Ағаш кебіске қарыздар ел
Кломп дегенміз – нидерландтардың ағаш діңінен ойып жасаған қазақтың кебісі тәріздес аяқкиімі. «Құдай жерді жаратты, ал голландтар Голландияны жаратты, себебі ми батпақты жайқалған егінге, гүл-бақшаға айналдырып, табын-табын мал өсіретін жайылымға жеткізу үшін өзіміз жерді қолдан құрғаттық. Сонда былғарыдан тігілген етік суға шыдамай былжырап қалғанда, ағаштан ойылған кломпқа қарыздар елміз, соның арқасында жер құрғатылып, Нидерландты жәннатқа айналдырдық», дейді нидерландтар.
Күні бүгінге дейін жер өңдеушілер аяғынан кломпын тастамайды, егер сізге біздің елден кәдесый керек болса, кломп алыңыздар, желдиірмен де әдемі ескерткіш, нағыз нидерландқа тән бейне. Адамдар қолмен құрғатқан елдің тағы бір ерекшелігі – табиғаттың төл баласы бола алуында. Құдайдың тегін ескен желін ақысыз-пұлсыз пайдаланып, желдиірмендер арқылы жерді құрғатып әрі керегімізді үгітеміз. Шап-шағын ғана елімізде 1000-нан астам желдиірмен бар, сондықтан ол кәдесыйға сұранып тұр емес пе, дейді бұл елдің адамдары тағы да. Қарсы айтар уәжің жоқ, бас изейсің, қарапайым шәркейінің өзін ұлттық мақтанышқа, ұлттық тарихтың әдемілеп айтатын әпсанасына айналдырған жұртқа риза боласыз.
О баста қарапайым шаруаның аяқ киімі болған кломп қазір символға айналған. Бір кездері король сыртқа шыққанда оның құзырына бағынатындардың барлығы бірдей кломп киіп, корольдің биік тұрғанын сонысымен білдіруі тиіс болса, шыр етіп дүниеге келген шаранаға бірден кломп ойылыпты. Ал жас жігіт сүйген қызына кломп тарту етсе, ол үйленуге жасаған ұсынысы болып есептеліпті. Қараңызшы, бір ағаш кебістің айналасында қаншама сыр, ұлттық бедер, бейне, тіпті, сол елдің тереңге тартылған тарихы жатыр. Голландтықтар кломпты 1000 жылдай бұрын тұтынған болуы мүмкін, себебі Амстердам дамбасын тазарту кезінде 1230 жылғы, ал Роттер өзенінен 1280 жылы қандағаштан ойылған 28 см. балаға арналған кломп табылған, деп қызықтыра айтатын әңгімелерінің өзі неге тұрады.
Әр елдің өз тарихы, өсу-өркендеу жолы, мақсаты мен мұраты болады. Қытайлықтар далалықтардың тегеурінінен қорғанған қамалын сол кездің өзінде осындай қорғанды сала алдық деген елдің қуатының көрсеткішіндей етіп дабыралап, жан-жақтан туристерді қорған түбіне тоғытып жатса, француздар халықаралық көрмеге тұрғызылған Эйфель мұнарасын Париждің символына айналдырып, олардың сұлбасы бейнелеген заттарды осы елден әкетер кәдесыйлардың ең бір қадірлісінің қатарына қосып жіберді.
«Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деп халық айтқандай, жер-жерді шарлай жүріп, өзгені көріп, өзіңше ой түйіп, менің елімнің, менің халқымның жұртқа көрсетері не болмақ? Алда жер дүниеден адам ағылар ЭКСПО-2017-де біздің елден кеткен шетелдік мейман қандай кәдесый әкетіп, еліне барып қандай әңгіме айтар екен, кәдесыйлармыз біздің тарихымызға тіл бітіріп, көне өркениеттің өзгеше бір табиғатпен үйлескен, аттың жалында ойнаған, түйенің қомында тербелген Ұлы Дала презенттерінің өмірін көз алдына әкеліп, көш керуендегі қоршауы мен күймесінің сәнін, ұлттық қолданбалы өнерінің хас сұлулығын, даланы күй сазымен күмбірлеткен музыка аспаптарының үнін құлағында қалдырып, зергердің қолынан шыққан жақұттың қалай түрленгенін көріп, бабына келіп уылжып піскен асының дәмі таңдайынан кетпей, мына жұрттың мәдениетінің тамыры тереңде жатыр екен-ау, мәңгілік мұратын бесіктегі уілдеген сәбиіндей мәпелеген ел екен деп көкірегіне құрметін құндақтап аттанар ма екен деген ойға қалдым.
Кәдеңе асар кәдесый
Құдайға шүкір, қазір кәдесый іздесеңіз қиналмайсыз. Әрбір сауда орталығында арнайы бутиктер, тіпті, «Талисман», «Empire» тәрізді арнайы дүкендер де баршылық. «Біздің келушілерімізге ұсынатын тауарларымыздың түрі өте мол,– дейді «Талисман» дүкенінің менеджері орыс қызы. – Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, қолданбалы бұйымдарының, салт-дәстүрінің бай болуының арқасында бізде өзге елдердегідей бірнеше бұйымға ғана басымдық берілмейді. Адамдардың қызығушылығына орай, ол этнографияға әуестене ме, заманауи өнер түрлері – гобелен, киізден жасалған паннолар, жібекке киізден өрнек салған орамал, палантиндер, картиналарды жинай ма, әлде аңшылық, саятшылықты қызықтай ма, қазақтың музыка аспаптары мен ұлттық ойындары қажет дей ме, барлығына қажетті кәдесыйлар, әртүрлі бұйымдарды таба алады. Және олардың тек Қазақстанда жасалуы, көпшілігінің қазіргі тұрмыста пайдаланылуы сырттан келген туристерді қатты қызықтырады. Мысалы, қазақтар экологиялық таза ыдыстардан – мес, торсық, тостаған, ағаш астаудан ас ішкен, күбіде қымыз ашытқан, күні бүгінге дейін бие сауған үйден күбіні күрпілдетіп пісіп жатқан қазақ әйелін көресіз деу, олар үшін өте таңсық. Ағаш астауларды сатып еліне алып кетеді немесе шаңқобыз, сазсырнайдан үн шығаруға талпынып, қобыз, домбыра жайындағы әңгімелерді ұйып тыңдайды. Көбіне шетелдіктердің жанында аудармашылары болады және өз сатушыларымыздың ішінде де ағылшын тілін меңгергендері баршылық, сондықтан айтып беруге тырысамыз. Көптеген заттардың астында сипаттамалары жазылғандықтан, дүкенге кірген адам кейде музейге кіргендей ұзақ аралайды».
Менеджер қыздың айтуынша, қазіргі күні қала қазақтары пәтерлерінің бір бөлмесін ұлттық мәнерде жабдықтап, оған қажетті тұтынатын, сәндейтін бұйымдарды да сатып алады екен. Туристер үшін ол да өте қызықты. Сататын да, айтып беретін де, көрсететініміз де көп. Бағасы да әрқилы, тоңазытқышқа жапсыратын магниттер 500 теңге болса, қымбат бағалы авторлық жұмыстар да жеткілікті. Мұның барлығы тамыры тереңге кеткен қазақ мәдениетінің көрінісі.
Алматыда «Қуырдақтың көкесі», ал Астанада?
Грузиннің, армянның, өзбектің, қытайдың, орыстың, түріктің, жапонның, тайдың, т.с.с. тағамдарын әзірлейтін арнайы ұлттық мейрамхана, дәмханаларды әлемнің қай түкпірінен де кездестіруге болады. Ал дәмі тіл үйіретін мың сан асы бар, бір қымызының өзінің түрін тізбелесең жеткізбейтін тек қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейтін мұндай орын шетел түгіл Қазақстанның өзінде жоқтың қасы. Алматыда «Қуырдақтың көкесі» атты ұлттық дәмхананың ашылғанын, онда бір ғана қуырдақтың – «Қонақ қуырдақ», «Бал қуырдақ», «Кісе қуырдақ», «Жоңқа қуырдақ», «Қара қуырдақ», «Сірне қуырдақ», «Сырбаз қуырдақ» тәрізді ондаған түрі даярланатыны жайлы әлеуметтік желіден оқып риза болғанымыз бар. Алматыға жол түссе әдейілеп барып, дәмін де татармыз деп ойлағанбыз. Ал Астанада шөмеле ішінен ине іздегендей ондай арнайы дәмхананы табаныңызды тоздырып қанша іздесеңіз де таппайсыз, есесіне, жоғарыда аталған ұлттардың қай-қайсының тағамының дәмін татқыңыз келсе, оған еш тосқауыл жоқ. Маңдайшаларындағы жазуларынан, ас мәзірінен де бұл мейрамхананың қай елдікі екенін жазбай танисыз. Қазақтың елордасында қазақтан басқаның арнайы дәмханасы бар. Рас, «Сәтті», «Арнау», «Алаша» сияқты мейрамханаларда ұлттық тағамдар ұсынылады, бірақ өзге тағамдар да толып тұр.
Кейбіреулер тіпті осылай десең: «Қазақтың тағамдарының түрлері де онша көп емес, оның үстіне ұзақ дайындалады, асқан етіңнің піскенін кім 3 сағат күтеді, сондықтан өзге мейрамханаларда қосымша ретінде әзірлесе де жарап жатыр»,– деп уәж қайтарады. Жоқ, бұлай шолақ пайым білгеннің ісі емес, әрине. Қазақ меймандос, әр киген киімі мен ішкен тағамының өзінің мағынасы бар, барлығы да айналып келгенде адамгершілік, бауырмалдыққа үндейтін пәлсапасын кең қойнына сыйдырған дарқан халық.
Журналист, жазушы Камал Әлпейісова Ұлттық академиялық кітапханада оқырмандармен болған кездесуде құрбысы Ханым Ахметовамен екеуі арнайы экспедицияға шығып, еліміздің әр аймағында тек жекелеген адамдар ғана әзірлейтін ұлттық тағамдардың жоғалып бара жатқан түрлерін жинастырып, оларды әзірлеп, тұсаукесерлерін өткізіп жүргенін әңгімеледі. Елең ете қалдық. Камекеңнің айтуынша, олар 20-дан астам осындай тағамдарды тауып, әзірлеп, олардың құрамын, дайындалу жолын қағазға түсіріпті. «Жөргем», «Өрметөс», «Үлпершек», «Қансоқта», «Жаужүрек», т.б. ұлттық асымыз қай мейрамхананың да ұялмай тартатын тағамына айналар еді ғой.
«Жүрген аяққа жөргем ілігеді» деген сөзді бәріміз естігенбіз, алайда, жөргемнің не екенін білмейміз, сөйтсек, ол кәдімгі ішектен жасалатын тағам екен. Ал Катонқарағай ауданындағы Жамбыл ауылы кітапханасының қызметкері Гауһар Шаймарданова «Жаужүрек» атты бозбалаларға әзірлейтін тағамды көрсетті. Бауырды шарбы майға орап дайындалатын бұл ас жас жігітті ержүректікке жетелейді деп аналар жорыққа аттанатын ұлдарына беретін болған дейтін әдемі аңызы бар астың дәмін қай жігіттің татқысы келмейді», – дейді К.Әлпейісова.
Осы әңгіме менің ойыма анам жасайтын бір жайтты еске түсірді. Ұлтабарды ұсақтап туралған май мен етке толтырып, бұрыштап, тұздап, дәмдеуіштер салып тігіп, қазанда асылып жатқан еттің бетінде ғана бүлкілдетіп қайнатып, төркіндеп келген қыздың алдына тартатыны. Сонда басқа еттен бөлекше, қатпарланып, бұлтиып жатқан ұлтабарға қарап аузыңның суы құритын. Бірақ ол саған тиесілі емес, ұзатылған қыздың төркінінің сағынышын танытатын сырлы асы болатын. «Сағынғаның қайсы, сақтағаның жоқ екен», деп қанша бағланы мен жабағысын жайратып салып, жайылып – төсек, иіліп жастық болып жатқанда, алдына үйме астау жас ет келгенде үстінде соғымнан сақталған сүр ет көрінбесе, қолын дәмге созбаған қазақтың әр асының ар жағында бір-біріне деген сыйластығы мен қимастығы жатыр емес пе?! Осындай тамаша қазақы қалыпты өзіміз де танып, өзгелерге де білдіре түссек, кәні.
Ой тастадық, іскер азаматтар қолға алса, өзінің де, елдің де мерейі үстем болар еді. Кім алып кетер екен?
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»