23 Маусым, 2016

Ұлты бөлек болса да үлгiсi ортақ

604 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
жомарт спортшыларнемесе ізгілік ісіне миллиондап қаржы бөлсе де қазаны ортаймаған саңлақтар Бұрын спортқа бірінші кезекте сайыс, жарыс жолындағы тартыс, шын мықтыны анықтайтын айқас, өзіңнің, сондай-ақ еліңнің атын шығаратын бәсеке деп қарайтын едік. Бүгінде бұл анықтамалардың алдына ақша, байлық деген дүниелер шықты. Сондықтан, қазір бүкіл әлем спортты алдымен табыс көзі ретінде таниды. Басқаша болуы да мүмкін еместей. Себебі, қазіргі таңдағы футболшылардың жалақысын санасақ, есептен жаңыламыз. Кортқа шыққан сайын көк ақшаға қарық болатын теннисшілердің де жайы сондай. Жұмыртқадай допты белгіленген шұңқырға дөп түсірсеңіз, қалтаңыз қампайып шыға келетін гольф деген спорт түрі тағы бар. Өзгелерден жүлдесі көп болғандықтан шығар, оған ақсүйектер ойыны деп айдар тағып, әспеттеп жатады. Табысы мол тартыс түрлерінің қатарына баскетбол мен хоккейді де қоссаңыз болады. Оны АҚШ-қа барып ойнасаңыз, басыңызға бақ қонды дей беріңіз. Өйткені, ол жақтағы баскетболшылар мен хоккейшілерді бүгінде әлем байларының тізімінен табасыз. Иә, жер бетінде байлыққа белшесінен батқандарды жазып жүретін «Форбс» жур­налының назарына ілінгендердің қатарында спортшылар жетіп-артылады. Мысалы, Роджер Федерер, Новак Джокович, Криштиану Роналду, Кобе Брайант, Тайгер Вудз, Лионель Месси, Мария Шарапова, Серена Уильямс... Әлгі журналға аты жазылған спортшылардың тізімі осылай жалғаса береді. Бәрі атақты, бәрі бай. Жылдық табыстары 15-20 мил­лион­нан басталып, 70-80 миллион АҚШ долларына дейін жетеді. Дегенмен, біз­дің бүгінгі айтпағымыз мүлдем басқа. Көз­дегеніміз, спортшылардың табысын емес, олардың қайырымдылыққа жұмсаған қаржысын санау. Сол арқылы, ұлты бөлек болса да үлгісі ортақ жандардың игі істері­нен өнеге алу және қасиетті Рамазан айында жүрекке жылу сыйлайтын ізгі амалдарды насихаттау. Расымен, бүгінде әлем таныған даңқты спортшылардың көбі жарлы-жақыбайға қолұшын созып, қолдау білдіруді өздеріне міндет етіп алған. Тіпті, арнайы қор аш­ып, мешеу қалған елдердегі білім мен меди­цинаның ілгерілеуіне үлес қосып жүрген спортшылар да бар. Сананы тұрмыс билеген қазіргі заманда мұндай қадамға бару, алдыңдағы адал асыңды өзгемен бөлісу – біздің ұғымымызша, Атымтай жомарттық. Қазақ «жақсының жақсылығын айт» дейді. Ендеше, шеберлігімен ғана емес, Атымтай жомарттығымен де көпке үлгі болып жүрген спортшылардың қайырымды істеріне назар аударайық. Бір мезетте 1,5 миллион доллар бөлген Біз өз тізімімізді қазіргі таңдағы әлем бойынша ең үздік футболшылардың бірі, Пор­тугалияның бағына туған спортшы Криштиану Роналдудан бастауды жөн көрдік. Бүгінде Испанияның «Реал» (Мадрид) командасында ойнайтын Роналду мұқтаж жандарға көмек көрсетуді өзінің азаматтық борышы санайды. Бұған негізгі себеп – 2004 жылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде болған табиғат апаты. Сол кезде Үнді мұхитынан көтерілген жойқын цунами жағалауды шайып кетіп, 250 мыңдай адамның өмірін жалмаған еді. Еуропалық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарының бірінде футболшы цунами жайында теледидардағы жаңалықтардан білгенін айтып: «Ол кезде ағылшынның «Манчестер Юнайтедінде» ойнаймын. Теледидардан табиғат апаты туралы айтты. Қатты әсер етті. Біз мына жақта шалқып жүргенде, әлемнің бір бұрышында адамдар ішерге ас, киерге киім таппай қан қақсап жатыр. Баспана дегеніңіз мүлдем жоқ. Ең сорақысы, адамдар туғандарының өлі-тірісін білмейді. Құдайдан үміт етуден басқа амалдары қалмаған. Сол сәтте теледидардан қираған үйіндінің арасында жылап тұрған 10-11 жасар баланы көрсетті. Үстіне біздің ұлттық құраманың жейдесін киіп алыпты. Көзіме оттай басылды. Ол аздай, жетінші нөмірлі жейде. Көңілім толқып кетті. Теледидардың жүгіртпе жолынан ол елдің Индонезия екенін білдім. Сөйттім де бос уақытымда сол елге тартып отырдым. Мақсатым – Португалия жейдесін киген баланы тауып, қолымнан келгенше көмек көрсету. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ойлағанымның бәрі жүзеге асты. Содан бе­рі жас балаларға материалдық және рухани қолдау көрсетуді парызым ретінде мойныма алдым. Әкем де жақсылықты жиі жасау керектігі жайында айтып отыратын», – деп ағынан жарылған екен. Бүгінде футболшы – «Save the Children» атты балалар құқығын қорғайтын қордың ерікті елшісі. Сол себепті, ол көбіне бүлдір­шіндерге көмек қолын созып келеді. Бала­лар аштығымен күресетін қордың бірқатар игі бастамасына Роналдудың тікелей мұ­рын­дық болғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, португалиялықтың 2013 жылы Газа секторындағы қақтығыстардан зардап шеккен палестиналық балалар­ға 1,5 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек көрсеткенін бүкіл әлем біледі. Халықаралық Қызыл Крест қайы­рымдылық қорына 100 мың еуро ау­дар­ғанын да ақпарат құралдары жарыса жазды. Ми дисплазиясы дертіне шалдыққан 10 айлық Эрик Ортис есімді сәбиге 60 мың еуроға операция жасатып бергені де ғаламтор бетін жаулап алды. Футболшы тек қаржылай көмек қана емес, сондай-ақ, өзі тікелей донор болып та көпке үлгі көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 2013 жылы ақ қан ауруына шалдыққан балаларға өз жілік майын бөліп беріп, науқастардың айығып кетуіне себепші болған. Одан бөлек, сайыпқыранның әртүрлі қайырымдылық шараларына тұ­рақты қатысып тұратынын да ақпарат құ­рал­дарынан жиі естіп, көріп жүрміз. 285 мың баланы қамқорлығына алған Теннис тарихындағы ең атақты спорт­­­­шылардың бірі емес-ау, бірегейі швейцариялық Роджер Федерер екені даусыз. «Үлкен дулыға» турнирлерінің 17 дүркін жеңімпазы Федерер де кедей-кепшік балаларды қанатының астына алған. «Federer Foundation» атты қор құ­рып, Африка құрлығындағы балалардың білім алуына тұрақты көмек көрсетіп келеді. Бұл жөнінде даңқты теннисші: «Жасөспірім кезімде Оңтүстік Африка Республикасына жиі барып тұрдым. Әр барған сайын қара құрлықтың жаңа қырын байқайтынмын. Ол жақта кедейшілік қалыпты жағдайға айналған. Сондықтан болар, маған Африкадағы кедейлердің болашаққа, ертеңгі өміріне деген сенімі жоғалып бара жатқандай көрінді. Сол кезде іштей «мүмкіндігім болса, осы құрлықтың балаларына білім алуға жағдай жасасам» деп армандайтынмын. Кейін сол мақсатта арнайы қор құрылды», – дейді. Бүгінге дейін қордың есебінен 285 мың африкалық және швейцариялық бала білім алып, хат таныған. Федерер 2018 жылдың аяғында бұл көрсеткішті 1 миллионға жеткізіп, Африка халқының жарқын болашаққа жетуіне үзімдей болса да өз үлесін қосуды көздейді. Бұл әрекетін ол: «Білімді адам ең құрығанда күнделікті асын адалдан тауып жеуге қауқарлы. Сол себепті, ағарту саласына көңіл бөлуді жөн санадым», – деп түсіндіреді. Сонымен қатар, Роджер Федерердің өз атындағы киім үлгілерін шығаратыны белгілі. Аталған кәсіптен түскен қаржының бір бөлігі қорға аударылып отырады. Одан бөлек, спортшы арнайы қайырымдылық ойындарын өткізіп, түскен қаржыны түгелімен қорға аударады. Мәселен, 2014 жыл­дың соңында Швейцариядағы – Цюрих қаласында отандасы Станислав Вавринкамен жолдастық кездесу өткізді. Билеттердің сатылымынан 1,3 миллион швейцар франкі түскен. Бұл – шамамен 1,35 миллион АҚШ доллары. Барлық қаржыны мұртын бұзбастан қордың есепшотына аударып, Африкадағы балалардың білім алуына жұмсаған. «Қазір қордың жұмысы белгілі бір жүйеге түсті. Жұмыс бастағанымызға 10 жылдан асты. Спорттағы өзге әріптестерім де бұл ісіме қолдау білдіріп келеді. Екі жыл бұрын Франция ашық біріншілігінде ұйымдастырушылар чемпионаттың ал­ғашқы аптасында жасалған әр эйсті 25 еу­ромен бағалап, шыққан соманы біздің қорға аударды. Бұл жерде тек ерлер мен қыздар бәсекесінің жекелей сыны назарға алынғанын айта кетейін. Нәтижесінде жеті күннің ішінде 1803 эйс жасалып, жал­пы сомасы 45 075 еуро Африка бала­ларына көмекке жұмсалды. Бұл үшін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – дейді Федерер. Эйс – теннисшінің ойынға қосқан добын қарсыласы қабылдай алмай, соның есебінен ұпай жазылуы. Қазіргі таңда «Federer Foundation» қо­рының аясы кеңейіп, белгілі компаниялармен әріптестік орната бастады. Олардың қатарында немістің атақты «Mercedes-Benz» автоконцерні де бар. Туған жеріне қос аурухана сыйлаған Лионель Месси. Бұл футболшыны бү­гінде танымайтын адам кемде-кем. Әлемнің қай бұрышына барсаңыз да Мессидің суретін кездестіруге болады. Он бір жасында өсу гармонының жетіспеушілігіне шалдығып, денсаулығы сыр береді. Сондықтан болар, аргентиналық футболшы бүгінде науқас балаларға көмек көрсетуге көп күш жұмсауда. 2007 жылы «Leo Messi Foundation» қорын құрған ол негізінен балалар ауруханасын салумен және жөндеумен айналысады. Мысал ретінде, туған қаласы Росариодағы балалар ауруханасын жөндеп бергенін айтсақ болады. 600 мың еуро жұмсалған аурухана тек жөндеуден өтіп қана қоймай, қор есебінен жаңа құрылғылармен де толыққан. Сондай-ақ, Росариодағы балаларға арналған онкологиялық орталыққа да жөндеу жұ­мыстарын жүргізіп, жаңа медициналық құрылғылармен және ойын бөлмесімен жабдықтаған. Ал аурухана мамандары Ис­панияның Барселона қаласында тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырып қайтты. Бұл шығындарды да Месси құрған қор өтеп берген. Одан бөлек, 2010 жылы Каталонияда «Hospital Universitario Vall d-Hebron» пе­диатрлық госпиталін салып, арнайы демалыс аймағын құрды. Орталықтың алғашқы кірпішін Месси өз қолымен қала­ғанын айта кетейік. Даңқты футболшы медициналық бағыттағы жұмыстарынан бө­лек, спорт мектептері мен білім беру орта­лықтарын салуға да қаржы бөліп келеді. Мессидің көпке үлгі болатын тағы бір игі ісі – өсу гармонының жетіспеушілігіне ұшыраған марокколық Кашаша Валид есімді баланың ем-домын толығымен өз мойнына алуы. Бұл жайында тілшілерге берген сұхбатында Месси: «Мен де бала күнімде дәл осындай дертке шалдыққан едім. Ол кезде менің емделуіме «Барселона» футбол командасы көмектесті. Құдайға шүкір, қазір армандаған дүниеме қол жеткіздім. Енді – менің кезегім. Кашашаның да арманы футболшы болу екен. Соған өз үлесімді қоссам деймін», – дейді. Бүгінде ол 12 жасар марокколықтың емделуіне ай сайын 3120 еуро көлемінде қаржы аударып тұрады. 2012 жылдан басталған бұл қамқорлық 2018 жылға дейін жалғаспақ. Сонымен қатар, Мессидің ЮНИСЕФ халықаралық қорына Мексикадағы мұқтаж балаларға көмек ретінде 100 мың еуро және Росарио қаласындағы спорт кешенін жөндеуге 150 мың еуро қаржы бөлгенін айта кетейік. Атағы аспандағанымен, адамгершілігі кемімеген Бүгінде Роналду, Федерер, Месси сынды өнегелі ісімен үлгі болып жүрген әлемге әйгілі саңлақтар жетерлік. Мақаламыздың соңғы бөлігіне солардың бірнешеуін бірге топтастырып, қысқаша тоқталуды жөн санадық. Кобе Брайант есімді баскетболшының атағы алты қырдан асады. Ұлттық бас­кетбол қауымдастығындағы мансабын биыл сәуір айында ғана аяқтады. Әйгілі «Лос-Анджелес Лейкерс» командасында ойнаған. Брайантқа да қайырымдылық шаралары жат емес. 2009 жылы Қытайда болған жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен жандарға 750 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлген. «Kobe & Vanessa Bryant family Foundation» қорын құрған спортшы өткен жылы кезекті ойынында пайдаланған бұйымын бәс сауда арқылы сатып, түскен 67 мың АҚШ долларын үй-күйсіз жүрген жандарға таратып берген. Дидье Дрогбаны да білмейтін спорт­сүйер жоқтың қасы. Кот-д-Ивуар мем­лекетінің өкілі өзі туған елі үшін кез келген іске баруға дайын. Өз елінің ғана емес, тұтас Африкадағы қиын жағдайға алаңдайтын Дрогба 2007 жылы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бойынша ұйымның ерікті елшісі атанды. Сол жылы өзінің тікелей бастамасымен «Didier Drogba Foundation» қоры құрылды. Оның негізгі жұмысы – білім беру және денсаулық сақтау салалары бойынша Африка халықтарына қаржылай қолдау көрсету. Қор арқылы футболшы өзі туып-өскен Абиджан қаласында медициналық орталық салуға 3 миллион фунт стерлинг бөлген. Бұл – бүгінгі есеппен кем дегенде 4,35 миллион АҚШ доллары. Осындай үлгі аларлық істері үшін Дрогба БҰҰ-ның «Спорттан тыс ізгіліктері үшін» атты сыйлығымен марапатталды. Одан бөлек, спортшының Африкадағы кедейлерге қаржы жинау мақсатында ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларына тұрақты қатысып тұратынын назарларыңызға сала кетейік. Сондай-ақ, бұл қатарға Германия ұлттық құрамасында ойнайтын тегі түрік футболшы Месут Өзилді де қосуға болады. Соңғы әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін Өзил өзіне тиесілі сыйақыны сол күйінде бразилиялық науқас балалардың операция жасатуына аударған. «Алғашында 11 баланың операциясына көмектесемін деп өзіме шарт қойған едім. Кейін чемпионатты тек 11 футболшы емес, тұтас команда жеңіп алатынын ескеріп, 23 балаға қаржы бөлуді ұйғардым», – деген ол Бразилия тарапынан жоғары құрметке ие болды. Жарыс алаңындағы шеберлігімен қатар, осындай қайырымды істерімен белгілі болған спортшылардың қатарында отандасымыз, Лондон Олимпиадасының чемпионы, даңқты велошабандозымыз Александр Винокуровтың да бар екені көңілге қуаныш ұялатады. Саша Олимпиададан кейін сол дүбірлі додада жарысқан велосипедін бәс саудаға шығарып, 243 мың АҚШ долларына сатты. Барлық қаржыны ауыр дертке шалдыққан қазақстандық бес баланың ем-домына жұмсаған чемпионымыз елдің алғысына бөленді. Бұл қатарға Зинедин Зидан, Луис Назарио Роналдо, Эммануэль Адебайор, Дэвид Бекхэм, сэр Алекс Фергюссон, Серена Уильямс және тағы басқа спортта ізі сайрап жатқан сайыпқырандарды қос­сақ, артық емес. Өйткені, барлығы да қайырымдылықты кәдімгі міндеті деп санайды. Мінеки, бүгінгі біздің айтпағымыз осы еді. Спортшылардың игі бастама­ларын үлгі ету арқылы сауабы мол істі насихаттауды мақсат тұттық. Бұл істен ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Себебі, қайырымдылықтан қазаны ортайып, қазынасы кеміп қалған ешкім жоқ. Ал егер «спортшыларда ақша көп, сондықтан қайырымдылық жасауға олар­дың мүмкіндіктері мол» деп ойласақ, қателесеміз. «Неге?» десеңіз, айтайық. Бір кездері әлемдегі ең бай адамдардың қатарында болып, кейін қолындағы барын ұқсата алмай, тақыр кедейге айналған спортшылар жетіп-артылады. Бұл – бөлек бір мақаланың тақырыбы.  Еламан ҚОҢЫР, Журналист
  1. S. Жоғарыдағы қайырымды істер есімдері аталған спортшылардың ұйытқы болуымен жүзеге асқан ізгі амалдардың бір парасы ғана. Жақсылықтарын жария етуді құп көрмейтін олар көбіне берген көмектерін жасырын қалдыруды жөн санайды. Ал жоғарыда айтылған игіліктердің көпшілігі жомарт спортшылардың шарапатын көрген тараптың ақпарат құралдарына жария етуімен белгілі болған.