• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2016

Өмірі өнеге еді

403 рет
көрсетілді

Сонау 2-ші дүниежүзілік соғыстың бітіп, неміс-фашистерінің тізесін бүктірген Ұлы Жеңіске жеткен күнге 71 жыл толып отыр. Бұл Жеңіс күнін тойлаған сайын, о дүниелік болғанына 13 жылдан асқан, қасиетті жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан әкеміз Мәжитті еске алып, осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күнге жеткізуге қосқан үлесі үшін тағзым етеміз. Осынау қантөгіс соғысқа Степной майданы, Брянск майданы және 2-ші Украина майданының құрамында Курск иінінде кірген, Оңтүстік Германияның Бреслау қамалын алуға дейінгі жолдан өткен марқұм әкеміз Мәжит Шәдіков туралы қысқаша баяндауды жөн көрдім. Кеңес өкіметінің жетім-жесірлерді жылатпай, оларға оқып сауатын ашуға берген мүмкіншілігін пайдаланған әкем мектепті үздік бағамен бітіріп, белсенділігінің арқа­сында комсомол қатарына өте­ді. Замана ызғарын жас­тайынан жүрегімен сезініп өс­кен ол ерте есейеді. Еліне, же­ріне деген сүйіспеншілік оны әркез жігерлендіріп, алға жетелейді. Зерек, сезімтал болып өскендіктен, елдің ісіне, қоғамдық өмірге ерте араласа бастағанда алапат соғыс басталып кетеді. Басқа да құрдастары секілді жастықтың жалыны шарпыған, әрі Отанға деген сүйіспеншілігі болса керек, туған жылын 2 жасқа ұлғайтқан әкем әскери комиссариаттың босағасын тоздырады. Ақыры 1942 жылы 15 маусымда Жаңақорған ауда­нының шақыру комис­сиясының дәрігерлік сараптамасынан соң денсаулығы жарамды деп танылып, әскери қызметке шақы­рылады, 1942 жылдың 1 шіл­десінде әскери ант қабылдайды. Басқа да Ұлы Отан соғысы­ның ардагерлері секілді менің әкем де ешқашан соғыс туралы айтқысы да, еске алғысы да келмейтін. Оның сол бір сырға, мұңға толы сөздері мен ұрпақ келешегін ойлап күрсінген сәттері қазір есіме түсіп отыр. Әкем: «Әй, сұрапыл сұм соғыс!», –деп ауыр күрсінетін. «Оқыңдар, халқыңа адал қызмет атқарыңдар, біз көрген қиыншылықты бастарыңа, бала-шаға, үрім бұтақтарыңа бермесін!» – дейтін. Терең бір күрсініп алып, қалың ойға шоматын. Оның бұл көңіл күйін енді ғана түсінгендейміз. «Аман қалғаным, анам Хадишаның шынайы махаббаты мен күні-түні Алладан сұрағаны қабыл болуы керек және сендерді көруге жазған екен», – деп отыратын. Осылай деуге үлкен себеп бар еді. Өрімдей жас жігіт 1944 жылғы қақаған қыстың 16-17 ақпаны күндері 2-ші Украина майданындағы Корсун-Шев­ченко шайқасында, Украи­надағы Звенигород қаласын алу кезінде ауыр жарақаттаныпты. Осы аталған шайқаста біздің әскерлер аса басымдылық көр­сетіп, неміс әскерлері кері шегінген соң, майдан даласында қайтыс болған қызыл әскерлерді жинап, көмуге кіріседі. Осы көмуге жинаған солдаттардың ішінде менің әкем де болған. Осылай бірнеше сағат аязда жатқан, жараланып ес-түссіз жатқан әкеміздің бір аяғының ұшы қимылдап, айна­ласындағыларға белгі бергендей болыпты. Әлсіз ғана қимылдаған аяқты байқаған Светлана атты санитар қыз әкемнің тамырын ұстап, тірі екенін көргенде, қуанып, дереу далалық госпитальға жеткізуге жанталасады... Әкеміздің соғыстан кейінгі өмірі түрлі соқпақ жолдардан тұрады. Оның мәні сол туған жеріне, еліне еңбек ету, дүниеге келген 8 баласына білім беріп, өмірден өз орындарын табуға сара жол салу болды. Соғыстан оралған әке­міз Қызылорда облысы Жаңа­қорған ауданы Екпінді ауылын­дағы ел тіршілігіне белсене араласты. Сұрапыл жылдардан соң қайнаған еңбек дала­сындағы қиындықтардың ортасына келіп түсті. Күйреген шаруашылықты алға сүйреді. Еңбекте адал, қатал, талапшыл болды... Оның ғұмыры кейінгі ұрпаққа өнеге. Светлана ШӘДІКОВА, «Егемен Қазақстан» газетінің тұрақты оқырманы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы