22 Маусым, 2016

«Айман-Шолпанды» ресейлік режиссер сахналады

517 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_5891І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры биылғы маусымын «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен жапты. Бұл спектакль осы театр сахнасында бұрын да қойылған еді. Ал бұл жолғы қойылымның ерекшелігі – қазақ әдебиетіндегі классикалық шығарманы Қостанай қазақ драма театры мен Ресейдің Новосібір қалалық опера және балет театры өнер шеберлерінің сахнаға бірлесіп шығаруында болды. Спектакльді театрдың бас режиссері, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубай сахналады, музыкалық жағынан Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Сергей Александровский қойды. Спектакльді музыкалық сүйемелдеген камералық оркестрге Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Эхтибар Ахмедов дирижерлік етті. «Айман-Шолпан» жыры негізінде кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов жазған бұл пьесада халқымыздың бай дәстүр-салтын, өнерін, әзіл-қал­жыңын, мінезін барынша мол бояуымен береді. Сол үшін жазушы халықтық жырда жоқ Жарасты шығарма бойы көріністерді жібекке тізгендей байланыстырып тұру үшін ойдан қосқан болатын. Жас актер Төленді Әлғожиннің Жарасты өзге кейіпкерлермен жарастыра білгені қуантарлық, әрине. Сахна ашылғаннан жабылғанға дейін Жарас-Төленді көрерменді актерлік шеберлігімен де, әнімен де жетелеп отырды. Айман мен Шолпанды ойнаған Зәмзәгүл Бегайдарова мен Ажар Шәкіржанова қос сұлудың ақылын да, ажарын да, орынды әзілін де, әнін де жеткізуге тырысты. Сонымен қатар Маман бай, Көтібар, Теңге, Әлібек пен Арыс­тан образдары да театрдың Қоныс Бегайдаров (Көтібар) бастаған тәжірибелі актерлері Қабділмәжит Имановтың (Маман бай), Ақдәмен Досанованың (Теңге), Айбол Шәкір­жановтың (Арыстанбек), Бақыт­жан Таңатқанұлының (Әлібек) шебер­ліктерімен көрерменін баурады деп ойлаймыз. Көрермен халықтық бастау-бұлақтарға шөліркеп келіп, театр есігін ашады. «Айман-Шолпанды» музы­калық комедиялық драма немесе мюзикл, опера етіп қойсын, бәрібір онда таза бұлақ суындай кәу­сар халық әні, биі, езу тартқыза отырып ой салатын, тәрбиелейтін қазақы тәтті қалжың мен тапқыр сөз жүрекке жетіп жатуы тиіс. Классикалық қойылым жеңіл күлкіні медет етіп, бүгінгі сахнадан түспейтін әзіл-қалжың отауы емес. Қазақта «әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген сөз бар. Халқымыз қариясына әзіл айтса да зіл көрсетпеген. Сахнада Жарас Қортық шалды артынан теуіп жібер­генде шымылдықтың сыртына домалап ұшып кетеді. Бұл қазақтың мінезінде жоқ нәрсе. Лирикалық жырда да, классик жазушының пьесасында да, либреттосында да халқымыздың мінезіне тән тапқыр сөз дәріптеледі. Көрерменнің арзан күлкісіне малдану абырой әпермейді. Қойылымда Жарас пен саудагер өзбек Айман, Шолпан болып киініп алып, аңғал батыр Көтібарды алдайтын жері бар. Батырдың мылтығын ұстап, оның көлеңкесіндей қасынан қалмайтын Қортық шал қыз болып киінген жігіттің артынан келіп, етегінің астына басын тығып түш­кіруі көрерменнің күлкісін емес, жиіркенішін туғызғандай еді. Сахна ешкімнің ойына келгенін істейтін орын емес қой. Біздің халқымыздың салтына мұндай дөрекілік тән емес екенін режиссерлер білуі тиіс еді. Қойылым барысында мылтық пен қамшы дауысының тарсылдап, гүрсілдеп жиі естілуі ән мен биге, әде­мілікке, жарасымдылыққа ынтызар көрерменнің мазасын алғандай еді. Сонымен қатар, актерлердің ми­крофон пайдаланса да сөзді анық айтпауы алдағы уақытта ескерсе деген көрермен тілегіне сұранып тұрғандай. Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Сергей Александровскийдің өзге ұлт шығармасын бұл тұңғыш сахналауы екен. Қазақ тілін, әдебиетін білмейтін ол осы іске бел буғанда «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы пьесасының орысша аудармасымен танысқанын, қойылымды дайындау барысында түсін­беген тұстарын актерлер аударып, көмектескенін айтты. Айтпақшы, биге «Біржан-Сара» операсындағы бидің музыкасын пайдаланды. Қойы­лымдағы шырқалған ән мен биді камералық ансамбль сүйемелдеді. Оның құрамындағы жетпеген төрт музыкант Новосібірден алдырылды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ