Петропавловка ауылындағы Эдуард Францевич пен Ольга Николаевна Кофлерлерді ауылдастары ынтымағы жарасқан еңбекқор отбасы ретінде құрметтейді. Еңбекпен етене өскен ерлі-зайып-
тылар қазіргі таңда өз нәпақаларын өздері құрған «Алма» шаруа қожалығынан тауып отыр. Эдуард Кофлер басқаратын шаруа қожалығы картоп, көкөніс өсірумен айналысады, сондай-ақ, алма бағы мен балық өсіретін тоғаны бар.
Ол сонау күрделі кезеңде қаладағы жайлы жұмысын тастап, кеңшардан 2 гектар жерді жалға алып, картоп өсірді. Оған дейін ауылшаруашылық машиналарының механигі, жүргізуші де, кран жүргізушісі де болды. Алайда, ол жұмыс істейтін мехколонна тарап тынды. Ол шағын аң фермасын ашып, түлкі өсірді, терісін өңдеп, бас киім тігіп те сатты. Бәсекелестер көбейіп кетті ме, әлде, халықтың сатып алу қабілеті төмендеп кетті ме, әйтеуір, бұл кәсіптің де ғұмыры ұзақ болмады.
1998 жылдары жер телімін жалға алып, картоп, көкөніс алқабын кеңейтуді шешті. Эдуард Францевичке жер телімі бұрынғы қараусыз қалған алма бағының орнынан тиді. Міне, шаруа қожалығының «Алма» аталуы да сондықтан. Халықтың көпшілігі өз үйлерін, ауылдарын тастап, қалаға үдере көшкенде Эдуард Францевичтің отбасымен жылы орнын суытып, ажары тайған ауылға атбасын бұруы біреулерге кәдімгідей ерсі көрінгені де шындық. Бірақ, ынтымағы жарасқан отбасы шаруаның жүйесін таба білді, ауылдың мазасыз тірлігіне тез көндікті. Көндікті дейміз, бұл олардың туған ауылы. Ауласында мал, құс ұстады, жермен жұмыс істеді. Содан да болар Кофлерлер таң азанмен тұрып, еңбектенудің қайтарымын көре бастады.
– Биыл 70 гектарға картоп, көкөніс егуді бастап кеттік. Соның 47 гектарына картоп өсіреміз, қалғанына қырыққабат, сәбіз, қант қызылшасын егеміз. «Көктемнің әр күні жылға азық» дегендей, қазір жұмыстың қызған кезі, – дейді Эдуард Францевич бізбен әңгімесінде.
Ол «Ауыл» шағын несие мемлекеттік бағдарламасы көмектесіп отырғанын да жасырмайды. Өткен жылы картоп тұқымын сатып алғаны үшін 5,5 миллион теңге субсидия алды. Оны сонау Голландиядан жеткізді. «Даму» қорының да қолдауын көріп отыр. Қол еңбегін жеңілдету үшін осы заманғы картоп жинайтын комбайн сатып алды, басқа да ауылшаруашылық техникалары жеткілікті. 400 тонналық көкөніс қоймасын жабдықтап алды. Оған фермер сұрыпталған тұқымдық материалды сақтайды. Ал барлық жиналған өнімді қысқа дейін өткізуге тырысады. Кофлердің шаруа қожалығының арқасында көптеген ауылдастары жұмыспен қамтылған. Жиын-терін кезінде мұнда 40 адам жұмыс істейді.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», деп қазақ тегін айтпаған ғой. Эдуард Францевичтің үлкен ұлы Артур қаз өсірумен айналысады. 200 қазға дейін жеткізіп жүр. Әзірге құс фермасын ашуға жақын маңда тоғанның жоқтығы кедергі болып тұрған сыңайлы. Сондай-ақ, күркетауық пен тауық та өсіреді. Солардың барлығын аулада ұстайды. Кофлерлер балапандарды өздерінің инкубаторында шығарады. Құс өсіру Ольга Николаевнаның шаруасы. Оған келіні Әлия көмектеседі. Күзде құстарын семіртіп сойып сатады, тек тұқымдыққа ғана алып қалады. Ольга Кофлер құстың түбітін де, қауырсынын да кәдеге асыруды ойластыруда.
Жалпы, әке өнегесінен үлгі алған Артур да «ЭкоАгро» атты шаруа қожалығын тіркетіп қойған. Бірақ, ортақ шаруада бірлесе қимылдайды. Жылыжай салу үшін көршінің қараусыз қалған үйін сатып алыпты. Қазір үшінші жыл қиярдың, қызанақтың, басқа да көкөністің өскіндерін қымбат бағаға сатып алмайды, өздері өсіреді.
Артур болса аквапоника жүйесін қолданып, балық өсіруге талаптануда. Бастапқыда сазан өсірмек. Қазір қажетті қондырғыларды сатып алуда. Кофлерлер болашақта шабақтарды Воронеж балық питомнигінен сатып алуды көздеуде. Өздерінің инкубацияық цехын ашу да алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. Әкелі-балалы фермерлер мұндай жобаны жүзеге асыруға шағын несиелеу бағдарламасы бойынша грант алу үшін бизнес-жоспар дайындауда.
– Біздің бұл салада өз дипломды мамандарымыз бар. Екінші ұлым Эдуард Урал ауыл шаруашылығы институтында ихтиолог мамандығына, қызым Эрика Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінде эколог мамандығына оқып жатыр, – дейді Эдуард Францевич.
Эдуард Кофлер тынымсыз еңбектің адамы. Оның бір сәт бос отырғанын көрмейсің. Сондықтан да болар, табыссыз емес. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды, өзі туып-өскен Қарғалы ауданында «Жыл адамы» атағын алды, Алғыс хаттар мен мақтау қағаздары өз алдына.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Қарғалы ауданы