23 Маусым, 2016

Болашағы біртұтас ұлт

5306 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Бұл күндері елімізде мем­ле­кеттік құрылыстың кезекті кезеңі – Болашағы біртұтас ұлт құру кезеңі кең құлаш жайып келеді. Онда қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту мен дамытуға бағытталған құндылық жүйелерінің «Мәңгілік Ел» және ұлттық бренд болып табылатын «Ұлы Дала елі» атты жалпыұлттық патриоттық идеялар негізінде алға қадам басу шаралары қарастырылған. Алуан түрлі мәдени, этностық, тілдік және діни тамырлардан нәр алатын жалпыұлттық құндылықтар қазақстандық біртектілік пен бірліктің іргетасы болып келеді. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан толассыз үрдіс жемісі. Әрбір азаматтың, өзінің этностық шығу тегіне қарамай, тағдырын Қазақстанмен байланыстыруы елді біріктіретін күш болып табылады. Ол біздің социумның өткен тарихы, қатарласқан бүгіні және болашаққа деген жауапкершілігі бір екендігін көрсетеді. Қазіргі таңда республикамызда «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты өте ауқымды жоба іске асырылуда. Оның мақсаты тұтас азаматтық қауымдастық қалыптастыруға жағдайлар жасау, шарттар тудыру болып келеді. Осы орайда, Қазақстанда 4.7 млн.-нан астам отбасы бар екенін айта кеткен жөн. Жұмыс мемлекеттік рәміздердің қолдану жүйесін модернизациялау, қайырымдылық пен медиацияны дамыту, «Ұрпақ+» атты балалар мен жасөспірімдердің мәдени-ағартушылық жобасын және т.б. іске асыру бағыттары бойынша жүргізілуде. Келесі жоба еліміздегі музейлердің жұмысын жаңғыртуға, этностар, диаспоралар шежіресін терең зерделеуге қатысты болып келеді. Оның мақсаты – өзінің тарихын, өзінің өткенін білген ұлт біртұтас және өміршең болады, соның негізінде ұлттық сана-сезім қалыптасып, дамиды дегенге саяды. Қазақстан Республикасы Ста­тистика агенттігінің 2015 жылдың 1 қа­занындағы деректеріне сүйене­тін болсақ, бүгінгі таңда елімізде 17 607 800 адам өмір сүреді. Тұр­ғындардың саны бойынша әлем ел­дерінің тізімінде біз 64-ші орында тұрмыз. Бүгінгі Қазақстанда саны 11,5 миллионға жуық автохтонды қазақпен бірге 130-ға тарта басқа этностардың және этностық топтардың өкілдері өмір сүруде. Солардың ішіндегі ең көбі – 4 миллионнан астам орыс ұлтының өкілдері. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамының 66,01%-ын қазақтар, 21,05%-ын орыстар құрайды. Бұдан басқа, украин, неміс, өзбек, әзербайжан, күрд, қырғыз, чешен, кәріс, ұйғыр, т.б. ірі диаспорлар бар. Олар әрқи­лы тарихи оқиғалар мен саяси жағ­дайларға байланысты қазақ жерін­де қоныстанып қалған болатын. Аталған мақаланың басты мақ­саты осы үдерістердің қалай жүр­генін баяндау және ұлтаралық қаты­настар проблемасын шешу бары­сында ескеру, қолдану болып табылады. Бірінші ресми дерек – 1897 жылы жүргізілген бүкілресейлік халық санағының мәліметі бойынша, қазіргі Қазақстан аумағындағы халықтың 80%-ын қазақтар, 12%-ын славян тектес халықтар құраған. 1897-1913 жылдар ара­лы­ғында мұндағы халық саны қоныс аударған орыс, украин, бе­лорус, татар, ұйғыр, дүнген, т.б. жатжұрттықтар есебінен 1 264,0 мың адамға көбейген. Қазан төңкерісі мен азамат соғысынан кейінгі екі он жылдықта Қазақстан мен Орталық Азия республикаларында ұйымдасқан түрде жаппай қоныстандыру болған жоқ. Бірақ Қазақстанда экономикадағы құлдырауға, әсіресе, 1921 жылғы аштыққа байланысты миграция стихиялы түрде жүріп жатты, елдің орталық өнеркәсіпті аудандарындағы 1,3 миллион адамды қамтыған жұмыссыздық он мыңдаған адамды жұмыс пен нан іздеп басқа жерлерге, оның ішінде Қазақстанға да баруға мәжбүр етті. Олар мұндағы өнеркәсіп алпауыттары – Түрксібте, Қарағанды көмір бассейнінде, Балқашта және т.б. жерлерде жұмыс істеді. Мұ­нан басқа, тек жұмысшы күшін ұйымдасқан түрде жинау ға­на Қазақстанға елдің басқа аймақ­тарынан 1931-1940 жылдары 509 мың адам келтірді. Бұл жұмыс­шы­лардың және жұмысқа орна­ласқан жұмыссыздардың көбі өнеркәсіп орындарының, темір­жол­дардың, қалалар мен жұмысшы поселкелерінің құ­рылысы біткен соң республикада тұрақты жұмысқа қалып отырды. Аграрлы қоныс аударулар да болып тұрды. 1920-жылдардың ая­ғы мен 1930-жылдардың басында Қазақстанға Ресей мен Ук­раинадан, т. б. республикалардан, арнайы қоныс аударылған шаруалар, тәркіленген бай-кулактар, сонымен бірге, әскерден босатылған қызыләскерлер және елдің еу­ропалық бөлігі мен Сібірден қоныс аударушы шаруалар келе бастады. Олар мұнда коммуналар мен ауыл шаруашылығы артельдерін құрып қоныстанды. 1928-1930 жылдар аралығында Қазақстанда құрылып жатқан шаруашылықтарға елдің әр-түрлі аймақтарынан 65 мың отбасы келді. 1940 жылы Украина мен Ресейдің, әсіресе, Мордва, Чувашия, Татарстан, т.б. респуб­ликалардан аз жерлі аудандарда тілек білдірген шаруаларды ұйымдасқан түрде қоныс аударту басталды. Қазақстанға келген 24,2 мың отбасы тың жерлерде дәнді дақылдар шаруашылығын дамыту үшін республиканың солтүстік облыстарына қоныстандырылды. 1930-жылдардың аяғында бір­қатар этностық топтар өз жер­лерінен қоныс аударылды. Солар­дың біразы Қазақстанға әкелінді. 1937 жылы Қиыр Шығыстан 96 мың кәріс көшіп келді. Олар мұнда күріш өсіретін шаруашылықтар ұйымдастырды. Сол жылы НКВД Әзербайжан мен Армениядан иран, әзербайжан, күрд және ар­мян­дардың 2,4 мың отбасын Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарына қоныс аудартты. Соғыс алдында Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядан поляктарды және Балтық бойы республикалары азаматтарын депортациялау, қоныс аударту жүргізілді. Бұл жылдары Қазақстанға көшіп келушілердің көбісі орыс­тар, ал біразы украиндар, татарлар және басқа ұлт өкілдері болатын. Аталған қоныс аударулар республика тұрғындары құрамының интернационалдануын күшейтті. Мысалы, Түрксібті – 30, Қарағандыны – 25, Балқашты – 45, Ақмола – Қарталы теміржол же­лісін 50 этностық топ өкілдері салды. Міне, осылардың және 1932-1933 жылдардағы аштықтың салдарынан Қазақстанда жергілікті халық – қазақтардың КСРО-ның басқа аймақтарынан көшіп келген этностық топтарына қарағанда аз­шылыққа айналуына жол салған күрделі этнодемографиялық жағ­дай қалыптасты. Қазақтардың Қазақ­стандағы басқа ұлттар арасын­дағы үлес салмағы 1926 жылғы 57,1 пайыздан 1939 жылы 38 па­йызға төмендеді, ал орыстар­дың меншікті салмағы 40,2 пайызға жетті. Енді олар республикада саны жағынан ең көп этностық топ­қа айналды. Қазақстан тұрғындарының көп ұлттануы екінші дүние­ж­ү­зілік соғыс жылдары және одан кейінгі уақыттарда күшейе түсті. Соғыс жылдары республикаға миг­рациялық ағым күшейді. Елдің батыс аудандарынан эвакуа­ция­ланған 536 мың адамнан басқа, Қазақстанға автономиялық құры­лымдары жойылған 100 мыңдаған неміс, чешен, ингуш, қарашай, балқар және тағы басқа ұлт депор­тацияланды. Елуінші жылдардың екінші жартысында бұл халықтардың көпшілігінің автономиялары орнына келтіріліп, олардың көп бөлігі бұрынғы тұрған жерлеріне қайта қайтты. Алайда, Қазақстанға қарай бағытталған миграциялық ағым 60-жылдардың ортасына дейін азайған емес. Соғыстан кейін 50-жыл­дардың ортасына дейін Қазақстанға ұйымдасқан түрде қоныс аудару болған жоқ. Ірі миграциялық ағымның бірі үлкен өнеркәсіптік құрылыспен сай келген тың және тың­айған жерлерді игеруге бай­ланыс­ты болды. Солтүстік және Орталық Қазақстандағы тыңды көтеруге 1954-1962 жылдар аралығында, негізінен, елдің еуропалық бөлігінен 2 миллионға жуық адам келді. Өнеркәсіп, құрылыс және көлікте жұмыс істеу үшін республикааралық жұмыс күшін ұйымдасқан түрде жинау арқылы 1954-1965 жылдары жарты миллион адам мұнда және келді, бұл республикадағы жұмыстарды ұйымдасқан түрде жинаудың 80 пайызға жуығын құрады. Жұмысшылардың көбі Украина, Белоруссия, Мол­давия және Литвадан алынды. Бұл жергілікті тұрғындар мен басқа ұлт өкілдері арасындағы сан және үлес салмағындағы алшақтықты одан әрі үдете түсті: мұнда 1959 жылы орыстардың меншікті салмағы 42,7 пайызға жетсе, ал қазақтардыкі 30 пайызға дейін төмендеді. Басқа этностық топтардың үлес салмағы аса өзгере қойған жоқ. Қазақстанға қарай бағыт ұстаған миграциялық ағым, әлсіреген түрде болса да, кейін де жалғаса берді, бірақ 70-ші жылдардың екінші жартысынан бас­тап, әсіресе, қазіргі жағдайда кері сальдо жасады. Қазақстанның Ресейге қосылуы қарсаңында басталған республика тұрғындары құрамын интернацио­налдандыру Қазан төңкерісінен кейінгі уақытта тіптен күшейе түсті. 1939 жылы қазақтардың пайдасына қалыптаспаған тұрғындар саны мен олардың меншікті салмағы 50 жылдан кейін ғана өзгерді. 1989 жылғы санақ бойынша Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамы мынадай еді: қазақтар – 39,7 орыстар – 37,8 немістер – 5,8, украиндар – 5,4, өзбектер мен татарлар – 2, ұйғырлар мен белорустар – 1,1 корейлер – 0,6, әзербайжандар – 0,5 пайыз, тағы сол сияқты. Сонымен, қазақтар 1926 жылдан кейін бірінші рет өзінің эт­нос­тық территориясында саны жағынан басқалардан озды. Міне, біз мұнан Қазақстан тұрғындары ұлттық құрамының соңғы жарты ғасырда этнодемографиялық дамуының және бір ерекшелігін көреміз. Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХІІ сессия­сында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл кез туралы: «Бүтіндей алғанда, ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударған. Ол кезде жергілікті халық шамамен 6 миллиондай адам болатын. Бұларды тарихты білмейтіндер мен Қазақстан қашаннан осындай көпұлтты болған деп санайтындар үшін айтып отырмын», – деген болатын. 1990 жылдан кейін Қазақстанды мекендеген шет жұрттықтардан көшіп кетушілер саны өсе бас­тады. Славян, герман тектес тұрғын­дардың өз еліне қоныс аударуы көбейіп, республика халқы едәуір азайды, қазақ және басқа түріктектес халықтардың үлесі артты. Егер Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16 199,2 мың адам тіркелген болса, 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 1 246,1 мың адамға жеткен. Мұның бас­ты себебі бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне кө­ші­ріліп қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыстардың, ук­раиндардың, немістердің Кавказ халықтарының т.б. өз атамекен­деріне көшіп кетуі болды. Өсу тек Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында Алматы, Астана қалаларында байқалды. Сол он жылда ұлттық құрамда да айтарлықтай өзгеріс болды. Мысалы қазақ ұлты 1468,1 мың адамға (22,9%) көбейіп, республика халқының жартысынан астамын (53,4 %-ын) құрады. Сондай-ақ күрд (29,1 %-ға), дүн­ген (23,3%- ға), ұйғыр (15,9%-ға) өзбек (12%- ға) халықтарының са­ны да өсті. Оның есесіне орыс ұлты өкілдерінің саны 1582,4 мың адам­ға (26,1% -ға) кеміді. Немістер 593,5 мың (62,7%), украиндар 328,6 мың (37,5), татарлар 71,7 мың (22,4 %), беларусьтер 66 мың (37,1 %) адамға кеміген. Ал соңғы өткі­зіл­ген республикалық санақ Қа­зақ­стан халқы санының 2009 жылы 16 400 000 адамнан асқанын көр­сетті. Бүгінгі қалыптасқан жағ­дай­да елімізде ұлттық келісім қағи­дасының орындалып, сақталып отырылуы ең басты шарт болып табылады. Себебі, ұлттық келі­сім саясатының басымдылығы қо­ғамдық санада түрлі диаспоралар мен этностық топтар арасындағы татулықты ғана емес, әлеуметтік топтар арасындағы түсіністікті де сақтауға көмектеседі. Ұлттық құн­дылықтарды жаңғырту жалпы­адам­заттық құндылықтарды қадір­леудің кепілі екендігі белгілі. Қазақ­стандық патриотизм өзіндік орны бар рухани-тәрбиелік фактор ретін­де қабылданды. Қазақстандық пат­рио­­тизм Ұлттық келісім ахуалын бел­сенді пайдалана отырып, Қазақ­стан­ның өркениетті, дамыған елдер қатарына қосылуына игі ықпал етеді. Талғатбек ҚҰЛТАЕВ, Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясы философия және ӘЭП кафедрасының профессоры Алматы
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20