23 Маусым, 2016

ШЫҰ: өзара сенім өрісі

205 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ERA_6210+Қытайдағы қызықты баспасөз турына қатысуға Еуразияның 18 елінен келген БАҚ өкілдері Бей­жің­дегі ШЫҰ штаб-пәтерінің табал­дырығынан көтеріңкі көңіл күймен аттады. Бізді жылы шыраймен қарсы алған аталмыш халықаралық ұйым Бас хатшысының орынбасары Ван Кэйвэнь мырза таза орыс тілінде таныстыру экскурсиясына шақырды. ҚХР үкіметі тегін бөлген сәулетті ғимарат ішіндегі Хартия холы жақында ғана жөндеуден өткендіктен, жарқырап тұр. Әр нәрсені білуге әуес әріптестеріміздің назарын төрдегі тастұғыр бірден аударды. Бұл осыдан 14 жыл бұрын Санкт-Петербургте қабылданған ШЫҰ хартиясының құрметіне мәрмәрдан қойылған ескерткіш екен. Бір жақ қабырғасына «Өзара сенім, өзара тиімділік, теңдік, өзара кеңесу, мәдениеттердің әралуандығын құрметтеу және бірлесе дамуға ұмтылыс» деген Шаңхай рухын айғақтайтын ақылды сөздер қашалып жазылған. Осынау құтты орданың ортақ шаңырағы астында ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер астаналарының атымен аталатын алты залды аралау барысында тату көршілердің алғаусыз аралас-құраластығына тағы бір рет куә болғандай күйге бөлендік. Әрқайсысы өзіндік өрнектермен әдіптелген. «Астана» залы Қазақстанның кешегі және бүгінгі тыныс-тіршілігін бейнелейтін атрибуттармен айшықталыпты. Асқақ Алатау аясының әсем табиғаты, қарағайлы, қайыңды жасыл жайлау төсінде тігілген ақшаңқан киіз үй, құзар биіктен құлай аққан асау өзен көшпенділер өмірінің көркем елесіндей көрінсе, ару Астананың символына айналған бағаналы «Бәйтерек» Тәуелсіз еліміздің өркениет өріне ұмтылған қазіргі жетістіктерін паш етіп, кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады. Бөлменің төбесі қазақы шаңырақ түрінде жасалғанын ұлтымыздың ұла­ғатын танытқан шешім деп бағалад­ық. Мұнда халқымыздың қадір-қа­сиетін білдіретін басқа да дү­ние­лер баршылық екенін байқадық. Көрген-білгенімізді көңілімізге түйіп үлгергенше Шаңхай ынты­мақтастық ұйымының Бас хатшысы Рашид Алимовтың журналис­термен кездесуі басталды. Әлемдік қоғамдастықта айрықша орын алатын осынау беделді ұйымның арғы-бергі тарихына қысқаша тоқталған ол Ташкентте өтетін самитте он бес жылдығын тойлағалы отырған ШЫҰ бүгінде бүкіл дүниежүзіне белгілі қуатты құрылымға айналғанын ауыз толтыра айтты. – ШЫҰ-ның құрылуымен әлемде басты мақсаты саяси тұрақтылықтың сақталуына, қауіпсіздіктің нығаюына, экономикалық ынтымақтастықтың артуына, апайтөс Еуразияның елеулі бөлігіндегі халықтардың бірлесе дамып, өркендеуіне жол ашатын жаңа жүйе дүниеге келді, – деп орысша, ағылшынша еркін көсілген көшелі саясаткер әңгімесін әсерлі өрбітті. – Соның нәтижесінде халықаралық қатынастардың соны арнасы қалыптасты. Енді мен сіздерге өзіміздің немен айналысатынымызды баяндап берейін. Біз бұл күндері барлық күш-жігерімізді Ташкенттегі мерейтойлық жиынымызды ойдағыдай өткізуге бағыттау үстіндеміз. Әзірлік жұмыстарына білек сыбана кіріскен жайымыз бар. Әрбір басқосу астарында, әрине, өткен-кеткенге есеп беру, алдағы атқарылар істердің ауқымын анықтау секілді мәселелер жататыны белгілі. Саммитте ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер басшылары игерілген игі істерді сарапқа салып, тиісті қорытындыға келеді. Онда біздің ұйымның негізгі мақсат-міндеттері көрініс таппақ. ШЫҰ-ның 2016-2020 жылдарға арналған даму стратегия­сы бекітіледі деп күтілуде. Мұнда не істеп, не қоятынымыздың жол картасы нақты көрсетілетін болады. Бұл жоспарда саясат, қауіпсіздік, туризм және мәдениет салаларындағы жүзеге асырылуға тиісті жұмыстар жүйеленеді. Сондай-ақ, ол өткен кезеңдерде біздің елдерімізді жақындастыру орайында көптеген оңды шаруалардың басы қайырылғанын айтты. Соның арқасында қарапайым адамдар шекара асып, бір-бірімен еркін араласуға мүмкіндік алғанын, барыс-келіс көбейіп, алыс-беріс артқанын атап көрсетті. – 23-24 маусымда өтетін Ташкент саммиті айрықша мән-мағынаға ие болғалы тұр. Өйткені, мерейтойлық басқосу болғандықтан, қалыптасқан дәстүр бойынша оған тосын сыйлар арналатыны айтпаса да түсінікті. Бұл жолы қандай жағымды жаңалықтар шартарапты шарламақ? Оны сол күндері еститін боласыздар. Әзірге бәріміз білетін ең басты жетістігіміз, ШЫҰ-ның 18 мемлекеттен құралған шарапатты шаңырағы көтерілді. Оның 6-уы ұйымның толық мүшесі, 6-уы бақылаушылар, 6-уы әріптестеріміз. Бұл төрткүл дүние тұрғындарының 44 пайызы екенін ескерте кеткім келеді. ШЫҰ – әлемдегі ең ірі аймақтық бірлестік. Тартпамызда тағы бес елдің мүшелікке өтуге ниет білдірген өтініші бар. Керегеміздің кеңеюі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді ШЫҰ Бас хатшысы. ERA_6183+Осылайша, ой қозғаған Р.Алимов тағы бір жағдайға көңіл бөлу керектігін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл ұйымда барлық шешім консенсуспен қабылданады. Демек, бұл ретте мемлекеттер өздерінің аумағына, даму дәрежесіне қарамастан өзара тең құқылы. Осыған қарап-ақ, ШЫҰ әлеуеті, тілі, ділі, діні әртүрлі мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің өркениетаралық диалогын өрістетудің үлгі-өнегесі екенін көрсетсе керек. Салиқалы сөз сабақтаған ШЫҰ-ның Бас хатшысы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға салмақты жауаптар қайтарды. Сөзінің қорытындысында ШЫҰ келешекте де ғаламдық, аймақтық проблемаларды шешуде, халықаралық байланыстарда демократиялық жүйенің салтанат құруына күш сала беретінін атап көрсетті. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» БЕЙЖІҢ  Суреттерде: ШЫҰ Бас хатшысы Р.Алимов баспасөз мәслихаты кезінде; ШЫҰ штаб-пәтеріндегі «Астана» залы