға үш тіл үйретіледі. Бірнеше бейнебақылау камералары да орнатылған. Тәрбиеленушілердің ата-аналары үйінде, тіпті, жұмыс орнында отырып, смартфон, не планшет арқылы балаларын онлайн-режімде бақылай алады. Елу адам жұмыспен қамтылды.
– Еліміз еңсе тіктеді. Отандық экономиканың өркендеуімен бизнес өкілдері де кәсібін жетілдірді. Солардың арасында мен де бармын. Елбасы да кәсіпкерлерді ұдайы қолдап келеді. Оны мен де сезіндім. Өзім туып-өскен ауданда кәсіпкерлік ісім өркен жайды. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Жылыой ауданының кішкентай бөбектеріне балабақшаны сыйға тартудағы мақсатым – елімнің көркейе беруіне өз үлесімді қосу, – дейді меценат жігіт Мағауия Мерғалиев.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы,
Жылыой ауданы
Суретте: Балабақшаны сыйға тартқан кәсіпкер Мағауия Мерғалиев