22 Маусым, 2016

Мемлекетшілдік мектебі мығымданса

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
сауытбекОсыдан біраз бұрын Оксфордта журналистика институты құрылды. Ағылшын ілім-білімінің әлемге әйгілі орталығында не болмаушы еді, журна­листика институты құрылса құрылған шығар дей салатын жер бұл емес. Мәселе мынада. Оған дейін Ан­глияда арнаулы журналистика факультеттері де, журналистика мектептері де болмаған, тек ұлттық журналистика одағының жанында мектептер ғана жұмыс істеген – онда журналист еңбек жолын газетте курьер болып бастауға, кәсіптің ұңғыл-шұңғылын редакцияда жүріп үйренуге тиіс деп есептелетін, журналист кәсібі тәжірибе жүзінде игеріле беретін кәсіп саналатын. Консерваторлық Англияның өзінде журналист кадрларын дайындауға көзқарастың өзгеруі көп жайды аң­ғартады. Бүгінде бүкіл әлемде журналист мамандығының бәсі биіктеп барады. Кейінгі кезде біздің елімізде орын алған оқиғалардың қай-қай­сысында да оларға бұқаралық ақ­парат құралдарының қатыстылығы (жұртшылықты толған­дырар мәсе­лелерге тиісінше көңіл бөлмеуі немесе орынсыз алаулатып-жалаулатуы, қарапайым қағидаларды талдап түсіндіре алмауы немесе елді әдейі еліктіріп-желіктіруден тайынбауы) көзге ұрып тұр. Ал әлеуметтік желілердегі әңгіменің әуені елімізде интернет-журналистиканың бұғанасы бекімегенін, ұлттық ақпараттық қауіп­сіздіктің қамтамасыз етілмегенін айқын дәлелдеп берді. Мұның бәрі журналист кадрларын дайындауға назарды қайтадан күшейту керектігін көрсетеді. Неге «қайтадан күшейту» деп отырмыз? Кешегі кеңестік кезеңде түлек­терінің қай жерге жіберілетінін партияның Орталық Комитеті шешетін бір ғана факультет болды. Ол оқуға түсерде бір орынға 10-15 адам таласатын заң факультеті де емес еді, ол емтихандары да, сабағы да аса қиын саналатын философия-экономика факультеті де емес еді. Ол журналистика факультеті еді. Журфактың түлектеріне жолдаманы Орталық Ко­митеттің Насихат және үгіт бөлімі беретін. Университет бітірушісінің жі­бе­рілген жерге баруын, орналасуын да сол бөлім қадағалап отыратын. Жур­налист кадрларын дайындауға осылай көңіл бөлінетін. Әрине, қа­зір ондай бағдарлаудың да, ондай бақылаудың да қажеті жоқ. Әйтсе де қандай журналист дайындайтынымыз халыққа қандай сөз айтатынымызды айқындайтынын да анық ұғыну артық емес. Ақпарат мәдениетінің мәні бө­лек. Ол қоғам мүшелерінің дүние­танымын, елдегі әлеуметтік құндылықтарды, өмір сүру салтын, парасаттылық қағи­даттарын қалыптастыра алады. Осының бәрі журналист кадрларын дайындайтын оқу орындарынан басталуға тиіс. (Оқу орындары демекші, осыдан біраз жыл бұрын Өзбекстанда Ташкент мемлекеттік университетіндегі журфакты нығайтуға қоса Әлемдік тілдер университетінде халықаралық журна­листика факультеті ашылғаны, оның есесіне Қарақалпақ мем­ле­кеттік университетінен басқа оқу орын­да­рындағы журналистика фа­куль­теттері мен бөлімшелері тегіс жа­был­ғаны да ойландыратын жай). Бүгінгі таңда журналистиканың ел экономикасына ықпалы кеміп барады. Сын мақалалардың қаралмайтыны, оларға жауап қайтарылмайтыны өз алдына, проблемалық жарияланымдардың, көрсетілімдердің де талданбауы кәдуілгі жайға айналғаны қашан. Эко­номикадағы мемлекеттің үлес салмағы азая түскен сайын бұл үрдіс одан әрі орныға беретін болады. Оның есесіне журналистиканың қоғамның көңіл күйіне әсері күннен-күнге кү­шейіп келеді. БАҚ дамуының серпінділігін ес­кергенде журналист кадрларын оқы­тудың мәселелері өте күрделіленіп кет­кенін көреміз. Ақпараттық технология әр үш жыл сайын дерлік өз­геріп тұр. Жур­налистиканың бара-бара жартылай технологиялық ма­мандыққа ауысатын түрі бар. Қазір­дің өзінде мобильді газеттер ғана емес, мобильді журналдар да шыға бастады. Журналистердің ендігі жерде интернет саласында, электронды жүйеде белсендірек жұмыс істейтіндігіне байланысты оқу орындарындағы кәсіби стандарттарды, соған орай пәндерді, тиісінше, оқулықтарды да өзгертуге тура келеді. Ең бастысы – осындай жағдайда журналист кадрларын дайындауда мемлекетшілдік мектебінің мығымдануы өте-мөте маңызды. Оқу орындарындағы болашақ әр журналист қолындағы қаламы, микрофоны, камерасы, алдындағы ноутбугі тәуелсіздікті қолдаудың, қорғаудың, нығайтудың қуатты құралы екенін сәт сайын сергек сезінетіндей болып қалыптасса, елдігіміздің де еңселене түсетіндігі талассыз. Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Мәжіліс депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор